П.ғ.к., И.С. Өтебаев1, Г.Б. Бокаева1, А.А. Убайтжанова2

1Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

2Ақтөбе қаласы  №8 орта мектеп, Қазақстан

 

ӘДЕБИЕТТІК ОҚУ САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ

                                                                     

Бастауыш мектептің маңызы мен қызметі оның үздіксіз білім беру жүйесіндегі басқа буындармен тек сабақтас болуымен ғана емес, ең алдымен, оқушы тұлғасы ұйтқысының қалыптасуы мен дамуы жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын буын.

Қазіргі таңдағы оқытудың негізгі мақсаты бұрынғыша пәндік білім біліктердің белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, оқу әрекетін қалыптастыру негізінде жекебас тұлғасын тәрбиелеу  болып отыр.

Білім берудің басты міндеттерінің бірі – оқушы білімін әрі қарай жалғастыруға дайындығын сипаттайтын белгілі бір деңгейдегі эрудициясының болуын қамтамасыз ету. Сондықтан да бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Осыған сәйкес оқушыға белгілі бір көлемдегі білік – дағдыларды меңгертумен бірге табиғат, қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейте отырып, оларды шығармашылық бағытта жан – жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

Қазіргі кезеңде  педагогика ғылымында оқушы шығармашылығына бағыт – бағдар беру мәселесі кеңінен көтерілуде. Оқыту мен тәрбиелеу үрдісінде оқушы шығармашылығын дамытудың тағы бір қажеттілігі  қоғам  талабынан туындайды. Қоғам қашан да дарынды, қабілетті  адамдарға мұқтаж болып келген. Қоғам барған сайын күрделеніп, даму үстінде. Қазіргі кезде мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, ерекше ой қызметін, мол шығармашылық мүмкіндікті, өзін қоршаған түрлі жағдайларға тез икемделіп қана қоймай, оларды керекті бағытына шығармашылықпен бұра білу қабілеттілігін қажет етеді.

Оқыту үрдісінде  оқушылардың шығармашылық қабілетін  дамыту мәселесі тыңнан қойылып отырған жоқ. Ана тілін оқыту жүйесінде бұл мәселенің  алатын орнын, мақсатын, мазмұнын алғаш анықтаған  Мағжан Жұмабаев болды.  Мағжан Жұмабаевтан кейін республикамызда бұл мәселеге назар аударған  ғалымдар Ә.Қоңыратбаев, С.Тілешова, Ш.Кәрібаев, Қ.Әбдібекқызының  еңбектерінде сөз етілді. Бірақ бұлардың барлығы да  бастауыш сыныптар деңгейіндегі жұмыстар емес,  тек қана орта буындарда жүргізілетін жұмыс түрлері болатын. Ал Б.Тұрғынбаеваның «Шығармашылық қабілеттер және дамыта оқыту» (1999 ж.) атты оқу құралында әдіскер  шығармашылық қабілет жайлы теориялар, дамыта оқытуды қалыптастыру, тәжірибелер туралы сөз етеді. Әсіресе бастауыш  сынып оқушыларымен жүргізілетін жұмыстар, тапсырмалардың берілуі орын алған. [Қ.4 бет]

Педагогика ғылымы еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілеті жоқ адам болмайды деп дәлелдейді. Сондықтанда балалардың қабілетін  дамытуда мектеп қана мақсатты түрде ықпал ете алады.  Психологтардың зерттеулері  бойынша, әрбір жаста шығармашылыққа баулуға өзек болардай өзіндік қабілет, бейімділік болады екен. Сол себептен де балабақшадан бастап мектеп бітіргенге дейін, үзбей әрі жүйелі, әрі сатылы түрде шығармашылыққа баулып, ақыл – ойын, икемділігін дамытып отыру қажет. Ал шығармашылық дегеніміз не?        

Шығармашылық - бұл адамның өмір шындығына өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйін, өздігінен саналы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу оның рухани күшін нығайтып, өмірде өз орнын табуға көмектеседі  [1, 3 бет].      

Шығармашылық - бүкіл тіршіліктің көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі  [1, 4 бет].  

Қабілеттер жайлы жазылған ойларды, тұжырымдамаларды, еңбектерді талдай келе, адам бойында табиғи мүмкіндіктер болады, олар тек белгілі бір әлеуметтік жағдайларда байқалып, әрі қарай дамиды, әр адам басқа адамнан өзінің табиғи психологиялық өзгешеліктерімен ерекшеленеді деген қорытындыға келеміз. Қабілеттер - білім алуға қажетті адамның психологиялық ерекшеліктері.                          

   Бастауыш   сынып оқушыларының  тұлғалылығын  тәрбиелеу үшін, ең алдымен олардың қабілеттерін   дамытудын   мәні    зор.   Психологтар   қабілеттердің   екі  түрлі   деңгейінің болатындығын дәлелдейді:                                                                                                          

1) репродуктивті - іс-әрекетті, білімді берілген үлгі бойынша қабылдай алу деңгейі;          

2)  шығармашылық - жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі.      

Шығармашылық - өте күрделі психологиялық процесс. Ол іс-әрекеттің түрі болғандықтан, тек адамға ғана тән.                                                  

Шығармашылық - төмендегідей ерекшеліктермен сипатталатын адам әрекеті:

- шығармашылықтағы қарама-қайшылықтардың болуы;

- әлеуметтік немесе жеке адамға деген мәнінің болуы;

- шығармашылыққа арналған шарттардың, жағдайдың болуы;

- шығармашыл тұлғаның жекелік қасиеттерінің болуы;

- нәтиженің жаңалығы, соңылығы  [1, 11 бет].

Бұдан екі жарым жыл бұрын өмір сүрген қытай философы Конфуций, грек философы Платон дарынды балаларды арнайы сарайда тәрбиелегенде, ең алдымен оларға көркемөнер түрлеріне үйреткен. Олардан дарынды ақын, суретші шықсын дегенді мақсат тұтпаған. Өз ұлтын, мемлекетін өркендететін білімді, алғыр болашақ данышпан шәкірттер  тәрбиелеу үшін, бірінші кезекте  балалардың сезімталдығын, ойын, тілін дамытуды қолға алған. Ендеше оқушылардың ой шапшңдығын, сөз байлығын  молайтып, шығармашылық қабілетін дамытуға  мүмкіндік беретін пән – тіл пәндері.

Бастауыш сыныпта әдебиеттік оқу пәндерінде оқушымен жұмыс жасау кезінде төмендегі жайларды ескерген жөн:

Бала тіліне қойылатын талаптар

·    мазмұнды, анық болуы;

·    логикалық байланысы болуы;

·    дәлелді болу;

·    ойдың дәл, тартымды болуы;

·    таңдай білу;

·    тіл байлығын жақсы білу;

·    өте түсінікті болу (артық сөз, орынсыз тіркес болмау);

·    мәнерлі, әсерлі, таза, сенімді, әдеби болу;

·    тіл нормасына сай болу.

Мұғалімге қойылатын талаптар

·           теориялық білімдерді жетілдіру, әдеби процестің тетігін түсіну;

·           шығармашылықпен жеке – дара оқушы емес, сыныптың барлық оқушылары айналысуы үшін мүмкіндік туғызу;

·           шығармашылық процеске оқушыларды үнемі үзбей, сатылы түрде қатыстыру;

·           шығарма жаттығу, ойын – тапсырмалардың мазмұнын оқушылардың жас ерекшелігіне, қызығушылығына сай құру;

·           оқушы жетістігін мадақтап, көтермелеу керек. [2, 9 бет]

Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалу тиіс. Олар:

·     Шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;

·     Жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайында болуы;

·     Ойлау мүмкіндігінің ең жоғарғы деңгейіне жету;

·     Оқушының шығармашылық іс - әрекетіне жағдай туғызу;

Оқушының шығармашылық іс - әрекетіне жағдай туғызу дегеніміз - оқушыны ойлай білуге үйрету екені сөзсіз. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіннен шығармашылық қабілетті талап етпес бұрын, оны соған үйреткен жөн. Оқушының зейінін, есін, қиялын, интеллектісін дамыта отырып, ойлау қабілетін, шығармашылық іс - әрекетін жоғары деңгейде көтеруге болады.

 

Әдебиеттік оқу сабағында қолданылатын шығармашылық тапсырмалар

Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылықтарын, шығармашылық қабілеттерін арттыруда түрлі әдіс - тәсілдерді өз сабағымызда қолданамыз:

1.     Мәтін, ертегі, әңгімені өз бетінше аяқтау.

2.     Ақын, жазушылардың дайын мәтіндерін басқаша аяқтау.

3.     Белгілі мақал негізінде әңгіме жазғызу.

4.     Мәтін бойынша мақал құрастыру.

5.     Табиғат құбылыстарына, заттарға және жеке суреттерге қарап жұмбақ құрастырту.

6.     Әңгімелерді салыстыру, бөліктерге бөлу.

7.     Шығарма, мәтін, ертегі құрастыру. (тақырып бойынша, жоспар бойынша, тірек сөздер       арқылы)

8.     Өлең, мақалдар құрастыру.

9.     Шығармадағы әңгімелерге ұқсас оқиғалар айтқызу.

10.    Кейіпкерге мінездеме беру.

11.    Шығарма бойынша сурет салғызу, ауызша суреттеу, қиялдау арқылы суреттеу, мүсіндеу.

12.    Рөлге бөліп оқыту.

13.    Логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешкізу (анаграмма, сөзжұмбақ, ребус)

14.    Диалог-ертегі.

15.    Образға кіру.

Ал сыныптан тыс жұмыс кезінде шығармашылыққа баулу  түрлері:

·      Мектеп шеберханасына, мұражайға апару, әр түрлі кездесулер бойынша шығарма жаздыру;

·      Суретті кітапша жасату, жазбаша баяндату;

·      Мектептегі үйірмелерге, сыныптан тыс жұмыстарға қатысуына жағдай жасау;

·      Газет – журналдарға жазғызып, оны оқу үрдісінде үнемі пайдалану;

·      Ауыз әдебиет түрлерін пайдалану;

·       Әрбір оқылып отырған шығарманың авторы туралы мағлұмат беру. [3, 14 бет].

Қорытынды: өзіміздің іс-тәжірбиемізді қорыта келіп, мынадай түйін түюге болады.

1.    Осы шығармашылық тапсырмаларды пәндерге бейімдеп қолданудан, оқушылардың пәнге қызығушылығы артады.

2.    Оқушылардың білім сапасы көтеріледі.

3.    Оқушылардың логикалық ойлауы, шығармашылық іс - әрекетке қабілеті артады.

4.    Әр мұғалім болашақ үшін қызмет істейді. Ол әр оқушыны жеке тұлға ретінде көріп, оның өміріндегі өз орнын табуына, сынып ұғымын қалыптастыруға, ата - аналармен ынтымақтасуға, оқытуда қиындық көріп жүрген оқушыға көмегі тиері сөзсіз.

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

1. Тұрғынбаева Б.А. Шығармашылық қабілеттер және дамыта оқыту. Алматы, 1999.

2. Қарабаева Қ.Ә. Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту. Ақтөбе, 2003.

3. Бастауыш  мектеп. Республикалық ғылыми-әдістемелік,  педагогикалық журнал . №3, Алматы, 2009.