Жанұзақова Қ.Т., Омарова Д.Н.
Қазақ
мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы қ.
ӘДЕБИ ДӘСТҮР
МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Дәстүр мен
жаңашылдық
әдебиеттанудағы ең өзекті
мәселелердің қатарында саналады. Себебі ол әдебиет дамуының,
өркендеуінің негізі, жалпы тіршілік дамуының тетігі. Бұл екі ұғым бір-бірімен
байланысты, бірінен екіншісі туындайды.
Жаңара да жалғаса дамып отыратын әдеби процесс
күрделі диалектикалық даму заңдылығына бағынады.
Дәстүр мен
жаңашылдық - көне мен жаңаның,
бұрынғы мен бүгінгінің аралығындағы
табиғи жалғастық құбылысының
заңдылығы. Табиғат құбылысы болсын, өзгеріп
отыратын қоғам өмірі болсын, адамның сондай-ақ
бүкіл жан-жануардың, өсімдіктің өркендеп
өмір сүруі болсын, - бұлар дәстүр мен
жаңашылдық құбылыстарының өзара тектес,
тамырлас байланысынан туады. Әр халықтың тарихи
қалыптасқан тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы бар,
әдебиеті, мәдениеті, толып жатқан ұлттық
өнер түрлері бар. Бұлар да белгілі заңдылықпен
дамып жаңғырып отырады.Түрлі
анықтамалық басылымдарда көркемдік дәстүрді
өнерді дамытудағы, өткен дәуірлердің көркем
тәжірибесін игерудегі сабақтастық деп қабылдайды [1,
122 б.]. Мысалы, ХХ ғасырға дейін қазақ әдебиеті
өлең сөз шеңберінде дамып келді және оның
жаңадан қалыптасқан проза жанрына әсер етті.
Әдебиетімізде қара өлеңнің десі басым
болғандықтан, ХХ ғасырдың басында қара сөз
шеберлерінің туындылары поэзияға жақын болды. Бұл
турасында Ә.Дербісәлин: «Қай салада болмасын, жалпы
дәстүр атаулыға тән қасиет – ол дайын
күйінде тумайды, не өзге біреуден оңай алына салмайды, ол
заманалар жемісі, тәжірибелер нәтижесі, уақыт сынынан,
ұрпақтардың ақыл-ой елегінен мүдірмей
өткен, халықтың тіршілік-тұрмысына жауап беру
арқылы өміршең сипат алып, әрдайым өсіп,
өніп, жалғасып отырған әрі тұрақты,
әрі жанды, белсенді құрал» [2, 8 б.] - деп жазады. Осы
пікірге ден қойсақ, жалпы дәстүр, оның ішінде
поэзиядағы дәстүр де дамиды, өзгереді, жаңарады.
Бірақ бұл үшін көбінесе халықтың
тіршілігінде, өмірінде, санасында, көркемдік дүниетанымында,
жаңа бетбұрыс, үрдіс, даму т.б. болуы қажет.
Соның өзінде байырғы, төл дәстүр аз
уақыттың ішінде өзгере салмайды, ұзақ
процестің, жалпы қоғамдық дамудың, сондай-ақ,
өмірді, табиғатты, адамдарды жаңаша тану, бейнелеудің
нәтижесінде кем-кемдеп өзгереді, жаңарады, яғни,
байырғы дәстүрдің іштей түлеуі, біртіндеп
жаңа сипатқа көшуі тәрізді өзгерістерді басынан
өткізеді. Белгілі бір дәстүрдің белгілі бір тарихи кезеңде
өзгеруі мен жаңаруы жалпы ұлттық поэзияның
ұлттық сипатынан айырылуы немесе кенет өзгеше сипатқа
ие болуы боп есептелмейді. Дәстүрдің бірі де, бәрі де
ұлттық сипаттың ішіндегі құбылыстар.
Олардың барлық жиынтығы ғана ұлттық
поэзияның өзіндік дара қасиетін белгілейді. Сондықтан
дәстүрдің өзгеруі мен жаңаруы жалпы
ұлттық поэзияның арнасында, аясында болып жататын, оның
жалпы тіршілік-тынысын, өсу қадамын танытатын, кем-кемдеп жаңа
белгілерді бойына жинау тәрізді өзгерісін аңғартатын
ішкі қалыпты жайлардан туады.
Жаңашылдық –
дәстүрді өзгертіп, оны қайта жасау, жаңа арна
қалыптастыру. Әдеби шығармаға қатысты
жаңашылдық дегеніміз - мазмұн мен пішінді, яғни
тақырыпты, идеяны, көтерілген мәселелерді, образдар
жүйесі мен көркемдік-бейнелеу тәсілдерін жаңарту,
жаңа ізденістерге жол ашу.
Жаңашылдықтың негізінде көркемөнер,
оның ішінде сөз өнерінің мүмкіндіктері туралы
жаңа таным-түсінік, көзқарас жатады. Философиядағы
«жоқтан бар болмайды» деген қағидаға сүйенсек,
көркем өнердің даму үдерісінде жаңалықтар
өзіне дейінгі мұраны, дәстүрді жоймайды, қайта
оның кейбір элементтерін дамыта
келіп, жаңаша көркемдік
ізденістермен, тың дүниелермен
ұштастырады. Әдебиеттің дамуы, айналып келгенде,
дәстүр мен жаңашылдықтың тығыз
байланысынан, өзара қарым-қатынасынан тұратыны
ақиқат. Мәселен, А.Құнанбайұлы өзіне
дейінгі баяғы замандардан келе жатқан шығыстың
эстетикалық дәстүрі мен халқымыздың бай рухани
мұрасынан сусындады, оны жоғары бағалады. М.Әуезов Абай
поэзиясындағы үш арна әдеби дәстүрдің ізін
атап өтеді: қазақтың төл әдебиеті,
Шығыстың және Батыстың классикалық
әдебиеті, орыс әдебиеті. Осы дәстүрлерден тамыр
тартқан ақын поэзиясының қандай жаңа биікке
шығып, өлең мазмұны мен пішінінде, өлең
өлшемінде үлкен төңкеріс жасағанын білеміз.
Техникалық ғылымдарда
ашылған жаңалықтар өзіне дейінгі дәстүрді
жойса, әдебиеттің даму заңдылықтары бойынша жаңалық дәстүрлі
көркемдік құндылықтарды жалғастыра дамытады.
Мысалы, ХХ ғасыр әдебиетінде қазақ қаламгерлері
фольклорлық дәстүр жүйесінде ерекше
эмоционалдық-мазмұндық жүк арқалаған
фольклорлық образдылықты эстетикалық тұрғыда өз туындыларында ұтымды пайдалана
білді. Осы ретте адам мен
әлемнің, табиғаттың уақыт пен
кеңістік тұрғысындағы байланысын көрсететін
зооморфты символиканы, яғни, көшпенділер санасында аса
маңызды орын алатын
қасқыр, ат, түйе, бұғы т.б. тотемдік
бейнелерді атауымызға болады (Көксерек, Кербұғы, Бура,
Бәйгеторы, Аруана т.б
бейнелер). Төрт түлік мал –
қазақ әдебиетінде концептуалдық ауқымы кең
дәстүрлі образдардың бірі. Аруана, бура бейнелері ұлттық көркемдік дәстүрімізде жиі кездеседі. Олар - шексіз ана
махаббатын бейнелейтін
қазақ ертегілерінің,
мифтік аңыз-әңгімелердің («Бозінген», «Бота» т.б.)
дәстүрлі кейіпкері, киелі болып саналатын төрт түлік
малдың бірі, қазақ дүниетанымында
тұтастықтың, болмыс
бірлігінің, ғарыштың символы.
Мифологиялық, фольклорлық
бейнелер, сюжеттер, сарындар - ұлттық әдебиет пен
өнердің қайнар көзі, ақындар мен жазушылар
үшін шығармашылық бастауы. Әдебиетпен фольклордың
байланысы – әлем мәдениетінің дамуындағы басты
заңдылықтардың бірі. Әлемдегі қай
әдебиеттің болсын шығу тегі, дәстүрі фольклормен
байланысты екенін бағамдаймыз [2]. Сондықтан әдебиет пен
фольклордың арақатынасы - әдебиет теориясы үшін де,
жеке суреткерлердің туындыларын талдағанда тұста да назар
аударатын маңызды мәселе. ХХ ғасыр басындағы
қазақ әдебиеті, бір жағынан, фольклордан алшақтай
отырып, екінші жағынан, одан нәр алып отырды. Әрине,
фольклорға арқа сүйеу авторлық ауыз әдебиетінде
де, жазба мәтіндерде де орын
алғаны даусыз. Сонау түркі заманындағы тасқа
қашалған мәтіндерде, орта ғасырда қолжазба
шығармаларда фольклордың әсері анық байқалады.
Түйіндей айтқанда, әдебиет пен фольклордың байланысы –
өте күрделі процесс, осы үдерістің тарихын, даму
барысын зерттеу - әдебиеттану үшін де, фольклортану үшінде аса
маңызды болмақ.
Қаламгерлердің дара
шығармашылық ерекшелігін әдебиеттегі дәстүр
мәселесімен сабақтас қарастырудың мәні зор.
Әр жаңашыл ақын өзінен бұрынғы ақындар
қол жеткізген көркемдік тәсілдерді, көркемдік даму
тәжірибесін игеру арқылы дамиды да, өзі де жаңа ой
қосады. Мысалы,
Шәкәрім Құдайбердиев дүниетанымының
қалыптасуына ұлы Абайдың, орта ғасырдағы сопылар
поэзиясының, жыраулар
поэзиясының, Л.Толстой шығармашылығының
ықпалы зор болды. Шәкәрім ақиқатты тану, рухани
тұрғыда өзін-өзі жетілдіру ұмтылыстарын, рухани
ізденістерін әдеби, көркемдік ізденістерімен ұштастыра
білген сирек тұлғалар
қатарына жатады. Оның шығармашылығында діни,
эстетикалық, философиялық және психологиялық
бастаулардың синтезі жүзеге асты.
Жаңашылдық –
әдебиеттің мазмұны мен пшінін жаңаша көркемдік
ізденістермен, жаңалықтармен байыту: жаңа
қаһармандар, жаңа озық идеялар, жаңа бейнелеу
тәсілдері мен құралдары, жаңа көркемдік
әдіс-бағыттар. Жаңашылдық дәстүрге
сүйене отырып, оны біртіндеп дамытады, өзі де дәстүр
қалыптастырады және өз кезегінде келесі жаңашыл
ізденістер үшін қайнар көзге, дәстүрге айналады.
Бұл - өнер мен
әдебиеттің даму заңдылығы. Мысалы, халық
поэзиясының дәстүріне сүйенген Абай өз
дәуірінде жаңашыл-реформатор ақын болды да, өзінен
кейінгі ақындар үшін дәстүрге айналды.
Қазақ поэзиясында
дәстүр көрінісі әр дәуірде әр түрлі
көрінгендігін байқаймыз. Ол жалпы формалық және
мазмұндық тұрғыда сараланады. Бір кездері бір форманың
қолданымдылығы белсенді болып, өлең тудырушылар осы
дәстүрді үзбей келсе, бір уақыттары белгілі бір
тақырып, мазмұн бірнеше ақындар шығармашылығына
өзек болып дәстүр жалғастығын табады.
Жақсы дәстүр
ұлттық көркем туындының нәрі, мықты
қазығы сынды: оның жақсы мазмұнын да, оған
лайық формасын да аңғартады. Бұл жолда
дәстүрдің кейбір тұрақты түрлері де,
немесе, ұлттық психикаға, мінез-ғұрыпқа
байланысты алуан түрлі көріністердің жиынтығы да
белгілі қызмет атқарады. Мазмұн мен форма бірлікті
аңғартса, ұлттық дәстүр сол бірлікті
айқындай түсетін, бекіте түсетін фактор. Мұның
басты себебі ұлттық мінез-құлықтың,
психиканың ұзақ тарихтық түзілісте белгілі бір
тұрақтылыққа ие болуынан: дәстүр осының
сәулесі, яғни характердің көрінуі. Мұнан
дәстүрдің сана мен ақылда болатын, яки болмақ
өзгерістерден бұрын тұратын, сондықтан оған біраз
әсер ететіні ұғылады.
Шынында дәстүр
жалғасуы үнемі ұлттық арнада нақты стиль,
тақырып, жанр ізімен жүруі шарт емес, оның өрісі
ұлттық арнадан шығып жалпы интернационалдық алқапқа
да жайылатынын жоғарыда көрдік. Сонымен жоғарыда
дәстүрді синтездеп қабылдау дегеніміз де осы
ұлттық дәстүр мен интернационалдық
дәстүрдің астасқан ортақ өріс алуының
бір көрінісі боп табылады.
1960-70 жылдары
қазақ поэзиясына келіп қосылған қуатты буын
М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Т.Айбергенов, М.Шаханов,
Ж.Әбдіраш, т.б. лирик ақындарымыздың әрқайсысы
өзіндік үнімен, дара таланттарымен, қайталанбас
қолтаңбасымен ерекшелене
отырып, барлығы да қазақтың қара
өлеңіне ден қойды. Олардың көркемдік, тілдік,
жанрлық ізденістері қара өлеңнен бастау алды. «Қазақтың
күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне
қайтарамын» - деген Мұқағали ақынның
сөзі бекер емес. Осы ретте әдебиеттегі дәстүр мен
жаңашылдық туралы белгілі ақын Т.Медетбек: «Баба
дәстүрдің мұрагері - өз ұлтының
рухани байлығы мен әлем әдебиетінің үздік
үлгілерін бойына жинақтап, оларды өзінше игеріп, өзінше
қорытқан, өз уақытының үні бола білген,
өз заманының әлеуметтік мәнін ашып көрсете
аларлық қуатқа ие немере Жаңалық» - деп
қорытады.
Қазақ поэзиясына осы кезеңде өзіндік үнімен,
қуатты қаламгерлік қолтаңбасымен,
жаңашылдығымен келген Жарасқан Әбдіраш қара өлең
өнерінің дәстүр бұлағынан на нәр
алды. Оның «Найзағайлы жаз»,
«Дала, сенің ұлыңмын», «Соғыстан соң
туғандар», «Перзент парызы» атты өлеңдер жинағында ақынның шығармашылық
келбетін даралай түсетін басты тақырып – туған дала. Туған
жер, кең дала образы – сан уақыттар бойында қай ақынды болмасын
толғантып, тебірентіп келе жатқан қазық бейнелер.
Барлық ақындар туған даласына перзенттік
сүйіспеншілігін, махаббатын жырлайды. ХХ ғасырдың
жиырмасыншы, отызыншы жылдарында Ілияс Жансүгіровтің далаға
арнаған эпикалық кең тынысты туындысы өзге ақын
шығармаларынан да дәстүр жалғастығын тауып жатты.
Ж.Әбдіраш дала тақырыбын жырлауда дәстүрге сүйене
отырып, өзіне ғана тән өрнектер, өзіне ғана
тән айшықты ойларын ортаға салады. «Туған дала» деп басталатын өлеңдерінде
ақын қазақ даласының поэтикалық портретін
жасайды. Ақын туған өлкесінің тарихын зерделеп,
оның алдындағы перзенттік парызын, жауапкершілігін терең
сезінеді.
Көп жанрлы, сан қырлы
қазақ поэзиясының төркіні, тарихы қазіргі
жағдайы өзара байланыстар, бағыттар, мектептер
сабақтастығы жөнінде аса қызықты, ерекше
мәнді фактілер мен деректерге бай. Мұндай материалдарды салыстыра
зерттеу арқылы тарихи-төркіндестік, тарихи-тектестік,
тарихи-мәдени өзара байланыстар туралы ғылыми
жинақтаулар жасаған филологиялық іргелі еңбектер
жазылып келеді. Көркем туынды өзгешелігінің өзі
оның тамаша, құнды табыстарының өмір бойы
өлмейтін, бағасы кемімейтін мәңгілік сипатында. Сол себепті
де бұл табыстар түбегейлі құбылыстар ретінде
ұдайы жаңалық тууына игі әсер етуін ешуақытта
тыймайды. Әдеби дамудағы жалғастық
проблемаларының бірнеше аспектісін, көп қырларын
көрсете келіп, ұлтаралық әдеби байланыстардың сан
алуан жолдарын айта отырып, әдебиетші ғалымдар әр түрлі
деңгейдегі дәстүрлер, мәдениеттер тоғысуынан
үздік үлгілер туатынын нақты мысалдармен дәлелдеп
берді. Жаңа дүниежүзіліктарихи кезең шындықтарын
бейнелейтін, қаһарманның күнделікті тірлігін
көрсететін, әлем картинасын кеңейткен қазіргі
әдебиет адамзатқа ортақ дәстүрлерді байыта келе,
көркемдік жинақтаулар жасап, жаңа эстетикалық игіліктер
тудырады.
Әдебиеттер тізімі:
1
Әдебиеттану терминдер сөздігі /
құраст.: З.Ахметов,
Т.Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 384 б.
2 Дербісәлин Ә.
Дәстүр мен жалғастық. -Алматы, 1976. Б. 7-14.