Талғатова
Нурила
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,
Қазақстан
ҚАЗІРГІ
ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ
АБАЙТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тоқсаныншы
жылдар басында Абайдың шығысқа қатысы әсіресе
исламиятқа қарым қатысы туралы мәселе қайта
көтеріліп, Абайдың исламиятқа қатысы мол мораль
философиясы, адамгершілік негіздері туралы мәселелер жаңаша
бағыт – бағдар ала бастады. Қазақстан тәуелсіздік
алған жылдардан бастап абайтану саласында жазылған зерттеу
еңбектерінің бағыт - бағдары да өзгеріп,
ғылыми тұрғыдағы ұлттық таным негізі шешуші
орынға шыға бастады. Мысал ретінде атап өтер болсақ, А.
Машановтың «Әл Фараби және Абай», Ғ. Есімовтың
«Хакім Абай», М. Орынбековтың «Абайдың философиялық
көзқарасы», М. Мырзахметовтың «Абайдың адамгершілік
мұраттары» (1994) деп аталатын еңбектері Абайдың
дүниетанымы туралы күрделі проблемаларды шығыстан ажыратпай
қазақтың ұлттық философиясы негізінде
қарастыруы арқылы абайтану саласында жаңа бағыт-бағдарды
ұсынып отыр.
Қазақстан
үкіметінің 1990 жылы 22 ақпандағы «Абай (Ибраһим)
Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына әзірлік
және оны өткізу туралы» қаулысына сәйкес
шығарылды. Кітапты «Қазақ энциклопедиясы» әзірледі.
1995 жылы «Атамұра» баспасында қазақ тілінде жарық
көрді. Энциклопедияға жинақталған материалдарда
ақынның төл шығармалары мен аударма туындыларына,
қара сөздері мен тарихи-зерттеу мақалаларына жан-жақты
талдау жасалған. Ұлы ойшылдың философия, әлеуметтік,
діни, психологиялық, педагогикалық, экономикалық, этикалық,
эстететикалық көзқарастары мен дүниетанымына кең
орын берілген. Абайдың өмір
жолы мен ортасы, ұстаздары мен шәкірттері, ата-тегі, кейінгі
ұрпақтары, шығармаларында аталатын жер-су атаулары мен
есімдер туралы мағлұматтар да мол. Энциклопедияда ақын
шығармалары тақырыбында күрделі зерттеулер жүргізген
ғалымдар, оның өлеңдерін аударған шетелдіктер
туралы да деректер бар. Ақынның әр жылдары жарық
көрген басылымдары мен Абай туралы жеке ғылыми-зерттеу
еңбектеріне қысқаша анықтама берілген.
Абайтану ғылымындағы
бүгінде көкейкесті болып отырған мәселелер не деген кезде,
кеңес заманында өз дәрежесінде айтылмай, ғалымдарымыз
айта алмай келген дүниелерге барып тірелетіні анық. Абайды
танудағы сондай өзекті мәселелердің бірі ол –
кемеңгер ақынның ортасы, әдеби айналасы туралы
сөз. Төл әдебиетіміздің тарихын жаңаша зерделеуге
мүмкіндік туған бүгінгі тәуелсіз
көзқарастар тынысы қандай да бір сөз зергерін
оның әдеби ортасымен, айналасымен байланыста қарауға
жол ашып отыр. Бұл тұрғыда әдеби ортаны абайтанушы
ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен
шығыс, батыс және қазақтың төл
әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерімен байланыста
қарауға болады. Осылайша әдеби ортаның
құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби
дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың
кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ортамен бөлінбес
бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек
өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана
шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген
тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна –
Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса
қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын
Абайдың әдеби ортасын нақтылап, тарылтып ақынның
айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби
байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері –
ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей
тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп,
шеңберлеп қарастыру абайтану ғылымының көкейкесті
мәселелерінің бірінен саналмақ. Бұл М.Әуезов
сөзімен айтқанда «бергілер және дәл айналасы».
Семей
педагогикалық институтында оқытушылық қызметін
қайта жалғастырған Қ.Мұхамедханов Абайдың
ақын шәкірттері мәселесі әлі де тиым салынған
жабық тақырып бола тұрса да, ғылыми зерттеу нысаны
етуде табандылық танытып, Абай шығармаларының текстологиясы
жайында ғылыми еңбек жазуға кіріседі. 1959 жылы басылып
шыққан «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбегі
бүгінде абайтану саласының маңызды бөлігін
құрайды.
Айтқаныңның барлығы саяси қалыпқа
салынып, «өз халқыңды мақтан тұтқаның
үшін ұлтшыл атанатын заманда» Абай мұраларына қайыра
ден қоюуы Қ.Мұхамедхановтың ерік-жігерін танытады.
Бастаған ісін
жалғастырып, 1959 жылы «Абай төңірегіндегі ақындар»
тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап
шығады. Осы ғылыми еңбегінде диссертант Абай мұрасын,
әдеби мектебін ұлттық мүдде тұрғысынан
қарайды. Абайдың ақын шәкірттері
шығармаларының халықтық мәнін, реалистік сипатын
ашып, әдеби мектеп ретіндегі қызметін нақтылайды.
Түрмеден босап келген соң Қ.Мұхамедханов жарты
ғасырға жуық Семей педагогикалық институтында
оқытушы болып қызмет атқара жүріп қазақ
әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған
ғылыми зерттеу мақалаларын да жариялайды.
Абайтанушы
М.Мырзахметовтің "Мұхтар Әуезов және Абайтану
проблемалары" атты кiтабында келтiруiнше: "Ақын мұрасы
жөнiнде қалам тербетiп, пiкiр бiлдiрген қаламгерлердiң
жалпы саны мыңнан асып, Абайтану саласында жазылған
iрiлi-ұсақты деректер саны төрт мыңға
жетедi," екен. Бұл тек 1982 жылға дейiн белгiлi болған
есеп, ал одан бергi ширек ғасырға жуық уақыт iшiнде
қанша автор қосылғанын шамалауға ғана болады,
қалайда жүздеп қосылғаны анық.
Профессор М.
Мырзахметов ғылыми зерттеуде қолданған әдісі мен
әдіснамасы өте қарапайым әрi барынша икемдi.
Абайдың Шығысқа қатысы мынадай айқын тақырыптар
бойынша қарастырылған:
1.Абайдың
адамгершiлiк мұраттары.
2.Абай
мұрасының рухани көздерi (Абайдың ақындық
кiтапханасы жайында).
Бұл
тақырыптарды жан-жақты зерттеп-зерделей келе ғалым мынадай
түйiндi қорытындыға келедi: "Абай осылайша
өзiнiң адамгершiлiк жайлы ойларында бiр жағынан Шығыс
ойшылдарымен көбiрек табысып жатса,
қоғамдық-әлеуметтiк тақырыптарға
жазған шығармаларында оқу-бiлiмдi, еңбектi
үндеген сөздерiнде, көбiне көп Белинский бастаған
революцияшыл-демократтардың идеаларымен, Салтыков-Щедрин сияқты
шыншыл суреткерлердiң дәстүрiмен өзектес келедi".
Бұл түйiндi таратып айтар болсақ, Абай
қазақтың бай ауыз әдебиетi мен жазба әдебиетi
бесiгiнде тербелiп өсiп, Шығыстың исламдық
ақыл-ойының, мұсылмандық
адамгершiлiк-жауанмәрттiлiк, иманигүл, хауас iлiмдерiмен
қаруланып барып Батысқа бет бұрып, оны сыншыл ой елегiнен
өткiзе қабылдаған болатын.
Осының
барлығы да бүгінгі рухани төмендеу заманында
халқымыздың салауатты өмір жолына түсіп,
өркендеуі үшін зор маңызы бар дүниелер. Абай
мұрасын елдегі саяси-әлеуметтік, экономикалық және
басқа да шиеленісіп жатқан көптеген мәселелердің
себеп-салдарын табуға, қоғамдағы болып жатқан
шым-шытырық, бір қарағанда түсінуі қиын
құбылыстардың заңдылықтарын анықтау
үшін қолдансақ та құба құп.. Осылайша
бүгінгі өміріміздегі қиындықтар мен
шырғалаңдардың себептерін, оларды шешу жолдары мен
бағытын анықтауға мүмкіндік туады. Сөйтіп,
ұлы ойшылдың рухани дүниесін толығырақ ашу арқылы
оны адамның күнделікті өмірдегі тірегі ғана емес,
сонымен бірге еліміздің алдағы стратегиялық болашағын
анықтау құралына айналдыру бүгінгі заман талабы болса
керек. Бірақ Абайды бірден түсініп кету оңай емес.
Сондықтан абайтанушы академик Ғарифолла Есім былай дейді:
"Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ
түгілі, тіптен оның шығармаларын жаттап алу да аз,
мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы кемелденіп, толысқан
сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан
өз түсінігін табады..." Сондықтан, осы ойларды іске
асыру үшін абайтану саласының алдында ойшылдың рухани
мұрасының маңызын ашып, оның терең ойларын жалпы
көпшілік еркін түсініп, бойына сіңіре алатындай
деңгейде дұрыс түсініктеме беру қажеттігі тұр.
Бүгінгі таңда ұлы ақын, кемеңгер ойшылдың
рухани мол мұрасына өткен атеистік заман тудырған
біржақты саяз көзқарастан арылып, енді жаңаша оймен,
оның тереңіне үңілу беру керек. Сонда ғана
ұлы Абай мұрасын жеке адамдар, өз халқымыздың
ғана емес, тіпті бүкіл адамзаттың игілігіне айналдыруға
болады. Бұл – келешегі зор, ғасырдан-ғасырға,
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып,
ұлғая беретін қасиеттi парыз, үлкен мiндет.
Әдебиеттер:
1.
Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі.
–Алматы: Жазушы, 1995. – 450б.
2.
Абай. Шығармаларының бір томдық
толық жинағы. –Алматы: Жазушы, 1961– 250б.
3.
Мырзахметұлы М. Әуезов және Абай.
–Алматы:Ғылым, 1997.– 342б.
4.
Сейдеханов К. Әдебиет жанашыры. –Алматы:Жазушы,
1972.– 235б.
5.
Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары .
–Алматы:Өлке, 2004. – 283б.
6.
Сағди А. Абай. //Абай, 1993, №6.
Б.4-14.
7.
Ердембеков Б.А.Абайдың әдеби ортасы.−Өскемен: ШҚМУ, 2012.
− 306 б.