Рапишева Жанат Дабыловна, фил.ғыл.,канд., Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік
университетінің доценті
Уажанова Зафура, Е.А.Букетов ат. ҚарМУ
филология факультетінің магистранты,
Қазақстан
ТІЛДІК ТҰЛҒАНЫҢ
ҚАЛЫПТАСУЫНА ӘСЕР ЕТЕТІН ФАКТОРЛАР
ХХ ғасыр ғылымда
тілдік тұлғаға деген қызығушылықтың
артып, осы тақырыпта зерттеу еңбектерінің көптеп
жазылуымен ерекшеленеді. Лингвистикада тілдік тұлғаны зерттеуге
деген қызығушылықтың артуының негізгі
себептерінің бірі сөйлеу, қарым-қатынас жасау
актісіндегі өзгерістерге байланысты болып табылады. Сонымен қатар тілді жасаушы,
ұстанушы, пайдаланушы – адамға назар аудармай, тілдің
өзін тану мүмкін еместігі жайындағы көзқарастардың зерттеушілер тарапынан кең қолдау
табуда. Әлеуметтік қатынастар субъекті әрі әлеуметтік
мәнді қасиеттердің иесі ретінде әрбір адам – жеке адам
болып сипатталатыны белгілі.
Адам – таным субъектісі, іс-әрекет субъектісі, өмір
жолының субъектісі. Адам
өмірінің мәні – стратегиялық бағыты,
тәсілі, ұстанған бағыты, болашақ
бағдарлары, келешек дамуы. Ал «Мен» дегеніміз – «Біз» атты
психологиялық мәртебеге ие тұлғаның
әлеуметтік сапасы. Адам тұлға ретінде мәдениетті
тудырады және сонымен өмір сүреді. Тұлға халықтың,
этностың мәдени дәстүрінің даму болашағында
қарастырылады. Адамның адам болып өмір сүруі үшін
мәдениет шегінде қалыптасқан
мәдени-антропологиялық прототип қажет. Мәдениет
концептілері – кеңістік, уақыт, тағдыр, өмір,
құқық, байлық, еңбек, бақыт, сенім,
ар, тәртіп, күнә, жұмақ, тозақ, өлім
тағы басқалар құндылықтар жүйесінің
өзіндік белгілерін білдіреді және әлеуметтік
мінез-құлық пен әлемді қабылдаудың
үлгілерін көрсетеді. Бұл – тілдік тұлғаны
қалыптастыратын ерекше координаттар жүйесі.
Тұлға дегеніміз –
ең алдымен адамның әлеуметтік табиғаты, ал
адамның өзі әлеуметтік-мәдени өмірдің
субъектісі ретінде қарастырылады. Атақты американ психологы
А.Маслоу адамды сыртқы өмірге ешқандай бағынбайтын ішкі
табиғаттың болмысы ретінде таниды. Тұлғаның
қалыптасуы дегеніміз – өзін жан-жақты жетілдірген тұлға
ретіндегі идеалға қарай ұмтылыс. Сондықтан тілдік
тұлғаның сипатын, оның ерекшелігін танытатын факторлар
негізінде зерттеуге арналған еңбектер қатары көбейе
түсуде.
Тұлғаның
жекелік қасиеті – бұл жеке адамның өз басына ғана
тән, қайталанбас қасиеті, оның тұлға болып
қалыптасуы, өсуі, айналасындағы басқа адамдарға
ұқсамауы. Бұл тұлғаның таным
қажеттілігі мен өзіндік сананың дамуын білдіретін
танымдық, рухани қарым-қатынас пен түсіну, мойындауды білдіретін коммуникативтік, өзін
көрсету, өзін-өзі мойындату және
шығармашылық іс-әрекетін білдіретін конструктивтік
қажеттіліктерінен көрінеді. Қоғамда
тұлғалардың жекелік қасиеттерге ұмтылуы одан
әрі дамып, қоғамның әрбір мүшесі
басқаларынан өзгешелене береді. Қоғамдағы
тұлғалық фактордың өсуі ерекше
әлеуметтік-психологиялық стереотиптің пайда болуына
әкеледі. Осыған байланысты тілді меңгеру
тұлғаның маңызды компоненті ғылыми
деректерге негізделіп, кешенді түрде қарастырылды. Қазіргі
таңдағы орыс және қазақ тіл біліміндегі тілдік
тұлғаны қалдырған мұралары негізінде зерттеген
еңбектердің бағыттары шартты түрде топтастырылып,
«тілдік тұлға» теориясы аясында ғаламның тілдік
бейнесінің «ұлттық» және «жеке» сипаты зерделенді.
Сондай-ақ тілдік тұлғаның қалыптасуына әсер
еткен факторлар сараланып, оның аялық білімін көрсететін
дискурсындағы басқа тілден енген сөздердің
қолданылу ерекшелігі мен тарихи контексті беретін сөздер оның
тұлғасын қалыптастырудағы мәніне байланысты
айқындалды.
Тіл ғылымында тілді
тұтынушы адамға, шығармашылық
тұлғаға деген қызығушылық күшейіп,
қазіргі таңда жаңаша зерттеулердің өзегіне
айналған, ғалым Ю.Н.Караулов еңбектерінде [1], [2]
жүйеленген «тілдік тұлға» теориясы қалыптасты.
Қазіргі орыс тіл білімі мен
қазақ тіл білімінде төмендегідей бағыттарда
қарастырылып келеді деп шартты түрде белгілейміз:
1) нақты тұлғаның тілін оның когнитивтік
және прагматикалық интенцияларын назарға ала отырып талдау;
2) көптеген ғылыми
еңбектерде тарихи
тұлғалар тілін диахрониялық тұрғыдан сараптау
орын алған;
3) бөлек-бөлек мәтіндер негізінде тілдік
тұлғаны модельдеуге арналған зерттеулер де пайда бола
бастады;
4) шығармадағы кейіпкерлердің тілдік
тұлғасын ашу арқылы шығарма авторының тілдік
тұлғасына шығуды мақсат тұтқан зерттеулер де
кездеседі;
5) тілдік тұлға бойындағы қасиеттерді оның
ұлттық болмысына сай қарастырған еңбектер.
Қазіргі жаһандану
жағдайындағы ақпараттар ағыны толастамай, үдей
түскен уақытта өмір сүріп отырған тілдік
тұлғаның аялық
білімінің бұдан біраз жылдар бұрынғы оқырманнан
өзгеше екендігі аян. Тілдік тұлғаны қалыптастырушы
факторлар ретінде:
– отбасы мен алған
тәрбиесі, білімі;
–
қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар;
– жаңа білім алуға
құштарлығы мен қызығушылық
ауқымының дамып отыруы;
– қоғамға
танымал адам болуымен қатар әлеуметтік маңызды адам болу;
– сөйлеуде тілдік
қазынаны пайдаланумен қатар жаңа үлгілерді жасай білуді
айтуымызға болады.
Тілдік тұлға
дегеніміз, ол тілді нақты қолданушының жіктеме
белгілерінің жиынтығы емес, аялық білімнің де
көрінісі. Ол, сонымен қатар, әлемнің тілдік
көрінісі негізінде анықталатын суреткердің таным
әлемі. Жоғарыда
айтылған факторлар негізінде қалыптасқан тілдік
тұлға – сөз жұмсау ерекшелігі арқылы
көрінетін әлеуметтік, психологиялық және этикалық
компоненттердің жиынтығынан тұратын адам [3, 39-40].
Зерттеушілер тілдік
тұлғаның қалыптасуы үш экстралингвистикалық
фактордың: әлеуметтік, ұлттық-мәдени және
психологиялық факторлардың ықпалына
бағынатындығын атап көрсетеді. Жеке адам өмір
сүретін кез келген жағдай алдымен қоғам реттеп отыратын
нормалар мен заңдылықтарға бағынатын әлеуметтік
жағдай болып табылады. Бір жағынан, тілдік тұлға сол
жағдайларға мойынсуға міндетті. Екінші жағынан
алғанда, өзі сол қоғамның мүшесі болып
табылатындықтан, болып жатқан оқиғаларға деген
жеке көзқарасын, тұлғалық ұстанымын білдіру
үшін саналы түрде жалпы нормаларды бұзуға
қабілетті [16, 10].
Жалпы, тілдік тұлға
дегеніміздің өзі ұлттық тіл ортасында,
ұлттық құндылықтар арасында тәрбиеленген,
ұлттық рух пен ұлттық тілді толық меңгерген
жеке адам, бүкіл ұлттық болмысты бойына
жинақтаған индивид. Тілдік тұлға мәселесіне
қатысты ресей ғалымдарымен қатар, қазақтың
тілші ғалымдары да нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.
Қазіргі таңда көркем әдебиет тілін таным
тұрғысынан қарастыру, қаламгерлердің сөз
қолдану ерекшелігі мен автор бейнесі ретінде ғаламның тілдік
бейнесін жасаушы жазушының тілдік тұлғасын талдау
бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр.
Тілдік тұлғаның
айқындалуы барысында адамды өзгелерден ерекшелеп тұратын өзіндік
қасиет – жекелік фактор маңызды рөл атқарады.
Жекелік фактор алдымен өзін-өзі танудан көрінеді.
Адамның тілді өз деңгейінде игеруге қадам жасауына жеке
өзіне байланысты себептер, белгілі бір мақсаттар, адамның
қоғамдық жүйедегі өзінің орнын сезіну,
жекелік және топтық сәйкестіктегі өзіндік «мен»
проблемасы әсер етеді. Жеке адам мен ұлт тағдыры бірлікте
қарастырылып, түсіндіріледі.
Тілдік
тұлғаның қалыптасу үрдісі адамның жалпы
интеллектуалдық деңгейінен, парасат биігінен бастау алып,
оның тұлғалық мінезінің құрылымын,
саяси, қоғамдық, психологиялық және т.б.
ерекшеліктері түзеді. Бәрінің негізін
тұлғаның ұлттық болмыс-бітімін,
ұлттық-рухани құндылығын, ұлтжанды сезімін,
қоғамдық ой биігін сипаттайтын рухани қажеттілік құрайды.
Екінші бір қажеттіліктің бірі – ұлттық тәрбие
арқау болған отбасылық тәрбие үрдістері, тектілік
ұғымының ана сүтімен санаға сіңірілуі.
Кез келген жеке
тілдік тұлға қоғамдық өмірдің
түрлі саласында қарым-қатынас жасайды.
Қарым-қатынастың барлығы «сөз» атты күрделі
құбылыс арқылы жүзеге асады. Сөз адамның
сауаттылығы мен жалпы мәдениетінің ең жоғары
маңызды көрсеткіші болып табылады.
Әдебиеттер тізімі:
1 Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. – М.: Едиториал УРСС,
2004. – 264 с.
2 Караулов Ю.Н. Русская языковая личность и задачи ее изучения // Язык и
личность. – М., 1989. – Б. 129-140.
3 Әділова А.С.
Қазіргі қазақ көркем шығармаларындағы
интертекстуалдылықтың репрезентациясы, семантикасы,
құрылымы. Фил... автореф. – Алматы, 2009. – 53 б.
4 Уәли Н. Қазақ сөз
мәдениетінің теориялық негіздері. Филол. ғыл. докт.
дисс. автореф. – Алматы, 2007. – 50 б.