Естемесова А. А., Қазақстан, Алматы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, aijan-jan@mail.ru

Ғылыми жетекшісі: п. ғ. д., педагогика  және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры Джуcубалиева Д.М.

 

БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНДЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Қазіргі замандағы білімнің мақсаты – өзін-өзі дамыту мен өзін- өзі білімдендіруге ықпал ету үшін, әлеуметтік құндылықты белсенділікке араласуы үшін қоғам мен тұлғаның өзіне қажетті  тұлғалық қабілеттерін дамыту болып табылады. Дамыту педагогикалық процестің кілттік сөзі, оқытудың терең ұғымы болып табылады. 

Компьютермен жұмыс істеу барысында өз іс-әрекетін өз бетімен бақылай алудың маңызы зор. Қолда бар бағдарламалық құралдарды бағалаудың негізінде осы жағдайға сай келетін инструменталдық құралдарды таңдай алуға қабілетті болу, таңдалған алгоритмнің әрбір кезеңін бағалай алу дағдысының болуы,  аралық және соңғы нәтижелерді сыни тұрғыда талдай алу мен соның негізінде алдағы уақыттағы алгоритмдерді жасауды жоспарлау маңызды болып табылады.

Қазіргі таңда жаңа ақпараттық технологияларды игеру өзінің интеллектуалдық іс-әрекетін саймандай алатын ақпараттық қоғамның сауатты мүшесі үшін пайдалы болып табылады. 

И.В.Роберттің пікірінше, ақпараттық қоғамның білімді мүшесінде келесідей мүмкіндіктер болуы тиіс:

-      Мәліметтер базасы мен ақпараттық қызметтің құралдарына қол жеткізу;

-     Вербалды, графикалық және сандық формада мәлеметтерді  берудің түрлі формалары мен тәсілдерін түсіну;

-     Жалпыға қол жетімді ақпараттар көзінің бар екендігін білу мен оны пайдалана алу;

-     Өзінде бар мәліметтер негізінде түрлі көзқарастарды бағалай және өңдей алу;

-     Статистикалық ақпараттарды талдаудың техникасын пайдалана алу;

-     Алдында тұрған тапсырмаларды шешуде қолда бар мәліметтерді пайдалану [1].

Арнайы бағдарламалық жүйеге негізделген технологияларды оқушы мектеп курсындағы әртүрлі пәндерді оқу барысында қолдана алады. Ол жерде оқушы қолданбалы бағдарламалардың әртүрлі мәселелік-бағдарламалық пакеттерімен жұмыс жасай алатын болады, оның үстіне, ақпараттық технологиямен жұмыс жасауда тәжірибесі бар адамға оларды меңгеру әлдеқайда жеңіл болады.

Дегенмен, егер жаңа ақпараттық технологиялармен жұмыс жасауда оқытудың алдына міндеттер қойсақ, онда «қандайда бір технологияны меңгеру дегеніміз не, және осы тұста қандай мақсат қоюымыз керек?» деген сауалға жауап беруімізге тура келеді.

Осындай бірнеше мақсаттар құру арқылы жауап беріп көрейік.

1.      Технологияның белгіленуі, қолданылу аясы, оның мүмкіндіктері туралы көзқарасты қалыпастыру;

2.      Технологияның мүмкіндіктері мен анықтамалық материалдарды пайдала отырып, онымен жұмыс жасаудың тәсілдерін анықтауға үйрету;

3.      Технологияның функционалдық мүмкіндіктерін тәжірибеде қолдану іскерліктері мен онымен жұмыс жасаудағы негізгі тәсілдерін пайдалану дағдыларын қалыптастыру;

4.   Қойылған міндетті шешуде осы технологияның тиімді екендігін анықтауға үйрету; 

5.   Міндеттерді шешуде зерттелетін технологияны пайдалануға үйрету.

Аталған мақсаттарды жүзеге асыруды бір жағынан нақты технологиямен жасалатын жұмыстың жоспары ретінде қарастыруға болады. Екінші жағынан, егер оқушы осы жоспарларды пайдалана отырып, бірнеше технологияларды үйренетін болса, әрі ол уақытта әрқайсысымен танысқан сайын өткен кезеңдеріне назар аударып отыратын болса, жаңа ақпараттық технологиямен кездескенде сол жоспарларды пайдаланатын болады, яғни, ақпараттық технологияларды үйренуде жалпы ортақ амалды пайдаланады.

Қазіргі, үнемі өзгеріп тұратын жағдайда, оқушыларды аталған амалмен қаруландыру өте маңызды болмақ.

Олай болса,  біздің анықтағанымыздай, ақпараттық жұмысты автоматтандыруда, қоғамның әрбір мүшесі үшін ақыл-ой іс-әрекеттерін құралдандыру мүмкіндіктерін жетілдіруде ақпараттық технологияның негіздерімен жұмыс істей алатын және жаңа технологияларды меңгеруде жалпы амалдары игере алатын адамды дайындау керек.  Жалпы орта білім беретін мектептегі информатика курсының міндеттерінің бірі болып саналады.

Оқушыларды информатика әлеміне араластырудың табиғи формасы  - адамзат іс-әрекетінің барлық саласындағы ақпараттық технологияны пайдаланудың тиімділігі мен қажеттілігін жариялау мен информатиканың басқа да оқу пәндерімен терең байланысын анықтау болып табылады. Қазіргі уақытта мәтіннің редакторы, электрондық таблица, электрондық пошта, оқу спутниктік теледидары, интерактивті видео, компьютерлік конференциялар сияқты компьютерленген қарым-қатынастың түрлерін пайдаланудың негізінде оқушыларды жалпы адамзаттық мәселелерді шешуге қатыстыруға мүмкіндіктер бар [2].

Жалпы білім беретін мектептердегі реформалар қоғамның жаңа ақпараттық технологияларға деген қажеттілігінің артуымен байланысты.  Бұл қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін мыналар ұсынылады: 1) мұғалімдер мен оқушыларға жаңа технологияларға қолжетімділіктің еркін болуы; 2) білім берудің барлық сатыларында оқыту процесінің жеке даралығы мен саралығын қамтамасыз ету; 3) оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекеттерін тиімді басқару мәселесін шешу, бұл іс-әрекет өзінің жаратылысы бойынша ғылыми, шығармашылық таным сипатында болуы тиіс.

            Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ақпараттық технология жалпы білім беретін мектептің әртүрлі пәндерді оқытудың құралдарында, мазмұнында, ұйымдастыру формаларында және әдістерінде түбегейлі өзгерістерге әкеледі,  ақпараттық қоғамда олардың кәсіби іс-әрекетке араласуын қамтамасыз ететін ақпараттық мәдениетті оқушыларда қалыптастыруға қажеттілікті туындатады.  Күннен күнге қол жетімді болып бара жатқан күрделі құралдардың мәдени ортаға не әкелетіндігі туралы оқушылардың айқын көзқарастарының болуы өте маңызды [3].

Білім беру саласына компьютерлік техника мен жаңа ақпараттық технологиялардың жылдам енуі көп жағдайда білім беру процесінің мәнін түсіндіруде ақпараттық амалмен байланыстыру белең алуда. Бұл орайда білім беру процесі – ақпарат көзі ретіндегі оқытушының оқушыға, яғни, ақпаратты тұтынушының ақпаратты таратушыға байланыстырушы канал болып табылады. Осыған орай қазіргі білім беру теориясы мен педагогикалық тәжірибеде «ақпараттық педагогикалық технология» сөз тіркесі беки түсуде.

Жаңа ақпараттық технологиялар білім беру саласына ене отырып, қазірдің өзінде мыналарды қамтамасыз етуде:

-     Әрбір индивидтің дербес оқу бағытын еркін таңдауына мүмкіндік беретін білім беру жүйесінің ашықтығы;

-     Орналасқан жеріне қарамастан түрлі сипаттағы оперативті және өзекті ақпараттарды алуға мүмкіндік; 

-     Жүйелі ойлау арқылы танымдық іс-әрекетті ұйымдастыруды түбегейлі өзгерту;

-     Жаңа компьютерлік құралдарды пайдалана отырып, оқу процесін тиімді ұйымдастыру;

-     Оқу процесін дараландыру;

-     Болжау, моделдеу, есептеуіш эксперимент секілді жаңа танымдық әдістерді қолдану мен ұйымдастыруға мүмкіндік;

-     Әлемдік ақпараттық ресурстарға кеңінен қол жеткізу мүмкіндігі.

Өмірімізде телекоммуникациялық интернет желісінің пайда болуы нағыз ақпараттық төңкеріс болды. Бастапқыда әскери мақсатта жасалған интернет желісі бүгінде мықты байланыс құралы мен ақпараттық сала деп аталатын жаңа инфроқұрылымның маңызды негізіне айналды. Қоғамның барлық құрылымына ене отырып, ақпараттық сала өзіндік жабық әлемін жасады. Білім берудегі ақпараттық технологиялар бойынша ЮНЕСКО институтының директоры В.Г. Кинелев айтқандай «...ақпараттық саланың (инфосфера) пайда болуы алғаш рет бізді адам тұлғасындағы биологиялықтың үстіндегі, жоғары психологиялық өзгерістермен ұшырастыруда, себебі, инфосфераны жасаушылардың өзіндік ойлау тәсілі, жаңа этикасы мен түрленген түсіну мәдениеті бар». Осы ойды назарға ала отырып, келесідей қорытынды жасауға болады: компьютер, ақпараттық техника мен технология интеллектіні көбейтіп қана қоймай,  олар сонымен қатар сананың жаңа өлшемдерін ашуда. Тірі коммуникация, жаһандық желінің ажырамас қызметі, жаңа реттелген ақпараттық мәдениет жүйесін құрай отырып, бұл өлшемдерді бірге байланыстыруда. 

Бүгінде сөйлеумен, дыбыспен, сөзбен ғана емес, сондай-ақ көрнекі құралдармен, бейнелермен және түстермен байланысты білімдерді меңгеру мен түсінудің жаңа тілдері мен сызбалары пайда болуда. Ғалымдар компьютерлер мен жаһандық желілердің пайда болуымен адамзат қарым-қатынасы мен білімдерді алудың жаңа әдістері (кітаптан, газеттерден, теледидардан басқа) жасалуда. Бұл әдістер адамзат қатынастарының жаңа әлеуметтік формаларында және сана мен өзіндік сананың тұрақты формаларында тіркеледі. В.В. Тарасенконың ойынша, компьютерлік желі мұндай сұрақта қолтаңба мен кітаптардан баспа белгілерінің баспа көзі,  алушысы, сақтаушысы немесе өңдеушісі емес, оның коммуникативті белсенділігінің жаңа формасының генераторы болуымен ерекшеленеді.  Оның пікірінше Оқитын Адам  өзінің әлемді түсіндірудегі ұғымдары мен сызбаларын жасаудағы ұстанымдарын біртіндеп компьютер дисплейіндегі картинаны "тышқанмен" Шақырушы  (ағылшын тілінен click — басу) басушы, нұсқаушы адамға береді. Ол: « Барлық бірыңғай коммуникативтік жүйені біріктіруде - саусақ "тышқанда", курсор дисплейде болады, бұл жүйені мақсатты тұжырымдау мен мағынамен толықтыру - бұл ақырғы соңында басқа мәдениетке кетуді білдіреді, коммуникацияны бекітудің басқа тәсілі, нәтижесінде адамның психосемантикалық ұйымдасуының басқа деңгейі болады» деп жазады [4].

Мұнымен келісуге болады, себебі, егер оқушы үйде интернет желісіне қосылған компьютерде отыратын болса, онда ол бір күннің ішінде жер шарының кез-келген нүктесіндегі қатарластарымен оқу жылындағы сабақтан да көп нәрсені көре, ести әрі біле алады. Мұндай күнделікті жұмыс барысында әлемді тану мен меңгерудің жаңа сызбасы пайда болады, оны В.В. Тарасенко гипотезасында "айғайлау" деп түсіндіріледі. Осының барлығы ақпараттық дүниетанымның дамуына ықпал етеді, онымен тығыз байланыста тұлғаның әлеуметтік, психологиялық, этикалық, технологиялық, эмоционалдық, коммуникативтік  аспектілері де қалыптасады.

Жылдам ықпал етуші қашықтағы құрал бола тұра Интернет субьектінің уақыт пен кеңістіктегі қатынастарды қабылдау саласын қайта құрады. Қарым-қатынас мазмұнына болмашы жағдайлар күнделікті қарым-қатынаста маңызды роль ойнай отырып, Интернет арқылы коммуникация процесінде серіктестенрдің қызығушылықтары мен мақсаттарының ортақтығы, олардың коммуникативтік және тұлғалық сәйкестігі секілді жағдайлармен  салыстырғанда екінші орынға түсіп қалады. Халықаралық жаһандық желіні пайдалану арқылы жаңа ақпарат алып қана қоймай, соынмен қатар білім де алуға болады. Интернеттің көмегімен қашықтан оқытуды ұйымдастыруға мүмкін болды.  «Қашықтан оқыту» термині оқушының дербес өз бетімен ақпараттық технологияларды пайдалана отырып оқуын жүзеге асыруды білдіреді. Жаңа ақпараттық технологиялардың көмегімен оқытушы мен оқушы арасындағы физикалық қашықтыққа қарамастан тікелей қарым-қатынас жасай алуға мүмкіндік алуда.

Қашықтан оқытудың ерекшелігі қашықтан білім беру жүйесіндегі кез-келген университетте, колледжде оқуға мүмкіндігінің болуында.

Қашықтан оқытудың артықшылығы интернет желісі тартылған кез-келген ортада, кел-келген уақытта, үйде, жұмыста, қолайлы әрі ыңғайлы ортада компьютердің көмегімен оқуға болатындығында.  Барлық ақпарат телекоммуникация құралдары арқылы беріледі, электрондық почта арқылы кеңес беру қарастырылған. Компьютерлік қашықтан оқыту арқылы сырттай кәсіби дайындық курстарынан өтуге, нарықтық экономика негіздері мен ағылшын тілін, информатиканы, батыс елдерінің мәдени ғылыми дәстүрлерін және тағы да басқаларды үйренуге болады. Қашықтан оқытудың дамуы міндетті түрде электрондық кітапханалар мен университеттердің пайда болуына әкеледі, ол барлық әлемдік қауымдастықтағы бірыңғай білім беру кеңістігінің дамуына негіз болады, оның ішінде белгілі бір себептермен білім алуға еркін қол жеткізе алмайтындар үшін де тиімді болмақ. Олай болса, телекоммуникациялық желілер, ең алдымен, Интернет әрбір адамның интеллектуалдық және рухани дамуына жаңа мүмкіндіктер беретін, олардың ақпараттық мәдениетінің әлеуметтік деңгейін жетілдіретіндей қарым-қатынастың телекоммуникациялық ортасын құрады.  Олар екі жақты құрал болып табылады, бір жағынан үздіксіз білім беру идеясын жүзеге асыру болса, екінші жағынан, ЮНЕСКО-ның «барлығына бірдей білім», «өмір бойы білім», «шекарасыз білім» деген ұрандарын жүзеге асыру[5]. 

Қоғамдағы болып жатқан құбылыстар мен ақпараттар ағымының жылдам артуы жағдайында іс-әрекеттің түрлі саласындағы ақпараттық факторлардың сипаттайтын ұғымдардың пайда болуында. Сондай ұғымдардың бірі – ақпараттық мәдениет ұғымы.

Ақпараттық мәдениет - бұл компьютерді пайдаланумен байланысты іс-әрекетке қызығушылық пен қажеттіліктердің жиынтығынан тұратын жалпы мәдениеттіліктің бір элементі; өндіріс, мәдениет, білімнің әр түрлі саласында қолданылатын компьютердің мүмкіндіктері туралы білімдер; компьютердің көмегімен ақпаратты жасау, жинақтау, сақтау, қайта өңдеу тарату процестерін жүзеге асыру іскерліктері; әр түрлі оқу тапсырмаларын шешуде компьютерді тәжірибеде пайдалана алу іскерлігі; өзінің дербес және зерттеу (шығармашылық) іс-әрекетінде жаңа ақпараттық технологияларды қолдана алу іскерліктері; оқу-танымдық іс-әрекетінде толықтай өзіндік жүзеге асыруға талпыну (рефлексия).

Оқушылардың ақпараттық мәдениетінің қалыптасуы мен дамуының көрсеткіштерін айқындауда біз мотивациялық, мазмұндық, шығармашылық қабілеттер, өзін- өзі жүзеге асыру компоненттерінен тұратын тұлғаның құрылымын анықтайтын белгілерін есепке алдық.  Осы компоненттерді біз оқушылардың ақпараттық мәдениетінің даму деңгейін айқындайтын көрсеткіштер деп есептейміз. Себебі дәл осылар біздің ойымызша, оқушылардың ақпараттық мәдениетінің қалыптасуы мен даму процесін сипаттай алады [6].

Аталған феноменді анықтаудағы қиындық ең алдымен, оның табиғатының екі жақтылығында, себебі «ақпараттық мәдениет» ұғымы екі кешенге негізделеді: «мәдениет» және «ақпарат».

«Ақпараттық мәдениет» ұғымының кешенділігі аталған құбылысты көптеген ғылым тұрғысынан зерттеуге байланысты болып табылады.  Аталған ұғымды біздің зерттеуімізде қарастырған ғылыми амалдарды талдау барысында  ақпараттық мәдениет ұғымының ерекше сападағы күрделі құбылыс  екендігі анықталды. Ол тек әлеуметтік ақпаратты өңдеу, сақтау және таратудан тұратын электрондық құралдармен, ғылыми-техникалық прогреспен байланысты ғана емес, ол сондай-ақ, барлық тарихи дәуірлер мен өркениетке, адамзат іс-әрекетінің барлық саласына және индивидтің әлеуметтік мән және тұлға ретіндегі барлық даму сатыларына енетін күрделі іс-әрекеттік инфроқұрылым болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1         Лантух Н.И. Педагогические условия формирования информационной культуры у старшеклассников в системе «лицей-вуз»: автореф. ...канд. пед. наук. - Ставрополь, 2006

2         Ракитов А.И. Философия компьютерной революции - М: Политиздат. -1991.-287с.

3         Қараев   Ж.А.    Окытуда   компьютерлік   технологияны   пайдалану//Информатика, физика, математика. - Алматы,1994, -№3

4         Выгодский Л.С. Развитие высших психических функций/ Под ред. А.М.Леонтьева и др. - М.: Итзд-во АПН РСФСР, 1960 - 500с.

5         Бешенков С.А., Кузнецов Э.И. Основы компьютерного подхода к решению задач.  Факультативный курс по  информатике // Информатика и образование -1987, №6, С.43-44

6         Ахметова   О.С.   Понятие   информационной   культуры   и   этапы   ее становления// Вестник АГУ им.Абая. - 2002, №1(5). -С.27-30.

 

Резюме

Статья основана на важности развития информационной культуры учащихся. Представлены направления  эффективного использования применяемых технологий в формировании информационной культуры. Уточнена актуальность информационной культуры и информационных технологий в процессе образования.

Ключевые слова: информация, информационная культура, образовательный процесс, информационные технологии.

 

Resume

Article is based on importance of development of information culture of pupils. The directions of effective use of the applied technologies in formation of information culture are presented. Relevance of information culture and information technologies in the course of education is specified.

Key words: information, information culture, educational process, information technologies.