"АЙҚАП" ЖУРНАЛЫНЫҢ  IС ҚАҒАЗДАРТ СТИЛIН

ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ РӨЛI

Кусаинова И.,  Жарылгасын Ә., Сактағанова Г., Мажитаева Ш.,Хасенов Б.

 Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

Бүгінгі қазақ әдеби тіліндегі фонетикалық, лексикалық және грамматикалық нормалар бірден қалыптаса қалған жоқ. Өткен XX ғасырдың басында да қазақ тілінің өз табиғатына, өз ерекшелігіне лайық, ұлттық артикуляциялық базаға сәйкестелген арнайы нормалары болған жоқ. XX ғасырдың басындағы қазақ халқының өміріндегі саяси-әлеуметтік дамуға, ғылым мен жалпы мәдениеттегі әр алуан өнер, білім саласындағы өзгеріске байланысты, сондай-ақ орыс тілінің әсерінен де түрлі жаңа атаулар, тың ұғымдар, терминдер, терминдік сөз орамдары, аударма ыңғайында баламалар да пайда бола бастады. Осы жағдайлардың бәрі қазақ әдеби тілінің, оның ішінде ресми іс қағаздар тілінің жалпы қалыптасуына із қалдырды.

Қазіргі қазақ тілінің фонетикалық құрылымының, лексика, морфология және синтаксис жүйесінің XX ғасырдың бас кезіндегі дамуындағы негізгі процестер, әр түрлі өзгерістер белгілі дәрежедс сол кездегі ресми іс қағаздар тілінен де айқын көрінеді. Бұл кезеңдегі ресми іс қағаздар тілінде де біраз фонетикалық өзгерістер болды. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде ақыл, ақылдасу, әскер, айып,өмір, өнер, арыз түрінде қолданылып жүрген жекелеген сөздер бұл тұстағы ресми іс қағаздар тілінде ғ дыбысы арқылы, яғни араб тіліндегі формасында жұмсалады,

ғақыл — ақыл                         ғайып — айып

ғакылдасу — ақылдасу         ғөнер - онер

ғаскер - әскер                        гарыз — арыз

Тіл нормаларының бірте-бірте екшеленіп, келе-келе әбден тұрақталу барысында сөз басындағы ғ фонемасы түсіріліп, ғайып емес айып, ғарыз емес арыз т.б. түрінде қолданылып кетеді. XX ғасырдың бас кезінде қазіргі арыз сөзі ғарз түрінде де, кейде тіпті ғарза түрінде де жазылған. Мұндай өзгешелік х фонемасына байланысты да аңғарылады. Мысалы, қазіргі әзірлеу, әман, еш, әр сөздері хәзірлеу, хәман, хеш, һәр түрінде қолданылған [1].

Бұл кезең тілінде байқалатын тағы бір фонетикалық құбылыс — дауыссыз қосар  cm фонемаларьша байланысты. Қазіргі әдеби тіліміздегі дұрыс, расынан, расына, досқа сөздері бұл кезенде дүрст, растна, растнан, достқа түрінде жұмсалған. Бұл қосар дауыссыз cт етістік сөздерден де аңғарылады. Ол — қазіргі әдеби тіліміздегі өсу сөзі. Бұл туынды түбір етістік ыңғайында өстіру түрінде қолданылады. Мысалы, заман өстіреді, мал өстіра тұғын т.б. Қазіргі жазба әдебиеттердегі раст, дост сөздеріндегі т дыбысының жойылып кеткені сияқты өстіру етістігіндегі т фонемасы да қолданылмайды.

Функционалдық стильдерді, оның ішіңде біз қарастырып отырған ресми іс қағаздар стилін қалыптастырып отыратын негізгі база - баспасөз больш табылады. XX ғасырдың басында жарық көрген "Қазақ газеті", "Қазақстан" газеті (1911-1913), "Айқап" журналы (1911-1915), "Садақ" журналы (қол-жазба 1915-1918) т.б. газет-журналдар қазақтың жазба әдеби тілін, оның стильдік тармақтарын әрі қарай дамытуда орасан зор қызмет атқарды. Ресми іс қағаздар тіліне тән көптеген сөздер мен грамматикалық бірліктердің тұрақталуына осы кезендегі баспасөз тілінің маңызы айтарлықтай болды. Кейінгі ресми іс қағаздар тілінен мықтап орын алған жаңа сөздер мен сөз орамдарының, кейбір грамматикалық тұлғалар мен тілдік үлгілердің көбі-ақ алғаш осы газет-журнал беттерінде қолданыла бастады. Елімізде болып жатқан саяси-әлеуметгік, қоғамдық-экономикалық, мәдени өзгерістерге бай­ланысты кіріп жатқан жаңа үғымдарды дәл атауда, сөз тудыру амалдарын жетілдіруде, грамматикалық құрылысын икемдендіруде аталған мерзімді баспасөз орындары айрықша қызмет атқарды.

Төте оқудың "қадимге" қарағанда әлдеқайда артық екенін насихаттауда, халық ағарту жүйесіне толық енгізуде "Айқап" журна­лы мен "Қазақстан" газетінің алатын орны ерекше. Төте оқудың артықшылығын дәлелді түрде халыққа баяндап, қадимшілердің бала өмірін босқа өткізетіндігін, құр схоластиканың зияннан басқа пайда бермейтінін әшкерелеп отырды, тіл тазалығын сақтауға үндеді [2].

"Айқап" журналын ұйымдастырушы және редакторы демократ-жазушы Мұхаметжан Сералин (1872-1929) болды [3].

XX ғасырдың басындағы көркем әдебиет тілінде кездесетін қолданылуы жағынан қазіргі әдеби тілден өзге-төлеу морфологиялық тұлғалардың көпшілігі "Айқап" журналы тілінен де байқалады. Мысалы, -а-шақ, -а-шек арқылы келетін етістік тұлғасы көркем әдебиет тілінен гөрі баспасөз, ресми іс қағаздар тілінде көбірек кездеседі. Айқап журналынан бірнеше мысал келтірейік: Газитте русша сөзлерде ара-тұра жазылып тұрашақ, екен. Бізде жер 5-6 жылға бармай тарылып бітешек. Петрборда жұмасына бір шығатұғын әдеби саяси жітмағи ресімлі журнал болашақ., Ғабидолла афендінің істері осы майдың 28-де қаралашақ, екен. Барша шлендерді жилыс қаралашақ, күннен-күн алдын-ала хабарландыру керек болады. Келгірілген мысалдарға қарағанда -а-шоқ тұлғасы қазіргі қазақ тіліндегі, -а-тын тұлғасы (бара-тын, кел-етін т.б.) етістіктің мағынасында ғана қолданылып қоймайды, сонымен қатар —мақшы тұлғасы бармақшы, (айтпақшы) мақсатты келер шақ етістік мағьшасында да жұмсалып отырған.

Ілік жалғаулы сол және ол сілтеу есімдіктері мен үшіи шылауы арқылы жасалған соның үшін, оның үшін конструкциялары ресми іс қағаздар тілінде көркем әдебиет тіліне қарағанда жиі қолданылған. Себебі соның үшін, оның үшін, өйткені, сол себепті, сондықтан тәрізді конструкциялар көркем шығармадан гөрі ресми іс қағаздар, баспасөз, ғылыми стильге көбірек жарасады. Уә, һәм, ине жалғаулықтары жеке-жеке де, уа һәм, һәм ине, һәм дахы түрінде біріктіріліп те қолданылады. Уа ғайри жалғаулығы сирек қолданылады. Мысалы, Елдің шаруашылығы хакинда болған һәр түрлі керек уа пайдалы хабарларды... ("Устав тургайского сельскохзяйственного общества"). Шаруашылыққа керек болған абзалдарды қолға түсіріп алуға ине шаруашылықтан келген мал уа басқа мүліктерді сатуға... (сонда) Бағалы қағаздарды сатуға уа закладка салуға һәм дахы өзінің қызметі үшін (сонда) Оларды арадан шығарып тастау сықылды уа ғайри осындай істерді... (сонда) [3].

"Айқап" журналындағы ресми іс қағаздар тілінде өткен шақ есімше немесе тұйық етістікпен себепті сөзі арқылы жасалатын конструкциялар (болмаған себеблі, жатуы себеблі) қолданылады. Мысалы, Бейхабар қараңғыда ұйықтап жатуы себеблі біздің қазақта жоғарғы айтқанларының бірі де жоқ ("Айқап"). Думада өзімізден депутат болматн себеблі онда не болып жатқаннан да... ("Айқап"). Керек сөзін қайталап қолдану арқылы талғау мәнді жалғаулық мағынасын білдірген. Мысалы, Хазірлі депутатлар (керек мұсылман, керек рус болсын) қазақ халқын қанша аяп қоргайын десе де... ("Айқап") ...керек еркек, керек әйел болсын шлен болуға жарайды ("Устав"). Сонымен қатар ауызекі тіл әсерінен сөйлемдегі сөздердің сөйлеу тіліндегідей ыңғайда орналасуы байқалады. Мысалы, Оны жер министрінің мәхкемесі министрлердің советіне кіргізеді, бекіту үшін ("Айқап").

Қазақ әдеби тілін дамытуда осы кезендегі басқа барлық жазба нұсқалардың ішіңде "Айқап" журналының рөлі айрықша. Ондағы жарияланған материалдардың тақырып ерекшелігіне, ондағы көтерілген проблемалардың түрлеріне, мазмұнына байланысты толып жатқан тілдік жаңа құбылыстар да көрінді. Қазақ тілінің түрлі стильдік тармақтарының қажеттігі айқындала түсіп, негізі қалана бастап, оның қалыптасуында алғашқы қадамдар болғанымен, олар толық жігі ашылып, жүйелі түрде бір ізге түсіп, сараланып кете алмады.

Пайдаланылған әдебиетер

1.    Әбілқасымов Б, Мажитаева Ш. Қазақ әдеби тілінің тарихы: Оқу құралы.  Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2009. – 242 б.

2.    Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі.  Алматы: Ғылым, 1999. – 192 б.

3.    Дүйсембекова Л. Қазақ ресми іс-қағаздары.  Алматы: Ана тілі, 2005.  256 б.