ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗГІ АСПЕКТІЛЕРІ

 

аға оқытушы Сарсенова Майя Маратовна

 

Халықаралық гуманитарлық –техникалық университеті

 

    Прокуратураға қатысты ережелер ҚР Конституциясының «Соттар және сот төрелігі» бөліміне енгізілген. Бірақ бұл жерде прокуратура соттармен қатар сот билігіне ие болады дегенді білдірмейді.

       ҚР Конституциясының 83-бабы 1-тармағына сәйкес прокуратура мемлекет атынан Республика аумағындағы заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл және біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және атқарушылық істер жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республиканың Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңдармен белгіленген тәртіпте және шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады [1].

        Қазақстан Республикасының  «Прокуратура туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Заңы прокуратура  туралы жалпы жағдайын береді, оның қызметінің ұстанымдарын қарастырады, прокурорлық қадағалауды жүзеге асырғанда араласуды болдырмауды және прокурордың талаптарын орындау міндетін жария етеді, ҚР прокуратурасының жүйесіне және құрылымын, сондай-ақ прокурорлардың өкілеттігін анықтайды.[2]

       100-нақты қадам Қазақстан Республикасы Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы бағдарламасына орай 26-қадамда сот ресімдерін оңалту және сот процестерін жеңілдету үшін азаматтық құқықтық жөніндегі даулар жөнінде соттарға ПРОКУРОРДЫҢ ҚАТЫСУЫН қысқарту. Азаматтық іс-жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізілгендігі туралы айтылған.

       Прокуратура органдырының міндеттері мен функцияларының сипаттамасы прокуратураны биліктің сот тармағына сондай-ақ басқа атқарушы мен заң шығарушы тармақтарына жатпайтынына ешқандай күмән келтірмейді. Прокуратура органдары биліктің үш тармағының әр қайсысымен функциональды байланысты болса да, ешқайсысына толығымен жатпайды. Мемлекеттің құрылымдағы прокуратураның мұндай өзіндік жағдайы билік тармақтарының қызметіне теңестіруге және олардың оңтайлы іс-қимылын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, мемлекеттік қызметтің жеке түрі ретінде прокурорлық қадағалаудың өзгешелегі туады. Осы мәселелерді қарастыру барасында маңызды принципальды бірнеше ережелер туындайды [3].

       Біріншіден, прокурорлық қадағалау–бұл прокуратурадан басқа мемлекеттік, қоғамдық, дербес немесе өзге де ұйымдар, мекемелер немесе лауазымды адамдар жүзеге асырылмайтын мемлекеттік қызметтің дербес, ерекше түрі.

       Екіншіден, прокуролық қадағалау Қазақстан Республикасының мемлекеті атынан жүзеге асырылады.

       Осы ережелердің маңыздылығы прокурордың қадағалауды іске асыра отырып, құқық бұзушылықтарды анықтау, оларды жоюға және жергілікті өзін-өзі басқару атқарушы немесе сот биліктерінің жеке органдары ретінде қаралатындығынан емес, олардың барлық жиынтығына сәйкес кінәлі адамдарды жазалауда шараларды қолдануы болып саналады.

       Үшіншіден, прокурорлық қадағалау-мемлекеттік қызметтің өзіндік түрі, оның басқа мемлекеттік қызмет түрлерінен өзгешелігі ҚР Конституциясының дәл сақталуын тексеру, заң талаптарының орындалуы, өзге де құқықтық құралдардың көмегімен анықталған құқық бұзушылықтарды жоюға шаралар қабылдайтын қызметтердің ерекше мазмұнымен анықталады. [4].

        Прокурорлық қадағалау мемлекеттік қызметтің басқа нысандарынан, ең алдымен мемлекеттік функцияларды орындауда өзінің тағайындалумен ерекшеленеді.

        Прокурорлық биліктің мемлекеттік басақару билік органдарынан және әділ соттан ерекшелендіретін өзінің өзгешелігі бар.

        Қазақстан Республикасының прокуратурасы органдарының біртұтас жүйесін Бас прокуратура, облыстардың прокуратуралары, республикалық маңызы бар калалар мен Республика астанасының прокуратуралары, ауданаралық, аудандық, қалалық және соларға теңестірілген әскери және мамандандырылған прокуратуралар құрайды.

       ҚР Бас прокуроры ҚР прокуратура органдарының барлық жүйесін және мекемелеріне және ҚР Бас прокуратурасына тікелей басшылық жасайды.

       Сондай-ақ, қылмыстық, азаматтық немесе өзге де сот ісін жүргізу барысында сотта мемлекет мүддесін білдіре отырып прокурор Республиканың қылмыстық істер жүргізу, азаматтық істер жүргізу және өзге де заңдарына сәйкес шағым және қадағалау тәртібімен өз өкілеттігін жүзеге асырады.

       Мәселен, азаматтық және қылмыстық істер бойынша 2009 жылы сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықты қамтамасыз ету саласында прокурорлар 48 мың қылмыстық, 58 мың азаматтық және 112 мыңнам астам әкімшілік істерге қатысты.

       Прокуратура органдары мемлекет басшысының қаржы дағдарысы кезінде қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығын қамтамсыз етуге тапсырмаларын орындауға, сондай-ақ азаматтардың еңбек және экономикалық құқықтарын қорғауға ерекше назар аударып отыр. Ал  2010-2014 жылдар аралығында прокурорлардың жұмысы заң нормалары шеңберінде жұмысшыларға еңбекақыны уақытылы және толықтай төлеуді қамтамасыз етуге, өндіріс көлемін нақты себепсіз азайтып, қызметшілерді еңбек демалысына кетуге мәжбүрлеуге жол бермеуге бағытталды.

        Сондай-ақ прокурорлық қадағалау шаралары негізінде орындалған сот актілері 41,7% ал өндірілген қаражаттың мөлшері 111,2% өскені байқалады.

        Қазіргі таңда прокуратура органдарының ерекше назары мемлекеттің экономикалық мүдделерін сақтауға бағытталған. Қаржы дағдарысының зардаптарын неғұрлым азайтуға бағытталға Ұлттық Қордан бөлінген қаражаттың заңды және мақсатты жұмсалу мәселесі прокуратура органдарының тұрақты бақылауында. 

       Мысалы, өткен жылы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру, агроөнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген қаражатты жұмсау заңдылығына тексерулер жүргізілді. Құқық қорғау және уәкілетті органдар қабылдаған алдын алу шаралары Ұлттық қор қаражатының Үкімет белгілеген шарттарына сәйкес игерілуін қамтамсыз етуге мүмкіндік береді. Прокуратура органдарының тексерулері нәтижесінде екінші деңгейдегі банктер тарапынан қор қаржысын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды. Мәселен, шағын және орта бизнес субьектілеріне жатпайтын, яғни несие алуға құқығы жоқ 4 несие алушының 800 миллион сомаға қайта қаржыландырылған. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде заңсыз пайдаланылған ақша банктерге қайтарылып тиісті жобаларды қаржыландыруға жолданды.

Осыған орай, қазіргі таңда прокурорлар анықтаған заң бұзушылықтардың жойылуын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы бақылау тетіктерін жетілдіру қажет.    Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлық қадағалаудың сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында прокурорлық тексерулерді жоспарлау және жүргізу кезінде тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу керек. Бұл прокурорлардың қызметін өзекті әрі маңызды арналарға бағыттауға мүмкіндік береді [2].

        Осылайша, прокурорлық қадағалау – демократияның, заңдылықтың, мемлекеттіліктің маңызды тұтқаларының бірі болып  табылады.

        Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан-2050, Гүлдену, қауіпсіздік және барлық қазақстандықтардың әл-аухатын жақсарту Қазақстан халқына жолдаған жолдауында «Қазақстандағы мемлекеттік құрылыстың болашағы тікелей қазіргі кезеңде шешілетін әлеуметтік-экономикалық міндеттерге тікелей байланысты» деп көрсетілген.

«Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында еліміздің құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы прокуратура органдары болып табылатыны жәнепрокуратураның негізгі функциясы ретінде оның қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру қажет екендігі атап көрсетілген болатын.

Сонымен қатар, онда:

-       алдағы уақытта прокуратура органдары қызметінің іс жүргізу негіздері жетілдіруді қажет ететіні;

-       осы жұмыс ая­сын­да сотқа дейінгі іс жүргізудегі прокурордың рөлі мен жауап­кер­шілігін прокуратура жүзеге асыратын қылмыстық қудалау функ­циясының құрамдас бөлігі ретінде прокуратура орган­дарының қоғамға елеулі қауіп пен қиындық тудыратын қыл­мыс­тар туралы қылмыстық істерді тексеруі арқылы арттыру қажеттігі;

-       Прокуратура органдарының құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестіру функциясының, оның ішінде осы функцияны тиісті құқықтық регламенттеу арқылы оның тиімділігін одан әрі арттыру керек екендігі айтылған [4].

       Қорыта келгенде прокуратура органдары әр салада сот ісіне қатысып соттағы тәртіпті қадағалап іске қатысып отырады.

Прокуратура органдарына  келіп түскен азаматтар мен заңды  тұлғалардың өтініштері бойынша  заңды күшіне енген сот актілерінің  заңдылығын прокурорлар істерді  талап ете отырып тексереді өтінішті қанағаттандырусыз қалдырған жағдайда заңда белгіленген мерзім ішінде дәлелдеу қорытындысы жасалып, өтініш иесіне жауап беріледі.

Қазіргі кездегі прокуратура  органдарының қызметінің негізгі бағыты заңның үстемдігін нығайту, адам мен  азаматтың конституциялық құқықтарын қатаң және бұлжытпай сақтау болып  табылады.    

Тәжірбие көрсетіп отырғандай, прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету және қалпына келтіру тетігіндегі тиімді буын болып табылады.

        Сонымен қатар, қазақстандық қоғамның қалыптасуы мен дамуының объективті жағдайлары заңдылықты қамтамасыз етудің жаңа қазіргі заманғы модельдерін әзірлеп, қалыптастыру мен іс жүзінде іске асыруды талап етеді. Сондықтан прокуратура органдарының қоғамдық өмірдің және қазақстандық заңнаманың серпінді өзгеріп отырған болмыстарына лайық одан әрі дамуы мен жаңаруы таяу келешекте басты міндет болып табылады.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1 Қазақстан Республикасы Конституциясы 1995 жыл 30 тамыз.

2 Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы  «Прокуратура туралы» №2709 Заңы.

3 Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 13 желтоқсандағы «Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттік мүддесіне өкілдік ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» №151 бұйрығы.

4 Прокурорлық қадағалаудың ағымдағы ахуалын талдау және дамыту туралы стратегиялық бағыт 2010-2015ж арналған.