БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ КОМУНИКАТИВТІК ДАҒДЫЛАРЫН КӨРКЕМ ШЫҒАРМА АРҚЫЛЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

ФОРМИРОВАНИЕ КОМУНИКАТИВНЫХ НАВЫКОВ ПОСРЕДСТВОМ ХУДОЖЕСТВЕННОГО ПРОИЗВЕДЕНИЯ У УЧАЩИХСЯ НАЧАЛЬНОЙ ШКОЛЫ

 

FORMATION OF COMMUNICATIVE SKILLS BY MEANS OF THE WORK OF ART AT PUPILS OF ELEMENTARY SCHOOL

Ж.Б.Карашева

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, БОӘмТ, 1курс докторанты

 

Ж.Б.Карашева

Казахский национальный педагогический университет имени Абая, ПМНО, 1курс докторант

E-mail: zhkb89@gmail.com

 

Аңдатпа

            Мақалада бастауыш сынып оқушыларын көркем шығарма арқылы коммуникативтік, тілдік дағдыларын қалыптастыру, әрі теориялық, әрі қолданбалы жүйесі және жаңартылған бағдарлама аясында оқушының өз ойын ашық айтуға, басқа адамның ойын дұрыс қабылдауға, коммуникативтік дағдылары ең әуелі мектептегі оқыту үрдісінде қалыптасатындығы қарастырылған.

            Кілт сөздер: Коммуникация, коммуникативтік дағды, стандарт, технология.

 

 

 «Қазақтың ел болуы, ұлт тағдыры - оның келешек мектебінің қалай болып құрылуына тіреледі»  

Н.Ә.Назарбаев

 

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта терең білім, сауатты ұрпақ тәрбиелеу - негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Яғни әлемдік саяси аренада Қазақстан Республикасының өзіндік салмағын пайымдау оның ұлтық білім жүйесінің жоғарғы дәрежеде дамуымен байланысты.

Әдебиетті оқыту - ғылым саласымен тығыз байланысқан. Себебі, ғылымның қай саласын алсаңыз да теорияны  және қолданбалы практиканы қажет етіп тұрады, әдебиетті оқыту арқылы оқушыға көркем шығарманы оқытуды қалыптастыру әрі теориялық, әрі қолданбалы жүйесін бірлікте қарастырумен қатар оның өнер екендігін де ескерген жөн. Өйткені игерілуге тиіс ұғым, сөздің мәні, айтылмақ ойы, түсінігі оқушыға әсер етерліктей болса, ол тиісті деңгейде көңіл толқытып, тереңірек ойланады. Сондай-ақ әсер санаға ерекше ықпал етеді. Әсердің нәтижесі бір жағынан пәнге деген қызығушылықты арттырып, көркем шығарманы оқуға талпындырады.

Әдебиет - сөз өнері. Барлық сөзді тізе берсең әңгіме, жыр шықпайды. Адам жүрегін тербетіп, ақылын таразылап, тілін кестелеп айтқан сөз орнында тұрса ғана әдебиет деген өнер пайда болады. Ғылыми тұжырымда әдебиет «Адамтану құралы», ал әдебиет пәні «адамды тәрбиелеу құралы», - делінген.

Белгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Қ.Жұмалиев: «Көркем шығарма - әдебиеттің құндылығы. Көркем шығарманы оқыту - оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру», - деген болатын [1].

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Бастауыш білім берудің мақсаты – оқу, жазу, есептеу дағдыларын меңгерген, оқу-танымдық, еңбек, қарым-қатынас әрекеттеріне ынта-ықыласы қалыптасқан, рухани-адамгершілік, ұлттық-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаның қалыптасуы мен дамуына мүмкіндік жасау», – деп анықталған [2].

Коммуникативтік, тілдік дағдыларды қалыптастыру дегеніміз – педагог-ғалым Ж.Аймауытовтың сөзімен айтқанда: «баланы сөйлеуге, басқалардың сөзін ұғуға, өз бетімен жазуға, оқуға төселдіру. Бірақ бұл мағынасыз әдеттендіру, құрғақ төселдіру емес, тілге жаттықтырумен бірге баланы ойлауға да жаттықтыру» болып табылады.

Ал, М.Жұмабаевтың айтуынша, «баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байытатын – мектеп». Олай болса, коммуникативтік дағдылар ең әуелі мектептегі оқыту үрдісінде қалыптасады.

«Коммуникативтік дағды» ұғымының мән-мағынасына тоқталатын болсақ, онда бірізділіктің  жоқтығы  байқалды. Себебі, бір еңбектерде «тілдік дағдылар» деп қолданылса, екіншілерінде «коммуникативтік дағдылар», үшіншілерінде «коммуникативтік қабілет», кейінгі қолданыста «коммуникативтік құзыреттіліктер», - деп аталып жүр.

«Коммуникативтік құзыреттілік» (латынның «соmpetere» — қол жеткізу, сәйкес келу, сөзінен шыққан) — қажетті тілдерді, қоршаған адамдармен және оқиғалармен әрекеттестікте болу тәсілдерін білуді, топта жұмыс жасау дағдыларын, ұжымдағы әр түрлі әлеуметтік рөлдерді меңгеруді қамтиды. Оқушы хат жаза, анкета толтыра, арыз жаза, сұрақ қоя, пікір таластыра т.б. білуі тиіс. Коммуникативтік құзыреттілік — екінші тілді үйренуші оқушыларға тілдің заңдылықтарын жаттанды үйретпей, сол тілді тілдік және қатысымдық тәсілдерді орынды қолданумен байланыстыру. Коммуникативтік құзыреттілік жеке тұлғаның рухани өсуін қалыптастырады, адамдарды түсіне білуіне көмектеседі[3].

Коммуникация латынның «communication» сөзінен шыққан, латын тілінен аударғанда, қарым-қатынас орнату, байланыс жасау, бір-бірімен араласу, қатысу деген ұғымды білдіреді.

«Коммуникация» термині қоғамның кез келген саласында кездеседі. Мектеп жағдайында мұғалім мен оқушының байланысқа түсуін атап өтуге болады.

Дағды адам әрекетінің қай-қайсысында да ерекше орын алады. Дағдының  арқасында біздің санамыз қызметтің түпкілікті, шешуші кезеңдеріне жұмылдырылып табысты болуын қамтамасыз етеді. Қандай да болмасын дағдыға бала басқалармен қарым-қатынас жасау барысында үйренеді. Бастауыш сынып оқушысы үлкендердің істеген әрекеттерін көріп бақылап, оған еліктейді, кейін оны өзі істей бастайды. Ал, оқытуда мұғалім дағдыландыратын әрекеттерін арнайы көрсетеді, түсіндіреді, оқушылар оның орындалуын бақылайды.

Бастауыш сынып оқушысының сөйлеу әрекетін қалыптастыратын коммуникативтік немесе тілдік дағдыларға: тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым дағдылары жатады. Осылардың ішінде басқа дағдыларды қалыптастырудың негізгі алғышарты – тыңдалым әрекеті болып табылады [4].

Осыған орай коммуниктивтік дағдыларды қазіргі таңдағы жалпы орта білім беретін мектептердегі жаңартылған бағдарлама аясында талдап, қарастыратын болсақ қазақ әдебиеті сабағында «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясының әдіс-тәсілдерін пайдалану өте тиімді деп ойлаймыз. Себебі, бұл технология бойынша өткізілген сабақтар үрдісінде оң өзгерістер мен нәтижелер кездеседі.

«Сыни тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясының негізгі қағидалары  шығармашыл тұлғаны  қалыптастыруға бағытталғандығын ескеріп, әдебиет сабағына тиімді технология екенін байқаймыз. Оқытуды жеке тұлғаға бағыттау арқылы кез келген сабақтың дамытушылық, тәрбиелілік мүмкіндіктерін пайдаланып және осы жүйені қолдану барысында әдебиет сабағында оқушының шығармашылық қабілеттерін дамыту ойдағыдай жүзеге асырылады. Әдебиет сабағы - терең білім беретін, тіліңді дамытатын, сөздік қорыңды байытатын, өз ойыңды еркін айтатын пән.

Әдебиет сабақтарын «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясының  стратегияларын қолдану арқылы оқыту, яғни сыни тұрғыдан ойлау тәсілін іс-тәжірибеге енгізу нәтижесі жеткіншектердің бойында мынадай іскерліктер, дағдылар  қалыптастыруға болады.

ü Әрбір оқушының өзіндік жеке ойы, өмірге деген көзқарасы және ойлау қабілетімен ерекшеленеді ;

ü Жеке дауысты (кейіпкер,жазушы,бірге оқитын оқушы) қабылдауға үйренеді;

ü Ойын жаңа ақпараттар арқылы білдіреді (мағынаны тану кезеңінде)

ü Өз ойларын толық, дұрыс тұжырымдайды;

ü Өз біліміне сүйеніп, мәселенің шешімін дұрыс тауып, ойын жеткізе біледі, яғни «Мен» деген сөзді ұғады[5].

Бастауыш сынып оқушыларын  жеке тұлға ретінде ала отырып, олардың іс-әрекет түрлерін мақсатты қалыптастыру, өздік, дербес ізденуге баулимыз, әр оқушыны өз бетінше көркем туындыны оқуға, талдауға, бағалауға жетелейміз. «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы дайын білімді қайталап айту емес, оны өз белсенділіктері бойынша алуға тәрбиелейді. Оқушылардың өзіндік жұмысына мақсатты бағдарлар, айқын міндеттер қойғыза білуге үйретеміз. Әдебиет сабақтарында проблемалық сабақтарды бөліп алу, әзірлеу, талқылау, өзіндік қорытынды жасау, өздігінен анализ жасау, синтезге, бағаға жету, өзін-өзі бақылау жұмыстары балаларды шығармашылыққа, коммуникативтілікке, жүйелі білімге жетелейді.

Сондай-ақ жаңартылған оқу бағдарламасы бастауыш сыныптан бастап оқушының өмірге деген өз ойын еркін айтуға үйретеді, жаңа білім бойынша өз жобаларын, модельдерін, болжамдарын тыңдап, талқылауға салады, өзіндік қорытындылары, оның қаншалықты ғылыми, шындыққа жақын екенін саралайды, білімді өз бетімен алуға деген ынтасын, шығармашылық жұмыстарға қабілетін, танымдық белсенділігін арттырады, білім дәрежесі деңгейін саралайды, бір-бірімен ынтымақтастығы, пікірлерін айта білуі, қорғай білуі, айтыса білуге қалыптасады, оқушыларда жазу кезінде ғажайып ойлар пайда болады. Сонымен қатар өзінің және өзгелердің пікірі мен тәжірибесіне құрметпен қарауға үйренеді. Оқушы өз әрекетін, ойлау қабілетін дамытады және ол кітап оқыған кезде өз ойын тұжырымдайды, өз ойымен, іс-тәжірибесімен, пікірлерімен бөлісуге үйренеді, топпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, жұмыс барысында пікір алмасу арқылы оқушының өз ойын ашық айтуға, басқа адамның ойын дұрыс қабылдауға үйренеді.

2012-2015 жылдары өзгертілген білім стандартында «Тіл мен әдебиет» білім беру саласындағы пәндердің мазмұнында сөйлеу әрекетінің төрт түрі бойынша дағдыларды дамытуға бағытталған коммуникативтік тәсілді қолдану көзделеді. Тілдік пәндердің мазмұны ойын және танымдық іс-әрекеттер арқылы білім алушылардың бойында тілдерді үйренуге деген қызығушылығы мен оң қатынасын дамытуға, сондай-ақ ақпарат алмасу, тілдік материал ретінде мәтінмен жұмыс істей білу, фразалар мен сөз орамдарының мәнін түсіну және оларды нақты жағдайлар кезінде қолдану үшін бастапқы коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға бағытталғанын көруге болады. Осындай жас ұрпаққа жан-жақты білім беруді жүзеге асыруда жаңартылған бағдарлама негізінде пәндік білімімізді арттыру өте қажетті және көп жаңалық әкеледі, - деген тұжырым жасауға болады.

Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер жекелеген құбылыс немесе дағды емес.  Осы іске тартылатын тетіктер мыналар: оқыту әдісін таңдау: жүйелі ойлауға үйрету; оқушының талантын зерттеу және анықтау;  сандық технологиялар саласындағы жоғары құзыреттілікті дамыту болып табылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 327 қаулысына қосымша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген «Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында» білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптардың ішінде «Тіл және әдебиет» саласы бойынша бастауыш білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелері бірінші тіл (оқыту тілі), әдебиет пәнінде тыңдалым және айтылымда білім алушы әңгімелесудің, оқылған немесе тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсінеді және жеткізе алады, сөйлеу барысында синонимдерді, антонимдерді, омонимдерді, тура және ауыспалы мағыналы сөздерді саналы түрде қолданады, мәнерліліктің эмоциялық-реңкті құралдарын қолдана отырып, әңгімелеу және сипаттау мәтіндерінің мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін пайдаланады; көркем шығармалардың мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін қолданады, тыңдағандарына және оқығандарына қатысты пайымдайды, өз ойымен және эмоциясымен бөліседі; логикалық дәйектілікті сақтай отырып, өз көзқарасын дәлелдейді, берілген тақырып пен коммуникативтік берілген нұсқауға сәйкес өзара байланысқан, логикалық тұрғыдан дәйектелген дербес пікір білдіреді; тілдік қатынастың әртүрлі тәсілдерін қолдана отырып, диалогқа қатысады; оқылған, тыңдалған ақпараттың негізінде қазақ халқының және өзге де халықтардың рухани-адамгершілік құндылықтары туралы түсінікті талдайды [6].

Қорыта айтар болсақ, қазіргі заман талабына сай болашақ ұрпақтың оқып білім алуын еліміз бірінші орынға қойып отыр. Білім беру мен білім алудағы атқарылатын қарқынды жұмыс ұстаздарың еншісінде екені айтпаса да белгілі.  Осы орайда ұлы педагог Ушинскийдің  «Бала – балқытылған алтын» деген қанатты сөз бірден ойға түседі. Оқу мен оқытудағы жаңартылған бағдарламаның  «жеке, жұптық, топтық», «кері байланыс», «оқу үшін бағалау», «оқуды бағалау», «сыни тұрғыдан ойлау» және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жаңалықтың тиімділігін көруге болады. Оқушы өз ана тілінде ойлауға, сөйлеуге, басқалардың сөзін ұғуға, өз ана тілінде сауатты жазуға, дұрыс оқуға бағыт алатын мекені – бастауыш мектеп. Олай болса, бастауыш білім беру мазмұны оқушыны тұлға ретінде қалыптастыра отырып, оның, ең алдымен, өз ана тілінде ауызекі және жазба тілде сауатты сөйлеу, ересектермен, сыныптастарымен еркін қарым-қатынас жасай білу, өз пікірін жеткізе білу, дұрыс оқу және сауатты жазу, т.б. дағдыларын, соның нәтижесінде өздігінен білім алу, алған білімін өмірлік жағдаяттарға сәйкес қолдана білуін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан оқушыларымыз жаңа заман талабына сай білімді, жан-жақты, қазақ тілінде өзіндік ой-толғамын жеткізе алатын, кез келген адаммен тілдік қарым- қатынасқа түсе алатын, коммуникабельді, мәдениетті, өмірге икемделген тұлға болуы үшін оның бойында коммуникативтік дағдыны дамыту және қалыптастыру ұстаздың қолында.

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Ә.Б.,Қара, А.Нұрсали «Бастауыш сынып оқушыларының коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру». 31наурыз, 2017ж.

2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. – Астана, 2011ж. 

3. Левитан, К.М. О содержании понятия «коммуникативная компетентность». Перевод и межкультурная коммуникация. / К.М. Левитан. Екатеринбург.: Издательство АБМ, 2001ж. № .2.89-91б

4. Оразбаева Ф.Ш. «Тілдік коммуникация негіздері.» – А.: «Рауан», 1995ж.

5. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК, 2012ж.

6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 327 қаулысына қосымша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген.