Асетова Ж.Б., Садвокасова А.А

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Мектеп жасына дейінгі балалардың тіл кемістігін түзетуде дидактикалық ойындарды қолдану

Тіл кемістігі бар балада ұшырасатын қиындықтар оның жеке тұлғалық дамуымен тікелей байланысты. Сөйлеу тілінің бұзылуы баланың психикалық дамуына кері әсер етеді: оның мінез – құлқында, іс- әрекетінде, тәртібінде айқын көрініс табады. Ауыр тіл кемістіктері баланың ақыл – ой дамуына,оның ішінде танымдық қызметтің жоғары деңгейінің қалыптасуында ықпалы зор. Бұл сөйлеу мен ойлау қызметтерінің өзара тығыз байланыстылығымен және қоршаған орта нақтылығын танып білуге қажетті тілдік қарым– қатынас пен әлеуметтік байланыстардың шектеулілігімен түсіндіріледі.

Сөйлеу тілінің бұзылуы мен қарым- қатынастың шектелуі баланың жан- жақты әрі толыққанды дамуына кері ықпал жасайды, психикалық тежеулер туғызады, эмоция ерік саласында спецификалық өзгешеліктер туындатады, мінез құлықта теріс салалардың қалыптасуына әкеліп соқтырады (жасықтық, қорқақтық, шешім қабылдауға дәрменсіздік, т.б.). Мұның барлығы өз кезегінде сауат ашу қиындықтарын туғызады, жалпы үлгерімді нашарлатады, болашақта мамандық таңдау бағдарын қиындатады. Сондықтан, балаға ата- аналар, дәрігерлер, педагогтар тарапынан да жан – жақты көмек беру қажет. Сөйлеу тілі – қалыпты тілдік даму барысы белгілі бір заңдылықтарға сәйкес жүзеге асады, олар жасқа сай шарттар болуы мүмкін немесе өзіндік ерекшеліктерге байланысты болуы мүмкін.

3 жастан 7 жасқа дейінгі аралық сөйлеу тілінің дамуының мектепке дейінгі кезең деп аталады. Бұл жаста баланың актив және пассив сөздік қорлары қатар дамиды, 4-5 жастағы баланың сөздік қорында, жоғарыда келтірілгендей, сөздердегі қысқартулар, буын алмастырулар т.б. күрт азаяды. Бес жастан кейін сөйлеу тілі анағұрлым ұғыныңқы, мағыналы бола бастайды, өз ойларын толық жеткізуге талпынады және логикалық жүйемен құруға бейімделеді.[1]

Осы орайда мектеп жасына дейінгі балалардың тіл кемістігін түзетуде ойын технологиясын пайдалану маңызды болып табылады. Ойын әрекеті мынадай қызмет атқарады: ойын –сауық, коммуникативтік немесе қарым- қатынастық; диагностикалық (ойын барысында өзін өзі тану ); коррекциялық (өзін – өзі түзету).Ойын арқылы бала жеке адам ретінде дами түседі.

Жалпы ойынның әр түрлі түрлері бар: дидактикалық ойындар; сөздік дидактикалық ойындар; рөлді сюжетті ойындар; драмалық ойындар; шығармашылық ойындар; әдеби музыкалық ойындар. [2]

М.Г.Ермолаеваның «Игра в образовательном процессе» атты еңбегінде ойын терориясы кеңінен қарастырылады, яғни ойынды құрастырудағы мазмұндық алгоритм, ойынның мазмұнын ашатын әдістемелік нұсқаулар, проблеманың анализі мен дидактикалық ойындарды дидактикалық тапсырмаларды шешудегі әдіс ретінде, ойын классификациясы көрсетілген. [3]

Осылардың ішінде дидактикалық ойындардың маңызы зор. Дидактикалық ойын - баланың ақыл-ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту- мектеп жасына дейінгі кезеңнің негізгі ерекшелігі. Білімді меңгеру және оны бекіту үшін дағды мен әдет қалыптастыруда балаға қайталау және жаттығу қажет. Егер баланың ойлауы образды, эмоциялық әсерде болса, ол соғұрлым жақсы нәтиже береді, сондай ақ- білім қызғылықты әрекетпен байланысты болса, баланың іс – әрекетімен іштей қабысып жатса, ондай білімді бала дұрыс меңгереді. Бала әрбір затты ұстап, дәмін татып, сан рет байқап көреді. Балабақшада бала психикасының дамуына ойын әрекеті шешуші рөлді атқаратындығы туралы белгілі.[4]

Ойындарды үйрету барысында бір ескерерлік жағдай, оларды толық түрінде пайдалана білу және психологиялық , физикалық ерекшеліктеріне байланысты анықтап іріктеп, қажеттісін ала білу - ұстаз шеберлігіне байланысты. Ойынды өткізгенде негізгі мазмұнын сақтай отырып, баланың жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне лайықтау қажет.

Дидактикалық ойындардың өзі үш топқа бөлінеді:

- Заттық дидактикалық ойындар – дидактикалық ойыншықтармен және түрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады.

- Үстел үстінде ойналатын ойындар – лото, домино және тағы басқа танымдық ойындар.

- Сөздік дидактикалық ойындар.

Дидактикалық ойындардың негізігі бағыты – балаларға білім- білік, іскерлік, әдет дағдыларды игерту мен оны бекітуге, ақыл- қабілеттерінің дамуына ықпал ету. [5]

Баланың тілін дамытуда сөздік- дидактикалық ойындар маңызды орынды алады. Олар есту қабілеттерін дамытып, дыбыстарды ести білуге , сөздерді қайталауға үйренеді. Мысалы: санамақ, баланың ой-өрісін дамытатын санамақ ойынының басты ерекшелігі баланың ойлау қабілетін жетілдіріп, баланы санауға үйрету. [6]

Мысалға бірнеше дидактикалық ойындарды қарастырып өтсек:

«Не жетіспейді?» Бұл ойынның мақсаты: баланың жалпы ойлау қабілеттерін , есте сақтау және қабылдау, зейінін дамыту, заттың элементтеріне назар аудара отырып, сол затты анықтай білуге үйрету. Ойын барысы: ойын үстел үстіне бір немесе бірнеше баламен ойнатылады. Ойын барысында логопед балаларға бір бөлігі жетіспеген суретті көрсетеді. Балалар сол жетіспеген бөлігін және сол суреттің атауын атайды.

«Сәйкестендір» Бұл ойынның мақсаты: балаларға құрастыра білу дағдыларын меңгерту, заттың элементтеріне назар аудара отырып, сол затты анықтай білуге, ойынды, өз ережесімен ойнай білуге үйрету. Балалардың көрнекі- бейнелік ойлау қабілеттерін, моторикаларын дамыту. Ойын барысы : ойын үстел үстінде бір немесе бірнеше екі- үш баламен ойнатылады. Ойнау барысында логопед балаларға қиынды суреттерді көрсетеді, ал балалар сол суреттерді құрастыруы қажет. Құрастырған суретті алмастырып атап шығулары қажет.

«Қай сөзде бар?» Бұл ойынның мақсаты: балалардың есту және көру арқылы қабылдау қабілеттерін, тілдің дыбысталу мәдениетін, фонетикалық-фонематикалық қабылдау, ойлау қабілеттерін ұзақ уақытта есте сақтау қабілеттерін дамыту, сөздік қорларын дамыту және ұсақ моторикасын дамыту. Ойын барысы : ойын үстел үстінде, бір немесе екі-үш баламен ойнатылады. Ойнау барысында логопед балаларға суреттерді көрсетеді, ал балалар сол суреттерді қарай отыра ішінде логопед айтқан белгілі бір дыбыстары бар сөздерге қысқышты қыстырып, ал сол дыбыс жоқ сөздердің суретін бос қалдырады. Қысқыш қыстырған суретті атап шығулары қажет.

«Қай мезгілде болады?» Бұл ойынның мақсаты: балалардың көру арқылы қабылдау қабілеттерін, ойлау қабілеттерін, ұзақ уақытты көру арқылы есте сақтау қабілеттерін дамыту, дыбыстық еліктеу, қорларын дамыту және ұсақ моторикасын дамыту. Ойын барысы : ойын үстел үстінді, бір немесе екі-үш баламен ойнатылады. Ойнау барысында логопед, балаларға суреттерді көрсетеді, ал балалар сол суреттерді қарай отыра көрсетілген суреттердің қай мезгілге сәйкес келетінін ескере отыра соған сәйкес суреттік белгіні қояды.[1]

Нәтижесінде бұл ойындар баланың ойлау, есте сақтау, қабылдау, зейін сияқты психикалық процесстері, тілдің дыбысталу мәдениеті мен фонетикалық- фонематикалық қабылдауы, қолдың ұсақ моторикасы дамиды. Сөздік қоры мен дыбыстық еліктеу қорлары көбейеді. Сонымен қатар, түстерді айыра білу қабілеті қалыптасады. Баланың оқуға деген ынтасы артады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Есмагулова Б.Т. Жалпы тілі дамымаған балалармен жүргізілетін жұмыста ойын түрлерін қолдану. //Тілашар.Логопед. 2014. - №2

2.  Мерменбаева Ж.Д. Ойынның түрлері мен рөлі. //Тілашар. Логопед. 2014. - №3 

3.  Ермолаева М.Г. Игра в образовательном процессе. СПбГУПМ, 2003-64б;

4. Жумагалиева Г.Ж. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін ойын арқылы дамыту. //Тілашар.Логопед. 2015. - №2

5. Рахматова М. Мүмкіндігі шектеулі балалр үшін ойынның маңызы. //Дефектология. 2015. - №6

6. Көшербаева Г. Ойын- тәрбие құралы. //Дефектология. 2015. - №6