Оспанова Гуьлпат Айбасовна статистика магистрі, аға оқытушы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-

ЭКОНОМИКАЛЫҚ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

         Шағын және орта бизнес ел экономикасының дамуы мен жұмыс бастылықты қамтамасыз етуде негізгі бағыттаушы рольді атқарады. Бұл дамыған елдердің тарихи тәжірибесінде дәлелденген. Соңғы жылдры шағын және орта бизнестің өндірген өнімдерінің көлемі ЖІӨ көлемінде 30-35 пайызды құрайды, ал бұл көрсеткіш экономикасы дамыған елдерде ЖІӨ көлемінде 60 пайыздан астам болып отыр. Осы секторда белсенді жұмыс жасайтындардың үлесі де 30 пайыз мөлшерінде. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш әлде қайда жоғары болып отыр. Осы салыстыруларды ескеретін болсақ, біздің елімізде әлі де болса шағын және орта бизнес экономиканың «локомотиві» бола алмай отыр және жұмыс бастылық мәселесін шешу бойынша әлеуметтік қызметтерді өз деңгейінде жүзеге асыра алмауда.

Дамыған елдерде шағын және орта бизнес көп жылдар бойы нарықтық экономиканың бағытымен қалыптасып дамыды. Ал бізде небәрі жиырма жылдан астам уақыт ішінде осы сектордың қарқындап дамып келе жатқандығын байқауға болады. Бұл уақыт айырмашылықтары бойынша салыстыруға келмейді. Өйткені шағын кәсіпкерліктің өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары экономиканы жаңарту жағдайында әртараптандыру мәселесін шешуге, инновациялық мүмкіндіктерді пайдалану мен іске асыруға, еліміздің экономикалық даму стратегиясын жүзеге асыруға айтарлықтай ықпал етеді.

         Елімізде 2012 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 809750 бірлік және онда жұмыспен қамтылғандардың саны  2383338 адамды құрап, өндірген өнім көлемі 8255123 млн. теңгеге жетіп отыр. Туындайтын қиыншылықтарға қарамастан,  жылдан-жылға елімізде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шаруашылық субъектілер саны ұлғайып, экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық мәселелерді шешуде үлес қосып келеді.

кәсiпкерлiктің нәтижесi өндiрiлген өнiм мен көрсетiлген қызмет, мұнда  әр кәсіпкер өзіне тиімдісін, пайдалысын ғана жүзеге асырды. Сондықтан да кәсiпкерлердiң басты мақсаты – өз кәсiпорынының пайдасын барынша жоғарылатуды көздейді  немесе шығындарын барынша азайту жолдарын қарастырады. Бәсекелестік экономика жағдайында кәсiпкердiң табысы көбiне оның бизнестi ұйымдастыруына тiкелей байланысты. Сол себепті кәсiпкер қызметiнiң бастапқы кезеңiнде нарықтан шығып қалмас үшiн өндiрiс факторларын жүйелеудің жаңа жолдарын iздейдi, яғни, бұл кәсiпкерлiктiң ең басты мәселесi.

         Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында «шағын және орта бизнес –XXI ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы», деп атап көрсетіп, ел экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түсетіндігіне және оған мол мүмкіндіктердің бар екендігін атап өтті[1]. Сонымен қатар Ел Президенті шағын және орта бизнесті өркендету мақсатында Үкіметке біршама тапсырмалар тапсырды. Атап айтқанда, бизнесті дамытуға кедергі келтіретін енжар құқықтық нормалардың күшін жою, осы сектор субъектілерінің күйреуінің нақты тетіктерін енгізу, шағын және орта бизнес индустриалды-инновацияны дамытуға негіз болуы қажет, сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасау.

  Еліміздің дүние жүзілік сауда ұйымына кіруі қарсаңында шағын және орта бизнесті ұтымды ұйымдастыру, басқару және тиімділігін арттыру сияқты мәселелер оның бәсекелестікке төтеп бере алуына мүмкіндік береді. Және дағдарыстан алып шығатын бiрден − бiр сара жол болып отыр. Оның аясында жалпы iшкi өнiмнiң үлесі артып, экономикалық тұрғыдан жұмысқа қабілетті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етiледi. Сондықтан да кәсіпкерліктің дамуы бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оң шешімін табуына және экономиканың өсу қарқынына оң ықпал етеді. Экономиканың нақты осы секторы мемлекеттің стратегиялық мақсаттары мен ағымдағы міндеттерін шешуге мүмкіндік береді.

Осы аталған жәйттарды ескере отырып, шағын және орта бизнесті дамыту қазіргі кезде объективті қажеттіліктен туындап отырғанына көз жеткізуге болады. Себебі ол біріншіден, мемлекеттің экономикалық жаңаруы мен жетілуіне, екіншіден, халықтың жұмыспен қамтылуына және өзге де мәселелерді шешуде оң әсерін тигізуде, үшіншіден, белгіленген экономикалық саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ете алады. Осыған байланысты мемлекеттің шағын және орта бизнесті ұйымдастыру мен дамытуға және оны жан-жақты қолдауға жағдай жасауы оның қарыштап дамуына мол мүмкіндіктер туғызады.  Бұл мәселе еліміздің экономикалық саясатының құрамдас бөлігі ретінде барлық даму стратегияларында, мемлекеттік бағдарламаларында және Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында кең көлемде қарастырылып, мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер көзі

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»  17 қаңтар, 2014 жыл.

2. О.Сәбден, А.Тұрсынбаева. Шағын бизнес негіздері.-Астана, 2008

3. Я. Әубәкіров. Экономикалық теория негіздері. Оқулық-Алматы. 2004, 480 б.

4. Қызылорда облысының статистикалық мәліметтері