ЭВФЕМИЗМДІК МЕТАФОРАЛАРДЫҢ КӨРКЕМ
ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ ҚОЛДАНЫСЫ
Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы, фил. ғыл. канд.,
доцент
Ерғали Гүлден Батырланқызы, студент
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қазақстан
Эвфемизмдер
және олардың жасалу жолдары лексикологиядағы ерекше назар
аударатын негізгі мәселелердің бірі. Жалпы тіл білімінде
түркі тілдеріндегі, атап айтар болсақ қазақ тіліндегі эвфемизм
құбылысын алғаш зерттеу нысанасына алған ғалымдардың
бірі Ә.Ахметов. Ғалым
бұл еңбегінде табу мен эвфемизмді этнографиялық
лексикаға жатқызған: «Кез келген этнографиялық
лексиканың сыртында белгілі бір этнографиялық
ұғымдардың тұратыны сияқты табу мен
эвфемизмнің сыртында да олармен ұштасып, астарласып жататын
этнографиялық ұғымдар, атап айтқанда,
дәстүрлі наным-сенімдер, мифтер, әдет-ғұрыптар,
салт-дәстүрлер, қоғамда қалыптасқан тіл
мәдениетімен байланысты этикалық нормалар тұрады» [1,176].
«Эвфемизм
табу сияқты үрейленуден туған сенімге негізделмейді,
сыпайыгершілік пен әдептілікке негізделеді. Демек, қазіргі кездегі
қолданылып жүрген эвфемизмдер бүгінгі таңдағы
өскелең халқымыздың қалыптасқан
этикалық және эстетикалық нормаларының күнделікті
нақ көріністері деп есептеледі. Сондықтан табу мен
эвфемизмдерді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі
мақсаттан шыққан» [2,125-126] деп, Ә.
Болғанбайұлы, Ғ Қалиұлының
еңбегінде эвфемизмді
құбылыс ретінде қарастырып, оның өзіндік
еркшеліктерін көрсетеді.
Ал
ғалым М.Жұмағұлова:
«Әдеттегі эвфемизмдер жеке адамдар арасындағы коммуникативтік
қолайсыздықты (коммуникативтік дискомфорт) болдырмауды
көздейді де, жеке бастық қатынасқа тән
сипатқа ие болады. Ал газет бағаналарындағы эвфемистік
формалардың әлеуметтік сипаты басым болады» - деп
санайды [3, 19].
Яғни,
көркем шығармада жазушылар кейіпкер бейнесін толықтай ашып
көрсету үшін эвфемизмдерді жиі қолданады. Эвфемистік
мағынаның басты қызметі – дөрекі, тұрпайы,
айтуға қолайсыз сөздерді алмастырып, тыңдаушыға
сыпайы түрде жеткізу.
Эвфемизмдердің
жасалу жолдары. «Моральдық, этикалық нормалармен қатар
өлімге, анатомия мен физиологияға, ресми цензураға, отбасына,
өрескел қылықтарға және тіл мәдениетіне
байланысты пайда болған эвфемизмдер сөздік құрамның
өзгеріске ең жиі ұшырайтын жылжымалы тобын
құрайды және жаңа сөз тудырудың ең өнімді
көздерінің бірі болып табылады. Троптар сияқты олар да
ауыспалы мағына тудыратын ең өнімді тәсілдердің
бірі. Таза поэтикалық троптармен қатар тілде эвфемизмдік
мағынада жұмсалатын троптар да кездеседі.» [4, 96]
Осы
троп түрлерінің ішіндегі эвфемистік мағынада ең жиі
жұмсалатыны эвфемистік метафоралар. «Метафора сөздердің тура
мағынасынан емес, ауыспалы мағынасынан туындайды. «Қос
түйме омырауда жарасып тұр»
деген сөйлемдегі қос
түйме поэтикалық мағыналы метафора болумен бірге астарлы
мағыналы эвфемизм де болып тұр.» [4, 96]
Ғалым
Ә.Ахметовтың негізге
алынып отырған еңбегінде: «Эвфемизмдердің жасалу жолдары мен тәсілдері басқа
тілдер секілді қазақ тілінде де сан алуан болып келеді.
Мәселен стилистика тұрғысынан, эвфемизмдер метафора,
метонимия, синекдоха, символ, парафраза т.с.с. Троптарға бір табан
жақын тұрады. Өйткені троптар секілді эвфемизмдер де ауыспалы
мағына тудыратын ең өнімді тәсілдердің бірі.
Бірақ жоғарыда аталған троптардан эвфемизмдер
өздерінің қолдану аясы, мақсаты және
атқаратын қызметінің бөлектілігімен ерекшеленеді.
Алайда осындай айырмашылықтардың болуына қарамастан,
метафора, метонимия, синекдоха немесе басқа троптар эвфемизмдерден мүлдем
алшақтап кетпейді.»[1,135-136]. Жоғарыда аталған эвфемизмдердің жасалу жолдарының
ішінде жиі кездесетіні эвфемизмдік
метафоралар болып табылады.
Эвфемистік
метафоралар. Метафора бейнелі образ тудыратын троптардың
ішіндегі аса жиі қолданылатын өнімді де белсенді түрі. Түркі
тілдерінің ішіндегі ең негізгілерінің бірі болып саналатын
әрі оның қыпшақ тобына жататын қазақ тілі
метафораға, оның ішінде эвфемистік метафораға өте бай.
Олар атымен атаса өзге құлаққа ерсілеу болып
естілетін белгілі анатомиялық ұғымның атауының
тігісін жатықтау етіп, эвфемистік нәзік қызметті де
қоса атқарып тұр. Мына мысалдардағы метафораларға
назар аударайық:
Егіз
шың тұрған кеудеде,
Еңістің жатыр сілемі. (М.Мақатаев.)
Бұл мысалдағы «егіз
шың» тіркесі көркем образ тудырып тұрған метафора
екеніне шек келтіруге болмайды. Эвфемизмдік метафоралар әсіресе
ақындар айтысында жиі кездеседі. Өйткені олар
құлаққа жағымсыз тиетін, бірақ
сайысқа түскен жұптардың айтылмаса атасы өлетін
сөздердің тігісін жатық етіп жеткізу үшін ауадай
қажет [1,137-140].
Көркем шығармаларда эвфемизмнің
стилистикалық түрлері көптеп кездеседі. Солардың ішінде
қарастырылып отырған эвфемизмдік
метафоралар, әсіресе, қыз баланың дене пішінін
сипаттайтын сөз тіркестері, яғни нақты айтқан
жағдайда жағымсыз естілетін дене мүшелерінің атаулары,
ер мен әйел арасындағы сезім атауларында жиі қолданылады.
Мысалы Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол
жылдар» романындағы эвфемизмдік метафоралар: Ішкөйлектің
кеудесі көктемде қозы жейтін сарғалдақтың
үлбірегі іспеттес үлбіреген жұқа шілтермен безеліпті.
Одан төменіректе, ішкөйлек астынан, қатар жатқан
қос жұдырықтай боп, қыздың қос алмасы тырсияды. Қыз денесінің өзге
жағын менен жасырғандай боп, жеңіл қызыл жібек
көрпе шымқап орап алыпты [7].
Тәтті
ұйқының құшағына беріліп,
Жатты
сұлу, шалқасынан керіліп.
Ақ дидарын, аппақ тәнін көргенде
Бойым балқып,
кетті сезім еліріп.
Ақ етіне қызыл көрпе
басылып.
Көкірегі жатыр екен ашылып:
Діріл қақты уылжыған қос алма,
Қара шашы толқындай боп шашылып [7].
Осы кезде қыздың ішкөйлегінің
астынан сәл ғана діріл білінгендей болды. Ондай діріл менің
өз қолымда да бар еді. Сол сәл дірілмен келіп менің
қолым қыздың оң жақ алмасының үстінен шықты.
Алма ашық емес, сыртын қол тайғанататын
сырма жібекпен тырсылдата қаптап қойғандай боп көрінді [7].
Гойяның биік төсекте шалқалай
сұлап, топ-томпақ қос
анары қызықтыра көз тартып, өзіңе маужырай
қараған бұраң бел жалаңаш Махасын көргендей
тамсандым. Енді бір сәт Тицианның қою қолаң шашын
уыздай денесіне шәлі етіп жамылып, жұмыр білегі, қос анары, үлбіреген
ақ тамағы ғана ашық қалған жанды еріткен
жас сұлу Мария [7].
І.Есенберлиннің
романында да адамның дене мүшелеріне қатысты
қолданылған эвфемизмдік
метафоралар бар. Мысалы: Бұнысын кәпір ісі
деп «Қасапшы Нұрасулла» атанған Бұқар
әмірі, биылғы жылы көп әскерімен кеп Мәделіханды
бауыздап, ал сұлу Ханпадшайымның күнтимесіне қорғасын құйып
өлтірген-ді [6].
Ол Әбусейіттің үлкен бәйбішесінен
туған Ғибадат-Сұлтан-Бегім еді. Қос анары жаңа пісіп келе жатқан алмадай қап-қатты,
үлкен қарақат көздері қолға түскен
құралайдың көзіндей жаудыраған, жаңа
қыз болып қалыптасып келе жатқан сұңғақ
бойлы жас сұлудың мысы жеңді [6].
Жігіттердің анда-санда қалжыңдап,
ақ төсіндегі тастай қатты қос анарына қолы тигені болмаса, пәк денесін
әлі тірі жанға сипатып көрмеген жас сұлу сүттей
адал абыройын ханға олжа етіп, елін апаттан, екі ағасын ажалдан
алып қалмақ болған. [6].
Қос анары да қолға қатты, кеудеге
жұмсақ па екен? Иә, солай шығар. Бала таппаған
әйел ғой, әлі ең қымбатты жерінің
таңы айырылмағаны, анау ақ шәйі көйлек жасыра
алмай тұрған жұмыр сандарынан-ақ аңғарылмай
ма? [6].
Оймақ
ауыз, құмай көз, қара торының сұлуы. Екі
бала тапқанына қарамастан, сұңғақ бойына
жарасқан тіп-тік қос
жұмырықтай қос анары алтын жамбылы алқасын
тырсылдата керіп, аш белі үзіліп кетердей талып, мықынынан
төменгі бура санды бөксесін мейлінше айқындап тұр. [6].
Бұл берілген мысалдардағы қос алма, қос анар, ақ
еті, бойы балқу, сезім еліру, күнтимес, ең қымбатты
жерінің таңы айырылмағаны тіркестері ерекше образ тудыру
мақсатында жұмсалған эвфемизмдік метафоралар. Адамның
анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктерін тура
айтқан жағдайда құлаққа ерсі естілетіні
анық, сондықтан ол сөздерді сыпайы жеткізу үшін
мысалдарда көрсетілгендей эвфемизмдік метафоралар жұмсалады.
Дәл осы
сынды қыз баланың дене пішінін сипаттаудан туған эвфемизмдік
метафора М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» повесінде
арудың сұлулығын бейнелейтін жолдарда кездеседі: Жай ғана сұлу дене емес. Тәкаппар,
аспани, пәк таза. Ғажайып. Бөбешігіне дейін әсем
сызылған, толық, қос
анар салбырай иіп тұр [5].
Айман Шолпан пьесасында Шолпан мен
Арыстанның арасындағы диалогтағы Шолпанның жауабын «кезеген
аяқ», «ілінер жөргем» сияқты эвфемизмдік метафоралар арқылы жеткізген:
Шолпан:
Жоқ, кезеген аяқ сен
болсаң да,
Ілінер жөргем мен емен [8].
Қорытындылай
келе, жоғарыда берілген мысалдардан байқайтынымыз, эвфемистік
метафоралар көп жағдайда анатомиялық және
физиологиялық ерекшеліктерді сипаттағанда қолданылады. Эвфемистік метафоралар көркем шығармадан
келтірілген мысалдардағыдай
көркем образ тудыру үшін және де ашық айтылса
тым өрескел естілетін дөрекі сөздерді бүркемелеп
жеткізу үшін, яғни эвфемизмдік мағына тудыру үшін жұмсалады.
Көркем шығармалардағы
эвфемистік қолданыстар, бір жағынан халқымыздың тіл
байлығын, екінші жағынан тіл мәдениетін көрсетеді.
Оқырман қауымды, көркем шығарма тілі арқылы,
мәдени сөйлеуге, дөрекі сөздер орнына мәдени
сөздерді қолдануға
үйретеді. Эвфемистік
метафоралар көркем шығарма тілінде айрықша
қолданылатын және белгілі бір стильдік қызметі айқын
көрініп тұрған қолданыстар болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ә. Ахметов
«Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» Алматы, 1995 –
164 б.
2. Болғанбайұлы
Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ
тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы, Санат,
1997. – 256 б.
3.
Жұмағұлова М.Ш. Газети публицистика тіліндегі
эвфемизмдер. – Алматы, 2000. – 25 б.
4. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ
тілі. Лексикология. І бөлім: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті,
2008 – 101 б.
5. Мағауин,
М. Қыпшақ аруы: хикаяттар /
М. Мағауин. - Алматы : Атамұра, 2007. – 256 б.
6. Есенберлин,
І. Қаһар : роман / І. Есенберлин. -
Алматы : Ан Арыс, 2010. – 360 б.
7. Нұршайықов,
Ә. Махаббат, қызық мол жылдар: роман /
Ә. Нұршайықов. - Алматы : Атамұра, 2002. – 320 б.
8. Әуезов,
М. О. Шығармаларының елу томдық толық
жинағы / Әуезов М.О.-Алматы: Ғылым, 2003 : Мақалалар,
зерттеулер, пьесалар – 456 б.