Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Қазақстан, Астана

 

АЛЛОФРОНИЯДАҒЫ СИМВОЛ МӘНІ:

МӘДЕНИ БЕЛГІНІҢ ОРНЫ

Аллофрония парадокс сөйлем, әзіл, сықақ, алогизм секілді тілдесім құбылысындағы қайшылыққа тура шығарады, алайда біртіндеп әр референтке қатысты белгісін өзгертіп отыруы да мүмкін, яғни әр жаңа референтке көшу дәрежесі болады, оны аллофрония қадам/қарқыны деп шартты түрде атауымзыға болады. Глоссема өзарасіңісуін ескере отырып ішінен бөлек семантикалық бірлікті бөліп алуға болады, оның алдыңғы мен соңғыдан еш айырмашылығы жоқ, тізбектеліп глоссема мағынасы шынайы қырын ашады.

Символ өз тамырын тереңнен - жазу пайда болмаған кезеңнен алады. Символ дегеніміз - ықшам әрі ішкі өте күшті мағыналық қуаты бар, ауқымды мазмұнға ие ұғым. Ю.Лотман «...символ никогда не принадлежит какому-либо одному синхронному срезу культуры – он всегда пронзает этот срез по вертикали прихода и ухода в будущее» [1;148с]. Әрине, символ түзілуіне кез келген халықтың өмір сүретін аймақтық табиғат, жағрапиялық жергілікті ерекшелік, өмір сүру салты, дәстүрі, жалпы дүниетанымы әсер етеді.

Символ арасында белгілі бір изоморфизм байқалады. Әйтсе де белгілі бір ұлттық және ареалды мәдениетке басым символ тән. Символдың басым көпшілігі белгілі бір ұлттық мәдениет не олардың аймақтық иә болмаса, жалпы адамзаттық (әлемдік) көлемдегі шеңберінен айқындалады. Белгілі бір шығармашылық үрдістегі образдық ойлаудың нәтижесі ретінде символ туындайды. Әйтсе де олардың белгілі бір мәдениетке тән басты символ жүйесіне негізделетін не содан туындайтын бір инвариантты түрде ғана болатын және белгілі бір сюжетте әрі карай дамитын сипаты бар.

Белгілі бір мәдениетке тән емес «өзге» символды қолдану оқырман т.б. тарапынан күтілген дүниеге сәйкес балама тудырады. Алайда бірдей таным не эмоциялық түсінушілік, идеялық бірлестік таппауы мүмкін. Өйткені ұлттық лингвомәдени құзырет иесінің мәдени жады қорында мұндай символдық ақпарат, білім, яғни фрейм түзілмеген. Белгілі бір әлеуметтік мәдени қоғамда белгілі бір түсінік қалыптастырған символ белгілі бір көркем шығармада сюжет, кең көлемде шығарманың жалпы идеясымен тұтастықта өзіндік даму процесіне түсетін, кейде мәтіндік астарда болатын символ ерекше сипатқа ие.

Символ белгілі бір сала ерекшелігіне байланысты өнер, семиотикада зерттеліп, айқындалатыны белгілі. Зерттеуде символ мәдениет контексінде қарастырылады. Бұл сайып келгенде символ ықшамдалған формада мәдени ақпарат береді деген идеяға саяды, «символ - мәдениеттің жадысы» [1;148с].

Архетиптілік, образдылық, ауқымды да кешенді мазмұн, әмбебаптық, ұлттық-мәдени ерекшелік - символдың басты табиғи сипаттамасы болады. Кей ғалым символ көпмағыналылығы деген пікір айтады. А.Ислам «символ көпмағыналылығы - белгілі бір ұлттық не ареалды мәдениет шеңберінде белгілі бір шығарма туындау барысындағы автор ізденімпаздығы нәтижесі» дейді. Қандай да болмасын символға белгілі бір мәдениетте қабылданған мағына тән, ал оның екінші мағынасы - құбылыс көбінесе поэзияда кездеседі. Ал образдылығына келетін болсақ, образ символдың өмір сүру, түзілуінің басты негізі, ядросын құрайды[2].

Лингвомәдениеттануда символдың жоғарыда аталған белгісінің ішінде архетиптілік – басты белгі екендігін айрықша атағымыз келеді («архетип» - алғашқы ежелгі образ). Символдың мифологияға ұласар өте тереңде жатқан өзіндік тарихы бар. Бір айтып кететін жайт, мифологема термині архетип терминімен мәндес мағынада да қолданылатыны. Түркі мифологиясындағы әлемнің үш сатыдан тұратын үлгісі дүниетанымның әмбебап символдық белгісі: «Жоғарыда көк аспан» (Күлтегін) немесе «Ер Төстіктегі» — жер асты әлемі. Алғашқы қауымдық космогендік концепция — барлық халыққа ортақ дүниетанымдық құбылыс. А.Голан ежелгі символдың мазмұнық мағынасын айқындау «ежелгі образды ойлау әлеміне енуге септігін тигізеді» дей келе, «культтік символика — мәдениеттің өте бір тұрақты элементі (...): символ кей өзгеріске ғана ұшырап, ал кейде тіпті өзгерместен ғасырлар бойы сақталады» деп атап көрсетеді [3;8с.].

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ:

Кукушкина Е.И., Познание, язык, культура. –М.: МГУ. 1984. -263с.

Копыленко М.М., Основы этнолингвистики. Алматы 1998.

Кондаков Н., Логический словарь-справочник. 2-е изд.М., 1975: 314.

Ислам А., Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. ДДА., Алматы: 2004.

Кәукербаева Б., Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық, Алматы: 2006

Абитиярова А., Сөз саптау үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.

Жүсіпов А.Е., «Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы» (оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж.;

Жалмаханов Ш., Көп мағыналы зат есімдердің семантикалық құрылымы. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. 2002. №1. -32-38б.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қарама-қайшылықтың лексикалық және грамматикалық жүйедегі орны» «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж. (монография);

Болғанбаев Ә., Көп мағыналы сөздер және олардың жасалу жолдары. Алматы: «Мектеп», 1963

Жүсіпов А.Е., Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы (лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.