Педагогические  науки/Социальная педагогика

Тағаева С.Ә., Қасымова Ә.

           Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Қазақстан          

Оқушылардың ата- аналарына психологиялық қызмет көрсету жұмысын ұйымдастыру жолдары

Тәрбие қоғамдық құбылыс, қоғам мен жеке тұлғаның арақатынасын қамтамасыз ететін басты жүйе. Тәрбие процесінің негізгі мақсаты - жеке тұлғаны әлеуметтендіріп, оның жағымды қасиеттерін дамыту, қоршаған ортадағы адамдармен тіл табысып, өзіне және басқаларға ыңғайлы болу болып табылады. Оқушылардың сапалы тәртібін, жағымды мінезін қалыптастыру, оған сәйкес сезімін және сенімін тәрбиелеу отбасының және оқу орындарындағы барлық қызметкерлердің негізгі мақсатқа бағытталған іс-әрекетінің тиімділігіне байланысты. Дегенмен бұл жерде отбасының да алатын ролі ерекше. Ұлы педагог В.А.Сухомлинскийдің айтуы бойынша "Егер баланы тәрбиеленген дәрежеге жеткізудің сәті түссе, адамгершілік тәрбиесі жеке адамды жетілдіруде тиімді ықпал жасайды. Егер біз балаға қуаныш пен бақыт бере алсақ, ол бала дәл сондай бола алады".

Осы проблеманы шешуде мектеп психологының қосатын үлесі өте үлкен. Мектеп психологы мектеп пен отбасының бірлесіп атқаратын қызметін ретке келтіруге және ата-аналарға педагогикалық-психологиялық білім беруге белсенді қатынасады. Дүние жүзінде, оның ішінде біздің отанымыз Қазақстанда, әрбір ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында ізгілік, яғни адамгершілік тәрбие шешуші фактор болуы заңдылық. Жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру барысында адамгершілік тәрбиесі - үзідіксіз жүргізілетін процесс. Ол адамның өмірге келген күнінен бастап өмір бойы жалғаса береді. Оның мазмұнын оқушының жеке бас қасиеттерінің кең шеңберін қамтиды. Оқушыларға адамгершілік тәрбие беруде отбасы мен мектептің орны ерекше. Өйткені бала туған күннен бастап ата-анасының аясында өсіп, өмірлік тәжірибесі қалыптаса бастайды. Бала мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап оны тәрбиелеумен қатар ана-аналарға тәлім-тәрбие жұмысының мақсаты мен міндеттері туралы, оларда орын алатын жағымсыз мінездерді қайта құру жолдары, оқыту мазмұнын балаларға толық меңгертудегі отбасының көмегі т.с.с. мәселелер бойынша көптеген проблемаларды түсіндіру мектеп қызметкерлеріне жүктеледі.

Мектепте психологиялық қызмет құрылуымен байланысты психолог ата-аналар арасында психологиялық ағарту жұмысын басқаратын адам. Сондықтан әр психолог өз жұмысының мазмұнын анықтағанда отбасымен жүргізетін іс-шаралар жүйесін толық қамтуға тиіс

Отбасы адамзат баласының шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі, ұясы. Қай заманда болса да, үйелменнің адамзат ұрпағына ететін ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Себебі, үйелмен мүшелерінің бір-біріне кісілік қарым-қатынас, эмоциялық сезімдері, ілтипат-ықыластары өмірінің жайымен, жанының табиғи бірлігіне, тұтастығына негізімен жақындық, үйелмен тәрбиесінің күші осында.

Бала үшін отбасында ең алдымен, әке-шашесінің, ата-әжесінің басқа да ересектердің инабатты, кісілік үлгілерінің маңызы зор. Бала өз заманына тән кісілікті, әдептілікті, қайырымдылықты, тіпті бұрақылықты да алғаш рет осы өзінің отбасында меңгереді. Үй ішінде күнделікті айтылатын қариялардың ұлағатты өсиеттері мен ақылы, ал жастардың оларға деген сый құрметі, адал көңілі, әдепті қылықтары, ерке-назы, әзіл-оспағы, жалпы алғанда, дұрыс қалыптасқан моральдық-психологиялық қарым-қатынастар отбасы өмірінің ерекше бір байлығы, әшекейлі көркі. Мұндай ортада өскен балалар бақытты, олардың өмірден алатыны да, өмірге беретіні де көп болады.

Балалардың сырын да, қабілетін де ата-аналарынан артық білетін адам жоқ. Адамның ең асыл қасиеттерінің бірі - оның жұртқа ұнамды мінез-құлқы. Ол қасиет негізінен отбасында қалыптасады. Ол ата-аналардың адал ақ көңілі, жұмсақ алақанының көмегімен ұрыс-таласы, үрей-қорқынышы жоқ отбасында тәрбиеленеді. Жұмсақ мінезді, ақ пейіл адамдарға арнап айтылған "бір кісілік орын бар" деген мақал осының куәсі. Отбасы мүшелерінің әрбір іс-әрекеті, тындырған не тындыра алмаған жұмыстары әртүрлі жағдайда көрсеткен мінез-құлқының қырлары, бір-біріне тигізетін көмегі, не зияны түгелдей халық дәстүрінің сынынан, елегінен өтіп "дұрыс", не "бұрыс" деген бағаларын алады. Отбасында жарасымды орнын тапқан салттар мен дәстүрлер аса тиімді тәрбие құралына айналады. Отбасы тәрбиесінің осындай ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін қоғамдық тәрбиенің міндеттері мен ұштастыра білсек, оның берері мол.

Баланы тәрбиелеуге ата-ана жеткілікті мән бермесе, бұл істің нәтижесіз болары күмәнсіз. Абай былай дейді: "Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады. Біріншісі-ата-анадан, екіншісі-ұстазынан, үшіншісі - құрбы-құрдасынан. Солардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады". Сондықтан жұмыс қаншалықты қауырт болса да, қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де ата-ана бала тәрбиесін ұмытпауы тиіс. Балалардың болашақ қадамы отбасында басталатыны бәрімізге аян. Бала жақсы әдетті болса да, жаман әдетті болса да ең алдымен отбасында алады. Ата-аналар балаларын мәдениетті, кішіпейіл адал азамат етіп өсіргілері келсе, ең алдымен олардың өздері кіршіксіз таза адам болуы керек. Көпшілік жағдайда баланың бойында теріс қылықтардың пайда болу себебін отбасыдағы үлкендер өздерінің бойынан іздемейтіні өкінішті.

Еңсе көтерген қазақ елінің жаңа тұрпаты халықтық тәрбие жүйесінде ең алдымен өз халқының ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесіне арқа сүйері және оны қастерлеп дамыта түсуі заңды құбылыс. Өйткені, мұндай негіздерді білмей, өз халқының, ұлттық ерекшеліктерін сезінбей, басқа халықтың өзіне тән ерекшеліктерімен салыстырмай, бағаламай өз байлығын байыта түсу мүмкін емес. Халықтың өзі жасаған бастауларға сүйенген тәрбие ғана өз күшінде бола алады. Бұл тәрбиенің артықшылығы: әр адам ең алдымен өз халқының перзенті екендігін сезінуі, екіншіден, өз халқының болашағы сол жекелеген адамдарға байланысты екендігін сезінеді.

Мектеп оқушыларының адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда отбасының ролі, ата-анасының қарым-қатынасқа балаларын үйретуі, барлық адами қасиеттерді қалыптастыруда жетекші орын алатыны анық. Отбасы - адамгершілік тәрбиесінің негізі болғандықтан психологиялық қызмет көрсетуде ата-аналарға балалардың теріс деп бағаланатын қасиеттерін диагностикалау нәтижелерімен таныстырып, оларға бұл проблеманы шешу жолдарын анықтаудың ролін көрсету қажет. Тәлім-тәрбие процесі тиімді болуына халық педагогикасының элементтерін пайдалыну халық ағарту саласындағы кейбір теріс жағдайлардың орын алуы, мектеп, гимназия, лицейлердің оқу-тәрбие жұмысының мазмұнында халықтың ежелегі тәрбиесінің ескерілмеуінде екені көптеген зерттеулерде дәлелденген.

Мектеп балаларымен және олардың ата-аналарымен жүргізілген психокоррекциялық жұмыс түрлерін жүргізуге болады. Әр түрлі тәрбие салаларының бірлікте, іс-әрекет арқылы жүргізілуіне жағдай жасау арқылы келесі мәселелерді шешуге мүмкіндік туады:

-      балалардың адамгершілік қасиеттерін жетілдіруде халық педагогикасының барлық мүмкіндіктерін пайдалану;

-       психологтар мен ата-аналар ынтымақтастығын нығайту;

-      балалардың адамгершілік қасиеттерін жетілдіруде, оларға қарым-қатынасқа икемді болуды, инабаттылық, сыйластық, тіл тапқыштық, ата-аналарына, жолдастарына, мейірбандық, туған жерге, елге, салт-дәстүрге, отбасына және ондағы туған туысқандарға сүйіспеншілік тақырыптарында ата-аналары мен балаларды қосып жүргізетін тренинг сағаттары және т.б. психокоррекциялық шараларды жоспарлау.Оларды жүргізу нәтижесінде отбасындағы бір-бірін сыйлаушылық және мейірмандық нығая түседі.

ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Аймауытов Ж. Психология.— Алматы: Санат, 1995.

2. Жарықбаев Қ.Б., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі.— Алматы: Санат, 1995

3. Ұзақбаева С.А. Тамыры терең тәрбие.— Алматы: Білім, 1995.