ҒЫЛЫМИ СТИЛЬДIҢ ҚАЛЫПТАСУЫ, ТЕРМИН МӘСЕЛЕСI
Мажитаева Ш., Жанболаткызы
Т., Абдікадырова Ж.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
Қарағанды, Қазақстан
Қай
халықтың болмасын мәдени дүниесі ұлттық
тілі негізінде қалыптасып
танылатыны белгілі. Олай болса, халқымыздың бірнеше
ғасырлық бай мұралары, фольклоры, рухани дүниелері
ұлттық тіліміз арқылы жетіліп, сақталып келе жатқаны анық. Осы
тұрғыдан алғанда тіліміздің даму, толығу
үдерісін жан-жақты зерттеудің маңызы зор. Тілдің
лексикалық қабатын саралау түрлі өзгерістердің
ерекшеліктерін айқындап, ондағы толығу, жаңару, даму
үрдістерін кеңінен талдап анықтауға мүмкіндік
береді.
Қоғамдық өзгерістерге байланысты
тіліміздегі кейбір әдеби тілдегі бірқол-
даныстар кеңінен қолданылып актив лексика
қатарына енсе, енді біреулері қолданыстан шығып, пассив
лексика қатарына еніп жатады. Әрине, бұл
өзгерістер әдеби тілдің барлық
функционалдық стильдерінен де байқалатыны анық. Жалпы
қазақтың әдеби тілінің функционалдық стильдері
бір
күнде қалыптасқан жоқ. Тілімізде
ең алғаш көркем әдебиет стилі қалыптасқан
болса, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында «Түркістан
уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Торғай газеті»
секілді мерзімді баспасөздердің пайда болуы публицистикалық
стильдің қалыптасуына негіз болған еді [1].
Ал,
ХІХ ғасырдың соңғы ширегіне
қарай қазақ тілінде көпшілікке
арналған жартылай ғылыми әдебиет жанры жанданды.
Зерттеуші Б.Әбілқасымов мұндай әдебиеттің
тұңғыш үлігісі деп Н.И.Ильминскийдің «Самоучитель
русской грамоты для киргизов» деген кітабының соңында берілген
қазақша үлгілерді атайды. Ол мәтіндер география, тарих,
табиғаттану салаларынан мағлұматтар береді. Бұл стиль
үлгілерін шағын мақалалар түрінде сол кезеңдегі
қазақша мерзімді баспасөз беттерінен де табамыз. Сол
кездегі қазақ қауымында жиі кездесетін адам мен малдың
ауру-індеттері, қазақ қоғамының экономикасы
(мысалы,кейбір кәсіптер туралы), мәдениеті т.б. жайында жарық
көрген кітапшалар – қазақ тіліндегі
ғылыми-көпшілік әдебиеттің алғашқы
көріністері («Трахома деген жаман көз ауру», «Жамандату,
қойдұрғы турасында», «Егіншінің қызмет аты
жайында» т.б.). Бұл стильдің едәуір етек жая бастаған
тұсы – ХХ ғасырдың басы, ал нағыз өркендеген,
айқындалған дәуірі – қазіргі кезең – деп
дұрыс қорытынды жасайды [2, 96].
Қазақ әдеби тілінің ғылыми стилі жеке
функционалдық стиль ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында
қалыптаса бастағанымен, оның жаңа сатыға
көтеріліп, әрі қарай дамуын, әдеби тілдің
толыққанды стиліне айналуын зерттеушілер ХХ ғасырдың
басында жүзеге асты деп есептейді. Ғылыми стильдің
қалыптасу тарихы Ш. Мажитаева, Ж. Рапишева еңбектерінде
қарастырылады. Ш.Мажитаева «ХХ ғасырдың бірінші
жартысындағы қазақ әдеби тілі» деген
диссертациялық жұмысында ғылыми стильдің дамуын,
ғылым тілін дамытудағы бұрын аттары аталмай келген
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, М.Жұмабаев,
Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедұлы т.б. қызметін жан-жақты
қарастырады [3, 11].
Ғылыми стильдің
жетілуі яки дамуы сияқты мәселелер терминологияға
ғылымында қарастырылатыны анық. Өйткені ғылым
тілінің негізгі материалы немесе кірпіші осы терминнен басталатыны белгілі. Қазақ
тіліндегі ғылыми терминология мәселесі туралы сөз
қозғағанда, ұлағат алар ұлт
зиялыларымыздың бірі ‒ А.Байтұрсынұлы есімін атап
өтпеске болмас. Оның өзіндік сабептері де бар. Оның
себебі ‒ қазақ тітіліндегі ұлттық ғылыми
терминологияны қалыптастыру А.Байтұрсынұлы еңбегінен
басталатындығы. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы
ғалым ретінде Ахмет осы ғылым саласындағы негізгі
ұғымдарды және олардың өзара байланысын
анықтап, сол ұғымдардың қазақ тіліне
жақын баламасын дәл бере білген жандардың бірі.
Ғылыми
үғымдарға атауды дәл беру үлкен тілдік
шеберлікті, талғампаздықты қажет ететін мәселе. Сонымен
қоса, арнаулы ұғымдарға ат қою кезіндегі
жүйенің өзіндік ерекшеліктерін ескерусіз
қалдыруға болмайды. Мәселен, ұғымдардың
ықшам болуы, оның қазақ тіліне жеңіл де
түсінікті болуы т.с.с. Осындай талаптарды мүлтіксіз
орындаудың қиындығы кей кездерде ана тілінде ықшамдап
жасаудан гөрі көп жағдайда оның ұғымдар
жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып жасалған өзге
тілдерден дайын қалпында ала салуға, яки сол қалпында
тілімізде қабылдауға, қолдануға мәжбүр
болады. Бұл тұрғыдан келгенде, ұлт ұстазы
қазақ тілін термин шығармашылығында пайдаланудың
жарқын үлгісін көрсете білді. Топ терминдерді ғана
емес, бүкіл бір ғылым саласындағы арнаулы
ұғымдардың атаулар жиынтығын, дәлірек
айтқанда, терминдер жүйесін жасаған. Ғылымның
дамуына орай ұғымдар жүйесінің ұлғайып
отыруы табиғи құбылыс. Ахаң қалыптастырған
терминдер жүйесі де қазақ тіл білімі дамыған сайын
жаңа элементтермен толыға түсуде.
Ахмет
Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің
ғана емес әдебиеттану ғылымының да негізін
қалаушы екендігі өткен ғасыр басында-ақ мойындалды.
1923 жылы ғалымның мерейтойына арналған баяндамасында
Мұхтар Әуезов: “Жаңа өсіп келе жатқан
қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп
санайды”, – деп санайды десе, әдебиетші ғалым
Р.Нұрғалиев Ахметтің «Әдебиет танытқышы» туралы
айта келіп «…қазақтың ұлттық
әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары,
басты-басты терминдері мен
категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған»
деп анық көрсеткен еді [4,12].
Белгілі
зерттеуші ғалым Ш.Жалмаханов өз еңбегінде Ахаңның
«Әдебиет танытқышы» туралы өз пікірін айтқан.
«Әдебиет танытқыш» ̶
ұлттық сыншылдық-эстетикалық, ғылыми-зерттеушілік,
әдеби-теориялық ой-пікірді
биік деңгейге көтерген жерделі зерттеу ғана емес,
болашақта да өз маңызын жоймайтын монументальды еңбек
[5]. Р.Нұрғалиевтің көрсетуінше, «Ұлттық
әдебиеттану ғылымы қазір қолданылып жүрген
негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың
қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы
баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы
зерттеуде ашып айтатын уақыт жетті». Еңбектегі өнертану,
әдебиеттану, фольклор тану салаларындағы терминдер
жүйесінің жасалуынан Ахаңның кемеңгер, данышпан ғалым
екендігі анық көрінеді. «Әдебиет танытқыш қана
емес, А.Байтұрсыновтың ғылыми мұрасын зерттеу
арқылы қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымына
қосқан үлесін анықтау, осы ғылымдардың
негізін қалаушы тұңғыш ғалым екендігін
ғылыми тұрғыда зерттеу қажеттігі айтпаса да
тұсінікті. «Әдебиет танытқышты», жалпы Ахаң
мұрасын оқып-үйрену, игеру үшін алдымен бұл
еңбектегі әрбір атау, ұғым, термин және
ктегориялардың мән-мағынасын, мазмұнын түбегейлі
түсініп алу қажет дей келе зерттеуші, А.Байтұрсынұлы
жасаған терминдердің құрылымдық статистикасын
анықтап, бөлген. 310 терминнің 245-і күрделі
тұлғалы терминдер, 65-і дара тұлғалы терминдер, дара
тұлғалы терминдердің 20-ы түбір сөзден, 45-і
туынды сөзден жасалған деп қарастырған [6, 5].
Сонымен қоса, қазақ әдебиеттану ғылымының
негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын
жазған ғалым осы ғылым саласының ғылыми
терминологиясын да жасаған.
Терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін
ондаған әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым
олардың ғылыми терминге тән ғылыми анықтамасын берген.
Ол дегеніміз – ғылыми ұғымның, өзіне ғана
тән белгілерін айқындаумен қатар, олардың
ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын да көрсету деген
сөз. Мысалы: “Айшықтың әрбір тақтасы шумақ
деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ
болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ
дегеніміз – өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде
бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз – өлеңді
айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының
арасы. Бунақ ішінде буын болады”, – дейді [5,192].
Бұл мысалдан байқайтынымыз, ғалым
біріншіден, өлеңнің құрылым-құрылысын
анықтаған, екіншіден, әрбір ұғымның
өзіндік ерекшелігін, басты белгісін, іргелес өзге
ұғымдардан айырмасын көрсететін анықтама берген.
Яғни, әрбір ұғымның мазмұны мен
көлемін бағамдаған; үшіншіден, әр
ұғымның ғылыми атауын (айшық, шумақ,
тармақ, бунақ, буын) жасаған; төртіншіден,
терминдердің жүйелілік ерекшелігін ескере отырып, жалпы
қолданыстағы бір үлгімен жасалған (модель)
сөздерді термин ретінде пайдаланған; бесіншіден, ғылыми
ұғымдардың арасындағы жүйелілік құрылымдық
байланысты көрсеткен. Дәлірек айтқанда, айшықтың
–шумақтан, шумақтың – тармақтан, тармақтың
– бунақтан, ал бунақтың – буыннан құралатындығын
сатылай көрсету арқылы ұғымдардың
микрожүйесінің өзіндік табиғатын аша білген.
Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлы тіл
білімі, әдебиеттану ғылымдарының ғылыми терминологиясын
жасаумен бірге, қазақ тілін оқыту әдістемесіне
қатысты да көптеген терминдерге де жол
салғандардың қатарына әдіс, әдісқой,
сауаттау әдісі, жалқылау әдісі, жалпылау әдіс,
жалқылау-жалпылау әдіс сияқты терминдерді
жатқызуға болады. Бұлармен қоса Ахаң тарих,
этнография терминдерін де жасаған. Олай дейтініміз, Мұхтар
Әуезов 1923 жылы ғалымның “Мәдениет тарихы” атты кітап
жазып бітіргенін айтқан еді.
Қорыта келгенде, XX ғасыр
басында ғылыми стильдің қалыптасуымен қоса, тілімізде
термин мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген.
А.Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану
ғылымына байланысты терминдерді жасаушы алғашқы ғалым.
Сонымен қоса, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл
білімі, әдебиеттану сияқты жеке ғылым салаларының
ғылыми терминологиясының негізін қалаумен бірге
әдістеме, тарих және этнографияға, жалпы мәдениетке
қатысты көптеген терминдер жасаған. Ғалым 310
тілтанымдық термин қолданған болса, оның 118-і
қазіргі таңда тіл білімінде әлі де қолданылып
жүр.
Бұл – А.Байтұрсынұлының
терминжасам ұстанымының дұрыстығына дәлел.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Cыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы.
–Алматы, 2010.
2. Әбілқасымов Б., Мажитаева Ш. Қазақ әдеби
тілінің тарихы (XY‒XXғғ.): Оқу
құралы. ‒ Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2009.
‒ 242 б.
3. Мажитаева Ш.М., Рапишева Ж.Д. Қазақ тіліндегі ғылыми
стильдің қалыптасу тарихы. -Бішкек, 2006. – 115 б.
4. Нұрғалиев Р. Алып бәйтерек//А.Байтұрсынұлы.
Ақ жол. Алматы: Жалын, 1991. ‒ Б.12-13.
5. Байтұрсынұлы А. Әдебиет
танытқыш//А.Байтұрсынұлы шығармалары. Алматы: Жазушы,
1989. 320 б.
6. Жалмаханов Ш.Ш., Смағұлов Ж.Қ. А.Байтұрсынұлы
– қазақ әдебиеттану терминдерінің негізін салушы. –
Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1997. – 30 б.