Филологические науки
Мажитаева
Шара, фил.ғыл.докторы, профессор
Рапишева Жанат
Дабылвона, фил.ғыл.,кандидаты, доцент
Зыямиденова Ақерке
Маратовна, филология факультетінің студенті
Е.А.Букетов
ат. Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан
ТАНЫМ-ТІЛ-МӘДЕНИЕТ ҮШТІГІ ТІЛДІК ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
ҚҰРАЛЫ РЕТІНДЕ
Тіл біліміне «тілдік тұлға»
категориясының енгізілуі жалпы «тұлға»
ұғымының жаңа мазмұнмен толығуына
мүмкіндік жасап, тілді зерттеудің
құрылымдық-функционалдық аспектісі аясынан шығып,
адамның санасы, ойы мен рухани қызметімен тығыз
байланыстағы антропологиялық тіл біліміне айналуына негіз жасалды.
Соның әсерімен тіл ғылымында тілді тұтынушы
адамға, шығармашылық тұлғаға деген
қызығушылық күшейіп, қазіргі таңда
жаңаша зерттеулердің өзегіне айналған, ғалым
Ю.Н.Караулов еңбектерінде [1; 2] жүйеленген «тілдік
тұлға» теориясы қалыптасты.
Қазіргі тіл білімінде
ұлттың рухани-мәдени казынасы ретіндегі тілді
зерттеудің ауқымы кеңейе түсуде. Себебі әр тіл –
өз бойында ұлт тарихын, тіл мәдениетін, танымы мен
талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын,
дәстүрі мен даналығын тұтастықта
сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды
құрылымына сәйкес ол жай таңбалық жүйе
емес, мәдениет. Сондықтан оны зерттеуде дәстүрлі
құрылымдық лингвистиканың мүмкіншілігі шектеулі.
Бұл арада тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, ол (тіл) –
этномәдени ақпаратты жинап, сақтаушы, жеткізуші, келесі
ұрпаққа жалғастырушы, сайып келгенде бір бүтін
етіп тұтастырушы. Сондықтан да қазіргі қазақ тіл
білімінде тіл мен мәдениет сабақтастығын, атап
айтқанда, тілдің бойындағы ұлттық сипатты,
ұлттық рухты тануға негізделген салалары қалыптасып
келе жатыр.
Тілді сол тіл қызмет ететін
қоғаммен, тіл иесі – адаммен және тілді қолданушы
халықтың сан ғасырлық тарихымен,
этностық танымы, рухани және ұлттық
болмысымен байланыстыра қарау нәтижесінде тіл мен мәдениет, тіл мен халық, тіл мен таным
арасындағы тығыз байланыс, айқындала түседі.
Тілдік деректерді
лингвомәдени тұрғыдан қарастыруды ғылыми
негіздейтін зерттеуде «тіл мен таным» және «тіл мен ұлт
біртұтас» деген қағиданы басшылыққа алынуымен
сипатталады. Атап айтқанда, бұл бағыттағы зерттеулер
«тiл мен таным» сабақтастығын сипаттайды. Себебi бұл тiлдiк
деректердi сол тiлде сөйлеушi халықтың әр
кезеңдегi тарихи-әлеуметтiк тәжiрибесiне негiзделiп‚
мәдени-танымдық деңгейiне сай қалыптасқан
вербалды-ассоциативтi категория ретiнде қарауға болады.
«Тiл мен ұлт
бiртұтас». Бұл қағида ежелгi мәдениет
көрiнiстерi‚ әртүрлi салт-дәстүрлердiң тiл
арқылы сақталып жетуi ұлтты тұтастырушы‚
жалғастырушы қызметiмен дәлелденiп анықталады [3, 285].
Әр халықтың
танымдық ерекшелігі оның тілінде көрініс табады. Сонымен
қатар әрбір ұлттың мінез-құлқы
ғасырлар бойы өзінің өмір сүру салтына,
географиялық ортасына, әлеуметтік-саяси жағдайына байланысты
болып келгендіктен сол ұлттың тілінде, сөздік қорында
оның мәдениетіне тән ерекшеліктер сақталған.
Тілдің белгілі бір уақыт пен кеңістік аясында үнемі
жаңарып, толығып отыруына байланысты тіл иесінің де рухани
дүниесін танытып, оның мәдениетінен де көрініс береді.
«Тіл – сана-сезімнің, ойдың тәжірибеде көрінетін
заттық сәулесі» болып табылатындықтан, адам баласының
ғасырлар бойғы жинақтаған білімі мен тәжірибесі,
таным-түсінігі оның тілінен көрініс табады [4, 68].
Адамдар арасындағы
қарым-қатынастың ғана емес, таным мен ойлаудың да
құралы болатын тілдің көмегімен ой-санадағы
ақиқат шындық болмыс, әлем, дүние, ғалам
туралы білімдер жиынтығы бекиді, материалдық тұрпат алады.
Сондықтан да тілдік көркем бейнелердің әрқайсысын
тіл иесінің образды ойлауының, күллі ғаламды,
ақиқат шындық болмысты тұтастай және
мүшелей тануының өзіндік ерекшеліктері, сондай-ақ
қоршаған ортасын игеру барысында жинақтаған
өмірлік тәжірибелерінің нәтиже-қорытындылары,
әлем жайлы, сол әлемдегі өзі және өзгелер жайлы
білімі бекіген ғалам бейнесінің тілдік фрагменттері, тілдік
модельдері деуге болады.
Тілдік бейне түріндегі
концептуалды жүйе этностың заттық, мәдени
тәжірибесіне тәуелді. Дүниенің концептуалды бейнесі
логикалық-прагматикалық позитивтік танымға, әлеуметтік
тәжірибеге негізделеді. Концептуалды бейне дүниенің тілдік
бейнесінің бір бөлігі болып табылады. Дүниенің тілдік бейнесінде
мифологиялық, діни, логикалық-позитивті танымның бәрі
де болады. Дүниенің қарапайым бейнесінде дәмбейне,
иісбейне, көзбейне, тәнбейне (ыстық, суық, қатты,
жұмсақ т.б.), естілімбейне, яғни сенсорлық
қабылдау басым болады. Тіл әрдайым ұжымдық стереотипті,
эталонды, түсінікті тіркеп, көрсетіп тұрады.
Әр
халық дүние алуандығын өз таным-түсінігінше
таптастырып, топтастырады, дүниенің үзіктерін өздерінше
атайды. Дүниенің өзіндік конструкцияланған бейнесінде
индивидуалды, топтық және ұлттық
тәжірибенің табы жатады.
Тілдік бірліктерде мәдени
ақпарат мәдени семалар; мәдени ая (фон), мәдени концепт
және мәдени коннотация арқылы беріледі. Мысалы, көш,
айтыс, қарашаңырақ,
аға, батыр, би, жылқы, тары, босаға т.б. концептілік
құрылымдардың қамтитын ұғымдары әр
алуан әрі күрделі болуы олардың ұлттық
мәдени өрістегі алатын орны мен үлесінің ерекше екенін
байқатады. Өйткені «мәдени мәні айрықша
объектілер мен концептілердің тілдегі сөздік қоры мейлінше
бай болады» [5, 71].
Таным процесі мен логикалық
ойлау жалпы адамзатқа ортақ қасиет, ал бүкіл адам
баласы үшін ақиқат шындық болмыс біреу
болғандықтан, ғаламның біртұтас бейнесі де
әр басқа тілде сөйлейтін халықтар үшін
біреу-ақ. Сөйтсе де тіл иесінің ой-өрісіне,
концептуалды әлеміне байланысты әр тіл
дүние-ғаламның фрагменттерін өзінше өреді,
бөлшектеп атайды, бейнелеп суреттейді, ал тіл өкілі ойының
желісі өз тілінде бекіген ғалам бейнесіне сай құрады. Осыған
байланысты әр басқа халықтың (ұлттың,
этностың) тілдеріндегі ғалам бейнесінің фрагменттерінде
жалпыадамзатқа ортақ дүниеліктер де, тек тіл иесіне
ғана тән ұлттық нақыштар та кездесіп жатады.
Осы орайда жүйесi
тілдің культурологиялық т.б. әртүрлi тiлдiк деректерiн
«ұқсастық» және «айырмашылық»
парадигмасының шеңберiнде салыстырылуы ұлттық
ерекшелiктi‚ функционалды-семантикалық негiзде нақты
көрсетедi. Бұл салыстырулардың терең танымдық
құрылым деңгейi мен кең тiлдiк бөлiм аясында
жүргiзiлуi «тiл мен таным»‚ «тiл мен мәдениет»
сабақтастығын айқындауда маңызы ерекше.
Мәдениеттанушылардың
анықтауынша, тіл – тек коммуникативтік құрал емес, сонымен
бірге адам болмысының, оның мәдениетінің
көрінісі, өйткені мәдениет таңба белгіден
тысқары, яғни тілден тысқары өмір сүре алмайды.
Адамды түгелдей дерлік таңбалық қоршаған,
өйткені адам болмысының өзі таңбалық, тілдік
болмыс.
Адам бір мезгілде таңбаны
тудырушы да, оны талдаушы да. Міне, қысқаша тоқтала кететін
болсақ, қазіргі замандағы тіл, таңба мәселесіне
және оның мәдениеттегі орнына деген көзқарастар
осындай. Тіл – тек денотативті (белгілі, сигналдық) коммуникация
құралы ғана емес, сонымен бірге коннотативті белгілі
әлеуметтік-мәдени, идеологиялық құрал.
Сонымен, нақты
мәдени сананың мән-мағынасы, ұлттың
болмысты қабылдауы тұтас түсінігі тілдік жүйеде,
құрылымдарда қалыптасып, ұлттың тілдік
сұлбасын құрайды. Бұл әрбір ұлттың
қоғамдық-тарихи тәжибесінің нәтижесінде
заттарға, құбылыстарға, әрекеттерге өзіндік
қарым-қатынасын танытатын ғажайып тілдегі өзіндік
ерекшеліктері болып саналады.
Қорыта айтқанда, тіл
– ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынасты
жүзеге асыратын, ойды құрастырушы құрал болумен
бірге мәдениет көрсеткіші. Өйткені ұлттың тіл
жүйесінде этностың өзіндік мәдени әлемі –
ғаламның тілдік бейнесі қалыптасқан. Сондықтан тілдік
тұлға тілдің ғана емес, тіл бойындағы
халықтың таным-мәдениеті мен дүниетанымының
тұтынушысы болып табылады.
Әдебиеттер тізімі:
1 Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. – М.: Едиториал УРСС,
2004. – 264 с.
2 Караулов Ю.Н. Русская языковая личность и задачи ее изучения // Язык и
личность. – М., 1989. – Б. 129-140.
3 Манкеева Ж.А. «Тілдік
тұлға» мәселелерін зерттеу // Қазақ
филологиясы: егіз негіз (ғылыми мақалалар жинағы). – Алматы:
Арыс, 2010. – Б. 280-290.
4. Манкеева Ж. Қазақ тіліндегі
этномәдени атаулардың танымдық негіздері. – Алматы: Жібек
жолы, 2008. – 356 б.
5. Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. –
Алматы: Ғылым, 2002. – 368 б.