Акеғожаева Р.Н.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың

2-курс магистранты

(Алматы қ., Қазақстан)

 

ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКА ТҰРҒЫСЫНАН ЗЕРТТЕЛУІ

 

XX ғасырдың соңында пайда болған, этнос пен тілдің шегінде ғылым ретінде қалыптасқан этнолингвистика ғылымы қазақ тілі лингвистикасында да өз дәрежесінде зерттелуде. Бүгінгі танда академик Ә.Қайдар мен оның шәкірттері лексикалық қордың түрлі деңгейлерін мәдениеттану, этнография, өлкетану, фольклористика, мифология, астрология, этнология, педагогика т.б. қоғамдық-әлеуметтік пәндердің шегінде қарастырып, «этнос тілінің табиғатын айқындауға тікелей қатысты (мәселен, этимология, диалектология, ономастика, фразеология, паремиология, терминология, лексикография т.б.) лингвистикалық пәндермен» [1,12] байланыстыра зерттеп, этнолингвистиканы жеке ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Қазіргі күні этнолингвистика ғылымының өзіне тән әдістері мен зерттеу тәсілдері, нысанасы мен мақсат-міндеттері, метатілі қалыптасқан, «жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылымсаласы ретінде танылып отыр» [1, 8].

Қазақ фразеологиясы қазіргі танда салыстырмалы және салғастырмалы-типологиялық бағытта да зерттелуде. Салғастырмалы-типология тілді зерттеудің екі бағытын біріктіреді. Бұл бағыт тілдерді олардың туыстығына, өмір сүру кезеңіне, аймақтық ерекшеліктеріне бөлінуіне қатыссыз зерттейді. Қазақ тілінің фразеологиялық бірліктері туыс және туыс емес (морфологиялық құрылымы әртүрлі) тілдермен салыстыра зерттеліп, олардың жалпы зандылықтары мен ұлт менталитетіне, оның мәдени дамуына орай ерекшеліктері айқындалады.

Қазақ тіл білімінде фраземаларды орыс тілі және европа тілдері (ағылшын, неміс, француз), шығыс тілдері (қытай, корей) материалдарымен салғастыра зерттеген еңбектер саны аз емес. Бұл зерттеулер лексика-семантикалық, құрылымдық-морфологиялық, өрістік және мағыналық тақырыптарға топтастырулар негізінде жүзеге асуда.

Түркі тілдерінің фразеологиялық қоры жеке тілдерде біркелкі зерттелмеген және фраземалардың нысаны мен шеңбері туралы әлі толық қалыптаса қойған ғылыми пікірлер жоқ. XX ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап зерттеле бастаған түркі тілдерінің фразеологиясы өз бастамасын Ресей тіл білімінен алады. Бұл түсінікті де. Сондықтан да бағыттар мен фразеология ілімін құрайтын концепциялар Ресей ғалымдарының пікірлерімен ұштасып келеді.

Кейінгі кездері қолымызға тиген еңбектерге көңіл аударсақ, түркі тілдес халықтардың фразеологиялық қорының зерттелуі түркі халқының тарихымен, этнографиясымен, мәдениетімен, әдет-ғұрпымен байланыса, сабақтаса талданып жатқанына көз жеткізуге болады. Бұның себебі, біріншіден, қазір әлем тіл білімінде лингвистика мен басқа пәндер негізінде қалыптасқан шектес ғылымдар – лингвистикалық мәдениеттану (лингвокультурология), елтану, тіл философиясы, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, нейролингвистика, қолданбалы тіл білімі, әлеуметтік тіл білімі т.б. әсері болса, екіншіден, жеке түркі халықтары өз тәуелсіздігіне қолы жетіп, өз тарихы мен дәстүріне мақтанышпен қарауынан да болуы керек.

Фразеологияны тілдік жүйенің құрамдас бөлігі ретінде, құрылымдық және мағыналық жағынан ерекше қасиетке ие тілдік бірлік ретінде тану негізгі ғылыми дәйектеме болып табылады. Фразеологияны зерттеуші Ресей тілші ғалымдарын XX ғасырдың алпысыншы жылдарының өзінде әлемдік лингвистикада алдыңғы қатарлы орындарға көтерді.

XX ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасы мен сексенінші жылдардың басында фразеологияны зерттеуші ғалымдар оның мазмұндық және функционалдық жақтарын қарастыруға ұмтылды. Осы кезендерде фразеологизмдер мағынасының «объективті мазмұнындағы» бағалағыштық-экспрессивтік қасиеттер мен стилистикалық бояулардың мағыналық ерекшеліктері жан-жақты қарастырылды.

Фразеология даму сатысының келесі кезеңінде, яғни XX ғасырдың соңғы бес-он жылдығында ішкі форма жасаудың тәсілдері, соның негізінде зерттеудің синхронды-салғастырмалы аспектілері дүниеге келді (А.Д.Райхштейн, Ю.С.Солодух). Бұл тұрғыдан зерттеудің негізгі мақсаты –құрылымы жағынан әртүрлі тілдердің фразеологиялық материалдары жиынтығынан олардың бейнелілік негізінде жатқан тепе-теңдік немесе ұқсастық жақтарын диахрондық тұрғыдан зерттеу болып табылды (В.М.Мокиенко және оның шәкірттері).

Қазіргі кезенде фразеология өз бойына жаңа нысана мен жаңа бағыттар жинақтауда. Бұл тұста фразеологизм таңба ретінде қарастырылып, тілдік таңба табиғатына сәйкес коммуникативтік актіге қатынасатын, тіл және сөйлеуде өзіндік функциясы бар, ұлттық-мәдени сипатымен ерекшеленетін тілдік бірлік ретінде фразеологизмдердің мағынасындағы объективтік және субъективтілік факторларының арақатынасын зерттеу жолға қойылып отыр.

XX ғасырдың орта шенінде Қазақстан топырағында І.Кеңесбаев мектебі мен оның шәкірттері тұсында дүниеге келген фразеология проблемасы бүгінгі таңда оның нысаны, материалдары, қолдану аясы мен функциясы тұрғысынан әр түрлі аспектіде зерттелуде. Қазақстанда фразеология тілдің фразеологиялық құрамын зерттейтін тіл білімінің саласы, тілдегі фразеологизмдер жиынтығы, сонымен қатар қандай да бір автордың қаламына тән фразеологизмдердің стильдік қолданысы мен жергілікті диалектизмдерге тән фразеологизмдер ретінде зерттелді.

Осы зерттеулер негізінде фразеология тіл білімінің саласы ретінде мектеп багдарламалары мен жогарғы оку орындарында оқытылып, тілдің фразеологиялық құрамына құрылымдық-семантикалық, грамматикалық, функционалдық-стилистикалық тұрғыдан топтастырулар жасалынды.

Сонымен қатар фразеологизмдердің этимологиясына көңіл аударылып, олардың шығу төркініне диахрондық тұрғыдан талдаулар жасалып, көненің көзі болып табылатын тарихи фразеологияның пәні мен зерттеу нысандары айқындалды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы, 1998. – 304 б.

2. Телия В.Н. Русская фразеология. Семантический, прагматический и лингвокультурологический аспекты. М., 1996. – 289 с.

3. G.Yerkibaeva, K.Nyyazbekova, Y.Turashbek. Problems of interrelated training of native and Russian languages in the Kazakh language schools.// «The International Scientific-Practical Conference on the Humanities and the Natural Science», 26 December 2013., London, (UK). – P.132-142.

http://scieuro.com/wp-content/uploads/2014/06/December-Scieuro-text.pdf

4. Ныязбекова К.С., Сқақова Ұ. Мақал-мәтелдердің зерттелуі (ағылшын-қазақ мақал-мәтелдері бойынша).// Materials of the XI International scientific and practical conference «Modern scientific potential», February 28 - March 7, 2015. On Philological sciences. Sheffield. Science and education LTD – С. 55-60.