Қазақ тілі сабақтарындағы тиімді әдіс-тәсілдер жүйесі

 

Филология ғылымдарының кандидаты ,профессор Кабатаева К.Т.

Педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Баербекова А.Е.

 

Қарағанды қ.,Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті 

 

Тиімді оқытудағы тәсілдер педагогикалық әдебиеттерде және тәжірибеде нақты жағдайлардағы оқу әдістерінің жүзеге асырылуы деп қарастырылады.

Әдіс білім алу мақсатындағы оқытушы мен студенттің іс-әрекетінің өзара байланысын қарастырады. Әдіс оқытуға арналған бағыт, яғни, ол сөйлеу әрекетін тудыратын оқыту стратегиясы. Тіл үйрену барысында жаңа материалды түсіндіру, үйрету, меңгеруді ұйымдастыру мен бақылау, үйрету, көрсету, таныстыру, ойландыру, жаттықтыру әдістерін қолдана отырып, тіл үйренушінің бойында ауызекі сөйлеу, сауатты жазу, өз ойын жеткізе білу, қарым-қатынасқа түсе алатындай дағды мен біліктілік қалыптастыра аламыз. Осындай әдістер мен тәсілдер тек қана сабақ барысында іске асады. Оқытушының сөзі маңызды рөл атқарады. Кез-келген әдіс пен тәсіл оқу мақсатына сай тыңдалып алынады.

Бүгінде тілді оқытуда мынадай әдіс-тәсілдер белсенді қолданылады. Қазақ тілін өзге тілді аудиторияда оқытудың жалпы әдістері: аударма, тікелей оқыту, аралас әдістер деп үшке бөлінеді. Аударма әдісі ана тілінің көмегімен екінші тілді оқытуға негізделген. Аударма әдісінде екінші тіл сөздерінің мағынасы ана тіліне аударылып, грамматикалық құрылысы ана тілінің грамматикалық құрылысымен салыстырылып беріледі. Тікелей оқыту әдісінің мәні – тіл үйренушілерге сөздерді аудармай, нақтылы заттармен көрсетіп, оның атын атап, оларды қайталап отыру болып табылады. Оқытушы бұл әдісті қолданғанда тіл үйренушінің есті, көру қабілетіне сүйенеді. Екінші тілді тікелей оқытуда сабақтар сұрақ-жауаптар, слайдтар, сызбалар, тірек сөздер суретімен (мүмкін болса) көрсетіледі. Бұл әдістің сабақта қолданылуы тіл үйренушілердің сабақтағы белсенділіктерін арттырып, сөздік қорларын толықтыру үшін тиімді болып табылады.

Қазіргі кезде екінші тілді оқытудағы тиімді әдістердің бірі ретінде коммуникативтік әдіс танылып жүр. Тіл үйренушінің коммуникативтік қабілетін дамыту қазақ тілі оқытушысының маңызды мақсаты болып табылады. Ол үшін, біріншіден, сөйлеу әрекетінің төр қызметін (тыңдау, оқу, жазу, сөйлесу) дамытуға арналған жаңа әдістерді меңгеру қажет, екіншіден, қазақ тілінің еркін сөйлеуге үйрететін жаңа оқу материалдары жасалуы тиіс. Тіл үйренушілерге қазақ тілін оқыту үшін оның көптеген шарттары орындалуы тиіс. Олар: шарттар, жағдаяттар, қарым-қатынас мәдениеті, сөйлеу әдебі, сөйлеу мінез-құлқы, фондық білімді білу және т.б. Бүгінде ұсынылып отырған көптеген әдістердің негізінде қызметтік тұрғыдан келу басымдылық танытып отыр. Қазақ тіліндегі ақпаратты танып, оны пайдалану үшін көптеген жағдайларда тіл үйренушілердің жасы, мамандығы, тілді білу деңгейі ескеріледі. Ол үшін оқытушы оқу үдерісін ұйымдастырғанда берілетін материалдардың нақты логикалық құрылымына назар аударуы тиіс және де оқу үдерісін ақпараттарды қолданып мәселелендіру материалды игеруге жол ашады. Бүгінде жоғары белсенділікті дамыту бағытында жасалып жатқан көптеген әдістер бар. Олардың қатарына интерактив, мультимедиалық жобалау және т.б. әдістерді жатқызуға болады. Қазақ тіліне белсенді игерудегі тағы бір коммуникативтік әдіс – пікірсайыс әдісі және рөлдік ойындар әдісі.

Тілді оқытудағы пікірсайыс әдісі қойылған мәселені шешуге саналы түрде келуді көздейді. Ол талқылау, сөйлеу мәдениетін дамытады. Бұл жерде сыни ойлау ұстанымы, тіл үйренушілердің өз беттерінше мәдени шығармашылық жедел ойлауын қалыптастырып, өздерінің алған білімдерін күнделікті өмірлерінде қолдана білуіне жол ашады.

Сонымен қатар, рөлдік ойындар әдісі де тіл үйренушілердің танымдық қызметін белсендірудің бір көзі болып табылады. Оны жеке немесе жобалау әдісімен бірге жүргізуге болады. Белгілі бір рөлге кірген тіл үйренуші мәселесін, жағдаяттарды шешеді. Өзінің коммуникативтік құзыреттілігін сол рөл арқылы көрсетеді.

Сонымен бірге қазіргі кезде тіл үйренуде маңызды рөл атқаратын және тілді игеруде жоғары белсенділікті дамытатын үш әдісті жобалау, коммуникативтік, рөлдік ойындар әдістерін қысқаша сипаттап өттік. Бұлардың барлығы тілді оқытудағы жеке әдістер деп алуға болады.

Ал жалпы дидактикадағы әдістерді алатын болса, оларды сабақтың түріне қойылатын мақсаттарына сай алуға болады. Оларды оқыту ынталандыру, уәждемелеу әдістері оқу қызметтерін ұйымдастыру. Бақылау және өзін-өзі бақылау әдістері деп алып, олардың ішінара жеке әдістерін былай ажыратуға болады: әңгімелесу, көрнекілік, аудиовизуалды, практикалық, мәселелік-іздеу, оқу қызметін өз бетінше басқару, бақылау әдістері. Практикалық әдістер түрлі жаттығулар мен тапсырмалар орындау арқылы іске асырылады. Көрнекілік әдісте түрлі сюжеттік суреттер, кинофильмдер, бейнефильмдер көрсетіледі. Аудиовизуалды әдіс мультимедиялық сабақтарда толығымен қолданылады. Бұл жерде бейне мен дыбыс бірдей жұмыс істейді. Мысалы, іздестіру әдісі жоғарыда атап өткен коммуникативтік, жобалау, рөлдік ойындарда әске асырылады. Ал оқу қызметін өз бетімен басқару әдісі тіл үйренушілердің коммуникативтік жобалау, рөлдік ойындардағы орындалатын тапсырмалар жүйесімен көрінеді. Бақылау және өзін-өзі бақылау әдісі, тестер, бақылау жұмыстарын орындауда іске асырылады.

Қазақ тілін игерудің сапасын арттыруда ерекше рөл атқаратын оқыту тәсілдері. Олар: сөздерді семантизациялау тәсілдері, жаңа лексиканы бекіту тәсілдері, грамматикалық материалдарды түсіндіру, бекіту, сөйлеуді тыңдау арқылы дамыту, дайын және дайын емес сөйлеуді (моналогтік, сұхбаттық, сөйлесу), дамыту тәсілдері, оқу техникасын дамыту тәсілдері, мағыналық оқумен жұмысқа арналған тәсілдер, жазбаша сөйлеуді дамыту тәсілдері қазақша сөйлеуді есту арқылы түсінуге арналған тәсілдер, айтуды тексеру тәсілдері, оқыған мәтінді түсінуді тексеру тәсілдері.

Сөздерді семантизациялау тәсілдерінде тақырыптық-суретті көрнекіліктер қолданылады. Оны әсіресе электронды оқу құралдарында пайдалануға болады. Сөздерді салыстыру арқылы семантизациялауда екі тілдегі сөздердің мағыналары ашылып көрсетіледі. Синоним, антонимдерді қолдануға болады.

Мағынасы қиын, бұрын кездеспеген сөздерді аудару арқылы семантизациялау, бір түбірлі сөздерді таңдау контекст бойынша мағынасын түсіну сияқты тәсілдерді қолдануға болады.

Жаңа лексиканы бекіту тәсілдері сөздерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді, байланыстырылған мәтінді аудару, берілген сөздерді пайдаланып, сөз тіркестерін, сөйлемдер құру, формасы өзгертілген мәтінді сөздерді дұрыс пайдаланып қайта құру, сөйлемдерді толықтыру, жаңа лексиканы пайдаланып сұрақтарға жауап беру, сөздерді айтып, дұрыс мағыналарын пайдалануға жаттығу. Мысалы (бастауыш деңгей үшін):

1) Көрнекілік арқылы жаңа лексиканы бекіту;

2) Берілген суреттер мен сөздерді мағынасына қарай сәйкестендіру.  

 

Оқу

 

Отыру

 

Сыйлау

 

Жазу

 

Грамматикалық материалды түсіндіру және бекіту грамматикалық материалды (бастауыш деңгейде)  ана тілінде түсіндіруге болады. Жаңа грамматикалық материалды таныс тілдік құбылыс арқылы түсіндіру. Тілдік модель және дайын ережелерді пайдалану, ойын арқылы түсіндіру. Мысалы, есім сөздердің түрлерін парадигмасын былай түсіндіруге болады.

Есім сөздер сияқты түрленетін (көптік, септік, тәуелдік жалғауды қабылдайтын) қимылдың мезгілге, шаққа қатысын білдіретін етістіктер түрін есімше деп атаймыз. Есімшенің жасалу жолдары:

1. - ған, - ген, - қан, - кен: барған, келген, көрген, айтқан.

2. - атын, - етін, - итын, - итін: баратын, келетін, көретін, айтатын, т.б.

3. - ар, - ер, -р: барар, келер, көрер, айтар, т.б.

4. - с: бармас, келмес, көрмес, айтпас, т.б.

Есімше жұрнақтарынан кейін: - ша, - ше (алғанша, көргенше), - дық, - дік, - тық, - тік (оқығандық, білгендік), - дай, - дей (сөйлегендей, болғандай) жұрнақтары жалғанып туынды сөз жасалады.

Түсіндірілген грамматикалық материалды бекіту тәсілдері мынадай болады: берілген үлгі бойынша сөз тіркесін, сөйлем құрастырыңыз, мәтіннен өтілген грамматикалық тұлғаны табу, т.с.с.

1) Қарамен жазылған сөздерге назар аударыңыз.

·                        Айтқанға сене салатын, екі нәрсені байыптап байқамайтын адам? (аңқау).

·                        Жан-жағына жақсылық жасап жүретін адам? (мейірімді).

·                        Қолында барын аямайтын адам? (жомарт).

·                        Қыста қар сұрап ала алмайтын адам? (сараң).

·                        Көп сөйлеп, айналасындағылардың мазасын алатын адам? (мылжың).

·                        Қиыстырып тауып сөйлейтін сөзге шебер адам? (шешең).

·                        Біреуге жамандық, пәле ойлап жүретін адам? (арам).

·                        Тез ашуланатын адам? (ашуланшақ).

·                        Жан аямай жұмысты жақсы, саналы істейтін адам? (еңбекқор).

·                        Әркімнің сыртынан жаман сөз айтып жүретін адам? (өсекші).

 

2) Берілген мәтіннен есімшелерді теріп жазыңыз.

3) Берілген мәтіндегі етістіктерге есімше жұрнағын жалғап, сөз тіркестерін құрыңыз.

Үлгі: дараланады – дараланған – дараланатын – дараналар –

дараланбас. Дараланған тұлға.

4) Көрсетілген грамматикалық тұлғаны пайдаланып сұрақтарға жауап беріңіз.

5) Берілген мәтіннен қажетті грамматикалық тұлғаны табыңыз.

Сөйлеуді тыңдау арқылы дамыту, дайын және дайын емес сөйлеуді (монологтік, сұхбаттық сөйлесу) дамыту тәсілдері.

Оқытушының ауызша тапсырмаларын орындау, мәтінді дыбыстық жазбадан тыңдау, мәтінді дыбыстық жазбадан жазба мәтінге қарап, қарамай тыңдау; өзгелерді тыңдау, оқиғаны айтып беру, оқығанын немесе тыңдағанын қысқаша айтып беру, оқығанын немесе тыңдағанын таңдау бойынша айтып беру, грамматикалық тапсырмаларды орындай отырып мазмұндау, тақырып бойынша сөйлемдер құрастыру.

·                        Мәтінді зейін қойып тыңдау;

·                        Мәтін мазмұны бойынша берілген сөйлемдерге сұрақ қою;

·                        Мәтін бойынша сұхбаттасу.

Оқу техникасын дамыту тәсілдері, мағыналық оқумен жұмысқа арналған тәсілдер. Дұрыс айту үшін үлгіні тыңдау және оны қайтадан жаңғыртып айту, мәтінді толық үлгі үшін тыңдап шығу, мәтіндегі кейбір сөйлемдерді тыңдап, айтып шығу, оқиға бойынша сұрақтарға жауап беру.

·                        Мәтін мазмұнын тыңдап, қажетті айтылымдарды табу.

·                        Мәтін мазмұны бойынша қойылған сұрақтарға жауап беру, т.с.с.

Жазбаша сөйлеуді дамытуға арналған тәсілдер. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беру, тақырып бойынша сұрақтарға жауап беру, жоспар құру, мінездеме жазу, тірек сөздер арқылы әңгіме құрастыру, берілген тақырыпқа әңгіме жазу, тыңдаған мәтін бойынша әңгіме жазу, қысқаша мазмұндау, толық мазмұндау, мәтінді өз бетінше аяқтау.

·                        Мәтінді тыңдай отырып, бос орындарға қажетті сөздерді қою.

·                        Мәтінді еске түсіріңіз және берілген сөздер мен сөз тіркестерінің баламасын жазу.

·                        Мәтіннен тірек сөздерді теріп жазу, т.с.с.

Қорыта айтсақ, осы мақалада тәжірибеден алынған біршама әдіс-тәсілдермен бөлістік. Әр оқытушы өзінің біліктілігі мен мүмкіндігіне қарай дамытуы мүмкін.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – А. 2005.

2.Рыжов В.Н. Дидактика – М.: ЮНИТИ – ДАНА. 2004.

3.Мұхамбетқалиева М.А. «Тіл үйрену және құзыреттілік» 4.Республикалық-ғылыми әдістемелік журнал. №5 – 2013.

5.Қалмұқашева Б. Сөйлеу мәдениеті және шешендік өнер. Оқу-әдістемелік құрал. – Астана. Нолиант, 2010 – 168б.