Искакова Ж.Г., Қазақстан, Алматы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,zig019@mail.ru

 

Ғылыми жетекшісі: п.ғ.д., профессор Ахметова Гүлнас Кенжетайқызы

 

 

КВИЛЛИНГ ТЕХНИКАСЫ – БАЛАЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН

ДАМЫТУ ҚҰРАЛЫ

 

Түйіндеме

Мақалада бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын дамытудың маңыздылығы негізделген. Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылығын дамытуға бағытталған квиллинг техникасының мазмұны ұсынылған. Оқушының бойында шығармашылық қабілеттіліктерін дамытудың өзектілігі мен зерттелу деңгейі қарастырылған.

Түйін сөздер: шығармашылық, жасампаз тұлға, квиллинг техникасы, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тану.

 

Резюме

Статья основана на важности развития творчестваучащихся начальных классов. Так же здесь представлено содержание техники квиллинга,направленное на развитиетворчества у учеников. Рассмотреныактуальность и уровень исследования в развитии творческих способностей школьника.

Ключевые слова: творчество, созидательность, техника квиллинг, саморазвитие личности, самопознание.

 

Resume

This article is based on the importance of primary school pupils creativity development. Also the quilling techniques are shown. It’s designed forthe growth ofpupils’ creativity. The article reviews major points and levels of research in the development of creativityof the pupils.

Key words:art,creativity,quilling technique, self-development, self-knowledge

 

 

ХХ ғасырдың соңғы жарты жылдығында барлық өркениетті елдерде қабілетті балаларды анықтап, зерттеу, оқыту және дамыту жұмыстары өркендеді. Өйткені жеке тұлғаның әлеуметтік, саяси – экономикалық, мәдениеттік процестерде рөлі өзгерді. Қазіргі кезеңде өндірісті басқару, ғылым, мәдениет, өнер сферасының саласында өз бетінше, шығармашылық тұрғысынан ойлайтын іскер, алғыр жас маманды қалыптастыру талап етілуде. Қоғамның постиндустриалды даму кезеңі адамға сапалы әрі жаңа талаптарды ұсынып, тұлғаның жеке дара, шығармашыл, коммуникативті, табысты болу қажеттігін қамтамасыз етуде. Заманауи білім берудегі терең өзгерістердің үдерісі шығармашылықты дамыту мәселесін, ойлау қабілеті жоғары, жан-жақты дамыған тұлғаның құрылуына әсер ететін, қайталанбас ерекшелігімен дараланатын сипаттағы жүйені талап етуде.

Өмір мәселелерін ерекше түрде тиімді шешу қабілетіне ие белсенді тұлғаның шығармашылық тұрғыдан дамуы кіші мектеп жасында қаланады және тұлғаның әрі қарай өркендеуінің, сәтті шығармашылық әрекетінің қалыптасу шарты болып табылады. Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуда жастарға білім берудің маңызы ерекше. Осыған орай оқушылардың білім жетістігін өркениетті елдердің білім деңгейіне көтеру, нәтижеге бағдарлап оқыту, ұлттық құндылықтарды оқушылар бойында қалыптастыру, білім беруді ізгілендіру, оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру, фундаментальді білім беру, қазіргі оқыту технологиясын жетілдіру және т.б. басым бағыттарды 12 жылдық мектептің бастауыш сатысындағы пәндер бойынша мемлекеттік міндетті білім стандартын, оқу бағдарламасын жетілдіруде басшылыққа алудың қажеттігі туындап отыр. Сонымен бірге оқушыларды кіші жастан өз бетінше ізденуге, олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне, топпен және дара жұмыс істеуге дағдыландырып, өзін - өзі тексеруге, өзін - өзі бағалауға, қорытынды  жасай білуге, өз пікірін айта білуге, өмір дағдыларына бейімдеу міндет етіледі. Қоғамның әлеуметтік - экономикалық, ғылыми - техникалық т.б. үрдістері жастардың белсенді, шығармашылықпен жұмыс істейтін және кеңінен ойлауға қабілетті болуын қажет етеді. Сондықтан, мектептегі оқу үрдісінің негізгі мақсаты - арнайы педагогикалық әдістер арқылы мақсатты және жүйелі түрде оқушылардың интеллектін, шығармашылықпен ойлауын дамыту, ғылыми көзқарасы мен белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше білім ала алу дағдыларының дамуына негіз салу.

Жас ұрпақтың шығармашылығын дамытудың мүмкіндігі, оның күрделі де, ұзақ үдеріс ретінде бірқатар философиялық, психологиялық, педагогикалық еңбектерде көрініс тапқан. Адамның еңбек іс-әрекеті, ондағы шығармашылықтың дамуы жөніндегі ойлар ежелгі грек философтары, қайта өрлеу дәуірі ғалымдары Аристотель, Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Х.Дулати, шетел философтары P.Адлер, Н.А.Бердяев, Э.В.Ильенков,  еліміздің философтары Д. Кішібеков , Ә.Нысанбаев, М.Орынбеков, Қ.Әбішев және т.б. еңбектерінде қарастырылған.

Психологиялық әдебиеттерде шетелдегі Э.Эриксон, Б.Г.Ананьев, Л.С.Выготский, Л.С.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, В.В.Давыдов, Б.Д.Эльконин, еліміздегі Қ.Б.Жарықбаев, М.Мұқанов, Т.Тәжібаев, Ә.Алдамұратов, Х.Т.Шерьязданова, Ж.Ы.Намазбаева, С.Жақыпов және т.б. бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетінің психологиялық аспектілері тұжырымдалған.

Оқушылардың шығармашылығын қалыптастырудың педагогикалық негізі В.А.Сухомлинский, А.С.Макаренко, Я.А.Коменский, И.Г.Пестолоцци, К.Д.Ушинский, М.Н.Скаткин, Ш.А.Амонашвили т.б., отандық ғалымдар М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Т.С.Сабыров, Р.М.Қоянбаев, Ж.Ә.Әбиев және т.б. еңбектерінде әр қырынан зерттелген.

Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын дамыту мен тәрбиелеу мәселелері елімізде К.Ж.Қожахметова, К.Өстеміров, Б.А.Әлмұхамбетов, С.А.Жолдасбекова, Х.К.Шалғынбаева, С.Н.Жиенбаева, Ә.Құтпанбаев, Т.Ш.Оралбекова, О.С.Сатқанов, С.Қаңтарбаев, М.К.Бұлақбаева, К.Қ.Базарбаева және т.б. ғылыми зерттеулерінде шығармашылықты дамытудағы еңбек іс-әрекетінің педагогикалық аспектілері, ерекшелігі мен заңдылығы тұжырымдалған.

Оқушылардың шығармашылық іс-әрекеті М.А.Құдайқұлов, Б.А.Тұрғынбаева, М.Х.Қаламқалиев, А.С.Амирова, Ж.Б.Балкенов, Қ.О.Жеделов, Ә.Ә.Сағымбаев, А.Б.Мырзабаев, З.Ш.Айдарова, А.Ш.Орақова, К.Қ.Әбдібекқызы және т.б. зерттеуші ғалымдардың ғылыми жұмыстарында қарастырылған. Зерттеулерде “шығармашылық қабілеттер” түсінігінің мәні ашылып, бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын дамыту ерекшеліктері ұсынылған.

Қазіргі бастауыш мектептерде шығармашылық тұрғыда инновациялық білім беру мәселесі – оқытудың шығармашылық қызметінің сапасын анықтайтын, жаңа білімді тану мен жаңа бұйым жасауға бейімделу арқылы танылатын әрбір жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған интеллектуалдық үдеріс. Оқушының шығармашылық деңгейі – оның берілген тақырыпқа байланысты өз қиялынан туған бұйым мен оны көркемдеп жасаудың жолдарын табуынан көрінеді. Мұнда жаңа білімді меңгеру үдерісі шығармашылық ойдың қалыптасуымен және дамуымен бірге жүреді. Демек, шығармашылық ойдың нәтижесі – белгілі ұғымдарды қайталап, жаңғыртумен ғана емес, сонымен қатар жаңа білімді жасау, тапсырманы орындауда жаңа жолдарды ашу актілері арқылы жасалады.

Зерттеушілер креативтілікті тәрбиелеу мақсатында бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекетіндегі психологиялық-педагогикалық басшылығына ерекше көңіл аударады. Осы мақсатқа орай біз психологиялық-педагогикалық әдебиетте білім беру мекемесінің іс-әрекетіндегі бағалы құрал ретінде – квиллинг техникасын ұсынып отырмыз. Бұл техника тұлғаның өзін-өзі тану, өзін-өзі дамыту, өз ойын білдіре алу қажеттіліктерін қанағаттандыруына септігін тигізеді.

Білім негізі бастауышта қаланатын болғандықтан, ендігі кезекте бастауыш мектептің оқу бағдарламасына енгізіліп отырған жыл сайынғы өзгерістерді, баланың тұрғылықты мекен-жайының өзгешіліктерін, баланың жеке даралық психологиялық қасиеттерін ескере отырып, оқу үрдісінде нақты пәндер бойынша белгілі бір саладағы шығармашылық қабілеттілікті дамытуға тиімді әдістемелік жолды теориялық және практикалық тұрғыда ашып беру керек деп ойлаймыз. Бастауыш сынып оқушыларының қиялы әдеттегіден тыс, ерекше болып келеді. Сыныпта сабақтарда ұтымды уақыт тауып, шығармашылық жұмыс түрлерін жүргізуге болады. Ол үшін мұғалім өтілетін тақырыптың, сабақ бағдарламасының  өн - бойынан шығармашылық тапсырмаға лайықты жағдайлар іздеп табуы керек. Кейбір тәжірибелік тапсырмаларды да шығармашылық арнаға бұрып, өзгертуге болады. Осылайша сабақта және сабақтан тыс уақытта оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда квиллинг техникасын жүргізуге болады.

Қағаздан жасалған филигрань - қағаздарды өңдеудің ескі техникасы ретінде осы уақытқа дейін таралып, «квиллинг» атауына ие болып отыр. Қазіргі таңда қағазбен жұмыс істеу өнері балалар шығармашылығында өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қағаз – шығармашылық жұмыстың құралы ретінде әр адамға қолжетімді болып қалады. «Квиллинг» балалардың шығармашылыққа жолын ашып, олардың қиялын, көркемдік мүмкіндіктерін дамытады.  Квиллинг (ағылшын тілінен аударғанда quilling – қағазды орау, бүктеу, бұрау) - жұқа және ұзын қағаз таспаларын шиыршықтап орай отырып, түрлі бейнелер мен заттар жасау. Оны жасауға арналған арнайы квиллинг қағазы да болады. Квиллинг сөзі ағылшынның «құс қауырсыны» деген сөзінен шыққан деген де анықтамалар бар. Себебі, ертеде қағазды шиыршықтап орау мақсатында құстың қауырсыны пайдаланылыпты [1].

Қағазды орау арқылы бұйымдар жасау Батыс Еуропа жерінде, әсіресе Англия мен Германияда хобби ретінде кеңінен таралған. Бірақ ол Батыс пен Шығыс елдерінің арасында жүріп, әр елдің ұлттық нақышына қарай дамып отырған. ХҮ ғасырда квиллинг - өнер деп саналса, ХІХ ғасырда – қыздардың уақыт өткізу сауығы, ХХ ғасырдың көп бөлігінде бұл өнер ұмытылып, тек ХХІ ғасырдың соңында ғана квиллинг қайта өнерге айнала бастады. Сондай-ақ бұл өнердің шыққан жері – Ежелгі Египет дейтіндер де кездеседі. Квиллинг - Оңтүстік Корея елінде де танымал. Бүгінде бұл елде қағаздан түрлі бұйымдар жасаушылардың үлкен Ассоциациясы жұмыс істейді. Англияда Елизавета ханшайым квиллинг техникасымен шындап айналысты және оның жасаған көптеген туындылары мен бұйымдары Лондондағы музейде сақтаулы тұр. Қағаздың қыр-сырын қанық білетіндердің қатары – қолөнердің квиллинг деген техникасымен айналысатындар. Бұл техниканың мақсаты – қағаздан құрастырудың көркемдік әдісі ретінде, квиллинг техникасының қарапайым тәсілдерін меңгерту негізінде балаларды жан-жақты интеллектуалды және эстетикалық тұрғыда дамыту [2].

Міндеті:

Оқытып-үйрету:

·        Оқушыларды квиллингтің негізгі үлгілерімен және оның түсініктерімен таныстыру;

·        Қағазбен жұмыс істеудің түрлі тәсілдерін үйрету;

·        Ауызша нұсқаулықтарды қолдана білуге үйрету;

·        Балаларды негізгі геометриялық түсініктерімен таныстыру: домалақ, шаршы, үшбұрыш, бұрыш, жақ, биіктік, төртбұрыш және т.б.

·        Арнайы терминдермен баланың сөздік қорын жетілдіру;

·        Квиллинг техникасында орындалған бұйымдар композициясын жасап шығару.

Дамытушы:

ü     Логикалық және кеңістіктегі қиялын, есте сақтау, назар аудару қабілетін дамыту;

ü     Көзбен шамалау қасиетін және қол саусақтарының ұсақ моторикасын дамыту;

ü     Оқушылардың қиялын және шығармашылық қабілеттерін, көркемдік талғамын дамыту;

ü     Балалардың көзбен шамалауын дамыту, қолдарының ұсақ моторикасын жетілдіру, саусақтарының дәлме-дәл қозғалуына үйрету, қолдарымен жұмыс істеу қабілетін дамыту;

Тәрбиелік:

§        Квиллинг техникасына қызығушылығын тәрбиелеу;

§        Еңбек мәдениетін құрастыру және еңбек дағдыларын жетілдіру;

§        Ойын жағдайларын қалыптастыруға әрекет жасау, балалардың коммуникативтік қабілеттерін кеңейту;

§        Жинақылыққа, ұқыптылыққа, мұқият болуға, материалды үнемдеп және күтіп қолдануға үйрету, жұмыс орнын тәртіпте ұстауға үйрету [2]

Қағазды жіңішке әрі ұзыншалап қиып, оны шиыршықтап (спираль тәрізді), түрлі формаға келтіріп жаңа дүние жасайтын қолөнерді квиллинг деп атайды. Шиыршықталған қағаздан әдемі гүлдерден бастап, сан түрлі ою-өрнекті ғажап дүниелерді, картиналарды жасауға, суреттер мен фотоальбомдарды сәндеуге болады. Тек қиялға ерік беріп, жанға жақынды тани алса болғаны. Квиллинг техникасында жұмыс істеу үдерісінде балалар үнемі қағаздың барлық компонеттерін (материал, түстік гамма, дайындау технологиясы, тағайындалуы, т.б.) біріктіріп, үйлестіріп жұмыс жасайды. Бұл техникадағы негізгі элемент – ролл. Оны орындау үшін квиллинг техникасына арналған қағаз таспасын және квиллингтің ұшты құралын аламыз. Таспаның соңын құралға салып, бұраймыз. Содан соң роллды құралымыздан абайлап алып, бос тұрған ұшын желіммен жабыстырамыз. Роллдарды біріктіріп жабыстыру арқылы түрлі ғажап туындыларды дайындауға болады. Сонымен қатар, квиллинг техникасының көмегімен, қағазбен жұмыс істеу барысында роллдан басқа, «тамшы», «жүрекше», «көз», «шаршы», «ромб», «үшбұрыш», «меңзер», «жарты ай», «түтік ай», «шырмауық», «бұтақша» және т.б. формаларды дайындау тәсілдерін үйретуге болады. Әр баланың қиялына қарай жаңа элементтердің пайда болуына байланысты роллмен көптеген тәжірибе өтеді. Тамаша педагог В.А.Сухомлинский: «Балалардың зеректілігі мен дарындылығының қайнар көзі – олардың саусақтарының ұшында, олардан, көрнекі түрде айтқанда, шығармашылық ойлардың бастауын азықтандыратын ең жіңішке жылғалар жүріп жатыр» деп жазған. Баланың болашақ өмірі - нақты әрі дәл іс-қимылды, киіну, сурет салу және жазу үшін қажетті саусақтары мен білектерінің үйлескен әрекетін талап етеді. Сол себепті, квиллинг техникасымен жұмыс істеу барысында қол саусақтарының ұсақ моторикасын дамыту маңызды болып саналады. Сонымен қатар, баланың жалпы физикалық және психикалық дамуы, сөйлеу, қабылдау, көру, есту қабілеті, зеректілігі, өз-өзіне сенімділігі дамиды. Ал ұжымдық оқыту кезінде балалардың бойында бірігіп жұмыс жасаудың қарапайым дағдылары құрылады: олар бір-бірін күтеді, орын береді, көрші отырған оқушының қимылын байқайды, ұйымшыл болады, басқа адамды тыңдай біледі және т.б. Іс-әрекет барысында қол буындары үш негізгі міндетті атқарады: қозғалыс мүшелері, таным мүшелері, қуат шоғырландырушы. Егер бала қандай да бір затты ұстаса, онда бұл кезде  қолдарының терісі, буындары мен бұлшық еттері көруге, тануға, түсінуге, ажыратуға, есте сақтауға көз бен миды «оқытып үйретеді»[3].

Осылайша, квиллинг техникасы – мектептің оқыту үдерісіндегі қиыншылықтарға төтеп бере алатын баланың тұлға ретінде дамуына әсер ететін тиімді құрал екенін атап өтуге болады. Қорытындылай келе, егемендігін алған елімізде жаңа ғасыр алдында оқытудың жаңа жүйесі қалыптасып, ертеңгі күнге бағытталған рухани жаңарудың іргетасы қалануда. Ол өз кезегінде оқушылардың ақыл-ойын, шығармашылығын дамыту мәселелерін шешеді, білімнің сапасын көтереді. Бастауыш сыныптың қай пәнінде болсын оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілетін дамыта оқыту олардың сабаққа деген қызығушылығын оятып, өз ойын ашық, қысылмай жеткізе білуін, ынтасын дамыта түседі. О. Бальзактың “Ұдайы еңбек ету - өнердің де, өмірдің де заңы” дегеніндей, оқушылардың шығармашылық қабілеті мен белсенділігін арттыруда мұғалімге үнемі ізденуге, тұрақты еңбек етуді міндеттейді. Оқушының білім мазмұнындағы ғылыми ұғымдардың үлесін арттыру арқылы оқушыны шығармашылық әрекет жағдайларына әкелетін ішкі байланыстарды ашуға мүмкіндік туғызып, жағдай жасау керек. Оқушы ойлауының барлық түрлерін диагностикалық бірлік арқылы дамыту маңызды. ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн деп ойлаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Дженкинс Д. Поделки и сувениры из бумажных ленточек– М: Просвещение, 2010. – 130 б.

2.      Зайцева А. Квиллинг[Мәтін]: ең толық және түсінікті өзін-өзі үйретуші/.- М.:Эксмо, 2013. -96 б.

3.       Букина С.А. Квиллинг: мастерство бумажных завитков – М.: Феникс, 2010. – 272 б.