П.ғ.к., доцент Досанова Алтынай Жапаровна
«Тұран-Астана» университеті,
Қазақстан, Астана
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ
САУАТ АШУ ОҚУЛЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК
НЕГІЗДЕРІНІҢ ТАРИХЫ
Аннотация
Мақалада Қазақстандағы сауат ашу
оқулықтары және олардың әдістемелік негіздерінің
тарихы ғылыми түрде жан-жақты
қарастырылған.
Кілт
сөздер: латын әліпбиі, араб әліпбиі, сауат ашу,
әліпби, әліппе, «Жаңа Әліпби», «Аlifbe», «Оқу құралы», «Әліп-би-І»,
«Қазақ әліппесі», «Қазақша ең жаңа
әліппесі», «төте жазу».
Қазақстанда сауат ашу ғасырлар бойы араб әліпбиі
арқылы жүргізіліп келгені тарихтан белгілі. Арабта әріптердің аттары әртүрлі
мағыналар беретін болған. «А» әрпін «әліп», «Б» әрпін «бәйіт»
деп атаған. Бұл сөздердің мағынасына келетін
болсақ, «әліп» деген сөз өгіз,
«бәйіт» - үй деген
мағынаны берген [1]. Осы екі әріптің атауынан келіп
«әліп-бій» сөзі шығып, уақыт өте келе
әріптер жиынтығын әліпби,
оқулықты әліппе деп
атап кеткен. Қалған барлық әріптердің де
мағынасына, тұрпатына қарай өз атаулары болды.
Ы.Алтынсаринге дейінгі әлі қазақ даласында мектептер
ашылмаған кезеңдерде молдалар балаларға қара
танытқанда осы атаулы әріптерді қолданғандықтан,
балалардың үйренуіне өте қиын болған.
ХІХ-ХХ ғасырларда оқу-ағарту саласының 2
түрлі бағытта болуына байланысты (медреселер,
орыс-қазақ мектептері) әліппелер де араб және орыс
әліпбиімен жазылды. Ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің
«Қазақ хрестоматиясы» (Орынбор, 1864),
«Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш
құралы» (Орынбор, 1871) оқулықтары
тұңғыш рет орыс әліпбиімен жарық көрді. Алайда
«Қазақ хрестоматиясы» сауат ашуға арналған әліппе
оқулығы емес еді. Ол оқу мен жазуды меңгерген
балалардың алған білімі мен дүниетанымын әрі
қарай дамытуды көздейтін оқулық еді. Бұл
оқулықтан кейін А.Е. Алекторовтың «К мудрости ступенька.
Азбука для учеников начальных русско-казахских школ» (1891), А.В. Васильевтің
«Букварь для киргизских школ» (1912) сияқты әліппелері баспаданжарық
көрді. Бұл әліппелер қазақ және орыс
тілінде берілген екі бөлімнен тұрды. Бұлай ету себебі
авторлар оқулықта әйгілі педагог К.Д. Ушинскийдің «басқа
ұлт балалары орыс тілін саналы меңгеру үшін
өзінің ана тілінде сауат ашуы қажет» деген қағидасын
ұстанды. Бірақ қолданылған әліппелер
қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін толық бере
алмады, өйткені орыс әліпбиі қазақтың
төл дыбыстарын жеткізе алмайтын
еді. Мұны Т. Шонанұлының «Бұған дейін
біздің өз әліппеміз болған емес, дүмше молдалар
әліппе жасай алмай балаларды әліпби шартымен қағаз
жүзінде оқытса, ал миссионерлер А.В. Васильев, А.Е. Алекторов,
Вожинский және басқалар қазақ әліппесін орыс
транскрипциясымен берді» - деген пікірі нақтылай түседі [2].
Осы кезде халқымыздың тағдырына ой жіберіп,
болашағын парасатпен бағдарлай алатын қазақ зиялы
қауымы өсіп жетіл халықты сауаттандырып, өркениетті ел
қатарына қосуға бар күш-жігерін жұмсады.
Түркі зиялыларын біріктірген «жәдитшілер ұйымының» бір
топ мүшелері қазақ мектептері үшін жаңа
оқулықтар жазды. Қазақ балаларын оқу мен
жазуға төте жолмен үйретуді көздеді. М.
Нұрбаевтың «Әліппесі» (Уфа, 1910), З.
Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі» (Қазан,
1910) М. Малдыбаев пен Ж. Аңдамасовтың «Қазақша
ең жаңа әліппесі» (Қазан, 1912) К. Серғалиннің
«Қазақша әліппе кітабы» (Қазан, 1913) секілді
оқулықтар әртүрлі себептерге байланысты кең
қолданыс таба алмады. Ал ғалым-реформатор А.
Байтұрсыновтың «төте жазу» үлгісімен 1912 жылы
Орынборда жазылған «Оқу құралы», қазақша
«Әліп-би-І» деген оқулығы шыққан. Бұл оқулық
жөнінде Т.М. Әбдікәрім «Әліппеде дыбыс пен әріпті
оқыту дидактиканың жеңілден ауырға қағидасы
бойынша жеке сөздерді оқытудан басталады да, кейін қысқа-қысқа
мәтіндер алынған. Ал жеке сөздер алынғанда, екі
дыбыстан тұратын қысқа, жеңіл сөздерден басталып,
ол бірте-бірте күрделендіріледі. Мысалы, ас, аса, асар, ал, ала, алас, қон, қонақ, доға,
доғар, т.б. Бұл қағида оқушының
оқуды, жазуды, сөйлеуді тез үйренуін қамтамасыз ету,
оқыту процесін жеңілдетуді іздеуден шыққан» - дейді [3].
Онда шәкірттердің сөздік қорын барынша сауат ашу
жұмысына тиімді пайдалану мақсаты көзделді. Қазақ
тіліндегі сөздердің дыбысталу ұқсастықтары мен
ерекшеліктері ескертілген ұтымды әдіс қолданылады.
Сондай-ақ бір дыбысы ғана өзгерген сөздердің
мағыналарын ажырату дағдысын жетілдіру қалыптастырылды. Ахмет
Байтұрсыновтың «Оқу құралы» 1912-1925 жылдар
аралығында 7 рет қайта-қайта басылып, оқу-ағарту
жұмысында біршама ұзағырақ пайдаланылды.
Үстіміздегі ғасырдың 1910 жылдарынан бастап қазақ
қоғамында оқу-ағарту идеясының жандануына
байланысты балалардың сауатын ашатын әліппе құралдарын
жасау қолға алына бастады.
1925 жылы А. Байтұрсынов әдістемелік жаңалықтарды
ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған
«Жаңа Әліп-биді» (Қызылорда, 1926) ұсынды.
Оқулық өз заманына лайық әліппе жасау
ісінің озық үлгісі болды. Әліппеде сауат ашумен бірге
балалардың ойы мен тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу
дағдыларын жоғары деңгейде қалыптастыруға
арналған материалдар жеткілікті болды және дидактикалық
және әдістемелік жағынан да бала деңгейіне сай болды. Жаңа
әліпбиге баланың өз атынан баяндалатын мектеп өмірі
жайлы әңгімелер; балаларды адамгершілікке, ізгілікке,
тазалыққа тәрбиелейтін әңгімелер мол енгізілді.
Бұл жаңа құрал – түрлі суреттермен берілген
оқулық. Ахмет Байтұрсынұлының бұл
оқулығы сол тұстағы жинақталған
алдыңғы қатарлы тәжірибелерге сүйене отырып,
озық әдістемелік теорияларға негізделіп,
жасөспірімдердің психологиялық жас ерекшеліктерін, тіпті
ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып жазылған еңбек.
А.Байтұрсынұлы «Әліп-бидің» алғашқы бетінде
мұғалімдерге арнау сөз ұсынады: «Мұғалімдерден
өтінеміз: бұрынғы «Оқу құралы» мен
бұл «Жаңа құрал» екеуінің қайсысы
үйретуге жеңіл? Екінші сөзбен айтқанда,
қайсысымен оқытқанда балалар оқу мен жазуды тез
үйренеді? Осы жағынан тәжірибе түйілсе екен. 90%-і хат
білмейтін жұртқа оқу мен жазуды оңай үйрететін
әліп-би кітабының артығы жоқ» [4]. Келесі
оқулығы «Әліп-бій» (3-рет басылуы, 1928 ж.) деп аталады. Мұнда
ғалым негізінен әртүрлі әңгімелер мен
мәтіндерді қолданған. Бірақ алдымен оқулық
түрлі ойындардан басталған. Ол ойындар дыбыс әдіс жолымен
сөздерді түрлендіру арқылы сөздер, сөйлемдер
жасауға арналған. Мұнда балаларды оқуға
қызықтыру, назарын оқуға аудару мақсаты
көзделгені байқалады.
Жалпы А.Байтұрсынов отандық білім беру тарихында
оқушылардың ойы мен байланыстырып сөйлеуін дамыту
жұмысына зор мән берген, осы мақсатқа жетудің
жолын нақты тәжірибе жүзінде дәлелдеген
алғашқы қазақ ғалымы болды. Саяси себептердің
салдарынан «Жаңа Әліпби» 20-жылдардың аяғына дейін
ғана қолданылды. Мұнан кейін Т.Шонановтың «Жаңалық»
(Әліппе, Қызылорда, 1929 ж) және Т.Шонанов пен
М.Жолдыбаевтың «Жаңа арна» (Қызылорда, 1927 ж) әліппелері
жарық көрді. Бұл әліппе біршама жыл қолданыс
тауып, бірнеше ұрпақтың сауатын ашты. Баспадан бірнеше рет
өңделіп қайта басылды [5].
30-жылдардың басында жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім
беру жөніндегі үкіметтің қаулы-қарарлары
Кеңес Одағының аумағындағы мектеп
оқулықтарының мазмұны мен құрылымының
біртекті болуын қатаң бақылауға алатын еді. Осы
себептен алғашқыда латын әліпбиімен жарық көрген
С. Кеңесбаевтың әліппесі орыс мектептерінде «Букварға»
тым ұқсас және барынша кеңестік идеяны насихаттайтын. Атап
айтқанда, қолымызға түскен
оқулықтардың ішінен латын әліпбиімен басылған С.
Кеңесбаевтың Қазақ мемлекеттік баспасынан (Алматы, 1940)
шыққан «Әліппе» оқулығына зер салсақ, барлығы
32 әріп бар [6]. Мұнда әліпбиді (алфавит) «әліппе
тәртібі» деп атап, әріптерді мына ретпен берген: Аа, Бб, Вв, Гг, Дд, Ее, Жж, Ии, Іі, Кк, Лл,
Мм, Нн, Оо, Пп, Рр, Сс, Тт, Уу, Фф, Хх, Ғғ, Ққ, Шш, Әә,
Һһ, Ңң, Өө, Ұұ, Үү,
Ыы.
Бұл уақытта Йй, Цц, Щщ, Ээ, Яя, Чч, Юю әріптері
және ь, ъ әлі енгізілмегендіктен әліпбиде жоқ.
Әліппеде доктор, фабрик, завод,
трактор, телеграмма, колхоз, кино, октәбрәт т.б.секілді орыс
тілінен енген сөздер көптеп кездеседі. Ы дыбысы берілген бетте осы
дыбыстың баспа және жазбаша түрі, жоғарыда
мылтықтың суреті берілген. Дыбыстық талдауға
«мылтық» сөзі алынған. Алдымен екі буынды мылтық, сандық сөздері
буынға бөлініп берілген, одан кейін бір буынды ыс, ым барлығы 4 сөз бар. Одан төмен малы, боры, тамы, аты, басы, наны, шашы, тайы тәуелдік
жалғаулы сөздер, Шылым тарту
зиян. Атты шөпке қой. Қызыр, оқы. Мен мылтық
аттым.- деген сөйлемдер берілген. Бұл әліппеде оқу
мен жазуды кіріктіре оқыту қарастырылған. Көркем жазу үлгісімен
ы әрпі және Рақым, Сыздық мылтық атты. деген сөйлем көшіріп
жазуға берілген [8].
Осы оқулықтың 51-71 беттері әліппеден кейінгі
кезеңге арналғандықтан мұнда тіл дамытуға
арналған көптеген «Тауық пен қарлығаш»,
«Түлкі мен жүзім», «Қармақ саламыз», «Мектеп» секілді балалар
өмірінен әңгімелер мен мысалдар, жұмбақтар, тіл
ұстартуға арналған жаңылтпаштар, санамақтар
және жаттауға «В.Сталин», «М.Молотов», «М.И.Калинин»,
«К.Е.Воршилов» «Л.М.Каганович» атты өлеңдер аталған
кісілердің суреттерімен қоса берілген. 1948 жылы Мемлекеттік
оқу құралдары баспасынан шыққан С.Кеңесбаев
пен Ғ.Бегалиевтың Қазақ ССР Оқу Министрлігі
бекіткен Әліппесі [7], 1952-63 жылдар аралығында С.Кеңесбаев,
Н.Миршанов, Ә.Байділдин, Ғ.Бегалиевтердің авторлық
бірлестікте құрастырған, 12 басылымы жарық көрген
Әліппе қазақ тілін білім беру жүйесін сауат ашу
тарихында елеулі із қалдырды.
Әдістемелік еңбектерде «Н.Миршанов әліппесі» деп
аталған әліппе сауат ашу жұмысын ғылыми жүйелеп,
кезең кезеңге бөлген, оның әр кезеңінде
жүзеге асырылатын мақсаттар мен міндеттерді айқын белгілеген
оқулық болды. Әліппелердің кезеңдік
саяси-қоғамдық өзгерістерге сәйкестігі, саяси
идеяларға жауап беретіндігі ескерілетіндіктен, олар жиі алмастырылды.
1964 жылы «Н.Миршанов Әліппесінің» орнына М.Төрежанов пен З.Әйтенованың
әліппесі ұсынылды. Бірақ оқулықта саяси
әсерлікке көбірек мән берілуіне, тіл дамытуға
арналған мәтіндердің тапшы болуына байланысты төрт
жылдан кейін қолданыстан шығып қалды. 1967 жылы З.Әйтенованың,
М.Төрежанова, М.Жұбановалардың авторлығымен жарық
көрген әліппе сауат ашу кезеңінің 6 айдан 3 айға
дейін қысқартуға себепші болды. Әліппе
мазмұнының жаңаша құруға тіл
ғылымының, педагогика, психология, ғылымдарының
соңғы жетістіктері негіз болды. Кеңес Одағы
мектептерінде алты жастан бастап оқытуға бет бұра бастады.
Сауат ашу кезеңін бір жыл бойы жүргізуге есептелген Ш.Әуелбаевтың
әліппесі екі жыл қолданыста болды. Оның басты себебі әліппеде
алты жастағы балалардың физиологиялық-психологиялық
ерекшеліктерін ескермеу, грамматикалық ұғымдарды ерте бастан
үйретуге әуестену сауат ашу жұмысына едәуір
қиындық келтіретіндігі еді [8]. Сондықтан 1986 жылы
толықтырылған авторлар құрамы (Ш. Әуелбаев,
М.Жұбанова, М. Төрежанов, З.Әйтенова) жаңа әліппесі
жарық көрді. Бұл оқулықта ресми бекітілген
оқу бағдарламасының талаптары ескерілмегені мен кемшіліктері
де болды [9]. 1990 жылы Білімжәне Ғылым министрлігі жариялаған
конкурстың жеңімпазы болған М. Жұбанованың «Әліппе»
оқулығы 1992-93 жылы оқу жылынан бастап қолданылды.
Әліппеде балалардың ойы мен тілін дамытуға назар аударылып,
олардың дүниетанымын кеңейтуге барынша мән берілді.
Әліппе мазмұны дидактикалық-әдістемелік,
тақырыптық-сюжеттік нақтылығымен ерекшеленді [10].
Бұл оқулық 1997 жылға дейін негізгі сауат ашу
құралы ретінде қолданылды. 1995 жылы бастауыш
сыныптардың жаңа оқу бағдарламасына көшуге орай
сауат ашу кезеңі 6 айға қысқартылып, Ш.Әуелбаев,
Ә. Наурызбаева, Р. Ізғұттынова, А. Құлажановалардың
авторлық бірлестіктегі әліппесі жарық көрді.
Әліппеде балалардың жас кезінен халқымыздың дәстүрлі
дүниетанымына мен әдет-ғұрпына баулу,
отаншылыққа және адамгершілікке тәрбиелеу мақсаты
көзделді. Бұл әліппелер де 1998 жылы және 2001 жылы
өңделіп қайта басылып шықты.
Қорыта келгенде, білім мен дағдыны бекітіп, сауат ашатын
әліппе оқулығының тарихы – терең зерттеуді
қажет ететін тың тақырып.
Әдебиеттер:
1. Басымұлы Қ. Жаңа әріп пен жаңа емле
және дыбыстарымыздың жіктері. Алматы: Қазақстан
баспасы,1932, -35 б.
2. Сарыбаев Ш. Телжан Шонанұлы // Ана тілі, 1994.
3. Әбдікәрім Т.М.
«Мәтін және «Ана тілі» оқулығы мәтіндемесін
құраудың теориясы. Ы.Алтынсарин атын. Қазақ білім
академиясы. 2006. -250 б.
4. Байтұрсынұлы А. Әліпбій. –
Қызылорда: Казиздат, 1928. -118 б.
5. Шонанов Т., Жолдыбаев М. Әліппе. Алматы: Қазақстан,
1935, -69 б.
6. Кеңесбаев С. Әліппе. Алматы: Қазақ мемлекет
баспасы. 1940, -72 б.
7. Кеңесбаев С. Бегалиев Ғ. Әліппе, Түзетіліп
екінші басылуы. Алматы: Мемлекеттік оқу құралдар баспасы,
1948, -70 б.
8. Досанова А.Ж.
Қазақ әліпбиі латын графикасында: тарихы бүгіні,
болашағы. –Астана, 2015. -160 б.
9. Қазақстан Ұлттық энциклопедия. Бас ред.
Ә.Нысанбаев. Алматы: Қазақ энциклопедиясы бас редакциясы,
1998, 1-том А-Ә, -720 б.
10. Досанова
А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. – Астана, 2011. -150 б.