Филологические науки
Рапишева Жанат Дабылвона, фил.ғыл.,канд., Е.А.Букетов ат.
Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті
Әбжанова Сәнім, филология факультетінің студенті, Қазақстан
ҚАЗАҚ
ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕРМИНДЕР МӘСЕЛЕСІНЕ
Халықаралық
терминологияда қай тілдердің үлес салмағы басым
екендігін анықтау барысында ағылшын, француз, неміс сияқты
еуропа халықтары тілдерінің сөздері терминқорда
басымырақ екендігіне көз жеткізуге болады. Оны
өзіміздің терминологиялық лексика құрамынан да
көруге болады. Бірақ оны сол тілдердің
халықаралық деңгейдегі қолданысынан деп
ұғынуға болмайды. Ғылым-білімнің,
экономиканың өркендеу деңгейіне, халықтардың
ғылыми-мәдени қарым-қатынасына байланысты белгілі бір
халықтардың сөздері, терминдері басқа тілдерге
көбірек қабылдануы мүмкін. Бодан елдер мен дамушы елдер
тілдеріне үстемдік етуші елдер тілдерінің жекелеген терминдері
ғана емес, қоғам өмірінің көптеген
салаларында солардың тілі тұтастай үстемдік құруы
да мүмкін екендігі белгілі.
Cондай-ақ жазба
ескерткіштерде сақталған қазіргі қолданыста жоқ
өлі тілдердің де халықаралық терминологияда үлесі
болуы мүмкін. Мысалы, латын тілі сөздерінің
халықаралық қолданыстағы терминдер
қатарындағы үлес салмағы зор. Кейде
қолданыстағы ұлт тілдерінің қатарында болмағандықтан
да, өлі тіл болса да латын тілінің сөздері терминдік элемент
ретінде дайын күйінде пайдаланылып та жатады. Екінші жағынан алып
қарасақ, бір жарым миллиардтан астам адам сөйлейтін БҰҰ-ның
ресми тілдерінің бірі қытай тілінің халықаралық
терминологиядағы үлесі жоқ деуге болады. Ал бұл тілді
дамымаған тіл деп ешкім де айта алмайды. Керісінше, терминқорын
өз тілінің негізінде қалыптастырып отырған сол
қытай тілі үшін «халықаралық терминдер» деген
ұғым мойындалмайды дейді зерттеушілер [1, 57].
Түріктер дүрілдеп
тұрған замандарда біздің сөздеріміз де өзге
тілдерге жүздеп, мыңдап енгені тарихтан белгілі. Мәселен,
Е.Н.Шипова 1976 жылы жарық көрген «Словарь тюркизмов в русском
языке» деп аталатын сөздігінде бір ғана орыс тілінде екі
мыңдай түрік сөзі қолданылып жүргенін
көрсетеді [2, 4].
Кейіннен тарих аренасындағы иеленген орнымызға қарай
біздің тіліміздің ықпалы да әлсіреді. Ал кеңестік
дәуірдегі 70 жылдың көлемінде термин
шығармашылығын дамытудан гөрі дайын терминдерді
қабылдауға көштік.
Зерттеушілердің
көрсетуінше, «Кеңес халқы» деген халыққа
ортақ жалпыкеңестік терминдер қорын қалыптастыру
мақсатын көздеп, терминологияны халықаралықтандыру
бағытын ұстанып келгендіктен, терминқорымыздың басым
бөлігін өзге тілдерден дайын күйінде орыс тіліндегі
қалпын сақтап қабылданған терминдер
құрайтын болды.
Терминтануда терминқорды халықаралықтандыруға
қарсы деинтернационализация деген үдеріс те бар. Бұл – бұрын
тарихи, саяси-экономикалық немесе басқа да жағдайларға
байланысты өзге тілдерден дайын терминдерді шектен тыс көп
қабылдап келген халықтардың сол халықаралық
терминдердің орнын өз тілдерінің сөздерімен жаппай
алмастыру үдерісі. Мұндай құбылыс әдетте қабылдаушы
тілдердің иесі болып табылатын халықтың ғылым-білімі,
экономикасы дамып, ұлттық мемлекеттің негізі нығая
бастаған уақытта басталады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі
кезеңде бізде де бұл құбылыс орын алды. Ұлттық
мемлекетіміздің сипаты мен тіліміздің қоғам
өмірінде алып отырған орнына, яғни елдегі тілдік
ахуалға сәйкес «деинтернационализация» үдерісі бізде
өте әлсіз, мардымсыз түрде жүріп жатқаны
байқалады [3, 24].
Жалпы мемлекеттік тілді дамытуды,
негізінен, күнделікті өмірден бастауымыз керек. Адам
күнделікті не нәрсемен кездеседі, нені пайдаланады, міне сол
жердегі қолдану аясын кеңейту керек. Мәселен,
тұрмыстық техникада, интернетте, ұялы телефонда және т.б..
Ұялы телефон адамның күндіз-түні пайдаланатын
құралы. Соның мәзіріне кірсеңіз, тілдер деген
бөлімі бар. Онда ағылшын, испан, қытай, араб, орыс, француз
және басқа да тілдердің бәрі бар. Тек мемлекеттік
тілімізді көрмейміз.
Бізге бірінші кезекте «Қазақстан Республикасының кейбір
заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан
Республикасы заңының жобасын әзірлеп, ол заң жобасымен
мемлекеттік тілге қатысы бар заңдарға мемлекеттік
тілдің мәртебесін көтеруге қатысты,
өкілеттіктерді күшейтуден бастап, қолдану аясын кеңейту
және жауапкершілікті белгілеуге дейінгі ауқымды
қамтыған өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек дейді
мамандар [4, 67].
Мемлекеттік тілдің өзінің мәртебесіне лайық
толыққанды қызмет атқарып, кеңінен
қолданысқа түсу деңгейі ұлттық терминологияның дамуымен тікелей байланысты екені мәлім. Барлық өркениетті елдер тәрізді
біздің мемлекетіміз де қазіргі егемендік жағдайында
қоғамдық дамуға сай қазақ тілінде
ғылыми-техникалық ұғымдардың жүйелі
қорын жасау қажеттігін ескере отырып, терминологияға тіл
саясатының өзекті салаларының бірі ретінде қарайды.
Соңғы
кезде өзекті мәселелердің бірі саналатын ұлттық
терминологияның жағдайына ерекше назар аударылуда. Ол – егемен
елдің ұлттық сипатын көрсететін төл терминдердің
қалыптасуын жандандыру, дамыту. Заман талабына лайық,
қазақ тілінің заңдылықтарына сай терминжасам
саласын қалыптастыру бүгінгі күннің
қажеттілігінен туындап отыр. Ұлттық термин – сол елдің
рухани өркендеуінің, ғылымының дамуының
көрсеткіші.
Терминология мәселелері –
ғылымның өзекті мәселерінің бірі. ХХ
ғасырдың 30-жылдары қалыптаса бастаған терминология
саласы мәселелері әлі де шешуін таппаған, өзектілігін
жоғалтпаған деп айтуымызға толық негіз бар.
Ғылымның барлық салаларының жан-жақты дамуы
терминология мәселелерімен тығыз байланысты, себебі қандай да
бір жаңалық, жаңа ұғым терминмен белгіленіп,
терминологиялық жүйеде өз орнын тауып отырады.
Ғылымның қай
саласына назар аударсақ та, сол саланың қаншалықты
деңгейге жетіп, қаншалықты дәрежеге көтерілгені
терминологиялық жүйесінен көрініп тұрады [5, 71].
Терминология – ақпарат
алмасу көзі, мамандықты меңгерудегі құрал,
техникалық прогресті жылдамдату тәсілі ретінде адамдар
арасындағы қарым-қатынаста маңызды фактор. ХХІ ғасырдың өзгерімпаз
өмір ағынында әркім өзінің кәсіби
біліктілігі арқылы, белгілі бір арнайы тілдің (ғылым
саласының) иесі ретінде танылады. Бұл білім беру саласында
терминдердің мәнін дұрыс түсіндіру, олардың
табиғатын тану мәселесін өзектендіреді.
Адам қызметінің
белгілі бір арнайы саласының, ғылымның көрінісі ретінде
терминдер жүйесі сол білім мен ғылымның
қаншалықты меңгерілгенін танытады.
Терминнің
ақпараттық табиғатын тану үшін олардың арнаулы
ұғымдардың атауы және сол арнаулы ақпаратты
жеткізудің құралы екенін естен шығармауымыз керек.
Қазіргі ақпараттар тасқынына төтеп беру, оларды
уақытылы қорытып, ғылым мен техника
жаңалықтарының тілден көрініс табуын жүйелі
түрде жүзеге асырып отыру оңай шаруа емес.
Әдебиеттер тізімі:
1. Құрманбайұлы Ш.
Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми
қағидаттары. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2004. – 208 б.
2. Шипова Е.Н. Словарь тюркизмов в русском языке. –
М., 1976. – 210 с.
3. Құрманбайұлы
Ш. Терминтану. – Алматы: Атлас, 2006. – 250 б.
4. Құрманбайұлы
Ш. Қазақ лексикасының терминденуі. – Алматы: Ғылым,
1998. – 208 б.
5. Құрманбайұлы
Ш. Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік
сипаты. –Астана: Елорда, 2002. –184 б.