АСЫЛ МҰРА, АСҚАҚ БАТЫР КҮЛТЕГІН ЕСКЕРТКІШІ

Гульджикова Айнур Жарылгасовна

Тарих және география пәні оқытушысы

М.Тынышпаева атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақтау көлік колледжі

Қазақстан, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

 

            Әр халықтың қалыптасу, даму жолында өзіне тән ерекшеліктері бар. Бұл тарихи құндылықты зерделеп жарыққа шығару қай мемлекетте болмасын маңызды мәселелердің біріне айналған. Біздің арғы атамыз түріктер көк аспанның астында найзағайдай жарқылдап еркін өскен. Ақыл айтар абызы, жауды жасқар батыры қай кездеде сақадай сай тұрыпты. Олар «бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарып» тұрған ауызбірлігі барда өз  алдына дербес ел болып, гүлдеп-көктеп, биіктеп өскен.

Түркі халықтарының көне дәуірдегі ұзақ ғасырлық мәдени мұраларының бірі – Күлтегін ескерткіші. Орхон-Енисей жазуына жататын маңыздылығы жағынан баға жетпес құнды дүние.

Бізге жеткен Түркi тарихы да осы VII-VIII ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазба ескерткіштері арқылы белгiлi болды. Ескерткiш бiр заманда түркiлер мекендеген Енесей өзенiнiң бойы мен қазiргi Моңғол Халық Республикасының астанасы Улан-Батордың батысындағы 400 километр жердегi Орхон өзенi бойындағы Кошо-Цайдам ойпатында орналасқан. Күлтегін батыр жайындағы   дастанның   авторы  өз дәуірінің аса дарынды ақыны, көрнекті қоғам қайраткері Иоллығ тегін болды. Иоллығ тегін жырды жазып қалдыру мақсаты туралы былай дейді: "Мұны естіп біліңдер. Көңілімде қандай тәтті сөздерім болса, соларды мәңгі тасқа жаздырдым. Оларды меннен кейінгі ұрпақтарым, көріңдер, ұғыныңдар".

Этнограф Т.А.Бернштамның пікірінше, Иоллығ тегін - Білге қағанның баласы. Көне түркі жазба ескерткіштерінде Иоллығ тегін қаған тегінің мүддесін жақтаушы екенін білдіреді. "Иоллығ" сөзі "жол иесі" дегенді білдірсе, "тегін" лауазымы қағанаттың билеуші топ өкілдеріне берілген.  1893 жылдың 25 қарашасында әлемді дүр сілкіндірген мәлімдеме жасалды. Дат ғалымы Вильгельм Томсон Дания корольдік ғылым академиясының мәжілісінде Орхон және Енисей өзендері бойынан табылған ескерткіштердегі құпия жазуды оқудың кілтін тапқанын хабарлады. Ғалымның ең алдымен оқыған сөздері «Тәңірі» сөзі еді. Күлтегін ескерткішін  алғаш тауып, ғылым әлемiне мәлiмдеушi-орыс ғалымы Н. М. Ядринцев. 1890 жылы Гейкель басфин – угор қоғамының, 1901 жылы В. Радлов бастаған Орыс ғылым Академиясының Экспедициялары ескерткiш орнатылған жерге барып, жазуды өз көздерiмен көрiп, тексерiп қайтады. 1902 жылы Ужчжоудағы ағылшын консулы К. Кэмппель Күлтегiн ескерткiшiне бiрсыпыра зерттеу жұмысын жүргiздi. 1909 жылы француз саяхатшысы Де Ля Кост келiп кетсе, 1912 жылы ғалым В. Л. Котвич зерттеу жұмыстарын жүргiздi. 1958 жылы монгол – чехославак бiрiккен ғылыми экспедициясы Күлтегiн ескерткiшiнiн орнына қазба жұмыстарын жүргiздi. Бұған басшылық еткен чех археологы Л. Иисль. Бұл В.В. Радловтан кейiнгi жасалған қазба жұмысы едi. Қазба жұмыстары үстiнде қорған астынан екi кiсiнiң тасқа әдемi ойылып жасалған бас мүсiнiн кездестiрдi. Оның бiрi Күлтегiнiң, екiншi әйелiнiң мүсiнi екені анықталды. Күлтегiнге арналған ескерткiш пирамида тәрiздi. Биiктiгi 3,15 метр, енi 1,24 метр, қалыңдығы 0,41 метр. Ескерткiштiң жоғарғы жағы бес бұрышты, қырларында айдаһардың суреттерi мен қаған таңбалары бейнеленген. Екiншi жағында ескерткiштiң орнатылған күнi – бiрiншi тамыз, 732 жыл деп жазылған.

Ескерткіштің негізгі бетінде 40 жол жазу бар, ол ескерткіштің сол жақ бетіндегі 13 жол жазудың жалғасы. Түркологиялық әдебиеттерде ескерткіштегі 40 жол «Үлкен жазу»  , ал 13 жол жазу кіші жазу деп аталады.  Ескерткiш негiзiнен  қытай және көне түркi жазуымен толтырылған. Ескерткiш бетiндегi Қытай жазуы 732 жылы Қытай императоры Хусен-Цунг тарапынан бедерленген. Мұнда қытайша ескерткiштiң қысқаша мәнi айтылған. Қытай жазуы алғаш орысша, французша, содан кейiн немiс, ағылшын және кейiнгi кездерi түрiк тiлдерiне аударылды. Жазудың үстiнде қытайша бiр сөйлем бар, онда «Марқұм Күлтегiн жазуы» делінген. Қазақтың халық ақыны белгілі ғалым Олжас Сүлейменовтың көне мұра жөнiнде 80-ші жылдары Монғолияға әдейілеп барып, көне ескерткіштегі жазуды өз көзiмен көргенiн және жазудың біраз бөлігінің бүлінгенін байқап, Монғолияның мәдениет министрiне кiрiп ескерткiштердi ашық аспан астында қалдырмауды өтiнген. Бұл өтiнiштi Мәскеуге де, Алматыға да жеткізгендігін айта келе «Ендi мiне, сол арманымыз iске асып отыр. Бабалар рухы өз елiмiзге оралды. Шын мәнiнде ешбiр халықта жазу мәдениеттi қалыптаспаған кездiң өзiнде бiздiң бабаларымыз өз тарихын тасқа қашап жазып кеткен» - деп, түркі тіліне жатқызуға қимаған еуропалықтардың пікірлерінің теріс екендігін дәлелдеді.

Күлтегiн бабамыздың ел-жұртының қамын жеген iсiне айқын дәлел болатын тарихи жәдiгердiң көшiрмесi 2001 жылы 18 мамырда Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетiнде орнатылды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына арналған «Байырғы түркi мәдениетiнің жазба ескерткiштері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның Қазақстанда өтуi үлкен жетістік болса, геосаяси және этномәдени жағынан түркі тілдес халықтарды жақындастыра түседі. Ескерткіштің көшірмесін жасауға тікелей ат салысқан, түркі мәдениетін зертеуші Иманғали Тасмағамбетовтың «Елдiк пен ерлiктiң ерекше ескерткiшi» деген еңбегінде «Төл тарихымыздың ең көне ескерткiштерiнiң бiрi, түркi жұртының ортақ мақтанышы, ұлы қолбасшы Күлтегiннiң құрметiне орнатылған ескерткiштiң туған топыраққа оралуы, өшкенiмiз жанып, өлгенiмiз тiрiлгендей, зор қуаныш екенiн» атап көрсеттi. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков сол конференцияда дүние жүзiнде дәл осыған ұқсас он бес мыңдай ескерткiштер бар, оларды оқып, бiр жүйеге түсiру транскрипциясын жасау қажеттiгiнi айтты.

Кириллица мен латын жазуы мың жылдың арғы-бергi тұсында ғана пайда болды десек, бабаларымыздың одан 600 жыл бұрын тіл жазуы, әдебиетi, тiл мәдениетi болғанын сол тасқа басылған таңбалы жазулар дәлелдейдi. Ескi дәстүр бойынша таққа Күлтегiн отыруы керек болса да, өзі таққа отырмай туған ағасы Бiлге қаған таққа отыруынан Күлтегiннiң құрметiне қойылған ескерткіште, сол бағзы дәуiрдегі бабалардың дүниетанымы жоғары деңгейде болғандығын «Көк түрiктердiң басқа империядан ерекшiлiгi, үкiмет, ел басқару жүйесi заңдастырылғандығын», ел басқару жүйесі қазіргі заманғы үрдістей демократиялық жолмен шешетіндігін аңғаруға болады.

Күлтегін жыры - патриоттық рух беретін батырлық жыр. Мәтінінің негізі Түркі ұлтының тек тарихы ғана емес Күлтегіннің батылдығы мен ерлігін бейнелейді. Кіші жазудың 27-ші бөлімінен арғы қарайғы жазулары тек Күлтегінге арналған. Күлтегін жыр жазуы 53 бөлімнен тұрса, соның 27-ден 53-ке дейінгі жазулары Күлтегіннің батырлығын және оның соғыстарда мол табыстарға жетіп отырғандығынан мағлұмат береді.

Қазіргі уақытта Күлтегінге арнап қойылған ескерткіш мәтіні жазулары 732 жылы, Білге қағанға арнап қойылған құлыптасындағы жазу 735 жылдары жазылғандығы, басқа да Орхон – Енисей ескерткітеріне жататын көптеген құлыптас жазулардың 716-735 жж. аралығында жазылған деп жорамалдауда.

Күлтегін ескерткіші Түркі халықтарының баға жетпес мәдени байлығы. Бұл құнды дүние түркі тектес халықтарының  ғана емес, сонымен қоса әлем ғалымдарының назарын аударуда. Қазіргі уақытта тарих және тіл білімі саласында  зерттелуде, әлі талай ғылыми жаңалықтар туары даусыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Ғ.Айдаров. «Күлтегiн ескерткiшi». Алматы. 1996, 13-б., 177-б.

2. Т.Садықов «Күлтегін құдіреті» // «Егемен Қазақстан», 2004ж.

3. С.Бақытжанов. «Кұлтегінмен келген кие» // «Егемен Қазақстан», 2001ж.

4. И.Қабышұлы «Халқымыздың  өркениетке  қосқан асыл мұрасы»// «Егемен Қазақстан», 2004ж.