Каримсакова
Б. А.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ
доценті
І.ЖАНСҮГІРОВТІҢ «КҮЙШІ»
ПОЭМАСЫНДАҒЫ КҮЙДІҢ
ҚҰДІРЕТІ
Әдебиет пен
өнер егiздiң
сыңарындай бiр-бiрiмен қабаттаса келе жатқан домбыраның
қос iшегi десек артық айтқандық емес. Себебi
әдебиетсiз өнер, өнерсiз әдебиет жоқ.
Қазақты қазақ қылған осы өнер дейтiн
болсақ, сол өнердiң ғасырдан ғасырға тарап,
жанданып, өркендеуi әдебиет саласының құзырында.
Әдебиеттiң өнерге, өнердiң әдебиетке
тигiзетiн ықпалын тарихтың өзi талай дәлелдеп берген.
Қай ұлттың, халықтың болмасын тағдыры
басынан өткерген тарихи кезеңдерi алдымен сол елдiң
әдебиетi мен өнерiнен орын алады. Ұлттың рухы көтерiлiп,
еңсесi биiктегенде оның әдебиетi мен өнерiнiң де
арнасы толыға түседi.
Қазақ
поэзиясында бүгінге дейін өнер жайында көп жазған
және көркемдіктің шыңына жеткізе жазған
І.Жансүгіровпен теңдесер қаламгер жоқ.
Ілияс - дарынды, дауылпаз
ақын, жұртты төңірегіне үйірген әнші,
халық күйлерінің бай қазынасына
қанық,”бақайшағы маймандаған”күйші,
көп қырлы талант иесі. Өнерді
былайша құлай сүймесе әлемдік әдебиеттің
алатын қорына қосылар отыздан астам өлеңі жазылмауы да
мүмкін еді. Мұның көбін академик М.Қаратаев былайша
түсіндіреді: “Мұндай балы сорғалаған нағыз
поэзияны құйып жасау үшін суреттеп отырған әнді
түсіну, жүрегімен сүю қандай қажет болса,
халық ұғымындағы аспанда өрлеген
аққуға, мамырлаған қоңыр қазға,
боздаған сауулы інгенге, нөпір төккен нөсерге, ай
астынан соқтырған алтын күрекке байланысты бейнелерді білу,
түсіну сондай қажет. Оның үстіне шабыты
шарықтаған нағыз ақын боп туу шарт. Ілиястан
осының үшеуі де табылған». Отызға тарта өнер
тақырыбына жазылған жырлардың осалы жоқ, дарын
күші, талант тасқынының жемісі. Сурет салады, суреттері
жанды, динамикалы, жарқын, бояуы ашық, көзді қуантап,
көңілді аялайды, терең тебіреніске, ыстық сезімдерге
толы ойлылық, көркемдік, әуезділік, тапқырлық,
қай-қайсысында да тұнып тұр. Десе де, атақты
Әсет ақынның «әнші» өлеңін оқып,
талантына табынған Ілияс, өзіне осы тақырыпты мен қалай
жырлар едім деген сұрақ қоя отырып, өз «Әншісін»
тудырған. Жақсы жазушының «жаман сөзге жан
бітіретіні,жаман жазушы жақсы сөздің жанын алатыны»
сияқты, Ілияс Әсеттен «Әнші» өлеңінің атын
еншілеу арқылы оны ғасырлар желі мән-маңызын жоймас,
әр қырынан сәуле шашқан дүние жасады. Ол жайлы
Ілиястың творчестволық қабілет ажырын жете танитын академик
М.Қаратаев «Әнші» - Ілияс поэзиясында кейін үлкен
арнаға айналатын құдіретті сарынның бастамасы дерлік
өлең. Бұл сарын әуелде тастан шыққан
бұлақ тәрізді сылдырап басталса, бара- бара ол
«Күй» мен «Күйші» поэмасына құйды да өзені
тәрізді сарқырап ақты, ақырында «Құлагер»
поэмасының аңғарына құлап, кемерімен
тең келген жылым дариядай ұлы арнада терең
тұңғиығы теңселе шалқыды». Мұнан
асыра айту, бағалау қиын. Халық тарихын, ел тұрмысын,
дала сырын, соның бәрін ыстық сезімнің отына
орап,сүйіспендік, құмарлық,
құштарлықпен ақтарыла жырлаған [1].
Ілиясты ылғи да
ән-күйдің әсерінен туған, өзіне ғана
мағлұм күшті сезімдер
булықтырып жүретін болса керек. Ол соларды сарқа, ақтарыла
бір, құйқылжыта, нөсерлете бір жырлауға біртіндеп
жақындай берген тәрізді. Осы жолдағы оның асқан
бір айтулы белесі - өзінің қазақ күйлерін жетік
білетінін, олардың сыры мен сипатын нәзік сезініп, оларды
өздеріне лайық көп бояқты құлпырған
тілмен суреттеп бере алатын ерекше талант екенін танытты.
Күй –
халық тарихы, ұлт жады, ұлт мүддесі. Ата-бабамыз
ұрпағына жүйелі асыл сөздерін,құлақ
құрышын қандырған ән, жүрекке нәр,
бал боп құйылған күй, қайталанбас ерлікке
шақырған аңыз, жырдан телегей-теңіз мұра
қалдырған.
І.Жансүгіровтің
классикалық мұрасы – «Күй», «Күйші» поэмалары
өнерге, соның ішінде күйге қойылған
мәңгілік ескерткіш. Ұлы даламыздың перзенттері тарих
көшінде, аламан күресте алмас қылыш, желекті найзасымен
белдескеннің белін сындырған, тірескеннің тізесін
бүктірсе, күмбірлеген домбырасы мен қыл қобызы ел
тарихын шанақтарына құйып алып, мұңы мен шерін,
арманы мен рухын асқақтата жырлап,
ұрпақтан-ұрпаққа қапысыз жеткізген.
Ілияс «Күйші»
поэмасында он саусағынан өнер тамған саңлақ
күйші мен қазақтың күй өнерінің
құдіретін жыр өрнегімен асқан ақындық
шеберлікпен суреттеген.
Поэмада ақын
халқымыздың күй өнері жайлы, сол күйді орындаушы
тарланбоз күйші жайлы сыр шертеді. Күйші Кене ханның ақ
ордасында дүйім жұрт алдында «домбыраны дірілдетіп», жиылған
қауымды тамсандыра өнер көрсетеді, күге де ,
өзіне де таңдай қақтыра сүйсіндіреді. Сол
күйлердің құдіретіне «қырдағы қоян,
құлан, құлақ тігіп, қамыстан жолбарыс та
ыңыранды», «табиғатта тып-тыныш бола қалды» деп
өрнектейді. Алуан үнде сөйлеген күйге айналадағы
бар жан құлақ түре сүйсінді.
Күйші
жігіттің күйі қолында ақ найзасы
жарқылдаған, қол бастаған қас батыр Кене ханды да күй бейжай
қалдырмайды.
Күйге,
күйшіге де елти құлаған Кене ханның
қарындасы - Қарашаш. Ол -
ағасының оң қолы, ақылшысы әрі ерке,
өңіне ақылы сай, паң да өжет боп өскен
ханзада. Жыршы Қарашаштың бойындағы қасиеттерді былайша суреттейді:
Қарашаш -
ақылы дария, алтын басы,
Әйелдің
ақсұңқары, ханзадасы.
Өз басын
мың қараға теңгермейтін,
Кененің
кеңесінің ақылдысы [2].
Поэманың
соңында күйші тоқсан күйді қайта тамылжытып,
сорғалатып, қыз көңілін аулап, енді еліне, үйіне
қайтқысы келген арманын күй арқылы ханшаға
білдіреді. Ханша күйшінің тілегін орындамақ болады, сонда
өнерлі де келісті, келбетті жігітті әлі де болса кідірте
тұрмақты ойлайды.
Күйші
күй арқылы ханша көңіліне ізгілік нұрын сеуіп,
рақымын түсіріп, еліне қайтсам ба деген тілегін жеткізеді.
Ілияс «Күйші»
поэмасында ақындық биігінен көрінген. Дастанда
кейіпкердің сыртқы келбет-пішінін, мінез-қылықтарын
бейнелеудегі ақынның зергерлігі, мұсіншілдігі
сүйсіндіреді. Ақын дамыту, үндету тәсілдерін шебер
қолдана отырып, оны өзінің эстетикалық мұратын,
кейіпкер мінезін ашуды жарата білген.
Он саусағынан
өнер тамған жігіттің өнер өрісінің
асқар шыңына биіктегенін ақын былайша суреттейді:
Мұз еріп,
қатты аяздың кәрі қайтып,
Қас батыр
көңілі жұмсап, зәрі қайтып,
Майырылып ақ
семсері қалайы боп,
Қажытты
мұз балақты күй мұңайтып.
Құлпырып
бәйшешектей кетті шалқып,
Аққудай
көкте күйлеп, көлде толқып [3].
Күйші жігіт
күй тартқанда, бәйге атындай көсіле тартады, күй
суреттері өрлеп, қияға шырқай береді, бір сөз бір
сөзден, бір ой бір ойдан, бір шумақ бір шумақтан асып
түсіп отырады ол күймен бірге жарысқандай.
Поэмада
әділетсіздікті, зорлықты тізе бүктіретін ұлы күш,
бостандыққа, азаттыққа жеткізетін құдірет -
өнер деген идеяны ақын тамаша суреттер, поэтикалық
көркем образдар арқылы терең толғап жеткізген, сонымен
қатар онда ондаған күйлердің әлеуметтік мәні,
тарихи негіздері, эстетикалық нысанасы ашылып, олардағы образдар,
суреттер айқындалған. Соның бәрін ақынның
қалай біле бергені таңдандырады. Және әрбір
күйдің өзіндік сипаттарын ашық, бейнелеген кездегі
басқа ешкім айтпаған, тек Ілияс қана қолданған,
тапқан теңеу, образдар қаншама. "Қоғадай
салбырасып, хан, қарасы, намазға ұйығандай отыр
тыңдап", "домбыра айналаға, дүбір салды,
адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай", "батыр
да, хан да, қыз да, қазаншы да – бәрі бір домбыраға
мінгескендей", "жыланнан сырға салған жолбарыс
қыз", "қалтырап, қырау тұрып
жүрегіне", "ыңыранып белі кеткен жолбарыстай",
"толғантып тоқсан түрлі қыз
көңілің, жүректің жазы шығып, жаңбыр
төкті", "Таратып тоқсан күйді жібердің
деп" бір жақтан керең бір ой күңкіл
қақты", т.б. Ылғи осылай. Бұл теңдесі
жоқ ғажайып поэмада: күй - өлеңге,
өлең - күйге айналады. Ілиястың өзі ақын -
сазгер мен сазгер-ақын болып кетеді. Күй мен өлең бір
тілде сөйлейді.
Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасының
көркемдік сапасы аса жоғары. Сонымен қатар, идеялық
мазмұны да терең. «Күйші» кезінде де, кейін де идеялық
қадір-қасиетімен жарқырап көзге түседі.
Қазақ поэмаларының тарихындағы аса көрнекті
туынды ретінде бүкіл жұртшылыққа кеңінен
танылған, оның халықтық шығарма – асыл рухани
байлық екені анық. "Күйші" поэмасы -
романтикалық сарында шалқыған шабытпен, поэзиялық
құдіретті қуатпен жазылған, қазақ
әдебиетінде теңдесі жоқ үздік туынды.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1.
Сыдықов Т. Қара қобыздың киесі:
немесе І.Жансүгіровтің «Күй» поэмасына жаңаша
көзқарас//Жетісу.-2008.-17 мамыр.
2.
Жансүгіров І. Көп томдық
шығармалар жинағы.-Алматы: Қазығұрт,2004.
3.
Жансүгіров І. Күй: Өлеңдер мен
дастандар.- Алматы: ҚАЗақпарат, 2005
4. Иманғазинов М.Ілияс прозасындағы дәуір дидары.
Т., 2000ж.