Қазақ тілі сабақтарында
жүргізілетін сөздік жұмыстарына арналған
жаттығулар
Габдуллина
Зәмзәгүл Дайынбековна
№12
ОЖББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі, Орал қаласы
Тиімді
жүргізілетін сөздік жұмыстары да оқушыларға
«сөз» ұғымын түсіндіруге көмектеседі.
Сөздік жұмысы суретпен жүргізілетін жұмыспен
мазмұндас. Алайда сөздік жұмыстар үдерісі оқушылардың
дербес ойлауына, кеңірек сөйлеуіне өз бетінше сөздер
таба білуіне көбірек көңіл бөлінеді. Дәлірек
айтқанда, сөздік жұмыстарын орындау барысында
оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу дағдылары
қалыптаса бастайды. Мұғалім оқушыларға таратылып
берілген бірнеше сөздік кеспелерді, әртүрлі заттық
ұғымдарды білдіретін сөздерді бірнеше салаға топтап,
сұрыптап реттерін түсіндіреді. Әр топтағы
сөздерден сөйлем жасауға басшылық етеді.
Сондай-ақ оқушылардың өз бетінше белгілі сөз
типтеріне жататын сөздерді табуына «сөз» тақырыбына
арналған үлестірмелі кеспелерден қалыпты тапсырмаларды
орындауға дағдыландырады. Сабақта кеспелердің мынадай
түрлерін пайдалануға болады:
1-тапсырма. Берілген тірек
сөздерді кестелердегі тиісті бағандарға орналастыру.
Жаттығу үлгісі: тірек сөздер: жылқы, аю, кесе, терек, қасық, қасқыр,
ешкі, шырша, қозы, табақ, түлкі, арыстан, қайың, т.б.
|
Аңдар |
Үй жануарлары |
Ыдыстар |
Ағаштар |
|
аю |
жылқы |
кесе |
терек |
Оқушы
үлгі кеспедегідей берілген тірек сөздерді тарқатып
жазуға тиіс. Таратпалы кестелердің бұл түрі бойынша
сөз типтерін үйретуге арналған логикалық жаттығуларды
ауызша да, жазбаша да орындау тиімді. Жазбаша жұмыста кестедегі көп
нүктелердің орнына сол бағандағы қатысты тірек
сөздер мағынасына қарай тиісті бағандарға
бөліп те айтқызылады.
2-тапсырма. Таратпа кестелердегі
көп нүктелердің орнына сөз таптары, тиісті сөздер
тауып жаздыру. Жаттығу үлгісі: а) Құстар: қарға. ә) Жемістер: алма. б) Көкөністер: сәбіз.
Бұл
жаттығу бойынша сөздік жұмысын жүргізу суреттегі
тақырыпқа сай заттардың аттарын атау немесе сынып болып
сурет-әңгіме әдісі арқылы қажетті сөздерді
айқындап алудан бастаса да болады.
3-тапсырма. Бір типтегі
сөздерді одан төменгі топтарға тарату. Жаттығу
үлгісі: тірек сөздер – лақ,
қозы, құлын, бұзау, тоқты, тай, өгіз,
серке, бағлан, құнан.
1) жылқы
атаулары:
2) қой
атаулары:
3) ешкі атаулары:
4) сиыр атаулары:
4-тапсырма. «Қай жануар
қандай дыбыс шығарады?» деген сұраққа жауап бола
алатын бастауыш-баяндауыштан құралған екі сөзді
жалаң сөйлемдер құрастыруға үйрету де
оқушылардың тілін дамытуға көмек етеді.
Жаттығу
үлгісі. Тапсырма: жануарларға тиісті дыбыстарды ажырату.
Тірек сөздер: кісінейді, қорсылдайды,
маңырайды, мөңірейді, шырылдайды, сайрайды,
қарқылдайды, боздайды, мияулайды, бақылдайды, ысылдайды.
Мысалы: жылқы кісінейді...
5-тапсырма. Жануарлардың
төлдеуін, дүниеге ұрпақ келтіруін ажыраттыру
арқылы да бала тілін байытып, байланыстырып сөйлеу дағдысын
қалыптастыруға болады.
Жаттығу
үлгісі. Тапсырма: қай жануарға тән екендігін ажыратып
жазу.
Тірек сөздер: құлындады, қоздады,
лақтады, күшіктеді, көжектеді, боталады,
жұмыртқалады, бұзаулады.
Синоним сөздер арқылы
жаттығу жүргізу. Сөз мағынасы бойынша
ұғымды меңгерту жұмыстарында синоним сөздерді
қолдану бұрыннан қалыптасқан әдістердің
қатарына жатады. Синоним сөздердің қасиеттерін
оқушылар үйренуі арқылы салыстыру, мағынаны дәл
түсіндіру, ойын толық жеткізу қабілеттеріне ие болады.
Сондықтан бұл мақсаттағы жаттығуларды
төмендегіше ұйымдастыруға болады. Бірінші тапсырмада
оқушылар синонимдер жөнінде жалпы мағлұмат, білім
негіздерін алатын болса, екінші тапсырмада оқушылар мағына
реңктерін көтерілу немесе бәсеңдеуі ретіне қарай
жіктейді, үшінші жағдайда оқушылар сөзге
мағыналас сөздер тауып, оларды салыстыруды үйренеді.
Синонимдермен жұмыс жасау барысында мұғалім «Синонимдер
сөздігін» негізгі басшылыққа алуы тиіс және де
оқушыларға осындай сөздіктің барын айта отырып,
таныстырып кетуі қажет [1].
1-тапсырма. «Надан» сөзіне
мына сөздерден мәндес сөздер іріктеп жаз: ақымақ, ақылды,
жақсы, әдемі, басы істемейді, күшті, оқымаған.
2-тапсырма. Мына
сөздердің қайсысы «киім» сөзімен тіркесе алады. Себебін
түсіндір. Ежелгі, ескі, көне.
3-тапсырма. Берілген
сөздердің мағыналас, мәндес сөздерін тауып жаз: әдемі, батыр.
Сөз
мағынасын антонимдер арқылы ұғындыру –
оқушылардың сөз туралы ұғымын
қалыптастырудың ұтымды әдістерінің бірі.
Бұл әдістегі басты құрал – салыстыру. Балалар
салыстыруды үйренген кезде ғана олардың санасында
ұғым пайда болады. Антонимдер арқылы балалар заттардың
қарама-қарсы айырмашылықтарын салыстыра отырып, табуды
үйренеді. Бұл тұста да мұғалім «Қазақ
тілінің антонимдер сөздігін» басшылыққа алуы тиіс [2].
Мәселен, сөз мағынасын антонимдер арқылы
ұғындыру жұмыстарына мынадай тапсырмалар беріледі:
1-тапсырма. Құрамында
қарама-қарсы мағыналы сөздері бар
мақал-мәтелдерді жазып келіңдер.
Үлгі: Сөздің басы қатты болса,
аяғы тәтті болады.
2-тапсырма. Үзінділерден
антонимдерді тауып жазыңыздар:
Жоғары, төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап... (Абай).
Үстім – көк, астым – теңіз, атым – кеме
Толқынмен жаным тастай араласқан (Т.Жароков).
3-тапсырма. Төмендегі
сөздердің антонимдерін тауып жазыңыздар.
Үлкен, алыс, көп, әдемі, ақ, тез,
жалқау, жаман.
4-тапсырма. Мына сөз
тіркестеріне қарама-қарсы мағыналы сөздер тауып
жазыңыздар.
Биік тау - ... үлкен
үй - ...
Дұрыс жауап - ... ақ
көйлек - ...
Қазақ
тілі сабақтарында сөздік жұмысын жүргізудің
төмендегіше тиімді әдіс-тәсілдерін анықтадық.
Олар: түсініксіз сөздерді түсіндіру, сөздік диктант,
сөздік кестелермен жұмыс жүргізу. Оқытушы
қазақ тілі сабақтарында аталған тәсілдерді
қажетіне қарай қолданып отырады.
Түсініксіз сөздерді түсіндіру. Оқушылардың тілін ұстарту, ойлауын жетілдіру
сабақтарында мұғалім жұмысының ойдағыдай
орындалу шарттарының бірі – оқу кітабында, оқулықта
немесе әңгімелесуде кездесіп қалған таныс емес
бірде-бір сөз түсіндірілусіз қалмауы керек.
Түсініксіз
сөздерді түсіндіру сабақ барысында немесе арнаулы бір
уақытта жүзеге асырылады.
Мұндай
сөздер: а) ғылым мен техника салаларындағы нақты
құбылыстарды, заттарды білдіретін сөздер; ә) дерексіз
ұғымдарды білдіретін сөздер; б) басқа тілден
ауысқан сөздерді; в) қолданылудан шығып
қалған сөздер, тарихи сөздер; г) көркем
шығармаларда кездесетін диалектизмдер мен қарапайым сөздер.
Таныс емес
сөздерді түсіндіру кезінде мұғалімнің сөзі
жатық, түсінікті болуы керек.
Сөз
мағыналары мынадай жолдармен айқындалады: а) заттың
өзін немесе суретін көрсету – көрнекілік әдісі;
ә) ұғымдарды мүшелеп олардың белгілерін
санамалау; б) сөзді контекске енгізу; в) сөзді синонимдермен
ауыстыру; г) салыстыру, салғастыру, ұқсас белгілерін таптыру,
айырмашылығы; д) сөзді құрамына талдау; е)
энциклопедиялық немесе түсіндірмелі сөздіктерден қарау;
ж) сұрақ беру. Бұл тәсіл бойынша қазақ тілі
сабақтарында оқушыларға төмендегіше жаттығуларды
орындатуға болады:
1-жаттығу. «Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігінен» төмендегі
сөздердің түсініктемесін жазып әкеліңіздер.
Киім-кешек атаулары: бешпет, шапан, бөрік,
құлақшын, тақия, жеңсіз, сәукеле
Тамақ атаулары:
шелпек, шұбат, ірімшік, жент.
Бұл
жаттығуды орындай отырып, оқушы әрі сөздердің
мағынасын меңгереді, әрі олардың мағыналық
ерекшеліктерін түсінеді.
Сөздік
жұмысын жүргізу барысында сөз мағынасын
айқындаудың тағы бір жолы – заттың өзін немесе
суретін көрсету, яғни көрнекілік әдісі. Бұл
әдіс арқылы сөздік жұмысын жүргізу
оқушылардың қызығушылығын оятады.
Бұған эксперимент жұмыстарын жүргізу барысында
көз жеткіздім. Қазіргі күні заман талабына сай
көрнекілікті қолдануда жаңаша технологияларды пайдаланып
жүр. Мен де өз әдістемемде компьютерді, мультимедиялық
құралды пайдалана отырып, егіншілікке қатысты бірнеше
суреттерді оқушыларға ұсындым. Сонымен бірге егін
шаруашылығына қатысты (кәсіби) сөздерді де
тақтаға іліп қойдым. Әр сөздің
мағынасын суреттерден көрсете отырып түсіндірдім.
Бұл
жаттығуды орындай отырып, оқушылар егін шаруашылығына
қатысты бірнеше кәсіби сөздермен танысты. Мәселен: қамба, диқан, атыз, мұрап,
комбайн, элеватор, масақ, т.б.
Әрине,
жоғарыда көрсетілгендерден өзге де жаттығу
түрлерін ұсынуға болады. Жаттығуларды түрлендіріп
беру мұғалімнің қиялы мен оқушылардың
қабылдау қабілеттеріне тікелей байланысты. Сөздік
жұмысын жүргізу барысында оқушыларға «Қазақ
тілінің диалектологиялық сөздігін», «Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігін», т.б. сөздіктерді
ұсынуға болады. Бұл оқушылардың
сөздіктермен жұмыс жасау дағдысын қалыптастырады.
Қазақ
тілі сабақтарында сөздік жұмысын жүргізу –
қазақ тілі әдістемесінің басты міндеті болып табылады.
Мұғалім сөздік жұмыстарын жүргізе отырып, мектеп
оқушыларын таза, нақты, лайықты әдеби тілмен
сөйлеуге, диалектика мен дөрекі сөздерді
қолданбауға, сөйлеген сөздері жатық,
әсерлі, түсінікті болуын қадағалайды.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Синонимдер сөздігі. Алматы, 2001.
2. Жұмабекова А. Қазақ тілінің антонимдер
сөздігі. Алматы: Сөздік-Словарь, 2000.