УДК 336.71.:005 334                             

Экономические науки/Банки и банковская система

 

Қасымбаева Н.А 1 курс магистранты «Бухгалтерлік есеп және қаржы» кафедрасы

АО «Алматы Технологиялық Университеті», Қазақстан

Банктік тәуекелдерді басқару әдістері

 

Аңдатпа: Мақалада  банктік тәуекелдердің мәні мен мазмұны және банктік тәуекелдерді басқару әдістері қарастырылады.

 

Аннотация: В статье рассматриваются суть и содержание банковских рисков, типы банковских рисков и методы управления банковскими рисками.

 

Annоtation: The article examines the essence and content of banking risks, types of banking risks and methods for managing banking risks.

 

Түйіді сөздер: тәуекел, фактор,  хеджирлеу, лимит белгілеу, форс-мажор, мониторинг, фьючерс, опцион.

 

Ключевые слова: риск, фактор,  хеджирование, определение предела, форс-мажор, мониторинг, фьючерсы, опцион.

 

Keywords: risk, factor, hedging, limit determination, force majeure, monitoring, futures, option.

 

       Қазіргі заманғы экономикада тәуекелдер саласы біршама жаңа әрі іс жүзінде зерттелмеген сала болып табылады. Осыған байланысты «тәуекел» ұғымының анықтамасына қатысты сан алуан, тіпті кейде бір-біріне қайшы келетін көзқарастар айтылады.Осы терминнің неғұрлым толық әрі дұрыс ұғымын әзірлеу үшін жоғарыда аталған көзқарастардың негізгілерін қарастырған орынды.

       Профессор А.Г. Грязнованың редакциялауымен шығарылған қаржы-несие энциклопедиялық сөздігінде тәуекел ұғымының бірнеше түрі бары екені атап өтілген (ағылшынша . risk, фр. risgue от ит. risico – грек тіліндегі rixikon – құз: бастапқыда «тәуекелге бас тігу» -жартастың ортасында жан сақтау) – 1)күтпеген ысырап, шығынның пайда болуы; 2)жоспарланған нұсқамен салыстырғанда кірісті, пайданы толықтай алмау қаупі[1].

       Альгин А.П. «тәуекел-сәтсіздік пен мақсаттан ауытқудың болжанған нәтижесіне жетудің ықтималдығының сапасы мен санын бағалау мүмкіндігі бар еріксіз таңдау жасаған белгісіздікті есерумен байланысты қызмет» деп санайды.

Банк үшін күтпеген жағдайда  келесі үш экономикалық  нәтиже туындауы  мүмкін: теріс (қосымша  шығыс, залал мен ысырап), нөлдік (өзгеріссіз), немесе оң  (ұтыс, пайда немесе  табыс)[2].

 Банк үшін ең тиімдісі оң нәтиже алу, алайда, әдетте, күтпеген жағдайдың  нәтижесінде тәуекелдің салдарынан теріс нәтиже  алынады. Тәуекелге жол бермеу үшін банктің залалдан, ысыраптан немесе күтпеген шығыннан қаншалықты қорғалғанын анықтау қажет. Банк қызметін шығын жұмсамай жүзеге асыру мүмкін емес. Делдалдық операцияларды жүзеге асыратын қаржы инстиуттары үшін қалыпты жағдай, банктер уақытша бос қаражатты тарта отырып салымшыларға  сыйақы төлеуге, тартылған кредиттер мен қарыздар үшін басқа қаржы институттарымен есеп айырысуға, банк қызметкерлеріне, аудиторлық компанияларға еңбекақы төлеуге және басқа операциялық шығыстарды жүзеге асыруға тиіс.

Жоспарланғабан шығыстардың себептерін қарастыратын болсақ, олар нарықтағы жағдайдың өзгеру салдарынан салымшыларға төленетін төлемдерді арттыру, кредит ресурстары тапшылығының пайда болуы және осының салдарынан олардың рыноктағы құнының артуы, қызметкерлерге төленетін еңбекақыны көтеру, елдегі инфляция түрінде байқалуы мүмкін, ал осының  барлығы шығыстарды арттырады. 

Банктердің шығындары кірісті толық алмаумен немесе  жоспарланған көрсеткіштерден артық шығыс жұмсаумен байланысты. Бұл жағдай алдағы операцияларды сауатсыз және нақты жоспарлап, талдамаудың, есептен жаңылысудың, жағдайдың қолайсыз қалыптасудың немесе күтпеген жағдайдың салдарына, сондай-ақ кепілдік пен резервтер түріндегі хеджирлеу жүйесін құрмай біршама жаңа әрі тәуекелі жоғары операциялар жасаған кезде туындайды. Қаражатты ұтымсыз пайдаланып, орналастырумен, нарықтағы мүмкіндіктермен қауіп-қатерлерді дәл бағалаумен байланысты осындай шығындардың тәуекелі банкке қаржы  жағынан да, имидж жағынан да елеулі қиындықтар тудырып, тіпті  оның ысырап шегуіне әкеп  соқтыруы  ықтимал. 

       Сөйтіп, жоғарыда атап өтілгенді ескере отырып, «банк тәуекелі» деген ұғымды былайша сәйкестендіруге болады. Банк тәуекелі – бұл стандартты банк операцияларын жасауға байланысты қосымша шығыс жұмсау, шығын мен ысыраптың пайда болу мүмкіндігімен байланысты банк қызметіндегі белгісіздік.  Қазіргі заманғы банктердің әрбір банк операциясында тәуекел болады, алайда сол немесе басқа тәуекелге әр түрлі ерекшелік тән болуы ықтимал. Тәуекелден жалтару мүмкін емес, сондықтан банк қызметінде ең басты мақсат тәуекелді болдырмау емес, тиісті тәуекелдердің ысырабын барынша төмендетуге бағытталған реттеу және тәуекел барынша азаятын балама шешімді таңдау қажет. Сол себептен шешім қабылдаған кезде тәуекелдің нақты түрін бағалауды, болжау мен сақтандыруды жүзеге асырған орынды. Банк практикасында тәуекелді басқарудың негізгі әдісіне:

1-    саралау;

2-    таңдау мен нәтиже туралы қосымша ақпарат сатып алу;

3-    лимит белгілеу;

4-    сыртқы сақтандыру;

5-    өзін-өзі сақтандыру;

6-    хеджирлеу;

7-    сапаны басқару;

8-    тәуекелден жалтару;

9-    тәуекелді бөлу;

10-тәуекелдерді бейтараптандырудың өзге әдістері жатады.

     Саралау – тәуекелді бөлу қарастырылатын тәуекелді барынша азайту қарастыралатын әдіс. Сондай-ақ бұл салымдарды бөлу, ресурстар тартылып, орналастырылатын бір бағытта, бір салада, қаржы құралдарының кейбір түрлерінде қаражатты шамадан тыс щоғырландыруға жол бермеу деуге болады. Саралауды, әдетте, банктер бірнеше бағытта жүзеге асырады. Мысалы, бұл тартылған қаражатты саралау, активтер мен пайдаланылатын құралдарды саралау, сондай-ақ несие портфелін саралау болуы мүмкін. Саралау банк бір немесе бірнеше қолайсыз факторға тәуелді болмау үшін жүзеге асырылады.  Тартылған қаражатты саралау депозиттік және депозиттік емес көздерден тартылған ресурстарды саралау сияқты бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

     Таңдау мен нәтижелер туралы қосымша ақпарат сатып алуда банкте банк операцияларын жоспарлаумен, болжаумен, талдаумен және бақылаумен айналысатын бөлімшілерді ұйымдастыру қарастырылады. Осындай құрылымдарға талдау, мониторинг және бақылау департаменттері, маркетингтік зерттеу, ішкі аудит департаменті жатады. Осы бөлімдер ішкі деректердің, кезеңді баспасөз материалдарының, статистикалық есептіліктің негізінде банктің клиенттері жөніндегі ақпаратты қадағалайды.

     Лимит белгілеу - банктің өзі де, сондай-ақ бақылаушы және реттеуші органдар банктің операциялары бойынша тәуекелдерді шектеу мақсатында операциялар мен құралдардың белгіленген көлемдеріне қойған шектеулер.

Мына шектеулер лимиттің ең кең таралған түріне жатады:

-нақты контрәріптестермен жасалған операцияларда белгіленген лимиттер;

-банктің ашық валюта жайғасымдарының лимиттері;

-бір қарыз алушыға шаққандағы тәуекелдің ең жоғары лимиті;

-әрбір құралға, активтің түріне, банктің бөлімшесіне және банктің әрбір қызметкеріне белгіленген лимит;

-банктің баланстан тыс операцияларының ең жоғары лимиті;

-дилинг операцияларын жүргізуге белгіленген сауда лимиті;

-пайда мен залал лимиті.

     Өзін өзі сақтандыру деп ықтимал залалды өтеуге арналған, банктің өзі қалыптастырған резервтің болуы аталады. Атап айтқанда, банктің пайдасының есебінен қалыптастырылатын банктің резерв қорына нақты жіктелген активтер бойынша банктің пайдасынан қалыптастырылған провизиялар кіруі мүмкін.

    Хеджирлеу – инвестордың белгілі бір тәуекел факторына қарама қарсы жайғасымға орналасуы есебінен валюталық, несие және тәуекелдің басқа да түрлерін төмендету әдісі. Егер тәуекел факторы өзін-өзі көрсетсе, онда бір салымның кірістілігі төмендейді, ал екінші салымның кірістілігі көтеріледі. Хеджирлеуде негізгі мәміледе ысырапқа әкеп соқтыратын тәуекел факторлары ықпал ететін жағдайда банк қосымша мәміленің кірістілігін арттыру есебінен осы тәуекелді өтейтін жағдай хеджирлеудің мысалы болып табылады. Хеджирлеуде фьючерстер, своптар мен опциондар көп қолданылады.

    Сапаны басқару - бұл жағдайды алдын ала талдау банк қызметкерлеріне тәуекел туындамай тұрғанда проблемаларды шешуге, ал тәуекел өзін-өзі көрсеткен жағдайда - одан қорғану жүйесін құруға мүмкіндік береді.

    Тәуекелге жол бермеу – тәуекелдің нақты түрін толықтай жоққа шығаратын іс-шараларды әзірлеу, атап айтқанда:

     1.Тәуекел деңгейі шамадан тыс жоғары операцияларды жүзеге асырудан бас тарту.

     2.Қымбат тұратын қарыз қаражатының көп көлемін пайдаланудан бас тарту.

    3.Пайдалылықтың төмендеуіне әкеп соқтыратын жоғары өтімділіктен бас тарту.

    Тәуекелдерді барынша азайтудың осы әдісін мына жағдайларда пайдалануға болады:

    1) егер бір қаржы тәуекелінен бас тарту бұдан да жоғары немесе бір деңгейдегі тәуекелдің туындауынан әкеп соқтырмаса;

    2) егер тәуекелдің деңгейін «кірістілік-тәуекел» шкаласы бойынша қаржы операцияларының кірістілік деңгейімен салыстыруға келмесе;

    3) егер тәуекелдің осы түрі бойынша қаржы ысырабы оларды меншікті ақша қаражаты есебінен өтеу мүмкіндігінен асып кетсе;

    4) егер тәуекелдің белгілі бір түрін туындататын опреациялардан түсетін кірістің көлемі мардымсыз болса, яғни қалыптасатын оң ақша ағынында оның өзіндік құны сезілмесе;

    5) егер қаржы операциясы банкке тән болмай инновациялық сипатта болса және ол бойынша тәуекелдің деңгейін анықтап, тиісті басқарушылық шешім қабылдау үшін қажетті ақпараттық база болмаса.

    Тәуекелді бөлу – осы бағыттың механизмі оларды жекелеген қаржы операциялары бойынша әріптестерге ішінара трансфертіне (беруге) негізделген. Трансферттің негізгі бағыттарына:

     1. Инвестициялық жобаға қатысушылардың арасында тәуекелді бөлуде тұрақсыздық айыбының, айыппұлдардың сомасы мен зиянды өтеудің басқа да нысандары мен шегілген ысыраптың орны толтырылады.

     2. Тәуекелді лизингтік операцияларына қатысушылардың арасында бөлу, мысалы, жедел лизингте пайдаланылған активтің сапасының ескіру тәуекелі, активтің техникалық өнімділігін жоғалту тәуекелі мен тәуекелдің өзге түрлері беріледі.

     3. Тәуекелді факторингтік, форфейтингтің операцияларға қатысушылардың арасында бөлінеді, атап айтқанда, несие тәуекелі басқа қаржы институтына (форфейтинг жөніндегі қайталама компания) беріледі.

    Тәуекелдерді бейтараптандырудың өзге әдістеріне мыналар жатады:

     1. Контрагенттен тәуекел үшін алынатын сыйақының қосымша деңгейін қосымша талап етуді қамтамасыз ету.

     2. Үшінші тұлғалар мен басқа қаржы институттарынан кепілдік алу.

     3. Тәуекелдер бойынша ықтимал қаржы ысырабының қарастырылып

отырған айыппұл санкциялары есебінен өтелуін қамтамасыз ету.

     4. Келісімшарттарда - форс-мажор жағдайларының тізбесін қысқарту және форс-мажордан шегілетін ысырапты сақтандыру компанияларында

сақтандыру [3].   

     Қазіргі уақытта банктік  тәуекелдің болмауы мүмкін емес. Ол кез келген операцияларда көрініс табады, бірақ та әртүрлі көлемде кездеседі. Сол себептен де банк қызметі үшін бастысы – тәуекелді мүлдем жою емес, оны болжау және ең төменгі деңгейіне жеткізу болып табылады. Қорыта келе, банк  қызметі  табысты  болу  үшін,  банк  тәуекелді  бөлшектеу  және нақты  тәуекел  түріне  ең  жақсы  басқару  тәсілін  қолдану  қажет.

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.     Мақыш С.Б. Банк ісі: оқу құралы – Алматы: ИздатМаркет, 2009. – 24б.

2.     Керімбекова Н.Н., Супуғалиева Г.И. Банктік тәуекелдер  және оны басқару: оқу құралы –Алматы: Қазақ университеті,2013. – 4 б.

3.     Искаков Ұ.М. Банк ісі: оқу құралы – Алматы:Экономика, 2013. – 650 б.