П.ғ.к.,
доцент Досанова Алтынай Жапаровна
«Тұран-Астана»
университеті, Қазақстан, Астана
Т.
ШОНАНҰЛЫНЫҢ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНДЕГІ САУАТ АШУ
ОҚУЛЫҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ
Аннотация
Мақалада Т.
Шонанұлының латын әліпбиіндегі сауат ашу
оқулығының ғылыми-әдістемелік негіздері мен сауат
ашуға қосқан үлестері ғылыми түрде
жан-жақты қарастырылған.
Кілт
сөздер: латын әліпбиі, қосымша таңба, сауат ашу, әліпби
құрамы, төл әліпби, қосарлы таңбалар, «Аlifbe» оқулығы.
Кеңес үкіметі орнағаннан
кейін елдің әл-ауқаты мен еңсесін көтеру
үшін оны рухани-мәдени жағынан жетілдіру, білім беру ісін
жандандыру қажет болғандықтан 1920-1930 жылдары сол
тұстағы қазақ зиялылары оқулықтар оқу
құралдарын жазу ісіне белсене ат салысты. Оқыған
азаматтардың, соның ішінде бастауыш сынып педагогикасы мен
әдістемесін терең меңгерген Т. Шонанұлының игі
істері қазақ балаларының сауат ашып, тәлім-тәрбие
алуына орасан зор ықпал етті. Т. Шонанұлы бастауыш сыныптарға
және жаңа сауаттанып келе жатқан ересектерге арнап
әліппелер жазу арқылы сауат ашу мәселесі жөніндегі
ғалымның еңбектері жаңаша қырынан көрініп,
оқу-ағарту ісінің жетістігі болып саналды. Ғалым 1920
жылдардың ортасында А.Байтұрсыновпен бірлесіп «Оқу
құралын» (нұсқалық) жазды. 1929
жылы Т.Шонанұлының «Жаңалық», «Жаңа
әліппе», «Жаңа арна» атты қазақ балаларына
арналған латынша әліппелері жарыққа шығып,
қолданыс тапты. Әліпби орыс дыбыстарымен бірнеше рет
толықтырылды. 1935 жылы шыққан Т.Шонанұлы мен
М.Жолдыбаевтың бірлескен авторлықта шығарған
«Әліпбиі» жарық көріп, бірнеше жыл қолданыста болды.
Ғалымның А.Байтұрсыновтың жолын әрі қарай
жалғастырып, бірқатар әдістемелік еңбектер де
жазғаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда, 1930 жылы «Сауаттан»,
1931 жылы «Орыстар үшін қазақша әліппе», 1933 жылы
С.Жиенбайұлы мен Ғ.Бегалыұлымен бірлескен авторлықта
орыс мектептері үшін «Қазақ тілінің оқу
құралы», 1935 жылы «Бастауыш мектептердегі қазақ
тілінің әдісі» атты құнды еңбектерін жазды.
Т.Шонановтың қазақ
халқын сауаттылықтан арылту жолында көп еңбек етіп,
жүйелі білім беруді мақсат етті. Бұл бағытта
педагог-ғалым бастауыш мектептегі оқу бағдарламасын жасаумен
көп шұғылданды. Баланы оқытқанда лайық
әдістерді қолданып, көбірек жазып-оқуға
дағдыландыруды дұрыс деп санаған ғалым
«жеңілден-ауырға, оңайдан-қиынға,
жақыннан-алысқа көшіледі» деп оқытудың талаптарын
оқулық жазу ісінде басты назарда ұстайды [1]. Осы
айтқан талаптарын өзі «Жаңалық» (1931) оқу
құралында қолдана білді. Онда баланы ойлануға
жетелейтін сюжетті суреттер мен түрлі мағынадағы
мақал-мәтелдер, оқу-білім үйрену, тазалық,
гигиеналық талаптар туралы кеңестер кеңінен берілген. Мысалы:
«Кітапты күт!» деген айдармен берілген талапта: «Кітап-адамның
досы!», «Кітапты жыртпа, кірлетпе!», «Оқи білмегендерге кітапты естіртіп
оқы!» деген ережелер бар.
Т.Шонанов «Әліппеде»
оқу-жазумен бірге есеп шығаруды да ескерген. Онда сандардың
таңбалану үлгілері, логикалық ойлауға берілген
қарапайым есептер, ауызша есептеуге берілген есептер қоса берілген.
Сонымен бірге оқулықта «Лото» ойындары, белгілі
ақындардың (І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, С.Мұқанов)
балаларға арналған шығармаларынан үзінділер берілген.
Т.Шонанұлының жаңа әліппесі сол заманның
уақыт талабына сай жазылған, мазмұны сан қырлы
оқулықтардың қатарынан саналды. Әліппе
танымдық әрі тәлімдік маңызы жағынан сол кездегі
ғалымдар арасында аса жоғары бағаланды. Сондай-ақ,
«Әліппе» оқулығын жазу барысында ғалым «Араб
әліппесінің тарихы», «Латын әліппесі туралы», «Татар
жаңа әліппесі», «Орыс емлесімен әліппесін өзгерту
мәселесі» атты мақалалар жазып, көп ізденгені көрінеді
[2,3,4,5]. Т.Шонанұлы сонымен қатар емле, тіл дамыту,
қазақ тілін оқыту әдістемесі мәселелеріне де
А.Байтұрсыновпен бірге ат салысты. Оның «Орыстарға
қазақ тілін үйрету жайында», «Ересектерді сауаттандыру
әдісі», «Дауыстап оқытудың әдісі» атты
ғылыми-әдістемелік мақалалары сол кездегі оқытудың
өзекті мәселелеріне арналды. Енді әр кезеңдердегі сауат
ашу әдістемесінің тарихын зерттеу барысында қолымызға
тиген Т.Шонанұлы мен М.Жолдыбаевтың 1935 жылғы латын
әліпбиіндегі «Әліппе» оқулығына жасаған
талдауымызға тоқталайық [6].
Әліпбидің 3-7 беттері әліппеге дейінгі
кезеңге берілген. Онда мектептің, оқу
құралдарының мазмұнды және жеке суреттері
берілген. Мазмұнды суретке қарап балалар
сұрақтарға жауап беріп, сөйлемдерден қысқа
әңгіме құрастырылады. Әліппе кезеңіне
көшпес бұрын баланың партада
қалай отыру керектігі, дұрыс отырып жазуы көрсетілген.
Суреттің астында жазу дәптеріне көлбей жазылған
әріп элементтері, оларды бір-бірімен қосып жазу үлгілері
берілген. Әліппе кезеңі баланың партада жазу жазып
отырған суреті және оның астында бас әріптермен жазылған
«бала» (BALA) деген сөзден басталған. Бұл сөзді
Т.Шонанов балаға ең жақын, оқуға ең
оңай сөз деп ойлағаннан алған болу керек. Төменгі
жақта л әрпінің жазбаша үлгісі кішкене жолға
жазып көрсетілген. Балалар бұл күні осы бір сөзді
оқиды және латынша l (л)
дыбысын үлгіге қарап дәптерге жазып үйренеді.
Артық материалдар берілмеген [7].
Әліппенің дыбыстан басталмай, бала
сөзінен басталуы бірден сөз шығарып оқу үшін
алынғандығы көрінеді. Ал А.Байтұрсынов әліб-бійі
бірден үш әріптен (а, р, з)
басталғанмен, алғашқы күні осы әріптермен
таныстыру мақсатын көздейді, келесі сабақтарда ғана осы
үш әріптен сөз құрастырта бастайды. Келесі бетте
ауызша тіл дамытуға, сөйлемдер құрауға
мазмұнды сурет берілген. Суретте мұғалім балаларға
араны (құрал) көрсетіп тұр, бірнеше бала арамен
ағаш кесіп жатыр. Астына ара деген сөз жазылған. Осы
сөз бас әріптермен (АRА) және үзік сызықтармен
тағы екі рет берілген. Балалар ұмытып қалмасын деп кешегі
өткен бала сөзін бүгінгі жаңа ара сөзіне
қосып қайтадан оқуға берген: АRА, BALA. Жазуға r әрпінің екі элементі
жеке-жеке берілген. А.Байтұрсынов әліппесінде жазу үлгісі
берілмейді. Өйткені арабшада баспа әріп болмайды, әріптер тек
жазбаша формада болғандықтан, берілген сөздер оқуға
да, жазуға да бірдей қолданыла береді. Келесі сабақта
қол арасы мен бал арасының жеке суреттері беріліп астына
олардың атауын ара деп жеке-жеке жазған. Бала, ара, ара деген сөздер
тағы да оқуға берілген. Алдыңғы
сабақтағы оқылған сөз ұмытылып қалмас
үшін келесі сабақта оқылған сөзге қосып
оқыту А.Байтұрсыновтан басталып, қазірге дейін жалғасын
тауып келе жатқан әдіс болып табылады. Одан кейінгі сабақта
қала сөзі берілген. Бұл сабақта балалар бала, ара,
қала сөздерін оқиды. Осылайша күн сайын бір сөз
оқып, үш күнде балалар үш сөзбен танысқанын
көреміз. Әліппе кезеңінде Т.Шонановтың бірден сөз
алу себебі балалардың сөздік қорына сөз деген ұғымды кіргізіп, оны іс жүзінде
үйрету болғандығын байқаймыз [7].
Енді 12-бетте өтілген бала ара қала
сөздері тұтас оқуға беріліп, одан кейін әр
сөздің қатарына сол сөз буынға бөліп
оқу үшін арнайы кеспе буынмен құрастырылған ба ла, а ра, қа ла. Балалардың
оқуына жеңіл ашық буынды және жалаң буынды
сөздер алынғандығы көрінеді. Әдіскер-ғалым
сауат ашуда балалардың оқуына ашық, жалаң буындар
жеңіл болатындығын сол кездердің өзінде көре
білген. Кеспе буындардан сөздерді құрастырғаннан кейін
сол сөздер буынға бөлініп берілген. Осы бетте өткен
сабақтардан оқып
үйренген бала, қала ара сөздері былайша буынға
бөлініп берілген: BA – LA, QA – LA, A – LA, A – RA, QA – RA.
Жазуға қ,
а дыбыстарының кіші әріптері және қа буыны
берілген. Балалар осы сабақта берілген сөздерді буынға
бөліп оқуды, әр сөзде неше буын бар екендігін біліп,
«буын» деген ұғыммен іс жүзінде танысады.
Ендігі берілген сөздердің қатары ара, қара, қала, ала, бала.
Т.Шонанұлы А.Байтұрсыновтың сөз тудыру әдісін
әліппе құрауда орынды қолдана білген. Әліппеге
сөз алдына жаңа дыбыс қою және сөз ішіндегі бір
дауыссыз дыбысты өзгерту тәсілдерін қолдану арқылы
сөздер құрастырып отырған (ара-қара, қара-қала, ала-бала). Осы сөздер
буынға бөлініп оқылады. Одан соң -ба, -қа буындарынан бақа сөзі
құрастырылып, оқылады. Бұл сөздер жалаң
және ашық буындардан тұрады. Оқуға
қиындық келтірмейді. Дәптерге б дыбысы мен бақа сөзін жолдың бойына толтырып
жазады. Балалар бірте-бірте буынның не екенін іс жүзінде
меңгеріп кетеді де өздерінің сөздік қорына
енгізіп, сөйлегенде пайдаланады [8].
Шонанұлы әліппесінің ерекшелігі
өткен сабақтағы оқып үйренген сөздер
түгелдей дерлік келесі сабақтарда қайталанып отырады.
16-бетте үш қатарға екінші буындары бірдей сөздерді
былайша топтап жазған: а–ра,
қа–ра, Са –ра / а -ла, қа -ла, са -ла, ба –ла/ Са –мар, О –мар, Қа
-мар
Одан соң
сөздер сәл өзгертіліп топтастырылады:
А ла
Са қа
Қа >
ла са < ра
Ба ба
мар
17-беттегі мазмұнды суреттің астында Сара
алма ал деген cөйлем берілген. Сөйлем ішіндегі алма сөзі
бөлініп алынып, буынға бөлінеді. Енді бірінші сөйлемге ұқсас
бірнеше сөйлемдер беріледі:
Sara alma al. Bala alma al. Omar alma al.
Sara ara al. Bala ara al. Omar ara al.
Sara oqь. Omar oqь.
Сөйтіп, балалар дыбыс,
сөз, буын ұғымдарын меңгергендей, «сөйлем»
ұғымымен де іс жүзінде танысады.
|
Өk |
tә |
bi |
rәt |
|
|||||
|
Ө |
k |
t |
ә |
b |
i |
r |
ә |
t |
|
Т.Шонанұлы әліппесінің басқа
әліппелерден бір ерекшелігі дыбыстық талдау жасағанда алдымен
дыбысты танытуға алынған сөз буынға бөлініп
беріледі, сонан соң дыбыстарға ажыратылады [44-бет]. Оны кестемен
былайша беріп отырады:
Мұны әліппенің жетістігі деуге де
болады. Өйткені бұлай еткенде, балалар сөзде қанша
буын, әр буында қанша дыбыс барын іс жүзінде көріп
меңгереді.Тағы бір ескеретін нәрсе бұл
оқулықта дыбыстық талдауға өтілген дыбыстардан
тұратын сөз алынады. Бұл да әліппенің
артықшылығын көрсетеді. Дегенмен әліппенің өзіндік
кемшіліктері де бар. Атап айтқанда, Т. Шонанов әліппесінде А. Байтұрсынов
және қазіргі әліппелердегідей алдымен жеке дыбыстар
өтіліп барып, дыбыстан – буын, буыннан – сөз, сөзден –
сөйлем құрастырылмайды, керісінше, әліппе кезеңі
бірден бала деген сөзді
оқытудан басталады да, осылайша қатарынан күн сайын
жаңа сөз қосылып беріліп отырады, біртіндеп сөздерді
буынға бөледі. Демек А. Байтұрсынов секілді талдаудан
(анализ) жинақтауға көшпейді, керісінше жинақтаудан
(синтез) талдауға көшеді. А. Байтұрсынов индуктивтік
әдістен дедуктивті әдіске көшсе, Т. Шонанов дедуктивті
әдістен индуктивті әдіске көшетінін байқауға
болады. Бұл орайда К.Д. Ушинскийді негізге алған
А.Байтұрсыновтың әдістерінің өміршеңдігін
бүгінгі әліппелер дәлелдеп отыр. 30-бетке дейін осылайша
бірден ішінде жаңа дыбысы бар сөз беріліп отырады. 40-бетке дейін
оқуға берілген әріптер, буындар, сөздер,
сөйлемдер тек бас әріптермен жазылады да керісінше жазуда ылғи
кіші әріптер жазылып үйретіледі. Нақты бір жеке дыбыс
таңбасы беріліп, таныстырылмайды, күн сайын жаңа дыбысы бар
сөз қосылып, ішінен жаңа дыбысты тапқызады, оның
жеке таңбасы оқулықта жазылып көрсетілмейді, тек
сөздің ішінде кездеседі [8].
Е
дыбысына келгеннен кейін ғана сол дыбыстан басталатын сөзге дыбыстық
талдау жасалып, өтілетін дыбыс таңбасы баспаша, жазбаша
көрсетіле бастайды. Оған дейін дыбыстық талдау болмайды. Е дыбысын өткенге дейін
оқуға берілген сөздер, сөйлемдерді жазуда тек бас
әріптер қолданылады, кіші әріптер мүлде жазылмайды. Тек
ә дыбысын өткен
күні сөздер мен мәтіндерді жазғанда бас
әріптермен қатар кіші әріптер де қолданылып
қазіргі әліппелердегідей болып жазылады. Т. Шонановтың
әліппесінің қысқа өмір сүруінің де
сыры осындай берілген материалдардың жүйесіздігінен болса керек
деген ой туады. Т. Шонановтың әліппе жасауда таңдаған
оңтайлы әдістерін берілген материалдарға ретімен
жүйелеп бере алмағандығы көрінеді. Демек, әдіс
жеткілікті, мазмұн бар, бірақ бала оқыту
тәжірибесінің аздығынан осылай болған деп ойлаймыз.
Қорыта келгенде, ғалымның сауат
ашудағы, әліппе оқулығын
құрастырудағы бүгінгі күнде пайдалануға
болатын тиімді тұстары да жетерлік, оны атаусыз қалдыруға
болмайды. Т. Шонанұлының сауат ашуда, әліппе
оқулығын құрастырудағы еңбегі зор.
Әдебиеттер:
1. Сарыбаев Ш. Телжан
Шонанұлы // Ана тілі, 1994, 4 шілде.
2. Шонанұлы Т.//Араб
әліппесінің тарихы. Еңбекші қазақ, 1926. №135.
3. Шонанұлы Т.// Латын әліппесі
туралы. Еңбекші қазақ, 1926. №8.
4. Шонанұлы Т.// Татар жаңа әліппесі.
Жаңа мектеп, 1925. №7.
5. Шонанұлы Т.// Орыс емлесі мен
әліппесін өзгерту мәселесі. Жаңа мектеп, 1929. №12.
6. Шонанұлы Т.,
Жолдыбаев М. Әlippe. –Алматы: Қазақстан, 1935, -69 б.
7. Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиі латын графикасында: тарихы
бүгіні, болашағы. –Астана, 2015. -160 б.
8. Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. – Астана,
2011. -150 б.