Педагогические науки/ 5.Современные методы преподавания

п.ғ.к., доцент Абилкасимова Г.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Мусенов А.К.

Жалпы білім беретін орта мектеп №16, технология пәнінің мұғалімі

Көшер Н., Үмбетжан Қ., Сатыбалдина М.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің

«Кәсіптік оқыту» мамандығынын студенттері

 

Технология сабағында оқушылардың білімін, іскерлігін және дағдысын қалыптастырудың орны мен ерекшеліктері

 

Қазақстан Республикасы білім беру саласында жүргізіп жатқан реформасының жоғары стратегиясының мақсаты ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейі қызмет атқара алатын дүниетану мәдениеті дүние мен этикалық қатынастағы жауапкершілігі зор адамды тәрбиелеу. Негізінен оқушыларға технология сабағында қолданбалы өнер кең ауқымды түрде оқытуда көзделетін негізгі мақсат өзіміздің күнделікті жұмысымызда қолданылып жүрген бұйымдардың қыр - сырына қандырып, қолданбалы өнер туралы талғамын дамытуға және практикалық білімі мен көркемдік түйсінуін үйлесімді түрде бірі-бірімен ұштастыруға білуге үйрету [1].

Жалпы білім беру елдің біртұтас үздіксіз білім беру жүйесінің базалық буыны ретінде жұмыс істейді. Мақсаты - алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өз мүмкіндіктерін іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайында өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Ал осы мақсаттарды жүзеге асыратын пәндердің бірі технология сабағы.

Сол себепті «Жеке тұлғаның білім, іскерлік, дағдысын қалыптастыру  және рухани қажеттіліктерін оның жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін ескере отырып қанағаттандыру: адам білім үшін емес, білім адам үшін деген оқу-тәрбие процесін ізгілендіру, ізгілік принциптерінің қайта түлеуі арқылы жүзеге асырылуы тиісті. Сонда ғана білімнің беделін арттыруға, оқушылардың іскерлігін, дағдысын қалыптастыруға, білім беру саласының мемлекет пен қоғам өміріндегі басым мәртебесін нақты орнықтыруға болады.

Технология сабағы - мектеп оқушыларын рухани байытып, дүниетанымын қалыптастыратын пәндердің бірі. Философия ғылымының докторы, профессор Б.Сейсенов «Технология» ұғымы соңғы кездері педагогикалық әдебиеттегі ең көп қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. «Технология» деген сөз гректің tache - өнер, адамның шеберлігі және logos - білім, ғылым сөздерінен шыққан [2]. Яғни, «технология» - өнер туралы ғылым. «Технология» сөзі әдетте өндірістік процеске қатысты, бірақ бұл жерде технология сөзі материалды өңдеу әдістері, құрылысын, шикізат фермасын өзгерту, өнім шығару процесінде анықталады. Ал, түсіндірме сөздікте «технология» сөзіне былай анықтама берілген: «Технология бұл қандайда болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы» деген болатын [3].

Қазіргі кезде «Технологияны оқыту» бағдарламалары, оқушыларды қазақ халқының өнерінің тарихымен таныстырып, орындау техникасының тәсілдерін көздейді. Жалпы өнер шындықты көркемдік бейне арқылы көрсететін, әлемді эстетикалық маңызды тәсілінің бірі болып саналатын қоғамдық сананың арнайы формасы мен адамның шығармашылық әрекеті [4]. Сонымен қатар, технология пәнінің білім мазмұны мен құрылымын анықтауда: дамыта оқыту идеясынан басқа білім мазмұнының интерактивті сипатын қамтамасыз ету, оқушының адамгершілігін, эстетикалық талғамын, мәдени көркем білімін халықтың озық салт- дәстүрі, рухани- мәдени мұрасы негізінде тәрбиелеу сияқты ұстанымдарды басшылыққа аламыз.

Осы технология сабағында оқушылардың білімі, іскерлігі және дағдысы қалыптасады. Технология сабақтарында оқушылар теориялық материалдарды зерттеп қана қоймай, сонымен бірге практикалық жұмыстар да орындайды. Ал бұл қосымша уақытты қажет етеді. Технологияның білім саласында төмендегідей талаптар қойылады: дидактикалық мақсат, сабақ мақсатының айқындылығына, оның ұйымдастырлуы да, мазмұн көлемі, оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен құралдарын таңдауға байланысты [5].

Сонымен қатар, технология пәнінің өзі бірнеше түрге бөлінеді: кескіндеме, мүсіндеу, графика, сәулет өнері, сәндік қолданбалы  өнер, сурет. Оның ішіндегі сәндік қолданбалы өнер - адамның тұрмыстық қажеттіліктеріне қызмет ететін, өміріне әсемдік әкелетін, бір мезгілде олардың эстетикалық талаптарын қанағаттандыратын өнер түрі болып саналады.

Оқушыларды еңбек қызметіне іс-жүзінде  даярлау міндетінің де маңызы бұдан кем емес, өйткені адам белгілі бір еңбек дағдыларына ие бола отырып, еңбек ете алмайды, әрі бұдан басқа еңбек үрдісінде ғана, оқушыларды мектептегі сарамандық еңбек қызметіне тарту жолымен еңбекке қатынастық негізін қалауға болады [7].

Олай болса білім, дағды және іскерлік деп отырғанымыз не?

Білім түсінігі өте күрделі және көпқырлы. Білім оқушылардың өмірде бар құбылыстар және пән туралы, қоғам мен табиғат заңдары, бір мақсатқа бағытталған педагогикалық процесс, өз білімін жетілдіру өмірлік және өндірістік тәжірибесі нәтижесінде естерінде қалыптасқан және бекітілген түсінігі, пайымы, пікірі деп түсінуге болады.

Қазақстан Республикасының білім туралы заңында ол «адам, қоғам, және мемлекет мүдделеріне сәйкес тәрбиелеу мен оқытудың мақсатты бағытталған үрдісі» деп анықталған. Білім беру үрдісінде адам жинақталған білімдерді, іскерліктер мен дағдыларды меңгереді, оның ақылы мен сезімі дамиды, дүниеге көзқарасы мен оның танымдық үрдістері қалыптасады. Демек, білім түсінігіне білімдер, дағдылар мен іскерліктер ғана емес, сондай-ақ, сыни ойлау, жасампаз болу, айналадағы өтіп жатқан оқиғаларды адамгершілік тұрғысынан бағалау да енуі керек.

«Дағды мен іскерлік оқыту процесінің бөлігі. Іскерлік - алған білім негізінде оқушылардың практикалық әрекеті іске асырылады. Білімсіз қандай болса да іскерлік мүмкін емес. Дағды - бұл қайта-қайта орындалатын практикалық әрекетке машықтандыру. Мысалы, тез оқу дағдысы - жүйелі түрде жаттығу нәтижесі. Сонымен, оқу процесінде іскерліктің және дағдының өзара байланысы, бірлігі оқушылардың таным қабілетінің дамуына мүмкіндік туғызады», - дейді Ж.Б. Қоянбаев [8].

Ғалым, Т.А. Илина: «Әрбір пәнді оқыған кезде оқушылар білімнің кейбір жиынтығын меңгеруі және сол саламен байланысты белгілі іскерлік пен дағдыға ие болады, - дейді.

Ал, Педагог Е.Сағындықұлы мен Ж.Б. Қоянбаевтың дағды мен іскерлікке берілген анықтамалары ұқсас. Олардың анықтамалары бойынша: дағды- бір нәрсені тәжірибеде қайталау арқылы іске асады, ал іскерлік - алған білімді тәжірибеде іске асыра білу. Жүргізілген зерттеулерге қарағанда дағдының қалыптасу жолы белгілі үш кезеңнен тұрады: талдау кезеңі; біріктіру кезеңі; автоматты кезеңі.

Осыған орай, ғылым зерттеушілердің шығармашылықпен еңбек етуші мұғалімдердің ізденістері байланысқан, жүйеленген, қорытылған түрінде жаңа курстардың оқу тәрбие процесінде қажет екендігін дәлелдеп отыр.

Технология пәні сабақтарының өз жиынтығында, әрбір бағдарламалық тақырыпта бірқатар дидактикалық міндеттерді орындайтынын көрсетті. Ондағы жұмысқа қызығушылықпен дайындықты ояту, оқушыларды тың білім және шеберлікпен байыту, қайталау және жаттығу жолымен алған білім мен шеберлігін тиянақтау, оқу жұмысының сапасын есепке алу мен бағалау, еңбек қызметін ұйымдастыру. Мұғалім үшін оқудың 90 минут бойына барлық дидактикалық элементтерді үйретіп, көрсету міндеттемесіне байланысты сабақты «бес мүшелік» етіп құруы еш уақытта да әмбебап форма болып табылмайды және педагогикалық және психологиялық тұрғыдан неғұрлым пайдалы болып-ақ көрінбейді. Әрбір жеке сабақ екі-үш оқу мақсаттарына қызмет ете орындайды. Оқыту сабақтары мазмұнының сан қырлылығы сабақтарды жүйелеп құру түрлеріне сәйкес келуі тиіс.

Бүгінгі таңдағы жаңа технологиялық кезең әлеуметтік, экологиялық, экономикалық, психологиялық, эстетикалық және т.б. факторлар мен салдарларды ескере отырып іс-әрекеттердің нәтижеге жетудегі тәсілдерін ойлап табуды көздейді. Сондықтан әрбір адам өзінің іс-әрекетіне тәсілдерді ғылыми білімнің негізінде кешенді түрде таңдауы қажет. Ал, бұл болса технологиялық мәдениеттің болуын талап етеді.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.    Қазақстан Республикасының Президентінің Қазақсатан халқына жолдауы. 2007. – 28 б.

2.          Қалназаров Б.М. Оқушыларды еңбекке баулу әдістемелері. Мектептегі технология, №9. 2003.

3.          Бабаев С.Б., Ж.К Оңалбек // Жалпы педагогика: Алматы: «Заң әдбиеті», 2005. - 228 б.

4.          Кенжебеков Б. Технология пәнін оқытуды жоспарлау. Мектептегі технология, №3. 2003.

5.          Райымқұлова А.Д. Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері арқылы оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастыру: п.ғ.к. ... дис. автореф. - Алматы, 2009. - 32 б.

6.          Рахметова Н.Б. Болашақ технология мұғалімін көркемдік-конструкторлық іс-әрекетке даярлау: - пед.ғыл.канд....автореф.: 16.04.2005. - Қарағанды, 2005. - 30 б.

7.          «Технология» пәнін оқыту тұжырымдамасы, Қазақстан мектебі, №6. 1999.

8.          Қоянбаев К.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика: Университеттер студенттеріне арналган оқу құралы, Алматы. «Эверо» 2004. - 289 б.