Экономическое
науки/Экономика предприятия
Кусаева
Н.С.
Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға
оқытушысы, экономика магистрі
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕҢІЛ
ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНЫҢ АҒЫМДАҒЫ ЖАҒДАЙЫ
Халықтың тауарларға деген
қажеттілігін қамтамасыз ететін жеңіл өнеркәсіп
саласы – бұл кез-келген мемлекет экономикасының маңызды
секторларының бірі.
Жеңіл өнеркәсіп тауарлары
тұтыну деңгейі бойынша азық-түлік тауарларын
тұтынудан кейінгі екінші орынды иеленеді. Бұл аталмыш саланы
дамытудың өзектілігін білдіреді. Елдің экономикалық
және стратегиялық қауіпсіздігін, еңбекке
қабілетті тұрғындарды жұмыспен қамтуды
(соның ішінде, басым бөлігі әйел адамдары) және
жаңа геосаяси жағдайларда олардың өмір сүру
деңгейін арттыруды қамтамасыз ету тұрғысындағы
жеңіл өнеркәсіп саласының маңызды ролін ескере
отырып, әлемнің жетекші елдері аталмыш саланың дамуына ерекше
көңіл бөледі және оған мемлекет тарапынан,
сондай-ақ өзге де тараптардан инвестициялық және
қаржылай қолдау көрсетеді. Яғни, бұл аталмыш
саланың елеулі әлеуметтік-экономикалық маңызы бар
екендігін куәландырады.
Кеңестік дәуірде
экономиканың жеңіл өнеркәсіп саласы ішкі нарықты
қамтамасыз ете отырып және белгілі бір көлемде
экспортқа тауарлар шығара отырып жеткілікті түрде
дамыған болатын. Кеңестік дәуірден кейінгі кезеңде
жеңіл өнеркәсіп экономикалық дағдарыс
мықтап әсер еткен өнеркәсіп салаларының
қатарынан орын алды.
Қазіргі уақытта елімізде
жеңіл өнеркәсіп саласы дамып келе жатқан
салалардың бірі. Алайда аталмыш сала әлі де болса мемлекеттің
қолдауын қажет етеді. Осы орайда, мемлекет тарапынан көптеген
жұмыстар жасалуда. Солардың бірі және бірегейі
ретінде «Қазақстанда жасалған» аттты бағдарламаны
айтуға болады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев
«Қазақстанда жасалған» деген сөз нағыз
сапаның, мықты өндірістің символы болуы тиіс екендігін
қадап айтты.
Қазіргі таңда жеңіл
өнеркәсіп өнімдерінің негізгі әлемдік
өндірушілері Қытай, Үндістан және Түркия болып
табылады. Қытайдың үлесіне әлемдік мақта өндірісінің
40%-ы, әлемдік жіп өндірісінің 64%-ы, әлемдік мата
өндірісінің 41%-ы және әлемдік киім
өндірісінің 50%-ы тиесілі.
Бүгінде аталмыш саланың
еліміздің жалпы экономикасына әсері экономиканың өзге
салаларымен салыстырғанда мәнді емес. Жеңіл
өнеркәсіп саласының өңдеуші өнеркәсіптің
жалпы көлеміндегі үлес салмағы небәрі 1,2%-дан аспайды.
Сала шикізаттың бірінші ретті
өңдеуін, сондай-ақ дайын өнім шығарылымын
жүзеге асырады. Бұл кешенді сала 20-дан астам сала ішілік топтардан
тұрады, оларды негізгі үш топқа бөліп
қарастырға болады: мақта-мата; тігін; былғары, тон,
аяқ киім. Жеңіл өнеркәсіп құрылымында басым
үлес салмақты тігін және мақта-мата салаішілік топтары
алады.
2015 жылдың нәтижелері бойынша
жеңіл өнеркәсіп өнімін тұтынудың ішкі
нарығы 1,4 млрд. АҚШ долларын құраса, оның
небәрі 7,3%-ы отандық өнімге, ал 92,7%-ы импорттық өнімге тиесілі.
Келесі суретте Қазақстан
Республикасындағы жеңіл өнеркәсіп саласының
өндірген өнімінің көлеміне талдау жасалған
(1-сурет).

Сурет
1. Қазақстан
Республикасындағы жеңіл өнеркәсіп
өндірісінің көлемі, млрд. теңге
Жеңіл
өнеркәсіп өнімінің физикалық
көлемінің индексі 2016 жылдың қаңтар-маусым
айларында 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,4%-ды
құрады.
2016 жылдың 1
шілдесіндегі жағдай бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында
қызмет ететін кәсіпорындар саны 933 құрады, негізгі
үлес салмақты (яғни 58% немесе 538 кәсіпорын) тігін
кәсіпорындары құраса, мақта-мата
өнімдерінің өндірісі бойынша кәсіпорындар 31%-ды және
оған қатысты өнімдер өндірісі бойынша
кәсіпорындар 11%-ды құрады.
Жеңіл
өнеркәсіп саласында қызмет ететін кәсіпорындардың
95%-ы немесе 872-сі шағын кәсіпорындар болып табылады. Меншік
нысаны бойынша 99,66%-ы жеке кәсіпорындар. Жеңіл
өнеркәсіп кәсіпорындарының ірілері Оңтүстік
Қазақстан облысында орналасқан. Бұл, бірінші кезекте,
шикізат нарықтарының жақындығымен және
еңбек ресурстарының болуымен байланысты. 2015 жылы аймақтық
шеңберде жеңіл өнеркәсіп саласының негізгі
өндірушілері келесі кәсіпорындар болып табылады:
-
Оңтүстік Қазақстан облысы – 35%-ын құрайды, негізгі кәсіпорындар ретінде: «Меланж» АҚ,
«Ютекс» АҚ, «Azala Textile» ЖШС,
«Жаңаталап-МТ» ЖШС, «Хлокпром-Целлюлоза» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС;
-
Алматы қаласы – 14%, негізгі
кәсіпорындар: «Казлегпром-Алматы» ЖШС, «КазСПО-N» ЖШС, «ПКФ
«Казахстан Тексти-Лайн» - Mimioriki;
-
Алматы
облысы – 12%, негізгі
кәсіпорындар: «Медиатекс-Н» ЖШС, «Glasman» ЖШС, «Универсал» ЖШС.
Қазақстанда жеңіл
өнеркәсіпті дамыту үшін барлық алғышарттар бар –
мемлекеттік қолдау, негізгі өндіріс, адам ресурстары. Алайда,
біздің кәсіпкерлер бұл секторда жұмыс жасауға аса
қызығушылық таныта қоймайды, себебі бұл салада
сауда және қызмет көрсету саласы сынды жылдам пайда алу
қиынға соғады.
Пайдаланылған әдебиет көздері:
1. Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің
ресми мәліметтері