ӘОЖ 381.111

 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІНИ ТУРИЗМ ДАМУЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

 

Асанходжаева И.Ф., Жумагулова А.М.

(М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті)

E-mail: irsay_89@mail.ru

 

Резюме

На сегодняшний день религиозный туризм играет большую роль в системе международного и внутреннего туризма. Все больше людей отправляются в паломнические и экскурсионные поездки по святым местам и религиозным центрам в надежде обрести душевное спокойствие, избавиться от тяжкого недуга, ощутить единение с духовно близкими людьми или же просто посмотреть на уникальные соборы, мечети, культовые музеи, или поучаствовать в религиозных праздниках и фестивалях. Казахстан имеет большой потенциал для развития религиозного туризма. В статье анализируется современное состояние развития религиозного туризма в Казахстане, рассматриваются особенности организации туров в места паломничества, отмечены крупные турфирмы, занимающиеся организацией религиозных туров на рынке Казахстана. Проведен SWOT-анализ и разработана классификация религиозного туризма. Вместе с тем, освещены проблемы развития религиозного туризма в Казахстане и пути их решения.

 

Abstract

   Today the religious tourism plays an important role in the system of international and domestic tourism. More and more people go to pilgrimage and sightseeing trips to holy places and religious centers in the hope of finding peace of mind, get rid of a serious illness, to feel oneness with the spiritual loved ones or just look at the unique cathedrals, mosques, religious museum, or take part in the religious festivals. Kazakhstan has great potential for the development of religious tourism . The article analyzes the current state of development of religious tourism in Kazakhstan , the features of the organization of tours to places of pilgrimage, marked by large travel agencies that organize tours to the religious market of Kazakhstan. Spend a SWOT-analysis and the classification of religious tourism. At the same time, it highlights the problems of religious tourism development in Kazakhstan and ways of their solution.

 

Түйін сөздер: діни туризм, қажылық, конфессия, дін, экскурсия, діни туризм нысандары

 

 

Кіріспе

Туризм әлемдік экономикада басты рөлдің бірін атқарады. Дүниежүзілік туристік Ұйымның (ДТҰ) деректері бойынша ол әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдік өндірістің әрбір 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Туризм  әлемдік  экономиканың алдыңғы қатарлы және жедел қарқынмен дамып келе жатқан салаларының бірі. Тез қарқынмен өсуіне байланысты оны өткен жүзжылдықтың  (ғасырдың) экономикалық феномені, әрі келген жүзжылдықтың (ғасырдың ) болашағы зор бизнесі деп болжалуда. Бүкіләлемдік туристік ұйымның болжамы бойынша ХХI ғасырда  туристік индустрияның өсуі артады және 2020 жылы әлемдегі туристік саяхаттар 1,6 биллион бірлік құрайды.

Әлемдік экспортта туризм саласынан келетін табыс мұнай, мұнай өнімдері және көлік экспорттарынан  кейін үшінші орын алады. Әлемдік экспорттың 6%-ын туризм саласы алып, Дүниежүзілік ЖІӨ-нің 10-11%-і туристік индустрия құрайды [1].

Діни туризм Дүниежүзі мен Қазақстан Республикасындағы туризм индустриясының белсенді түрде дамып жатқан бағыттардың бірі және ажырамас бөлігі. Бүгінгі таңда діни туризмнің қоғам өмірінде алатын маңызы зор. Діни немесе мінажаттық туризм  халықарылық қарым-қатынастарды арттырып, әлеуметтік тұрақтылық пен дінаралық байланыста маңызды факторға иеленіп, елдер арасындағы ынтымақтастықты, мәдени қарым-қатынастарды кеңейтуде.

Діни туризмнің астарынан тұрғылықты ортадан тыс жерде орналасқан діни орталықтарда, туристердің қажеттіліктерін қанағаттандыру мен қызметтер ұсынумен байланысты іс-əрекет түрлерін түсіну қажет. Оның келесідей түрлері бар: қажылық жəне діни бағыттағы танымдық турлар.

Қажылық деп діннің қасиетті орындарына сапар шегуді атайды. Мысалы, христиандар үшін Иерусалим және Рим, мұсылмандар үшін Мекке мен Мәдинеге саяхаттау. Қажыларды діни табынушылыққа тікелей қатысу қызықтырса, ал діни бағыттағы экскурсиялық-танымдық турлардың ауқымына діни орталықтарға бару жатады. Сонымен қатар, экскурсант-туристер діни жəне ескерткішті нысандарға, мұражайлар мен жəрмеңкелерге барады.

Дүниежүзінде жыл сайын 200 миллионнан астам турист діни мақсатпен саяхаттар жасайды. Экономикалық деңгейде ол мықты əлемдік индустрияны қалыптастыра отырып, əлемдік жалпы өнімнің 10%-на дейін алады [2].

 

Бастапқы деректер мен зерттеу әдістері

 

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанда діни ренессанс болды. 20 жыл ішінде діни бірлестіктердің саны, 1991 жылы 671-ден 2014 жылы 4200-ге дейін, яғни 6 есе өсті. Қазіргі уақытта 3244 дерлік мешіттер, шіркеулер, ғибадат үйлері бар. Қазақстанда,  2015 жылғы статистикалық мəліметтер бойынша, 18 конфессияға жататын 3563 діни бірлестік пен қоғам қызмет етеді. Қазақстанның діни бірлестіктер үлесі суретте көрсетілген. Қазақстандағы дінге сенушілердің арасында барлық діндердің дерлік ұстанушылары бар: ислам, христиандық (православтық, католиктік, протестанттық ағымдар), буддизм, сонымен қоса иудаизм, индуизм, ежелгі политеистикалық діндер [3].

Діни туризм индустриясында келесідей төрт сектор бөліп қарастыруға болады: орналастыру орындары; тамақтандыру орындары; көліктік мекемелер  мен  көлік  түрлерін ұсынатын қызметтер; діни нысандар, яғни діни құрылыстар (мешіт, монастырь, қасиетті жерлер, храмдар мен храмдық кешендер, капелла, келілер жəне т.б.), табиғи нысандар (қасиетті қайнар көздері, құдықтар, тау, су (өзен, бөгет), шағын орман) және кішігірім діни нысандар. Діни туризмнің инфрақұрылымы ретінде қажылар жəне экскурсанттарға қызмет көрсету нысандары мен ұйымдарының жүйесін түсінуге болады [4].

Қазақстан аумағында діни туризмді одан ары дамытуға көптеген мүмкіндіктер бар, оған еліміздегі қасиетті орындардың көптеп орналасуы дәлел бола алады. «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі, «Шора-Молда», «Арыстан-баб» (Оңтүстік Қазақстан облысы), «Бекет-Ата», «Шопан-Ата» (Маңғыстау облысы), «Айша Бибі» (Жамбыл облысы) мазараттары маңында арнайы туристер үшін орналастыру орындары салынған, қажылар саны жылдан-жылға өсіп келеді.

Қазақстандағы діни туристерді тарту нысандары болып қасиетті орындар мен діни орталықтар табылады. Мұндай жерлерге сапар жасауға діни актілер, жыл сайын белгілі бір уақытта өтетін фестивальдар мен мейрамдар себепші болуы мүмкін. Қазақстан нарығында туристерге жəне қажыларға діни мақсаттағы турларды ұсынатын туристік фирмалар қызмет жасайды. Олардың ірілері: «Яccaуи», «Қызмет Саяхат», «ХИКМЕТ ТРАВЕЛ». Ұйымдастырылатын діни турлар қамтитын аумағы, тур мақсаты, ұзақтылығы, қатысушылар жас деңгейі және т.б. бойынша әртүрлі болады. Осыған байланысты діни туризмнің классификациясы құрастырылды (1-кесте) [5].

 

1-кесте − Діни туризм классификациясы

 

Жіктеу белгілері

Діни туризм түрлері

Қамтитын аумағы бойынша

 

− ішкі туризм, азаматтардың ел ішінде саяхаттауы

− кіру туризм, шетел азаматтарының елге келуі

− шығу туризмі, азаматтардың шет елге саяхаттауы

Ұзақтылығы бойынша

 

− бір күндік сапарлар

− түнеумен ұйымдастырылатын сапарлар

Қатысушылар жас деңгейі бойынша

− балалар мен жастар (15-24 жас)

− экономикалық белсенді жас адамдар (25-44 жас)

− орта жастағы адамдар (45-64  жас)

− зейнеткерлер (65 жастан бастап)

Діни орындар түрлері бойынша

− табиғи ескерткіштер, мысалы, Әулие ағаш, Үңгіртас, Қасиетті Хромтау

− діни құрылыстар: кесенелер, соборлар, ғибадатханалар және т.б.

Қатысушылар мақсаттары бойынша

− нақты діни мереке күнін атап өтумен ұштастырылған қажылық сапарлар: қажылар да, туристер де қатысады;

− өзін-өзі рухани жетілдіру, рухани қуат алу: қажылар да, туристер қатысады;

− діни қауымда өз мәртебені жоғарлату: тек шіркеулік адамдарға қатысты;

− қасиетті орындарға, ғибадатханаларға табыну, рухани және физикалық сауығу, тек қажылар қатысады;

− таза экскурсиялық-танымдық түрткі, тек туристер қатысады.

Әлемдік конфессиялар бойынша

− христиандық: православтық, католиктік, протестанттық

− ислам: суннизм, шиизм, ибадизм

− буддизм: тхеравада, махаяна, ваджраяна

− иудаизм: ортодоксальді иудаизм, хасидизм, реформистік иудаизм және т.б.

Ұйымдастырылуы бойынша

− ұйымдастырылған, яғни туристердің делдал  фирмалардың  көмегіне  жүгінуі

− ұйымдастырылмаған, туристердің өзіндік сапар  шегуі

 

 Қазақстандағы діни туризм нысандарының көптеп орналасуында Оңтүстік Қазақстан облысы ерекше орын алады. ОҚО бойынша 82 туристік кәсіпорын қызмет етеді. Оның үшеуі, «Cембековa и К», «Ордaбacы НЖ», «Aль-Мaруa», 2008 жылдан бастап қажылық жұмыстарымен айналысуға қабілетті деген туристік фирмалардың тізіміне енді. Түркістанның өзіне жыл сайын, шамамен, 700 мың қажы келеді [6].

 

Нәтижелер мен талдау

 

Республикамыздағы діни туризмнің даму жағдайын талдай отырып, Қазақстан аумағы  бойынша ұйымдастырылатын діни турларға SWOT талдау жасалынды (2-кесте).

 

2-кесте − Қазақстанда ұйымдастырылатын діни турлардың SWOT-талдауы

 

Күшті жақтары:

− діни нысандардың болуы;

− ішкі туризмді дамытуды мемлекеттік қолдау;

− турлардың қолжетімділігі;

− ел ішінде тұрақты саяси жағдай;

Қазақстанның көпконфессионалды болуы.

Әлсіз жақтары:

− инфрақұрылымның әлсіз дамуы;

− діни туризм нысандарын қалпына келтіруге қажеттілігі;

− маркетингтік қызметтерінің жеткіліксіздігі;

− түрлі діни аймақтардағы фирмалардың  жеткілікті  түрде  интеграцияланбауы.

Мүмкіндіктер:

− діни турларды дамыту бойынша ішкі туризмнің дамуы;

− шетел туристерін тарту;

− инвестицияларды тарту арқылы туристік инфрақұрылымды дамыту мүмкіндігі.

Қауіп-қатерлер:

− туристер келуімен экологиялық жағдайдың төмендеуі;

− апатты жағдайлардың орын алуы.

 

Бүгінгі таңда діни туризм, яғни, діни мотивациялы сапарлар туризмі маңызды көлемге жетіп отыр. Діни туризм түрлі конфессия адамдарының діни қажеттіліктеріне негізделген. Ол адамның эмоционалдық жағдайына ықпал етіп, тек қана киелі жерлерге барумен шектеліп  қоймай, адамдардың рухани байлығын арттырады.

 

Қорытынды

 

Біздің еліміздегі қажылық туризмнің қарқынды дамуына мешіттер, кесенелер, ғибадатханалар, мұнаралар, қасиетті  православтық орындар және т.б. діни орындардың көп болуы, мұндай бағдарламалардың қымбат еместігі жəне, əрине, қазіргі заман адамына рухани қолдаудың қажеттілігі ықпал етуде.

 Қазақстанда тарихи ескеркткіш, бағасы жоқ жәдігерлердің көптігіне қарамастан қазіргі таңда діни туризмнің дамуын келесідей мәселелер тежеп тұр: инфрақұрылымның әлсіз дамуы, байланыс аясының кейбір облыс жерлерінде төмен болуы, арнайы жасақталатын турлардың аздығы, туристік объектілерге жетудің қиындығы, туристер демалатын жерлердегі қызмет көрсету деңгейінің жоғары болмауы, жол бойы инфрақұрылым объектілерінің қызмет сапасының және санының жеткіліксіздігі, туризм саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Осыған байланысты келесі міндеттерді шешу қажет: туризмнің инфрақұрылымын дамыту, туризм саласының материалдық базасын жаңарту және жаңа нысандар құрылысын жүргізу, дүниежүзілік деңгейге сәйкес діни туристік өнімді қалыптастыру және оның сапасын арттыру, табиғи-рекреациялық және мәдени-тарихи ресурстарды пайдалану, туристік ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету және туристік қызметтер қажеттілігін қанағаттандыруда ең жоғары деңгейге жету, кіші кәсіпкерлікті қолдау, туризм және қызмет көрсету саласында халықты жұмыспен шұғылдануға ынталандыру.

 

Әдебиеттер

 

1         Быстров С.А. Воронцова М.Г. Туризм: макроэкономика и микроэкономика., Москва – Санк-Петербург, 2007

2         Христов Т.Т. Религиозный туризм. – М.: Академия, 2003. – 159 с.

3         [Электрондық ресурс]: Қазақстанның діни бірлестіктері http://rukhanialem.psu.kz/index.php/ru/mir-religij/religioznye-ob-edineniya-kazakhstana-v-tsifrakh-i-faktakh

4         [Электрондық ресурс]: Бабкин А.В. Специальные виды туризма http://tourlib.net/books_tourism/babkin02.htm

5         [Электрондық ресурс]: Развитие религиозного туризма как составляющей части историко-культурного наследия на современном этапе. http://cyberleninka.ru/article/n/razvitie-religioznogo-turizma-kak-sostavlyayuschey-chasti-istoriko-kulturnogo-naslediya-na-sovremennom-etape

6         [Электрондық ресурс]: Қажылық жұмыстарын ұйымдастырудың барысы туралы Ақпарат http://www.adilet.gov.kz/ru/node/466