Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университеті,

шетел тілдер кафедрасының аға оқытушысы

Аязбаева С.С.

№ 139 «Ақбөпе» балабақшасы коммуналдық мемлекеттік

қазыналық  кәсіпорын, тәрбиеші

Сандықбаева О.М.

 

     Мектепке дейінгі балалар үшін

дидактикалық ойындардың маңызы

 

Адам бала кезінен қалыптасып, өмір бойы қолданатын қабілеттерінің пайда болуына үлес қосады. Баланың қалыптасуына әр түрлі сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді. Мектепке дейінгі жастан бастап баланың болашақ тұлға, өз елінің азаматы ретінде негізі қаланады. Бала сөйлеумен қоса, айналадағы дүниені танып - біледі. Көрген - білгенін басқаларға сөз арқылы жеткізуге тырысады. Осының өзі оның білім дағдысы молайып, күнделікті өмірден алған әсерінің нығая түсуіне себеп болады. Алған ақпараттты ол ортаға тіл арқылы жеткізеді. Тіл - баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы барысында ой - өрісін, ақыл - парасатын, адамгершілігін, эстетикалық сезімін жетілдіру міндеттерін жүзеге асырудың ең басты құралы. Ал балалардың зейінін бір нәрсеге шоғырландыру үшін тіл жеткіліксіз, сондықтан балаға белгілі бір нәрсені түсіндіру үшін ойын маңызы өте үлкен болып табылады [1].

Демек, ойын арқылы баланың ақыл - ойы, сөздік қоры толыға түседі. Ойынның тілді дамытуда орны ерекше. Рөлдік ойындарда барлық балаларға бірдей рөл тиеді де олар бір - бірімен қарым - қатынасқа түсіп сөйлеседі. Балалар белсенді жұмыс істеп, бір - біріне жәрдем беріп, жұмыстарын мұқият тыңдап, өздерін және бір - бірлерін бақылайды, тәрбиеші тек бағыттаушы болады. Ойын барысында тәрбиешінің рөлі үнемі өзгеріп отырады. Рөлдік ойындарға топ болып қатысқан жөн. Бала рөлде өзін неғұрлым еркін сезінетін болса, соғұрлым қызыға ойнайтын болады. Бастапқы кезде тәрбиешінің балалардың ынта - жігерін бақылағаны жөн. Біртіндеп ол бақылаушы бола бастайды. Кейде тәрбиешінің өзі де басты рөлден басқа кез - келген рөлде ойнауына болады. Тек ол рөл топтағы тіл қатынасын дұрыс бағыттап отыратындай болсын. Тәрбиеші көмек қажет ететін балаға жақындап, оның жұмысына жәрдем беруіне болады [2].

Ойын - бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы құбылыстар мен заттарды ойын арқылы түсініп ұғынады.

Кезінде К.Д. Ушинский, В.А. Сухомлинскийлер балабақша тәрбиеленушісі – балалық үшін оларды тәрбиелейтіндей орта туғызу, жағдай жасау керектігін атап көрсеткен болатын. Бірақ ойынды ортаны тудырмас бұрын, ойынды дидактикамен ұштастыра білу қажет [3].

Дидактика - термині гректің «дидактос», яғни үйрететін деген сөзден шыққан. Дидактикалық құралдар оқу міндеттеріне сай арнайы әзірленеді. Дидактикалық ойын баланың қоршаған дүние туралы түсінігін кеңейтіп және оны бекітіп нақтылай түседі [4].

Бала бақылау, оқыған кітап, естіген ертегі арқылы айналасын таниды. Олардың түсінігі алғашқы кезде айқын болмайды. Тәрбиеші баланың түсінігін дидактикалық ойындар арқылы нақтылап, дамытып саналы түрде түсінуін өрістетеді. Мысалы, бір заттың түсін атаңдар? Бояудың қандай түрін білесіңдер? Үй жануарларының үшеуін атаңдар. Бала дидактикалық ойын арқылы әр затқа байланысты жаңа білімді меңгеріп, түсінігін тиянақтайды. Әрбір дидактикалық ойын ойлай білуге баулып, сөздік қорын өсіреді, ақыл - ой қызметін қалыптастырады.

Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады. Дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді жеңіл келеді. Сондықтан дидактикалық ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескертуге ерекше назар аударған жөн.

Дидактикалық ойын – оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл - ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту – мектеп жасына дейінгі кезеңнің, негізгі ерекшелігі. Балабақшадағы тәрбиелеу - оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс - әрекет кезіндегі тілдік қарым - қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген [5].

Сонымен, ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол озін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді», «Ойында озган, өмірде де озады» деген аталы сөздер сырына жүгінсек, мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген құлқы, қарым- қатынасы, мінез- құлық көріністері олар өсіп- есейгенде де жалғасы береді.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. «Педагогика», Алматы 2000. – 85-95 б.

2. Селецкая Е.Э. «Дидактические игры как средство активных познавательной деятельности, М.: - 166 б.

3. Каменский Я.А. «Ұлы дидактика», М.: - 145 б.

4. Дайрабаева А.Е. «Қазақстанда дидактикалық ойындардың дамуы» Алматы, 1994. – 21 б.

5. Сабыров Т.С. «Оқыту теориясы негіздері», Алматы 2004. – 54 б.