Педагогические  науки/Социальная педагогика

Калтаева Эльмира Шамжановна

Н.Тілендиев атындағы облыстық мектеп- интернат, Қазақстан

Бастауыш сыныпта қазақ халқының ұлттық мәдениетін жаңғырту   мәселелері

 

Әр халық  өзінің жас ұрпағын қайырымды,  адал, үлкенді құрметтейтін әділ, ержүрек ізгі ниетті, ар-ожданы мол болып өссін деп армандайды және бұл мәселені өзінің тұрмыс салтына байланысты шешіп отырды. Ол  үшін ғасырлар бойы қолданып, сұрыпталып, өмір  тәрбиесінде сыннан өткен салт-дәстүрлерді педагогикалық  әдіс-тәсілдерді пайдаланып  келеді.

 Қаншама заман  өтсе де, маңызын жоймаған халықтық педагогиканы тәлім-тәрбиенің  туы, қазығына айналдыру ата-ананың да, мектеп ұйымының да басты борышы. Қоғам барлық тарихи даму кезеңдерінде халық педагогикасы жайлы ұғымды анықтау, әр түрлі ғылыми-педагогикалық  көзқарастарды қалыптастыру мәселелеріне көптеген ғалымдар, педагогтар көңіл аударды, құнды пікірлер айтты, өмірлік мұра қалдырды.

Халықтық педагогика дәуірдің небір қатал сынынан өтіп, жаңарып, шым болаттай тіршілік тынысы және салт-дәстүрлерімен біте қайнасып, бірге жасалып келе жатқан қазына. Қазақ  халқының ұлы педагогы, этнографы Ы.Алтынсарин өзінің әдеби және педагогикалық еңбектерінде қазақтың фольклорын пайдалана білген.

Ы.Алтынсарин барлық еңбектерінде жеке  адамның жоғары қасиеттерін қалыптастыруда еңбек, адамгершілік ақыл-ой тәрбиесінің ерекше орын алатынын атап көрсетеді. Кемеңгер ұстаздың ұлағатты сөздері, педагогикалық мұралары халық педагогикасында үлкен орын алады. Оларды қазіргі қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрінің қайта жаңғырту кезеңінде  кең мағынада насихаттау әрбір мұғалімнің борышы болуы қажет (1).

Қазақтың  ағартушы-педагогтары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов ұстаздық етуде және тәлім-тәрбиелік еңбектер жазуда өз ұлтымыздың  салт санасын терең зерттеген. Сан ғасырлық тарихы бар ата-бабаларының халықтық педагогикасына терең ғылыми талдау жасады. Сөйтіп, олар  қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдеп-ғұрып, салт-дәстүрімен тәлімдік мұраларын жас ұрпаққа, ұлттық тәрбие беруде пайдалану жолдарын көрсетті. Сол мақсатта  олар қазақ мектептерінің оқушылары мен мұғалімдеріне арнап оқулықтар, оқу құралдар және әдеби шығармалар жазды.

Мұхтар Әуезов -  қазақ  халқының ұлттық мәдени мұраларын жоғары бағалап, рухани байлығын ұлылықпен ашып көрсете білген, қазақ халқын бүкіл  әлемге танытқан ғұлама жазушы. Ол қазақ этнопедагогикасының бір негізі – ауыз әдебиетін жан-жақты терең зерттеп, халық педагогикасының қадірін халыққа таныта білді. Ол ең әуелі  батырлық жырлар  мен   ғашықтық жырлардың халықты тәрбиелейтін қасиеттерін ашып ”Қыз Жібек”, ”Қозы Көрпеш – Баян сұлу” сияқты  ғашықтық жырлардағы қазақтың салт-дәстүрлерінің қайырымды қасиеттерін толғап, таңдап, мөлдір махаббат  пен табанды күрескерлікті жастарға  үлгі етіп көрсетеді. Қазақ халқының ақындық, өнерпаздық қасиеттерін рухани мұра ретінде ұрпаққа ұлағаттылықпен ұсынды.

Батырлық жырлардың әлемдік әсем нұсқаларын, әсіресе, қырғыз халқының ”Манас” эпосын қазақ эпосымен салыстыра зерттеген ғалым, эпостық  ұлы шығармалардың қазақ ауыз әдебиетінде мол екенін дәлелдеп, қазақ халық педагогикасының кереге-қабырғасы кең екенін кейінгі зерттеушілерге айқындап береді.

Халық педагогикасының ауқымды бір саласы – ертегілер. Ұлы ұстаз ертегілердің тәрбиелік мәнін терең ашып, ”Адамдағы кемдікті, мінді бадырайтып,  ұлғайтып, жиіркенішті етіп көрсету үшін, хайуанның мінез-құлқын дәл адамның мінез-құлқындай етіп  суреттеу әсерлі болады”- деп көрсетеді.  Педагог жазушы:… ”Ертегілердегі аса мол атаулар, ұғымдар, ақындық, образдық, стильдік теңеу сөздер қазақ   халқының тілін байытады”  - дейді.         

Қазақтың халық педагогикасындағы тәрбиенің басты ұстанымы адамгершілік, имандылық, қайрымдылық болып саналған. Адамдардың бір-біріне қол ұшын беруі, үлкенді кішінің, әкені баланың, ағаны інінің сыйлауы, ата-ананы қадір тұту жақсы дамыған (3).

Сөз құдіретін қадір тұту, аталы сөзге тоқтау, өнерді жалғастыру дәстүрі де ежелгі қағида. Ол жөнінде халық ”Сөз тапқанға қолқа жоқ” дейді.

Бастауыш мектептің, ата-ананың, жұртшылықты, қоғамдық ұйымдардың басын біріктіретін ынтымақтастық педагогикасы екенін де мән бергеніміз жөн. Халықтық педагогиканы жүргізу үшін оны жете меңгеріп, оқып үйренуіміз қажет.

Іс түйінін маман шешеді. Ендеше  бастауыш сынып жетекшілерінің семинарларында, мұғалімдердің педагогикалық кеңестерінде ай сайын тәрбиешілерге, ұстаздарға, ата-аналарға халықтық педагогика тақырыбында мыналарды үйретуге болады:

-         тәрбие жоспарының түзілуі мен құрылымын түрлендіру;

-         халық педагогикасын барынша тереңдете ендіру, жаңа салалармен байыту;

-         тәрбие сағаттарын өткізуде баспасөз материалын  тиімді пайдалану.

-   мектепте қыздар жиналысын ”Ана мектебін”, ұлдар жиналысын ”Әке мектебін” сынып және жас ерекшеліктеріне сай жетілдіру;

-   кез келген пәнді оқытуда халық даналығын пайдалану, әсіресе қазақ тілі мен ана тілі сабақтарында тереңдете оқыту;

-   ана тілі сабақтарына салт-дәстүр сабақтарын жиі ендіру;

-   дене тәрбиесі пәнінде ұлттық ойын түрлерін қолдану;

-   үйірме, факультативтік оқулар ұйымдастыру.

Ана тілі сабағында мәтінді, өлеңді дауыстап оқығанда, негізінен,  оның мазмұнымен таныстыра  отырып, жаңа білім берумен қатар   балалардың эмоциялық сезімдерін, қызығуын тудыру керек. Шығарманың мазмұнын баяндау үстінде мазмұнды суреттерді пайдалануға болады. Бұдан кейін жарыс түрінде ойындар өткізуге, әңгімелесу немесе пікір алысу әдістерін   де қолдануға болады.

Ендігі біздің мақсатымыз – сан ғасырлар бойы жас ұрпағын тәрбиелеуге қалдырған ата-бабамыздың ұлағатты сөздері мен салтын, дәстүрлерін, тілін болашақ ұрпақтарға бұлжытпай жеткізу.Бастауыш мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие мектеп табалдырығын аттаған әрбір бүгінгі баланың бітімінен мінез-құлқына, қасиет сапасына бастау алуы мүмкін. Бала - болашақтың адамы. Жаңадан қалыптасып келе жатқан ел азаматы (4).

Ал, бүгінгі бала дүниетанымының өсіп жетілуі, дене бітімі мен көзқарасы, тіршілігі мен түсінігі жылдан- жылға  өзгеше, сонымен бірге олардың әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын өзіндік дара ерекшеліктері, мінез-құлықтары бар. Сондықтан тәрбиешілер, мұғалімдер, ата-аналар жылы жүрек мейірбандылықпен балаларды қаз қалпында сүюге тиіспіз. Олардың ішінде ақылдысы да, жалқауы да, еркесі де, тілазары да болуы заңдылық.

Балалардың осы ерекшелігін түсіну арқылы баланы жан-тәнімен жақсы көре отырып, танып білуге олармен санасу, қамқарекет-ісін, көңіл-күйін білу басты шарт. Бірақ, әлі де болса бүгінгі күнде балалар ата-баба дәстүрін, ұлттық әдет ғұрыпты, халқының тарихы мен рухани байлығын, ана тілін, дінін жете білмей отыр (2).

Сондықтан қазіргі қоғамның жаңарту жағдайы болашақ ұрпақты тәрбиелеуде тұтас педагогикалық үдерістің барлық саласында халықтық педагогиканың озық идеялары мен тәжірибесін қолдануды талап етеді.

Бүгінгі мектеп оқушылары жоғары мәдениетті ой-өрісі кең, мамандығын еркін таңдай алатын білімді болуымен қатар өз халқының, өз ұлтының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-баба мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрып, тарихы мен әдебиетін, өнерін, адамгершілік имандылықты дәріптейтін қарым-қатынас, мінез-құлық қасиеттерді бойына қалыптастыруы тиіс.

Әдебиеттер:

1.     Ахметов Ш. Қазақ балаларын халық дәстүрлері арқылы тәрбиелеу 2006ж.

2.     Әлімбаев М. Халық-ғажап тәлімгер «Рауан» 2010ж.

3.     Әбдіразақов Е. Адамгершілік, имандылық тәрбиесі, Шымкент, 2004ж.

4.     Игенбаева Б.К., Мен- адаммын. Алматы,2005.