П.ғ.к., доцент Досанова Алтынай Жапаровна
«Тұран-Астана» университеті,
Қазақстан, Астана
ТҮРКІ ТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ЛАТЫН ӘЛІПБИЛЕРІ
Аннотация
Мақалада
латын әліпбиін қолданатын түркі тілдестердің
әліпби мәселелері мен әдістемелік тәжірибелері
қарастырылған.
Кілт сөздер: латын
әліпбиі, қосымша таңба, сауат ашу, әліпби
құрамы, төл әліпби, қосарлы таңбалар, «Аlifbe» оқулығы.
Латын әліпбиін көптеген батыс елдерімен
қатар өткен ғасырдың соңғы жылдарынан
бастап, түркі тілдес елдер де қолданып келеді. Соңғы
50-60 жылдар көлемінде төл әліпбилері бар Қытай,
Жапония секілді іргелі елдер де латын транскрипциясын пайдалануда.
1929 жылы Түрік мемлекетімен бірге кеңес
үкіметі құрамындағы түркі тілдес елдердің әліпбилері
латын әліпбиіне көшірілді. Бірақ бұл әліпби он
жылдай уақыт қана қолданыс тауып, ТМД
құрамындағы түркі тілдестер кириллицаға
көшкен болатын.
Егемендік алғаннан кейін 1990 жылдардан бастап,
түркі тілдес халықтардың арасында жаппай латын
әліпбиіне қайта көшу туралы пікірлер туындап, соның
нәтижесінде әзербайжан, өзбек, түркімен, т.б. елдер осы
әліпбиге көшті. Енді сол елдердің бірнешеуінің
әліпби құрамына және сауат ашу мәселелеріне
тоқталып өтейік.
Әзербайжан
мемлекеті латын әліпбиіне 1990 жылдары көшті, латынға
негізделген әліпбиі құрамында 32 дыбысты таңбалайтын 32
таңба (әріп) бар [1].
Бұл дыбыстардың бесеуі қосымша
таңба арқылы алынған (Чч-Çç,
Ғғ-Ğğ, Өө-Öö, Үү-Üü,
Шш-Şş). Ы дыбысына ı (нүктесіз і) таңбасы
алынған, ә дыбысына кирилл-әзербайжан әліпбиінен
ә таңбасы алынған. Бұл екі таңба (ı,
ә) – латын әліпбиінде жоқ таңбалар. Әліпби
құрамында жеті дыбыс латын әліпбиімен сәйкеспейді (латын
әліпбиінде жоқ қосымша таңбалар бар). Осы жеті
дыбыстың таңбасы біріншіден компьютер пернетақтасындағы
дайын әріптермен сәйкес келмейді, екіншіден қосымша
таңба қосып алынған дыбыстардың қосымша
таңбасыз түрлері тағы бар, бұндай
қайталанған таңбаларды балалар сауат ашуда шатастырып, оларды
меңгеруде едәуір қиындық болады. Латынның w таңбасын әліпбиге
қоспаған, ү
дыбысына u таңбасын
қосымша белгі арқылы алғанның орнына латынның w
таңбасын алу қай жағынан болса да тиімді болар еді.
Әзербайжан әліпбиінің өзбек әліпбиімен
салыстырғандағы жетістігі – қосарлы таңбалардың
жоқтығы, ал кемшілігі – латын
әліпбиіндегі w таңбасы
қолданылмағандықтан қосымша белгісі бар бір дыбыс
қосылып, әліпбиді сәл төмендетіп тұр. «Әр
дыбысқа бір таңба» деген қағиданы ескерсек,
әліпбиге мүмкіндігінше латынның барлық таңбасын
алған тиімді болар еді. Дегенмен әзербайжан ғалымдары
әліпби жасауда, дыбыс санының латыннан әлдеқайда
көптігіне қарамастан (6 дыбыс артық) бар мүмкіндікті
пайдалануға тырысқандығы (w
есептемегенде) көрінеді.
Өзбекстан
Республикасының да латын әліпбиіне көшкеніне біршама
уақыт болды. Олар латын әліпбиіне жаттығып, тәжірибе де
жинақтап қалды. Алдымен, өзбек-латын әліпбиінің
құрамы мен сауат ашуға арналған
оқулығының мазмұнына тоқталып, оның
қазіргі ақпараттандырылған заман талабына
қаншалықты сай екендігіне және оның ерекшеліктері не
тиімді, тиімсіз жақтарына тоқталайық. Өзбектің
латын әліпбиіне негізделген әліпбиі
(ALIFBO) құрамы мынадай:
Aa Bb
Dd Ee Ff
Gg Hh Ii Jj Ll
Kk Mm Nn
Oo Pp Qq
Rr Ss
Tt Uu Vv
Xx Yy Zz O`o`
G`g` Shsh Chch
Ngng \`
Өзбек әліпбиінде
барлығы 29 дыбыс таңбасы және 1 жіңішкелік белгісі (‘tutuq)
бар. 29 дыбыстың 6-ы дауысты, 23-і дауыссыз дыбыстар бар.
Дауысты дыбыстар: a, e, i, o, u, o`. Дауысты
дыбыстардың ішінде дәйекшелі дауысты дыбыс біреу, ол – o` дыбысы.
Дауыссыз дыбыстар: b, d, f, g, h, j, l, k, m, n, p, q, r, s, t,
v, x, y, z, g`, sh, ch, ng, оның ішінде қосарлы дауыссыз
дыбыстар үшеу – sh, ch, ng (sh - ш, ch - ч, ng – ң дыбыстарын
білдіреді), дәйекшелі дауыссыз – g`
дыбысы.
Сонда өзбек
әліпбиінде 2 дәйекшелі (қосымша таңбалы), 3
қосарлы дыбыс таңбасы бар. Өзбек әліпбиінде де
әзірбайжан әліпбиіндегідей латынның w таңбасы алынбаған.
Бұған да айтарымыз, таңбасын алғанда есесіне бір
қосымша таңба, не бір қосарлы таңба азаяр еді.
Енді латын әліпбиіндегі
1-cыныпқа арналған «Аlifbe» оқулығына талдау жасап
көрелік. Мұқабаның ішкі бетінде суретті әліппе
берілген. Оқулық Р.Сафарова, М.Инойатова, М.Шокирова,
Л.Шермаматовалардың бірлескен авторлығымен 2006 жылы Ташкент
қаласындағы «Manaviyat» баспасынан 4-ші рет басылып
шыққан. Оқулық орта білім беретін мектептердің 1
сыныбына арналған. Оқулық 80 беттен тұрады [2].
«Аlifbe» оқулығы
сауат ашудың үш кезеңіне бөлініп жасалған:
- әліппеге дейінгі
кезең (3-беттен 8-бетке дейін);
- әліппе кезеңі
(9-беттен 65-бетке дейін);
- әліппеден кейінгі
кезең ( 66-беттен 78-бетке дейін).
Әліппеге дейінгі
кезең (Alifbegacha bo`lgan davr)
Әліппеге дейінгі
кезеңде «1-sentabr – mustaqillik bayrami», «Maktab – bilim makoni» деген
білім мерекесіне арналған мазмұнды суреттер берілген. Осы
мазмұнды суреттер арқылы балаларды мектеп ұғымымен
таныстыра отырып, тіл дамыту жұмысы жүргізіледі. Сауат ашудың
екінші сабағында-ақ балалар «сөйлем» деген
ұғыммен танысады. Бұл бетте екі сөзден
құралған сөйлемнің шартты белгісі бар. Осы
белгіге қарап балалар екі сөзден құралған
сөйлемдер құрастырады. 5-ші бетте партада қалай
дұрыс отыру, қалай дұрыс жазудың, оқу
құралдарының суреттері берілген. Олардың астына осы
заттардың атауы қанша дыбыстан тұратыны шартты белгімен
көрсетілген. Мысалы, сөмкенің
астында бес шаршы, дәптердің
астында алты шаршы, әліппенің
астында бес шаршы берілген. Бұл сабақта оқушылар әр сөздің
неше дыбыстан тұратынын ауызша іс жүзінде ажыратып, «дыбыс»
ұғымымен танысады.
Оқулықтың
төменгі жағында жазу дәптерінің үлгісіне
қарап, оқушылыр алғаш қалам ұстап,
әріптің қарапайым элементі көлбеу сызықтарды
жазуды бастайды, сәбіз, қияр,
қарбыздың, қырыққабат суреттері арқылы
олардың атауларының қанша буыннан тұратынын шартты
белгі арқылы табады. Балалар бұл күні алғаш рет «буын»
деген ұғыммен іс жүзінде танысып, екі, үш буынды
сөздерді айтады.
Сонымен, сөйлем, буын, дыбыс ұғымдарымен балалар іс
жүзінде танысатындығын көреміз. Әліппеге дейінгі
кезеңге 5 бет (3-8 беттер) қана бөлінген. Ал біздің
«Атамұра» баспасынан шыққан бүгінгі
қолданыстағы әліппеде бұл кезеңге 27 бет ( 4-31
беттер) бөлінген.
Әліппе кезеңі (8-65
беттер) өзбек әліппесінде
Alifbe davri деп аталады. Оқулық бойынша дыбыстардың
оқытылу реті: o, n, a, i, m,
t, l, b, k, r, o`, d, u, y, e, g, ng,
s, h, sh, p, q, ch, j, g`, z, v, x, f.
Бұл әліппе –
оқушының меңгеруіне жеңіл, баланы артық
материалдармен жүктемейтін дидактика талаптарына сай сауат ашатын
оқулық. Оқу материалдарының ғылымилық,
түсініктілік, көрнекілік, оқу материалдарының жеңілден ауырға қарай секілді
дидактикалық талаптары сақталған. Сауат ашу дыбыс
жүйелі талдау-жинақтау әдістеріне негізделген. Осы
оқулықты «Атамұра» баспасынан шыққан
«Әліппе» [3] оқулығымен салыстырғанда мынадай
айырмашылықтар бар:
- әліпбидегі
әріптердің санында;
- оқулықтағы
әріптердің өтілу ретінде;
- жаңа дыбысты
өткендегі буындардың, сөздердің берілуінде;
- мазмұнға
қамтылған материалдардың мазмұны мен көлемінде,
т.б.;
- оқулық
мазмұнындағы материалдардың реттілігі мен жүйелігінде;
Енді осы
айырмашылықтарға толығырақ тоқталсақ,
қазақ әліпбиінде 40 әріп, 2 таңба болса,
өзбек әліпбиінде 29 әріп, 1 таңба бар. Тілдегі
қолданылатын дыбыстардың және оларды таңбалайтын
әріптердің нақтылығы, ықшамдылығы
оқушылардың меңгеруіне де жеңіл болады. Ал тілдегі басы
артық дыбыстар керісінше мектепке келген баланың дұрыс сауат
ашуына біршама кедергілері бар. Біріншіден уақыттарын алады, екіншіден
шамадан артық жүктеме болады, үшіншіден есте сақтауына,
қабылдауына кері әсерін тигізіп, оқуын қиындатады,
төртіншіден тіліміздің табиғатына жат дыбыстар баланың
сөйлеу тіліне әсер етеді, бесіншіден осы жағдайлардың
бәрі бала психологиясына әсер етіп, оқуға деген ынта-ықыласын
төмендетеді. Ол дыбыстарға мына дыбыстарды жатқызуға
болады: я, ю, х, һ, ф, ё, э, щ, ц,
ч, ь, ъ.
«Әліппеде» алғашқы күні Аа әрпі өтілетін болса, «Alifbeде» Оо
әрпінен басталатынын көреміз. Бұл өзбек
тілінің ұлттық ерекшелігіне байланысты. Өзбек тілінде а дыбысының орнына көбінесе о дыбысы айтылады. Мысалы, ана – она, баба – бобо, ат – от, ас – ос, алма – олма т.б. [4].
А дыбысы мен әрпі «Alifbeде» үшінші сабақта өтіледі. Бұның алдында о
және n дыбысы мен әрпі өтілген. Бұл күні
балаларға оқуға екі буын (па,
ап) және үш сөз (апа,
опа, поп) берілген. Ал біздің «Әліппеде» үшінші
күні т дыбысы өтіледі. Бұл сабақта екі буын (та, па) және алты сөз (апа, ата, ат, апта, атта, атпа)
берілген. Қазақ әліппесінде берілген сөздер алдында екі
ғана дыбыс өтіліп, оқуды енді ғана бастап үйреніп
жатқандықтан шамадан тыс көп, екіншіден алғашқы
сабақтарда жалаң және ашық буынды сөздер
алынған дұрыс, соңғы екі (атта, атпа) сөзді
алмаса да болады. Бұндай тұйық буынды сөздерді
алғашқы сабақтарда балалар оқығанда қатты
қиналады. Сондықтан мұндай сөздерді оқуға
шамалы төселген кездерде алуға болады. Алтыншы сабақта өзбек
әліппесінде Tt дыбысы
өтіліп, алты сөз, үш буын оқыса, қазақ
әліппесінде Рр дыбысы мен әрпін өтіліп 11 жаңа
сөз оқиды. Қазақ әліппесінде жаңа дыбысты
танытуға берілген сөздер (келтірілген нақты мысалдарға
қарасақ) саны екі еседей көп болып отырады. Өзбек
әліппесінде бір дыбысты өтуге екі сағат берілсе, екінші бетте
де жаңа дыбысты танытатын бірінші күндегідей ретпен бірнеше
жаңа сөздер, алғашқы сабақтан гөрі күрделірек
мазмұнды сурет, сөйлемдер, жеке суреттер, тапсырмалар және
жазу үлгісі белгілі бір жүйемен, ретпен беріліп отырған. Бір
ерекшелігі оқулықтың төменгі жағындағы жазу
үлгісінде алғашқы күні сол дыбыстың кіші
әрпін жазып, келесі күні бас әрпін жазуға
лайықтаған. Бұл оқулықтың өн бойында
осылай жалғасады. Қазақ әліппесінде өтілген
дыбыстың кіші және бас әрпі бірінші күні бірге жазылып
үйретіледі [5].
Өзбек әліппесінің тағы бір
ерекшелігі – 15 дыбыс өтілгеннен кейін-ақ әрбір бетте бір
сөзге байланысты тәрбиелік мәні бар
мақал-мәтелдер беріле бастаған. Сабақ барысында
мақал-мәтелдердің мағынасы түсіндіріліп,
бұл арқылы балаларды адамгершілікке, еңбекке,
әдептілікке, білім-ғылымды үйренуге, туған елді сүйіп, мақтан тұтуға,
сауат ашуда жалпы патриоттық тәрбиеге қоса мән беріледі
[5].
Өзбек әліппесінің келесі бір ерекшелігі
әрбір жаңа дыбысты өтерде алдымен бірден жаңа
сөздерді бермей, бірінші бағанға егер ол дыбыс дауысты дыбыс
болса, өтілген басқа дауыссыз дыбыспен мүмкіндігінше
құрылатын буындарды береді. Буындар былайша
құрастырылады: Мысалы, Rr дыбысын
өткен кезде дауысты дыбыстардан тек а,
о, і дыбыстары ғана өтілгендіктен rа rо rі аr оr іr буындарын құралып бірінші
бағанға беріледі [5].
Содан кейін келесі бағаннан бастап ретімен бір, екі
буынды сөздер жалғасады. Ал дауысты дыбыстармен таныстырған
кезде керісінше өтілген дауыссыз дыбыстармен бірге айтылатын барлық
буындар беріледі. Баған сөздерді оқымас бұрын бірінші
бағанға буындарды осылайша әрбір жаңа дыбыс өткен
сайын беріп отырады. Кеспе әріптермен
жұмыс әрбір сабақта жүргізіліп, оқушылар
сөздер құрастырып оларды оқып отырады.
Әрине дидактиканың жеңілден ауырға принципіне
негізделген бұндай әдістер баланың сөздерді жеңіл
оқып кетуіне септігін тигізедi.
Әдебиеттер:
1. Әзиз В., Сабиһ С. Латын әлифбасыны
өjрәнирик, –Бакы: Шәрг-Гәрб, 1992.
2. Сафарова Р., Инойатова М., Шокирова М.,
Шермаматова Л. Аlifbe, –Ташкент: Manaviyat, 2006. -80 б.
3. Әуелбаев Ш., Наурызбаева Ә.,
Ізғұттынова Р., Құлажанова А. Әліппе, –Алматы:
Атамұра, 2001. -143 б.
4. Досанова А.Ж.
Қазақ әліпбиі латын графикасында: тарихы бүгіні,
болашағы. –Астана, 2015. -160 б.
5. Досанова А.Ж.
Қазақ әліпбиінің тарихы. – Астана, 2011. -150 б.