Аға оқытушы Санасыров Наурызхан Терликбаевич

магистрант Каиржан Рустем Кабдоллаулы

 

Қазақстан. Павлодар қаласы. Инновациялық Еуразия университеті

 

Білім алу ордаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыру

 

 

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - демократиялық қоғам құрудың бүгінгі таңдағы ең басым міндеттерінің бірі болып табылады, сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрестің өзектілігі оның кешендік сипатта болуында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте еліміздің барлық өңірлерінде мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғамның біріккен күші қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, біріншіден, мемлекеттің тұрақты және қатаң қызметіне айналғанда, екіншіден, қоғам тарапынан мызғымайтын әрі қырағы бақылаудың мәні болған жағдайда ғана нәтиже шығады.

Сыбайлас жемқорлық барлық құқықтық институттарға күйрете әсер етеді. Білім саласында орын алған сыбайлас жемқорлық фактілері қазақстандық жастардың қалыптасу үдерістеріне, оның Қазақстандағы жасампаз үдерістерге деген сенім мен оның өнегелілік тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Бұл аса қауіпті мәселе болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі негізге қоймай, оның өмір сүру ортасын түбегейлі жоймай, біз ешқандай іс-қимыл әрекеттер қолданбай отыратын болсақ, біздің айналамызда патриоттық туралы ойдан алшақ, яғни Қазақстанның болашағына ешқандай сенімі жоқ қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасатынына сенімді болуға болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша тәуелсіз мемлекеттер одағы елдерінің ішінде Қазақстан алғашқы болып, сыбайлас жемқорлықтың барлық фактілерін ескере отырып, 1998 жылғы 2 шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Сонымен бірге осы заңға жыл сайын әртүрлі өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы Қаулысымен «2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы жемқорлыққа қарсы күрес бойынша» салалық бағдарлама бекітілді. Бұл құжат алдына келесі міндеттерді қойды:

-       халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру;

-       сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру;

-       сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты жоғарылату;

-       көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.

Осы міндеттер негізінде әзірленген шаралар талдауда көрсетілген кемшіліктерді азайту және қауіптерді жою үшін бар күшті жақтарды пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев тиісті мемлекеттік органдар мен олардың лауазымдық тұлғаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттері бойынша қызметтерінің тиімділігін өзі бақылай отырып, әрбір сөйлеген сөзінде осы мәселені қозғай отырды.

Кейінгі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісінде азаматтық қоғамның қоғамдық институттарының - саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың рөлі күшейе түсуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясат елдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың, сол сияқты жалпы қоғамның қылмыстық жағдайлардан құқығының, бостандығының, заңдық мүдделерінің қорғалу деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісінде «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы маңызды рөл атқарып жатыр. 2008 жылғы 17 қаңтарда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті республиканың жан-жақты бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған және партияның әлеуметтік қызметінің жеті айқын басым бағытын атап өтті. Баяндамада партияның өңірлік филиалдары жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мақсатты күресті күшейту керек екендігіне ерекше көңіл бөлінді. Партияның сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 10 күйрете соққы беру» арнайы бағдарламасы қабылданды. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша бағдарламаны жүзеге асыру аясында бүкіл республикамыздың шеңберінде мемлекет пен қоғамның тіршілік әрекетінің барлық саласында сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмауға, анықтауға және ескертуге бағытталған бірқатар шаралар өткізу жоспарлануда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша құрылған Республикалық Қоғамдық кеңес азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы инфрақұрылымының «негізгі орталығы» болып отыр.

Бұл аталған кеңес алдына бірқатар басым міндеттер қойылды. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі «Нұр Отан» халық демократиялық партиясының бағдарламасының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және орындалу мониторингі, сыбайлас жемқорлықтың орын алу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс, сыбайлас жемқорлықпен күресте азаматтық қоғам құрылымдарымен бірлесе отырып әрекет ету.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру алға қойылған мақсаттардың жүзеге асырылу нәтижесі болып табылады. Адамдар сыбайлас жемқорлық фактілерін жасырмаулары, олар жөнінде келеңсіз салдардан қорықпай айтулары керек.

Қазіргі кездегі мемлекеттің білім саласындағы мақсаты – ол білім саласында студенттерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы саласындағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықты болдырмауға қажетті біліммен қамтамасыз ету мақсатында оқыту. Сонымен қатар мемлекеттік үкімет және басқару органдарында, кәсіпорындарда, мекемелерде, ұйымдарда, оқу орындарында сыбайлас жемқорлықты ескерту және оның алдын алу және жас мамандардың біліктілігін жоғарылатуға ықпал ету.

Қазіргі кездегі мемлекеттің білім саласындағы індеттеріне келетін болсақ – 1998 жылғы 2 шілдедегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын, 2011 жылғы 31 наурыздағы ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» салалық бағдарламасын, мемлекеттік қызметкерлердің Ар Кодексін студенттерге таныстыру және түсіндіру болып отыр. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың себептері мен шарттарын, сонымен қатар нәтижелерін қарастыру, студенттерді сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзышулықтың алдын алу және болдырмау жөніндегі шаралармен таныстыру.

Қазіргі таңда бір ғана білім алу саласында профессор оқытушылар құрамы және студенттерінің күшімен сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылыққа жол бермеу бойынша барлық шаралар ұйымдастырылып, орындалып жатыр деп кәміл айтуға мүмкіншілік бар деп түсінеміз.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1.        1998 жылғы 2 шілдедегі №267-1 Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы.

2.        Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы Қаулысымен бекітілген №308 «2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» салалық бағдарлама.

3.        ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңарту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

4.        «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 2011-2020 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша бағдарламасы.