Педагогика. Современные  методы  педагогики

Биология  пәнінің мұғалімі

Станбекова  Бибигуль  Лиясовна 

Ыбырай  Алтынсарин  атындағы  қазақ  орта  мектебі

 Алматы  облысы, Еңбекші  қазақ  ауданы,  Қырбалтабай  ауылы, Қазақстан

 

Биология  пәнін  оқытуда  оқушылардың танымдық-шығармашылық  қабілеттерін  арттыру

 

         Қазақстанның білім беру заңдары мен білім стандарттарында да әрбір азаматтың сапалы білім алып, өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін, өз бетімен жұмыс жасаудың маңызы зор екені атап көрсетілген.

     Ғылымның барлық саласында білім мазмұны мен көлемі қауырт өсіп отырған қазіргі әлемдік жаһандану кезіндегі осы мақсат, өздігінен оқу іс-әрекетін тиімді ұйымдастыруға да  тікелей байланысты. Осыдан келіп, оқушылардың өздігінен оқу іс-әрекетін ұйымдастырудың оңтайлы әдістері мен тәсілдерін, оқыту түрлерін, нысандарын іздестіру өзекті сипатқа ие болады. Сондықтан, оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстарының педагогикалық жүйесін оқу іс-әрекетінде арнайы ұйымдастыру – оқу процесін жетілдірудің негізгі шарты болып табылады.

       Бұған келесі әдістер жинағының көмегімен жетуге болады: оқытудың мазмұнын жетілдіру, оқулықтар мен оқытудың басқа тәсілдерінің сапасын жақсарту, проблемалық оқыту процесі  негізінде оқушылардың  эвристикалық  іскерлігін  дамыту, күнделікті зертханалық экспериментті және шығармашылық  ізденіс негізінде биологиялық практикумды жетілдіру.

        Оқушылардың  ізденімпаздықтарын  қалыптастыру  жолдарының бірі – білім  беру  үрдісінде  олардың өзіндік жұмыстарын күшейту. Сол себептен де ізденімпаздықты қалыптастыруда өзіндік жұмыстарды ұйымдастыруды негізгі мәселелерінің  бірі  ретінде қарауға тура келді. Оқушылардың өзіндік зерттеу жұмысын ұйымдастыру арқылы олардың ізденімпаздықтарын қалыптастыруға жағдай туады.

       Осындай мәселелерге жетудің маңызды педагогикалық  шарттарының бірі орта мектепте өз бетімен  зерттеу жұмыс жүйелерін айқындау және іске асыру болып табылады.

       Орта мектеп оқушыларының өзіндік жұмысын ұйымдастырудың теориялық негіздерін  айқындау «өзіндік жұмыс», «танымдық белсенділік» ұғымдарын нақтылаумен тікелей байланысты.

       Қазіргі оқыту мен оқушыларда экологиялық мәдениет тәрбиелеу ісінде әсіресе ғылыми түрде негізделген әртүрлі өзіндік жұмыстарды қолданудың өзектілігі өте жоғары болып отыр. Биология курсын оқып үйренуде оқытудың белсенді формалары мен әдістерін қолданғанда ғана нәтижелі болары сөзсіз. Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру амалдарының бірі болып түрлі өзіндік зерттеу жұмыстарын қолдану болып табылады.

         Оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту үшін барлық бақылаулар мен зерттеулер жүйелі және жоспарлы түрде жүргізіліп, жұмыс мақсаты нақты және оған қол жеткізу мүмкіндігі болуы керек.

        Оқушылардың биология пәні бойынша алған білімдерін тереңдете отырып, танымдық қызығуы мен шығармашылық қабілеттерін дамытуда теориялық білімдерін практикада пайдалана білуде анатомия және физиология курсын оқытудың ғылыми-әдістемелік деңгейін көтеруде тәжірибелер мен бақылаулардың алатын орны ерекше. Олар ғылыми зерттеулердің тәсілдерін ашуға көмектеседі, ғылыми проблема қойылып оны шешу жолдарын көрсетеді, анатомия, физиология заңдылықтарын ашуға көмектеседі. Оқытылатын негізгі курсты тереңдету мақсатында құрылған бағдарлама бойынша зертханалық жұмыстар өткізіледі. Бұл зертханалық жұмыстарда оқушылардың өзін-өзі бақылауына ерекше көңіл бөлінеді. Осындай жұмыстар оқушылардың тек қана пәнге қызығуын арттырып қоймай, сонымен қатар ойлау қабілетін дамытып, білімді терең меңгеруге, практикалық іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруына көмектеседі, оқушыларды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Мәселен, биология сабақтарында мұндай жұмыстар мынадай тапсырмалармен іске асыруға болады:

            Зертханалық жұмыс.

            Тақырыбы: Бұлшық еттердің жұмысы.

            МақсатыДене бұлшық еттерінің жұмысын зерттеу, бұлшық еттердің жиырылуына қажетті энергия бұлшық еттердегі органикалық заттардың ыдырауынан пайда болатынын, пайда болған көмірқышқыл газ бен басқада өнімдер қанмен таралатынын көрсету, бұлшық еттің қажуына зерттеулер жүргізу.

            1-тапсырма. Адам қай жағдайда шаршайды, жүкті қолмен жоғары ұстап тұрғанда ма, әлде жүгі бар қолды көтеріп, түсіргенде ме?

            Жұмыстың орындалуыТақтаға оқушы шығады. Оның қолына 5 кг гантель немесе портфель беріледі. Оқушы жүгі бар қолды тақтаның алдында көтеріп тұрады (горизонтальды бағытта), қолдың деңгейін тақтада бормен белгілейміз, секундомермен уақытты белгілейміз. Оқушылар бақылайды. Жүгі бар қол біртіндеп төмен түсе бастайды, дірілдейді, бір уақытта қол төмен түседі, уақытты белгілейміз. (35 сек.)

            2-тапсырма. Үзілістен кейін жасалады. Оқушыға жүгі бар қолды бірде түсіріп, бірде көтеруді ұсынады. Оқушы шаршамай көпке дейін бұл қозғалыстарды жасайды. Сондықтан 30 секундтан кейін тәжірибені аяқтауға болады.

            ҚорытындыЖүкті көтеріп, түсіру жүгі бар қолды жоғары ұстап тұрғаннан гөрі оңайырақ. Неліктен?

            Нәтижені  бағалаужүкті көтеріп тұрғанда екі бұлшық ет бір мезгілде жұмыс істейді (қолды көтеретін бұлшық ет және қолды түсіретін бұлшық ет), сондықтан бұлшық еттер шаршайды, ал жүкті көтеріп, түсіргенде осы бұлшық еттер кезектесіп жұмыс істейді.

            3-тапсырма. Саусақтарды бүгетін бұлшық еттердің қайда екенін анықтау.

            Мақсаты: Бұлшық еттер үнемі күш түсіретін жерде орналаса бермейтінін дәлелдеу (саусақты қозғалысқа келтіретін бұлшық еттер білекте орналасқан, осыны дәлелдеу).

            Мұғалім оқушыларға білектерін партаға, алақандарын төмен қаратып қоюды ұсынады, енді саусақтармен жұмыс істеу, қолды бүгіп-жазу керек. Саусақтарды бүккен кезде білектегі бұлшық еттің қатайғаны анық көрінеді.

            Нәтижені бағалау. Саусақты жазып-бүгетін бұлшық еттер білекте орналасқан.

            Сұраққа жауап беріңіздер.

            Бұлшық еттің қажуы деген не?

            Мұнан қандай қорытынды шығаруға болады?

         Сонымен қатар, биология пәні мұғалімінің оқушылардың өзіндік зерттеу әрекеттерінің түрлі формаларын шебер үйлестіре білуі маңызды. Олардың ішіндегі ең маңыздылары:

            1.Фенологиялық бақылау жүргізу;

            2. Түрлі тақырыптар бойынша көрнекіліктер әзірлеу;

            3. Ойындар, ертеңгіліктер, кештердің тақырыптық жоспарларын құру;          

            4. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу;

            5. Оқулықпен жұмыс: жаңаны үйрену, кестелермен жұмыс;

            6. Үлестірмелі материалдармен жұмыс;

            7. Қосымша әдебиеттермен жұмыс;

            8. Өтілген тақырыптар бойынша тірек-сызбалар әзірлеу;

            9. Сабаққа  қосымша  материалдардардан  хабарламалар әзірлеу;

            Сабақ үстінде және  сабақтан тыс мезгілде жүргізілген өзіндік жұмыс оқушылардың байқампаздығын, шығармашылыққа ұмтылысын, тірі ағзалартуралы оқып үйрену бағытындағы мақсатты жұмыстарды жүргізу дағдылары мен біліктерін қалыптастырады.

         Осы ретте оқушылардың өзіндік жұмыстарының түрлері мен ұйымдастыру жолдары әрқилы болғанымен, көздейтін мақсаты оқушыларды саналылық, белсенділік, ұқыптылық, дербестікке тәрбиелеу болып табылады.

           Қазіргі өркениетке ұмтылған қоғам талабына сәйкес, Қазақстан Республикасының дамыған елдермен иық тіресіп тұруы үшін, еліміздің болашағы мен қазіргі кезеңі үшін білімді, зерделі, өз бетімен іс-әрекет ете алатын, қоғамнан өз орнын таба алатын шәкірттерді дайындау ұстаздың міндеті.