Аға оқытушы Санасыров Наурызхан Терликбаевич

магистрант Каиржан Рустем Кабдоллаулы

 

Қазақстан. Павлодар қаласы. Инновациялық Еуразия университеті

 

Сыбайлас жемқорлықтың әлеуметтік-психологияға тигізетін әсері

 

 

 

Қылмыстылықтың қоғамды жайлап алуы адамдардың психикасына теріс әсер етеді, олардың санасын бүлдіреді. Ол ықпал бірін-бірі теріске шығаратын екі үрдіспен - құқыққа оң және теріс көзқараспен сипатталады. Бірдей субъектілердің санасында мұндай екі үрдістің қатар болуы халықтың әртүрлі топтарындағы құндылықтардың бөліне бастағандығының белгісі. Барған сайын құқыққа деген теріс көзқарас, оның қоғамдық қатынастарды реттеудегі мүмкіндігіне сенбеушілік арта бастады.

Бірімен-бірі сыйыспайтын стереотиптер мен ұғымдардың басын біріктіруге талпыныстан көп адамдардың санасында қалыптасқан ауытқушылық бар. Оны қоғамдағы күнделікті өмірден байқауға болады - адамдардың бір біріне деген сенімсіздігі, дұшпанкөздігі соның салдары.

Өмір сүру бағытымыздың соңғы кездері күрт өзгеруі көп адамдарда үрей туғызуда, мұны олар ұлттық апатқа апаратын жолға түстік деп санайды. Мұндай ұғымды кейбір адамдар билік пен байлық үшін күрестегі өз мақсатына пайдалануда.

Қоғамдағы қазіргі моральдық және психологиялық ахуал билік органдарындағы сыбайлас жемқорлық деңгейіне елеулі ықпал етуде. Шенеуніктердің кебісі сыбайлас жемқорлыққа апаратындай ерте ме, кеш пе қалайда шешім кабылдайды. Мұндай жағдай азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын төменгі және орта буын шенеуніктерде жиі болады. Оның пайда болуы сыбайлас жемқорлықты туындататын жоғарыда аталып өткен проблемалар мен жағдайларға да, әлеуметтік-психологиялық факторларға да байланысты. Осылардың мәнісін түсініп қана сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін не істеу керектігін анықтауға болады.

Жеке дара (топтық) деңгейде сыбайлас жемқорларға тән келесідей белгілерді бөліп алуға болады:

-            сөз тапқырлық және мысқылшылдық;

-            тыныш, өзімен-өзі болуға бейімділік;

-            мемлекеттік (және өзгедей) мүдделерді сатып кетушілік;

-            өзін сақтап қалуды мақсат тұту;

-            бүгінгі күн талабына сай өмір сүруге құлшыныс;

-            «күштілермен» жақын қатынаста болу, олардың ықпалын пайдалану.

-            Жалпы сыбайлас жемқорлыққа тән сипаттар:

-            субъектілердің қоғамдағы жоғарғы орындары;

-            мақсатқа жетудегі құйтырқы-интеллектуалдық тәсілдер мен құралдар;

-            қоғамға қисапсыз моральдық және материалдық зиян келтіру;

-            өте құпиялылығы және келісушілік сипаты;

-            биліктің қылмыскерлердің бұл тобына «іш тартуы».

Ең таралған сылтау - шенеуніктердің жұмыстан көрген тапшылығының өтемін қайтару.

Өнегелік иммунитеттің жоғалуына итермелейтіндер:

                 тұрақсыздықты сезіну;

                 біліктілігіне және жауапкершілігіне сай келмейтін өте аз жалақы (сыбайлас жемқорлықтың басты себебі, шенеуніктердің аз жалақысы екендігін дүниежүзілік банк жүргізген зерттеу көрсетіп отыр);

                 қызметті көтерудегі әділетсіздік;

                 басшылардың әдепсіздігі және білімсіздігі;

                 сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдардың жетілмегендігі;

                 ірі жемқорлардың көбіне жазасыз қалатындығы.

Міне осылармен күресу үшін мемлекеттік қызмет жүйесін өзгертіп, сыбайлас жемқорлыкка қарсы зандар қабылдау керек.

Біздің пікірімізше, сыбайлас жемқорлықты тудыратын тағы да бірнеше әлеуметтік-психологиялық факторларды бөліп алуға болады:

Қоғамда өкімет сатқын, сатылмайтын, сатып алынбайтын нәрсе жоқ деген пікір қалыптасқан. Ал «бізде алмайтын адам жоқ» дегенді күніге естіп жүрген адал шенеунік өзін ыңғайсыз сезінеді, көптің қатарына ілігу үшін, пара алудың сәті келіп қалса, одан тайынбайды. Ал енді, парадан бойын аулақ салатындар да болады, бірақ олар ұжымға сіңісе алмайды, ұжым реті келсе ондайлардан құтылуға тырысады.

Қоғамда қосарланған мораль қалыптасқан. Халық сыбайлас жемқорларға тағылған айыпты, мемлекеттік жазалау шараларын құптай отырып, өз мәселесін шешу үшін шенеуніктерге пара беруге бар, бұл әсіресе төменде жиі кездеседі.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары кірісе алмайтын аймақтар әлі де бар. Сыбайлас жемқорлық үшін айыптауға құлағымыздың үйренгені соншалық, оны біз қылмыс деп санаудан қалдық.

Шенеуніктің салмақты бір шешім қабылдап, бірден сыбайлас жемқор болуы да немесе ондай қылмыс жасауға біртіндеп өтуі де мүмкін. Басқару, шешім қабылдау технологиясы жолға қойылмаса, өкілеттіктер айқындалмаса, мемлекеттік қызметкердің Этика Кодексі болмаса, ондай өту жолында тосқауыл болмайды. Ескірген, бірақ әлі күшіндеғі дәстүрлерді сақтау да өтпелі кезеңде жемкорлыққа итермелейді.

Өтпелі кезеңнің ерекшелігі - дәстүрлер мен мәдени стереотиптердің араласып кетуі, капиталдың бір формасының екіншісіне кедергісіз ауыса салуы. Нәтижесінде лауазымды адамдар өз қызметін нарықтың жалғасы деп қарастырады, ал демократияны дағдылы нарықты жемқорлық қызмет көрсету нарығына айналдырудағы бостандық деп түсінеді.

Қолданылған әдебиеттер:

1.        1998 жылғы 2 шілдедегі №267-1 Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы.

2.        Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы Қаулысымен бекітілген №308 «2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» салалық бағдарлама.