ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА
ЭКОНОМИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДЫҢ ТАРИХЫ
Увалиев
Т.О.
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
география-экология факультетінің
«Елтану және
әлеуметтік-экономикалық география»
кафедрасының доценті
Қазақстан Республикасы
Қазақстан
экономикасында ғасырлар тоғысындағы онжылдықтар ішінде
болып жатқан түбегейлі өзгерістердің еліміздегі
нарықтық экономикаға кірігуі, меншіктің жаңа
формаларының пайда болуы, кәсіпкерліктің дамуы, т.б. өз
кезегінде қоғам тарапынан білім беретін мекемелерге жаңа
әлеуметтік тапсырыстарды анықтап белгілеп отыр. Мектеп
бітіруші түлектің экономикалық мәдениетін мүлдем
жаңа тұрғыдағы деңгейде дайындаудың
қажеттілігі туындады. Бұл өз кезегінде қазіргі
қоғамның тез өзгермелі экономикалық шарттарына орай
жастарымыздың оған оңай бейімделуіне септігін тигізіп
және өздігінше қабілетін іске асыруына көмектеседі.
Осыған байланысты жаңа әлеуметтік-экономикалық
жағдайда, Қазақстан экономикасының жаңа индустриялануы
кезеңіне өтуіне байланысты
мектеп оқушыларының экономикалық мәдениетін
қалыптастыру мәселелерін оңтайлы ұйымдастыру мен оны психологиялық
жағынан қамтамасыз
етудің проблемалары орын алып отыр.
Қоғам өмірі,
қоршаған табиғи орта және онымен тұлғаның
өзара байланысы нәтижесінде оқушыларда адам мен оны
қоршаған әлем туралы біртұтас түсінік
қалыптасады, бұл олардың әлеуметтік бейімделуін
әрі өз мүмкіндігін жүзеге асыруын жеңілдете
алады. Экономикалық мәдениетті қалыптастырудың екі
кезеңі: біріншісі – мектептегі төменгі сыныптарда алынған
білімдердің негізінде оқушылардың экономикалық ойлауының
дамуы, екіншісінде – қалыптасқан
экономикалық ойлар нәтижесінде жаңа білім негізін алу.
Қазіргі уақытта
елдегі білім беру жүйесіндегі қалыптасқан
әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты білім алу
мен оқытудың дәстүрлі формалары білім беру
мекемелеріндегі қажеттіліктерді толық қамтамасыз ете алмай
отыр. Адамгершілік және мәдени
құндылықтардың дамуына, бір мезгілде білім
берудің ұлттық үлгісін жасауға
қажеттіліктің туындауына жаһандану мен ақпараттандыру нәтижесінде
пайда болған ішкі жандүниесінің тоқырауы себепкер
болды. Сондай-ақ жаңа буын оқулықтары, оның
ішінде ақпараттық технология құралдары
оқушылардың экономикалық мәдениетін
қалыптастыруға үлкен үлесін қосатыны белгілі.
Қазіргі заманғы
оқушының экономикалық теория мен практика жөнінде
және нақты жағдайларда экономикалық
заңдылықтардың қолданылуы жөнінде хабары болуы
қажет. Ел дамуының жаңа экономикалық шарттары
бір-бірімен бәсекелес бола алатын өз ісінің шеберлерін
қазірден бастап дайындауды талап етіп отыр. Себебі, бірнеше жылдан кейін
олар Қазақстанның іскер адамдар тобын құрады.
Сондықтан экономикалық мәдениет, кәсіби бағдар
беру мен өз ісінің шебері болу жоғары сынып
оқушыларының басты ерекшелігі болуы керек. Қазіргі
қоғамда оқушыларға жеткілікті деңгейде сапалы экономикалық
мәдениет қалыптастыру қажет, бұл білім жастарға
өз мүдделерін анықтап қана қоймай, сонымен бірге
арнайы білім алуына да мүмкіндік жасайды.
Қазіргі уақытта,
нарықтық қатынастардың қалыптасу үдерісінде
олар бірінші орынға шығып, әрі аса көкейкесті
мәселе болып отыр. Әсіресе, жоғары
сынып оқушыларына экономикалық мәдениетті қалыптастыруға
жүргізілген ғылыми-теориялық, әдіснамалық
талдаулар, мектепте географияны оқыту барысында оқушыларға экономикалық
мәдениет пен білім беру мәселелері
кең зерттелгенін көрсетті, алайда олардың экономикалық
мәдениетінің дамуындағы психологиялық шарттары
талқыланбағанына; 11-сыныпты бітіруші түлектерде экономикалық
мәдениетті қалыптастыру міндеті жеке зерттеу мәселесі болып
қойылмағанына; жоғары сынып оқушыларына арналған
оқу-әдістемелік құралдар мен
нұсқаулардың жеткіліксіздігі арасында
қарама-қайшылықтың бар екендігіне көз жеткізді.
Сонымен қатар, жаһандану үдерісі заманына әрі
еліміздің нарыққа ену үрдісіне орай,
оқушылардың экономикалық мәдениетін жаңаша
қалыптастыруға деген қажеттіліктің өсуі,
сондай-ақ экономикалық мәдениет негіздерін
қалыптастырушы психологиялық даярлықтың жеткіліксіздігі
арқасында қайшылықтар да орын алуда.
Экономикалық мәдениетті
қалыптастыру мәселелерін оның тарихына тиісті экскурс
жасаусыз толық шамада түсінік беру қиынға соғады.
Қазақстан Ресей империясының, одан соң КСРО-ның
құрамына енгендіктен, аталған елдердегі экономикалық
мәдениетті қалыптастырудың даму тарихын
қарастыруымыздың мән-мағынасы бар. Ресей империясы мен
КСРО-да экономикалық мәдениет қалыптастыру ісінің
жолға қойылуы Қазақстанда да өз көрінісін
тапқаны анық. Ресей империясының бір бөлігі бола
отырып, Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салада
оның жүйелеріне, психологиялық ойына тән болған
дамудың барлық кезеңдерін бастан өткерді. ХҮІІІ
ғасырда ресейлік практикалық педагогика кәсіптік
бағыт-бағдар алған білім беруге ерекше көңіл
бөлген болатын. І Петр заманының өзінде-ақ
қолөнер кәсібіне үйрететін мектептердің алуан
түрлі типтері құрылған еді.
Экономикалық салада
қажетті даярлығы бар мамандарды оқыту мәселесі Ресейде
капитализмнің дамуымен және еркін еңбектің дамуымен
ерекше шиеленіске ие бола бастады. Жалпы және арнайы білім берудің
жоспарлануы мен мазмұны мемлекет мүдделеріне
бағындырылған болатын. Мамандарды даярлаған кезде сословиелік
принцип те сақталып отырды. Мәселен, коммерциялық және
кәсіпкерлік іс-әрекетпен көпестер айналысты. Осы салада
мамандар даярлау үшін мемлекетке бағынышты коммерциялық
училищелер, нақтылы сыныптар ашылды. Осындай сыныптар мен училищелер,
өнеркәсіптегі және ауыл шаруашылығындағы
төменгі және орта буын мамандарын даярлай отырып, астаналық және
уездік қалаларда да, сырт аймақтарда да жұмыс істеді. Дамып
келе жатқан капиталистік қатынастар үшін жеке бастама мен
кәсіпкерлік болмай қоймайтын және табиғи
құбылыстар еді, әрі мемлекет оларға қолдау
көрсетіп отырды.
Капиталистік
қатынастардың дамуы ХІХ ғасырдың 60-шы
жылдарындағы буржуазиялық реформаларға алып келді, осы
реформалардың табысты жүргізілуі алуан түрлі әлеуметтік
салалардағы, оның ішінде білім берудегі де өзгерістер жағдайында
ғана мүмкін болды. Бастауыш мектептердің санын арттыру,
бастапқы білім беруді жалпыға бірдей ету ғана емес,
оның мазмұнын қайта қарастыру да қажет еді.
Белгілі педагог К.Ю.Цируль қол еңбегінің тек
практикалық сабақтарды ғана емес, экономикалық
мәдениеттің элементтерін оқып-үйренуді де
қарастырған оқу бағдарламасын жасап шығарды.
Капиталистік қатынастар
аясына Ресей империясының құрамдас бөлігі ретінде
Қазақстан да тартылды. Дамып келе жатқан
өнеркәсіп білікті кадрларды қажет етті, экономикалық
тұрғыдан сауатты адамдар ауылшаруашылығына да керек болды.
80-ші жылдары көптеген жерлерде төменгі ауылшаруашылық
мектептері ашылды. «Семиреченские областные ведомости» (1888, №16) осы
мектептер Жарғысының ережелерін келтірді, Жарғыда
бұлардың «Қырғыз тұрғындарында ауыл шаруашылығы
бойынша негізгі танымдарды тарату және көбіне-көп практикалық
сабақтар арқылы оларға қажетті қолөнер
кәсібіне оқыту мақсатына ие» екендігі айтылды. Осы
«жергілікті» деп аталатын мектептер жергілікті халықтың оқушыларына
білімдердің минимумын беріп отырды. Далалық өлкенің
генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскийдің жергілікті халықты
қолөнер кәсібіне үйретуге қатысты айтқан
үзілді-кесілді пікірін келтірсек те жеткілікті: «Осы бір таныстық
кәдімгі қожайын-диқан үшін егін шаруашылығында
қажетті затты соғу немесе қарапайым арба, орындық,
үстел жасап шығару үшін қажетті
болғандағыдай шамада шектелсін». Практикалық
экономикалық мәдениетті жергілікті халық өз
еңбектерінің өнімдерін алмасу барысында, жаңа сауда
операцияларымен таныса отырып, ұлты қазақ емес қоныс
аударушылардан алып отырды. Отбасында, ауылдық қауымда дәстүрлі
экономикалық білім беру елеулі роль ойнады.
Қазақтарда
тұлғаның өзіндік психологиялық эталоны жасап
шығарылған еді, осыған орай адам келесі қасиеттерге ие
болуға тиіс болатын: көшпенді мал шаруашылығын жүргізе
білу, еңбекқорлық, бәле-қырсыққа
табанды және ұрыста батыл, тапқыр әрі сөзге шешен
болу, ақындық дарынға және салт атпен жүру
техникасына ие болу, өз руының шежіресін білу.
Экономикалық
мәдениетті қалыптастыру қажеттігі туралы
мұғалім-практиктер мен педагогика-психология теоретиктері жазды.
Осы жайында ұлы орыс педагогы К.Д.Ушинский былай деп жазған екен:
«Соңғы кездері экономикалық мәселелердің жандана
түскені соншалықты, олардың алдында барлық басқа
мәселелер көмескіленіп қалды, алайда тарихтың кез
келген кезеңінің өзінің ерекше орталығы,
өзінің ерекше күні бар екендігін ұмытпаған
жөн. Сондықтан да мен қазір, бұрынғыға
қарағанда камералисттерде (экономистерде) жалпы алғанда қоғамдық
организмді әрі қандай да бір сыртқы жүйеде емес,
оның дәл осы тарихи дамуында зерттеу міндеті жатыр деп ойлаймын». «Шаруашылық
жүргізу ғылымы», деп есептеді ол, қарапайым адамдарға «халықтың
шаруашылық қажеттіліктерін және оларды
қанағаттандыру мүмкіндіктерін» болжауға мүмкіндік
береді.
Қазақстанда Ыбырай
Алтынсариннің (1841-1889) практикалық қызметі зор
маңызға ие болды. Оның бастамасы бойынша ана тілінде
оқытатын тұңғыш қазақ мектептері ашылды. Ол
көшпенді халықтың оқушыларын оқыту үшін
интернаттары бар мектептер ұйымдастырды, алғашқы
қолөнер кәсібі училищесін құрды. Дәл осы
Ыбырай Алтынсарин ұйымдастырған оқыту жағдайында
жергілікті халықтың балаларына экономикалық
мәдениеттің негізін дарытудың шын мәніндегі негізін
қалаушысы болып саналады.
Далалық
өлкедегі танымал сөз шеберлерінің көзқарастары
ерекше маңыздылыққа ие болды. Олардың ішінен ең алдымен
ақын әрі ойшыл, қазақ ағарту ісінің
алғашқы қайраткерлерінің бірі Абай
Құнанбаевты атағанымыз жөн. Шығыстың
атақты тұлғасы болған ол еңбекке,
еңбексүйгіштікті білім беруге, басқа халықтардың
өкілдерінен экономикалық мәдениетті, еңбек ептіліктерін
қабылдап алуға маңызды мән беріп отырды. «Енді мен, -
деп жазады Абай өзінің «Ғибрат сөздерінде», - сарт
өсірмеген өсімдіктің жоқ екенін, сарттың
бағындағыдан тәтті жемістің жоқ екендігін
көріп отырмын. Сауда жасай отырып, сарт бармаған елді таба
алмайсың, ол қолымен ісмерлікпен жасай алмайтын зат мүлдем
жоқ... Ал енді орыстар келгенде, орыстардан олардың шеберлігін
қабылдап алып, сарттар бізді тағы да басып озды... Татарларға
қараймын. Олар солдат өмірін де бастан өткереді, кедейшілікке
де төзеді, қайғыға да шыдайды, Құдайды да
жақсы көреді. Татарлар тер төге еңбек етуді біледі,
байлықты қалай табу және молшылықта қалай
өмір сүру керектігін біледі... Орыстар жайында айтпасақ та
болады». Молшылықтың адал ниетті еңбекке тікелей
қатыстылығын баса көрсете отырып, Абай: «Үйде
молшылық таусылмас үшін, ақыл-парасатты болған,
іздестіре білген және жалқаулықсыз жұмыс істеген
жеткілікті», - деп жөн сілтейді. Әрі қарай: «Сені ең
ауыр, азапты, алайда адал еңбекке шақырса, мұның еш
қорлығы жоқ... Лайықты адамдар осы күрес жолына
түседі, лайықты еместер әрекетсіздікті және
тіленшілікті таңдап алады”. Көшпенді халықтың
шаруашылық іс-әрекетін, оның ішінде экономикалық
көзқарастарын да баяндайтын жазба көздер пайда болды.
Бұл ретте осылардың қатарында Мұса Шормановты атап
көрсеткен жөн болатын, қазақ зерттеушілерінің
жазба еңбектерінің маңызды мәні бар. Өз
халқының ең білімді адамдарының бірі бола отырып,
М.Шорманов көшпенділердің бірегей әлемін толықтай
ашуға тырысты. Оның қазақтардың этнографиясы мен
тарихы жөніндегі жұмыстары сол кездегі орыстың мерзімді
баспасөзінде жарияланған еді. Қазақтардың
көшпенді тұрмысын талдай отырып, ол малды жаю ретін,
қыстақтардың құрылысын, қосалқы кәсіпшілік
пен қолөнердің дамуын және т.с. суреттейді: «Қазақтар
өздері қыстақтар үшін таңдап алған жерлерде
ірі қара малға арналған мол жайылымдардың бар болуын,
шөп шабатын жерлердің орналасуын қатаң есептейді,
қыстақта отын үшін пайдаланылатын орман немесе қамыс
болуы керек».
Осылайша,
Қазақстандағы практикалық педагогиканың даму
кезеңі жергілікті халықты экономикалық білім беруге зейін
қоюдың күшеюімен, осыларда көшпенді
халықтың оқушылары сол кездегі экономикалық
көзқарастарға баулынған алғашқы оқу
орындарының пайда болуымен атап өтілді.
“Экономикалық білім беру” терминін Кеңес
үкіметінің аса маңызды міндеттерінің бірі деп есептеп, алғаш
рет В.И.Ленин енгізген болатын. Ол еңбекшілердің кең
бұқарасына өте қажетті білімдер шеңберін сызып
көрсетті: еңбек пен тұтыну шамасын есепке алу және
бақылау, өнімділігі жоғары еңбек пен үнемдеу,
өндірілетін материалдық игіліктерге ұтымды қарау,
жаңа қоғамдық құрылыс экономикасының
ерекшеліктері.
В.И.Ленин мектеп
оқушыларының ұйымдасқан, күш жұмсайтын
өндірістік еңбегі бар политехникалық мектепті
құру туралы ойын айтты, білім берудің мақсаттарын
анықтады, бәрін де жасай алатын, жан-жақты дамыған
және жан-жақты даярланған адамдарды дайындауды ұсынды. Білім
беру туралы негіз салушы құжаттар қабылданды, бұларда
еңбекпен білім беруге ерекше көңіл бөлініп отырды. 1918
жылы бекітілген ереженің де “Бірыңғай еңбек мектебі
туралы” деп аталуы да кездейсоқтық емес. «Оқыту мектебінен» оның «еңбек
мектебіне» көшу басты доминанта бола бастады. Негізгі
міндет қоғамның өзгеріп отыратын әлеуметтік
және экономикалық жағдайларымен бірге үздіксіз
эволюцияланып отыратындай мектеп құру деп есептелді. Жаңа
мектеп білім беру мазмұнының экономикалық бағытталуына
шектесіп жататын политехнизмді көздеді: кез келген өндіргіш
еңбектің негіздерін, оның ішінде оның экономикалық
құрамдас бөліктерін де меңгеру мақсатында алуан
түрлі өндірістік процестерді зерттеу, үйрену идеясы кең
танымға ие болды.
Оқушыларды еңбекке үйрету мен білім
беру саласындағы теориялық жете
зерттеулер және жаңа идеяларды практикада сынап көру
өрістетілді (П.П.Блонский, С.Т.Шацкий және басқалар). Жете
зерттеулердің негізінде К.Маркстің «ақылға сыйымды қоғамдық
құрылыс кезінде барлық оқушылар тайлы
тұяғымен, тоғыз жастан бастап, өндіргіш еңбекке
қатысуы керек болады; дәл осылайша ересектердің
ешқайсысы да табиғаттың адам тамақ ішу үшін
жұмыс істеуге тиіс, әрі тек баспен ғана емес, қолмен де
еңбек етуге тиіс деген жалпы заңынан алынып тастала алмайды. Осы
көзқарасты негізге ала отырып, біз ата-аналар да, кәсіпкерлер де оқушылар мен
жасөспірімдердің еңбегін олардың өндіргіш
еңбегі білім берумен байланысты болуы керек деген шарттан өзгеше
пайдалануға қоғамның рұқсатын ала
алмайтындығы» туралы ережесі жатты.
Атақты
педагог-экспериментші А.С.Макаренко
өзінің оқытуды өндіргіш еңбекпен байланыстыру
жөніндегі тәжірибелерін жүргізді. Оқушылар
коммунасының жетекшісі бола отырып, А.С.Макаренко, коммунарларды
өндірістің барлық салаларына тарта отырып, оларды
экономикалық білім беруді оқушылардың ығырын
шығармайтындай етіп жүргізіп отырды. А.С.Макаренко мектеп
ісінің негізінде еңбек, қамқоршы еңбек,
яғни өндіргіш, мақсаты мектеп оқушысының
жан-жақты дамуына ықпал ететін пайдалы, қажетті өнімді,
материалдық құндылықтарды жасап шығару болатын
еңбек жатуы керек деп есептеді. Дзержинский атындағы коммунада
станоктар мен жабдықтарға, сондай-ақ коммунаның
барлық шаруашылығына ұқыпты қарауға тәрбиеленді,
мұның өзі тәрбиеленушілердің экономикалық
ойлауын қалыптастыру мен дамытудың маңызды құралы
болып табылды. Жалпы, политехникалық және
кәсіптік білім берудің ара қатынасы мәселелерін жете
зерттеуге «Мектептің өмірмен байланысын нығайту туралы
және КСРО-дағы халыққа білім беру жүйесін одан
әрі дамыту туралы Заң» (1958 жыл) көп жаңа тұстар
енгізді. Осы заңға сәйкес жалпы білім беретін мектептер
өндірістік оқытуы бар политехникалық еңбек мектептері
болып шықты, оларда оқыту бағдарламалары қайта
қарастырылды, мектеп оқушыларын еңбекпен білім беруге
көңіл бөлу күшейе түсті. Жаңа
бағдарламаларды теориялық негіздеуді барлық одақтас
республикалардың, оның ішінде Қазақстанның да
ғалымдары жүргізген педагогикалық-психологиялық
зерттеулер даярлады.
Халық
шаруашылығының білімді қызметкерлер мен мамандарды
қажетсінуі нақтылы экономика бойынша білімдердің таратылу
қажеттігін өмірге әкелді. ХХ ғасырдың 20-30-шы
жылдарының ғалым-педагогтері мен практик-педагогтері мектеп оқушыларына
экономикалық мәдениетті қалыптастырудың мазмұны
мен әдістемесін жасап шығару әрекеттерін жасады. Алайда
аталған бағыттағы зерттеулер жүйеге келтірілмеді, ал экономикалық
мәдениет және білім беру барысының дербес
құрамдас бөлігі ретінде қарастырылмады.
Мектеп оқушыларына
экономикалық білім беруді 1966
жылы жалпы білім беретін мектептердің оқу жоспарына дербес
оқу пәнінің – еңбекке баулу пәнінің
енгізілгендігі айтарлықтай күшейтіп тастады. Осы пәннің
міндеті болып оқушыларда политехникалық білімдер
жүйесінің, еңбек мәдениетінің, басқа да
еңбек дағдылары мен ептіліктерінің қалыптасуын
қамтамасыз ету белгіленді. Тиісті өндірістік базасы бар мектептерде
жоғарғы сынып оқшыларын кәсіптік даярлау жүзеге
асырылып отырды. Мәселен, 1969
жылы енгізілген қоғамтану бойынша бағдарламада дамудың
сол кезеңіндегі халық шаруашылығы экономикасының
негізгі мазмұны және әлемдік экономика жүйесінің
мәселелері анықталды. Саяси экономика мен ғылыми коммунизм
негіздері, қазіргі экономикалық ойлау, кеңес адамының –
социалистік өндіріс еңбекшісінің және
қожайынының жеке бас қасиеттері секілді мәселелерді
зерделеу қарастырылды.
КСРО Ағарту министрлігінің «Жалпы
білім беретін мектеп оқушыларына экономикалық білім беруді одан
әрі жетілдіру туралы» нұсқаулық хатында «экономикалық
мәдениет, ептіліктер мен дағдылар оқушыларда, ең
алдымен ғылым негіздерін оқытқан кезде
сабақтастық байланыста дәйекті және жүйелі
түрде ғалыптасуға тиіс» екендігі атап өтілді.
Оқыту, білім беру және кәсіптік бағдар беру
жұмысы барысында «бағдарламалық талаптармен етене байланыста
және пәнаралық байланыстарды ескере отырып, мектеп
оқушыларын экономикалық саясаттың негізгі ережелерімен,
облысты (өлкені, республиканы) шаруашылық тұрғысынан
дамытудың нақтылы міндеттерімен таныстыру, оқушыларды
нақтылы экономиканың негіздерінің қол жеткізер
білімдерімен қаруландыру, оларда кәсіпорынның
шаруашылық есебі, технологиялық-өнеркәсіптік жоспары,
өндірістік бағдарламасы және ұйымдық-технологиялық
жоспары туралы, еңбек өнімділігі, өндіріс тиімділігі,
кәсіпорынның тиімділігі, өнімнің өзіндік
құны туралы және т.б. түсінік қалыптастыру» керек
болды. Елде мектеп оқушыларын еңбекке баулудың және
кәсіптік бағыт-бағдар берудің мектепаралық
оқыту-өндіріс комбинаттары пайда болды, бұларда жоғары
сынып оқушылары қандай да бір мамандықтарды меңгеріп
шығатын. Осындай комбинаттардың саны үш мыңға
жетті, осылардың 300-ге жуығы Қазақстанда
құрылды. Мектептегі орманшылық және оқушылардың
өндірістік бригадалары кең танымал бола бастады. 1983 жылға
қарай оқушылардың өндірістік бригадаларының саны
48 мыңды құрады, олар жоғары мектеп
оқушыларының 70%-ын қамтыды. Еңбекті ұтымды
ұйымдастыру, оның экономикалық мәдениетті
қалыптастырумен және білім берумен тығыз байланысы
белгіленді. Оқушы бригадаларының базалық
шаруашылықтармен шаруашылық-экономикалық өзара
қатынастары олардың қызметінің аса маңызды
ұйымдық-экономикалық мәселесі ретінде
қарастырылды.
Қазақстан
Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы «Жеке
кәсіпкерлік туралы» Заңы да аталған мәселелермен
байланысты.
Қалыптасқан жағдай
айтарлықтай дәрежеде білім беру жүйесімен байланысты. Алайда,
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев атап
өткендей, «отандық білім беру жүйесі қазіргі
экономикалық жағдайларға бейімделуге қауқарсыз
болып шықты. Білім беру жүйесінде Үкімет білім беру
жүйесінің жекелеген сегменттерін модернизациялауды жүргізе
отырып, он жыл бойы шешуге әрекет жасаған жүйелік
мәселелер блогы қалыптасты». Қазақстандық
зерттеушілердің
нарықтық қатынастарға көшу жағдайларында
мектеп оқушыларын экономикалық білім беруге арналған
жаңа жұмыстарының саны шамалы ғана болып шықты.
Жоғарыда көрсетілгендей экономикалық
мәдениетті қалыптастырудың көпжылдық тарихына
қарамастан, оның әлі
де қуаттануының
қажеттілігін көрсетеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
Маркс К., Энгельс
Ф. Из ранних произведений. - М., 1956. - 593 с.
2.
Алтынсарин Ы.
Таңдамалы шығармалары. -Алматы: Ғылым, 1994. - 228 б.
3.
Абай. Қара
сөздер. – Алматы, 1990. - 72 б.
4.
Блонский П.П. Избранные
педагогические и психологические сочинение. - М.: Педагогика, 1979. - Т. 2. - 398 с.
5.
Макаренко А.С. Проблемы школьного
советского воспитания. Соч. 7 томах. 1958. 5-том. – 193 с.
6.
«Жеке кәсіпкерлік туралы» 2006 жылғы
31 қаңтардағы № 124-III Қазақстан
Республикасының Заңы. Егемен
Қазақстан.- 2006.- 7 ақпан. -5-6б.