МЕКТЕП
ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР
АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ
Шынтаева Н. А., п.ғ. магистрі
Мелдібек Ж., 2-курс студентті
Тараз мемлекеттік педагогикалық институт
«Біз
балалық шақты уайымсыз-қайғысыз,
қуаныш пен ойынның, ертегілердің шағы деп есептейміз.
Бірақ бұл - өмір ағымы. Адамгершіліктің тамыры
тура
осы уақытта жинақталады.»
В.А.Сухомлинский.
Болашақтың базары да, келешектің - кемеңгерлері де
балалар емес пе? Саналы, өскелең ұрпақ тәрбиелеу
- әрбір тәрбиешінің міндеті. Баланың ой-өрісін
дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл
байлықтарының молаюына балабақша тәрбиешілерінің
сіңірер еңбегі орасан зор. Кеше ғана аяғын аттап
басқан жас сәбидің алғашқы рет
қоғаммен араласуы балабақшадан басталады.
Мақал-мәтелдер
негізінен халық аузында ауызша сақталған. Ал, оларды
нақты жинап, қағаз бетіне түсіру, баспасөз
беттерінде жариялау – XVIII ғасырдың II жартысынан басталады.
Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш
қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан
Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың «Таңдамалы
шығармалар» еңбегіндегі біршама мақал-мәтелдер
әлі күнге дейін өз құндылығын жойған
жоқ. Сол уақыттан бері қазақ
мақал-мәтелдері түрлі жинақтарда, хрестоматияларда
жазылып, жарияланып келді. Ш.Ахметовтың құрастыруымен
шыққан «Қазақ балалар әдебиетінің
хрестоматиясында» бірнеше тақырыптағы мақал-мәтелдер
берілген.
Сонымен қоса,
қазақ мақал-мәтелдерін жинап, жариялауда: Ш. Ибрагимов,
М.Терентьев, Ы. Алтынсарин,Я. Лютшь, Ф.Плотников, И.Гродеков,
Ә.Ә.Диваев, М.Әлімбаев, П.М.Мелиоранский, Н.Ф.Катанов,
Н.Н.Пантусов, В.В.Катаринский, Ө.Тұрманжанов, Ә.Нұршайықов,
Н.Төреқұловтарды атап
көрсетуге болады.
Әр халық өз ауыз
әдебиетінен нәр алады, соған сүйенеді
және оны оқу-тәрбие ісінде қолданудың
жолдарын, әдіс-тәсілдерін қарастырады. Әсіресе,
әлемдік тәжірибеде Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко,
В.А.Сухомлинский, В.Г.Белинский, М.Горький т.б. сынды көрнекті
тұлғалардың ұлт тәрбиесіндегі
халықтық шығармалардың мән-мағынасын ашып,
оның рөлін айқындаған еңбектері баршаға
белгілі.
Мектеп жасына дейінгі балаларға
халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқыту
тұрғысында әдіскер-ғалымдар Н.П.Каноныкин,
Н.А.Щербакова, Е.А.Адамович, С.П.Редозубов, Н.Н.Шепетова, Н.Н.Светловская, Т.Г.Рамзаева,
Т.А.Ладыженская және т.б. өз еңбектерінде
қарастырған.
Халық ауыз әдебиеті шығармаларын іздеп,
жинап зерттеуге В.В.Радлов, Н.Березин, А.Алекторов, Г.Н.Потанин,
П.М.Мелиоранский, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Ы.Алтынсарин,
Ж.Көпеев, М.Қалтаев, т.б. үлкен үлес қосты.
М.Жұмабаев: «Қазақ тілінде
қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей
тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада
үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын
сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр», - деп қазақ
сөз өнерінің туындылары туралы дәл пайымдаған. Ал
А.Байтұрсынов: «Адамға тіл, құлақ, қол
қандай керек болса, балаларға үйренетін білім де сондай
керек», - деп көрсеткен.
Мақал — нақыл
сөз. Ол
өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп,
ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын,
алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында
қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен
терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз
мәйегі.
Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен
кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды,
қысқа да нұсқа нақыл сөз.
Абай Құнанбаевтың
мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің
мән-мағынасын асқан шеберлікпен көрсете білгендігін
«Қара сөздерінен» көруге болады. Ол өзінің
«Жиырма тоғызыншы» сөзінде: «Қазақтың
мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске
татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не
адамшылыққа жарамайтұғыны да бар», - дей келіп, «Жарлы
болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып
жүргені құрысын. «Қалауын тапса, қар жанады»,
«Сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ» деген ең
барып тұрған құдай ұрған сөз осы.
Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпенен
өмір өткізгенше малды не жерден сұрау керек, не
аққан терден сұрау керек қой. «Ата-анасын малға
сатпақ ең арсыздың қылығы емес пе? Осындай
білместікпен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек», - деп
ескертеді.
Балабақшадағы мақал-мәтелдер
арқылы тәрбиелеу-оқыту жұмысында балалардың
сөйлеу тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша
сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін
күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны
күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста
қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.Мектеп
жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын
жүргізу ісі - тіл дамытудың негізгі бір міндеттері болып
есептелінеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік
қорларын дамыту ісінде, балалармен сөздік жұмысын
жүргізе отырып, 1. Балалардың сөздік қорларын
дамыту, 2.Жаңа сөздерді
меңгертеміз, 3. үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап,
әрі байытып отырамыз. Осы аталған
міндеттерді тәрбиеші үнемі сөздік жұмысын
жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың
сөздік қорын дамытуда ойын, тапсырма, жаттығулардың
орны ерекше.
Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілін
халық даналығының
қазына байлығы
мақал-мәтелдер арқылы дамыту ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен
мәңгі бақи бірге жасап, біте қайнасып келген
мұралардан нәр алдыру болып табылады. Сондықтан да мақал-мәтелдерді
балалардың жадына
сақтап, әр бала күнделікті өмірінде, өзара үлкендермен
қарым-қатынасында пайдалануға үйретеді.
Мақал-мәтелдер ғасырлар бойы халқымыздың ұқыптап сақтап келген
тәжірибесінің жиынтығы, ойпікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы,
өмір тіршілігінің айнасы, көнеден
жаңаға, атадан балаға
қалдырып келе жатқан тозбайтын, от
баспайтын, өмірлік өшпес мұра.
Мақал мен
мәтелге бай халықтың бірі-қазақ халқы. Мақал-мәтелдер
арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың ұйымдастырылған
оқу іс-әрекетінде сөйлеу тілін дамыту негізінде,
баланың тілін, ойлау қабілетін дамыту, әр
тәрбиешінің міндеті.
Біз қарастырып отырған мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілін ауыз әдебиетінің ең байырғы,
ең көне түрі мақал-мәтелдер арқылы дамыту мектепке
дейінгі мекемелердің оқу іс-әрекетінде толық
қарастырылып, тіл дамыту сабағында жүзеге асырылытын процесс
болуы керек.
Пайдаланған әдебиеттер
1.
Ө.Тұрманжанов
«Қазақтың мақалдары мен мәтелдері». А. 2004 ж.
2.
«Отбасы және балабақша» журналдары -2016 ж.
3.
Қайдар
Ә. Халық даналығы. – Алматы: Тоғанай Т, 2004.
4.
Байтұрсынов
А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Атамұра, 2003.