ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТIЛ МӘСЕЛЕСI ДАМУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСI

 

Мажитаева Ш., Хасенов Б.Р.

Кырыкбаева Ж.,Тoлендi Ә., Коныргали А.

 

Е.А.Букетов ат.Қарағанды мемлекеттік университеті

   

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық жағдайдағы елеулі өзгерістердің бірі болған құбылыс – білім беру жүйесіндегі мекемелерде оқу-тәрбие жұмыстарын балалардың ана тілінде ұйымдастыру мәселелері. Оқу-тәрбие жұмыстарын ана тілінде ұйымдастыру мәселесі туралы қазақтың зиялы қауым өкілдері бастапқы оқу баланың ана тілінде оқытылсын,... ана тілі басқа үйретілетін нәрсенің (пәннің) бірі болмақ. Онан арғы жылдардың бәрінде ана тілі сол күйде болмақ  [1,52].

ХХ ғасыр басында шығып тұрған «Айқап», «Қазақ», «Қазақстан» сияқты мерзімді баспасөз беттерінде Абайдан үлгі алуға, соның жолымен жүруге шақыра отырып, бұл жөнінде: «Біз Самарқан, Түркістан, Бұқара, Ташкент жағынан келген бас қатырғыш дін жаһиеттерінен арылып, енді Еуропа мәдениетіне суарылған өнерлі тілді жасалық. Ол өнерлі тілдің үлгісін бізге Абай берді. Абайдан үйренейік, одан соң сынаптай таза, күмістей кіршіксіз қазақтың ауыз әдебиетінен, бұрынғы сөз тапқыр шешен сөздерінен үйренейік», – деп жазды [2]. Бұл тұрғыда С.Торайғыровтың 1913-1914 жылдары «Айқапта» жауапты хатшы болып жүрген кезінде жазған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең және айтушылар», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» мақалаларын айтуымызға болады. «Айқап» журналы кеңес өкіметі жылдарында көрнекті қоғам қайраткерлері болған, қазақ баспасөзінің ірге тасын қаласқан Мұхамеджан Сералиннің, Сабыржан Ғаббасовтың, Ғұмар Қарашевтің, Бақытжан Қаратаевтің қызмет етіп, шыныққан, шындалған мектептері болды. Газет-журналдарда ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә.Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев пен С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, Ә.Мәметов, Б.Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сынды әдебиетіміздің дамуына үлес қосқан ардақты зиялылар ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалалары жарық көрді [3,222].  Ұлттық интеллигенция қазақ мектептеріне ауадай қажет болған оқулықтарға деген сұранысты өтеуге кірісті. Әуелде орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ ұғымына лайықтап “Арифметиканы” – “Есеп- қисап”, “Геометрияны” – “Кескіндеме” деп аударумен айналысқан Елдос Омаров (1892-1938) кейін төл оқулықтар жазуға кірісті. Ғалым-лингвист ретінде ол ана тілінің тазалығы үшін аянбай күресті. Бұл іске Ахмет Байтұрсынов бастаушы болып Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Т.Шонанов, М.Жолдыбаев, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, А.Әлібаев, Ж.Күдерин белсене араласты [4,96].

ХХ ғасырдың бас кезінде елді ояту, азаматтыққа ұмтылу мақсатына жетелегендердің көш басында – Ахмет Байтұрсынов тұрды. Ол М.Әуезовтің сөзімен айтқанда қазақ халқының «рухани көсемі» еді. «Қазақтың» басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім жағынан қалың қазаққа бас-көз болды. А.Байтұрсынов – ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушісі, ақын-аудармашы, публицист. Оның өз қолымен 1929 жылдың 5 маусымында жасап берген «Газет және журналда жарияланғаннан басқа, ғылыми, ғылыми-методикалык еңбектердің тізімі» деген құжат ҚазГПУ архивінде сақталған. Сонымен қатар 1923 жылы Мєскеуде «Ер Сайын» жыры кітабы, Ташкентте 1926 жылы «Әдебиет танытқыш» кітабы басылған. Мысалы, «Оқу жайы», «Қазақша оқу жайы» атты мақалалар оқудың мән-жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың шаруасына, бір жақтан надандықтан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігінен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызда бір жұрт екенімізді білдірер едік», – десе, «орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқып, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу керек», – дейді. 

Ахмет Байтұрсынов қазақ халқын әлеуметтік теңдікке, азаматтық мәдениетке жеткізетін, амал- әрекеттің бастысы «түгел қазақты» сауатты етіп, көзін ашу, «надандық, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты». Халықты ағарту мектептен, баладан басталады. А.Байтұрсынов қазақ балаларының тек ана тілінде сауаттануын, содан соң барып өзге ұлт мәдениетіне, тіліне қол созуды принципті талап етті. 1913 жылдың өзінде ол «Қазақ» газеті мінбесін пайдаланып, қазақ қоғамына оқу – білімнің қажеттігін халықтың экономикалық тұрмыс жағдайымен байланыстырып дәлелдейді. Ахмет бұдан 80 жылдай бұрын байқап-түйгендері, айтқан пікірлері дәл бүгінгі күні айтылып жатқан мәселелерімізбен үндес келеді. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліпбидің» жаңа түрін жазды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды. «Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. А.Байтұрсынұлының 1928 жылы Қызылордада жарық көрген екі бөлімнен тұратын екі кітапты «Тіл жұмсар» деген еңбегі белгілі.Ол методика саласында 1910 жылдардан бастап 1927-1928 жылдарға дейін бірнеше материалдар жинаған. Жазу таңбаларын үйрету амалдарын түсіндіретін «Баяншы» атты кітапшасы 1912 жылы жарық көрген. Жалпы сауат аштыру әдістерінің жөн-жобасын «Әліпби астары» атты методикалық еңбегінде тағы көрсетеді. 1927-1928 жылдары «Жаңа мектеп» журналында қазақ тілі методикасына арналған бірнеше мақала жариялайды. Қазақ тілін ана тілімізде тұңғыш зерттеуші А. Байтұрсынұлы өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойғанға ұқсайды: ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавит реформалады, екінші-сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты әліппе оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің граматикалық құрылымын ана тілінде талдап беру мақсатын қойған, бұл үшін «Тіл құралды» жазған. Ахметтің қазақша әліппе жасауы, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін (фонетика), сөз жүйесін (морфология), сөйлем жүйесін (синтаксис) қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі өз кезінде де айтылған болатын [ 5,123].      

XX ғасыр басында қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерін, негізінен, үш мәселе ойландырды: жер мәселесі, оқу-ағарту ісі, қазақ еліндегі басқару жүйесі [6,152]. Ұлттық мерзімді баспасөз тіліміздің қолдану аясын ғана кеңейтіп қоймады, оның нормалық жүйесінің, грамматикалық құрылымының, сөздік құрамының дамуына да үлкен әсер етті. 

ХХ ғасыр басында қоғамдық өмірге белсене араласқан "Айқап" журналы, "Қазақстан", "Қазақ", "Бірлік туы", "Ешім даласы", "Қазақ газеті", "Сары Арқа", "Серке", "Алаш", "Тіршілік", "Ұран", "Үш жүз" т.б. қазақ халқының бостандығы мен қазақ жерлерін біріктіру, қазақ тілінің өркендеуін түпкі мақсаттарына айналдырды [7,42]. 

ХХ ғасырда зиялылықтың шынайы үлгісін көрсетіп тарих төрінен орын иеленген Алаш зиялылары қазақ этносының даму тарихының өрісін бойлаған қазақ рухын этностың өзіне табыстыра білді. Аз уақыт ішінде ұлттық рухты көтеріп, ұлтына уақыт сынын мұқият ұғындырып, заман тығырығынан шығудың сан-қырлы жолдарын көрсетіп кетті.

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Шынтаева Н.А. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының оқу-тәрбие  жұмыстарын баланың ана тілінде ұйымдастыру жөніндегі педагогикалық идеялары//ТарMУ  Хабаршысы.  №5.  Б.87-89.

2. Қырықбай Аллаберген Тарих және баспасөз (Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуы). – 1-кітап.  Павлодар,  2009  148 б.

3. Әзизұлы А. Ұлт көсемі – Әлихан / Қазақ үні  2011, 15 наурыз.

4. Дүкенбаева  З.О. ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ зиялылары. Оқу құралы.  Павлодар, 2008. 

5. Кәкен А.  «Қазақ»  – ұлттық идеяның қайнаркөзі.  Қ.Аманжолов әдеби порталы,  2013 19.03

6. Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. Алматы: Ғылым, 1999.

7.  Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдеби тілі. –Қарағанды, 2004.