Нуртазаева Қалдықыз Сарсенбаевна

Қызыл-Орда облысы, Жаңа-Қорған ауданы, Бес-Арық бекеті, № 247 орта мектебі

 

Қазақ тілінен білім беру әдістерін инновацияландыру

 

Қазақ тілінен білім беру әдістері белгілі әдіскер ғалымдардың айтқан әдістемелік пікірлеріне байланысты жіктеледі. Орыс тілін оқытудың заңдылықтарын көп зерттеген әдіскер ғалым профессор Л.П.Федоренко теориялық методиканы зерттеудің мәселелері жайында: «Важными вопросами теории методики автор считает следующие: принципы методики русского языка, вытекающие из закономерностей усвоения родного языка; теоретический анализ средств передачи знаний, в частности анализ методов обучения родному языку» деп орынды атап көрсеткен. Ана тілін оқыту әдістемесінің негізгі мәселелерін зерттеу қазіргі заманғы әдістеменің басты міндеті болып отыр. Қазақ тілін оқыту әдістемесіне байланысты жазылған құнды зерттеулер де осы мақсатқа арналады. Мұнда білім беру әдістерінің біраз түрлері жан-жақты баяндалады. «Есте сақтауға негізделген оқып-білім алудан меңгергендерді пайдалана отырып, ақыл-ойды дамытатын оқуға көшу қажет» (Б.Т.Барсай «Оқытудың жаңа технологиялары»). Ұжымдық оқытуды жеке, топтық, жұптық жұмыс, диспут, пікірталас ұйымдастырылады. В.Ф.Шаталовтың белгі және сызба үлгілері негізінде қарқынды оқыту технологиясын пайдаланып, ірі блок пен білім берудің нәтижесі мол. Ұжымдық оқыту технологиясы бойынша білім беру барысында әр оқушының қабілетін дамытуға, өзін-өзі басқаруға, байқампаздыққа жетелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Жекелей, топтық, жұптық оқытуда өзі оқи отырып, өзгені оқыту жүзеге асырылады.

Қазақ тілінен білім беру әдістері сан алуан. Осы әдістерді әдістемеде жіктеп көрсетудің мәні зор. Жіктеп көрсетуде, біріншіден, оқушыға берілетін білімнің сапасы артады, екіншіден, оқушымен жүргізілетін жұмыстың дәлдігі нығаяды, үшіншіден, мұғалімнің атқаратын жұмысы жеңілдейді. Әрине, білім беру әдістерін таңдап, қолдану, оны қай уақытта іске асыру және білім беру әдістерін қай материалға байланысты сұрыптау алу методиканың қиын әрі күрделі мәселелері. Сондықтан оқушыларға ұсынылатын тілдік материалдың көлемін дұрыс талдап, сұрыптау өте қажет іс болып табылары сөзсіз. Оқушыларға берілетін білім мазмұнының көлемі мен ғылыми сапасын зерделеу білім беру әдістерін іске асырылуын жеңілдетеді. Білім беру әдістерін іске асыруда оларды топтастыру, жіктеу ең қажетті мәселе болып табылады. Оқушылар тілді практикалық-теориялық және теориялық-практикалық жақтан меңгереді. Қазақ тілінен білім беру әдістерін топтастыру әдістеменің соңғы жетістіктеріне негізделеді.

Қазақ тілінен білім беру әдістерін жіктеуде төмендегі әдістемелік мәселелер өлшем етіп алынады. Олар мыналар: қазақ тілінен білім беру әдістері білім алу көздеріне байланысты жіктеледі. Біз оқушылардың қазақ тілінен теориялық білім алуы мен практикалық дағды қалыптастыруының негізіне тоқталып кетуді жөн санадық. Оқушылар қазақ тілінен алған білімдері мен дағдысын ұжыммен қарым-қатынас жасау негізінде кеңейтеді. Көрген-білгенін әңгіме етеді, сөйтіп қарым-қатынас жасау негізінде белгілі бір білім негіздерін молайтады. Тілдік материалды іс жүзінде қолдануды оқушылар көркем әдебиет оқу үстінде түсінеді. Оқушылар білім мен дағдыны қазақ тіліне байланысты жүргізілетін тәлім-тәрбие сабақтары мен сыныптан тыс орындалатын жұмыстар бойынша алады. Білім мен дағды мұғалімнің түсіндіруі бойынша жеткізіледі. Білім мен білік қазақ тілі оқулығы бойынша қалыптасады, білім мен дағды арнайы таңдалған дидактикалық материалдар негізінде шоғырланады.

Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы -  мұғалімдерге үлкен міндет жүктеп отыр. Соның бірі – оқытуды жаңаша ұйымдастыру, сабақтың ғылымилығына көңіл бөліп, білім деңгейін көрсету. Ғылым мен техниканың қарыштап дамуына байланысты оқушылардың ой-өрісінің, ойлау қабілетінің жоғарылап келе жатқаны белгілі. Инновациялық технологиялар оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне бағыт беріп, өз бетінше қорытынды жасап, жүйелі білім алуына негіз болады.

Белгілі бір грамматикалық тақырыптарды өту үстінде әдістер жиынтығы бірімен бірі кірігіп, көгенделіп, байланысып отырады. Мұндайда әдістің екі түрлі қызметі ескеріледі: толық элементті әдіс; аралас элементті әдіс. Толық элементті әдіс тілдік материалдардан білім беруде өзінің ішкі құрылымын істің өн бойында бүтіндей сақтайды. Сөйтіп оқушыларға теориялық білім мен практикалық дағды беруде жетекші қызмет атқарып, белгілі әдіс жүйесінде дараланып отырады. Ал аралас элементті әдістер білім беруде жаппай қатысып, әрбір әдіс элементтерінің тиісті қызмет атқарылғандығы сезіледі. Материалды түсіндіруде өтілгенді еске түсіру үшін талдау, түсіндіру әдістері, хабарлау амалдары, көрнекілік тәсілдері, әңгіме әдістерінің элементтерінің қосылуы теориялық материалдардың меңгерілуіне жағдай жасалады. Әдісті іске асыруда негізгі мақсаттармен бірге тақырыпқа сай ескертілетін принциптерді ұмытуға болмайды. Мәселен, қазақ тілі тақырыптарын оқыту үстінде: әдіс элементтерін ұштастыру. Оқушылардың зейінін қазақ тілі тақырыптарына аудару. Тақырыптың өзіндік белгілерін тірек ету. Тақырыптың әсерлігі мен мәнерлігін күшейту. Ауызша сөйлеу дағдысын арттыру. Жазу сауаттылығын арттыру. Оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу белсенділігі мен саналығын күшейту т.б. қадағалаған жөн. Сөйтіп әдістің іске асырылу жүйесі лингвистикалық фактілерді тірек етіп, психологиялық факторлар негізінде дидактикалық-методикалық принциптер бойынша жүзеге асады.

Таза практикалық жұмыстарды орындауда түсініксіз сөздерді  түсіндіру, ауызекі тілді дамыту, мәнерлеп оқу, қосымша әдеби кітаптармен жұмыс істеу және оны іс-тәжірибеде пайдалана білуге және олармен жұмыс істеу тәсілдері жұмсалады.

Теориялық тілдік материалды  оқытуда әңгіме, хабарлау, тәжірибе, түсіндіру, кітапты пайдалану әдістері қолданылады. Ал әрі теориялық, әрі практикалық мақсатта жүргізілетін әдістер жүйесіне мыналар кіреді: қазақ тілі тақырыптарын талдау, тілдік материалдың түрін өзгерту, тілдік тапсырмаларды мазмұндау, орфографияны үйрету, дұрыс сөйлеу дағдысына еліктеу, дыбыстау мүшелерінің қызметін түсіндіру, дұрыс айту ережелерін меңгерту т.б.

Қазақ тілін практикалық жақтан үйрету әдістері сабақ жүргізу үстінде іске асырылады. Бұл арқылы оқушылар сөздің мағыналық қасиетін, табиғатын, сөздік қоры мен грамматикалық құрылысын сезінеді, ауызекі тілдің байлығы мен әдеби тілдің өзіндік белгілерін үйренеді. Мәдениетті сөйлеу үлгісін қалыптастырып, дұрыс оқып, оқығанын қайталап айтып беруге жаттығады.

Сауатты және дұрыс жазу шеберлігі төселіп, өзінің тілін стилистикалық тұрғыдан жетілдіреді, ғылыми, саяси және көркем шығармаларды талғап оқу қабілеті артады.

Оқушыларға білім беруде жаңашыл технологияларын қолдану, инновациялық бағытта жұмыс жасау заман ағымына сай талап етілуде. Оқу үрдісінде осындай жаңарған озық тәжірибелерді белсенді пайдалану және қолдану кейінгі жылдары айтарлықтай оң тәжірибе беріп отыр. Бүгінде қоғамның жеке тұлғалы, дамыған адамын тәрбиелейтін маманға өзінің үздіксіз шығармашылық ізденуі, оқытуда жаңа педагогикалық технологиялар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеруі, кәсіби құзырлығының жоғары деңгейде болуы қажет.

Сабақтың сапалы болуы оның ғылыми тұрғыдан, теориялық жағынан жоғары дәрежеде дәлелденуі ұстаздың шеберлігі мен жаңа технологияны тиімді қолдана білуінде.

Қорыта келгенде, сапалы білім мен саналы тәрбие ұштасқанда ұлт тілегі, мемлекет, халық мүддесін ойлайтын жеке тұлға қалыптасады.

 

Әдебиеттер

 

1.  Т.М.Әбдікәрімова. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы, «Ана тілі», 1999

2.  Ә.Қасымова. Шығармашылық жетілдіру – ұстаз парызы. Қазақстан мектебі 2008 №9 65

3.  Б.Р.Айтмамбетова. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері. Алматы, 1995