Нүптекеева Г.Б.,
Магистр аға
оқытушы,
Абай атындағы
ҚазҰПУ
Филология институты
директорының
Ғылым және
тәрбие жұмысы бойынша орынбасары
ҚАЗАҚ
ПАРЕМИОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Қазақ
паремиологиясының қалыптасу тарихын ХІХ ғасырдың екінші
жартысынан бастауға болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ
ғасырдың 40-50 жылдарына
дейінгі кезең, негізінен, қазақ
мақал-мәтелдерін
халық аузынан жинақтау, қағаз бетіне
түсіру, жеке басылым ретінде
шығару жұмыстарының жүргізілуімен сипатталады.
Қазақ мақалдары мен
мәтелдерін ауыз әдебиетінің
басқа үлгілерімен бірге жинап, жеке жинақтар етіп
шығаруда Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, В.Радлов, Ш.Ибрагимов,
М.Терентьев, Ф.Катанов, В.В.Катаринский, П.М.Мелиоранский, Н.Н.Пантусов,
А.Е.Алекторов сияқты ағартушы-ғалымдардың қосқан үлесі ерекше.
Жалпы
тілтанымдық зерттеулерде мақал-мәтелдерді фразеологияға
жатқызуға олардың
құрылымдық-мағыналық тұрпат және
коммуникациядағы қызмет тұрғысынан фразеологизмдерге
ұқсауы себеп болып келді. Дегенмен мақал-мәтелдер
табиғатының фразеологизмдерден мүлдем басқаша бітімі
лингвистер назарынан тыс қалған жоқ. Мәселен,
М.М.Копыленко және З.Д.Поповалар мақал-мәтелдер фразеологияны
толықтыратын қайнар көздердің бірі екенін атай отыра:
«Мақал-мәтелдер қанатты
сөздер сияқты – тілдің лексика-фразеологиялық
жүйесінің компоненті де, фрагменті де емес, дербес кіші-гірім
көркем мәтін, сондықтан ол – фразеологизм емес», – дейді.
А.Е.Карлинский
фразеологизмдердің предикативтік емес типтегі атауыштық сөз
тіркестері, ал мақал-мәтелдердің аяқталған ойды
білдіретін сөйлем түріндегі предикативтік типтегі коммуникативтік
құрылым екендігін
алға тарта отыра, бұл екі басқа
құбылыстың бір ғана лингвистикалық
пәннің, айталық, фразеологияның ауқымында
зерттелуіне шүбә келтіреді.
Ғалым:
«мақал-мәтелдер, яғни паремиялар предикативтік типтегі
кешенді сөйлесімдік
құрылымдар ретінде
фразеологияның шеңберінде емес, тілтанымдық дербес пән
– паремиологияның зерттеу объектісі ретінде қарастырылуы
қажет», деп табады. Паремияларды талдаудың негізіне тіл
иесінің психологиялық, логикалық және лингвомәдениеттанымдық ерекшеліктері алынуы керектігіне баса назар аудара отырып,
А.Е.Карлинский:
·
паремиология – нақты бір
этностың мәдениеті аясында
типтенген жағдаяттарды бейнелейтін предикативтік сипаттағы
тұрақты стереотиптер туралы ғылым;
·
паремиологияның тілдегі
атауыштық бірліктерді зерттейтін фразеологиядан айырмашылығы –
паремиология шындық
болмыстың біршама
күрделі фрагменттерін образ
арқылы зерттейді. Образ – оқиғаның кеңістіктегі
және уақыт аралығындағы сипаттамасын, субъектінің
өзін, басқа да адамдарды
қамтитын дүниенің субъективті бейнесінің
жиынтығы;
·
ой жүгірту мен
бағамдау, ой қорыту мен пайым жасау паремиялардың логикалық субстраты болып табылады.
Бұл субстрат предикативтіктілік
және модальділік категориялары
арқылы сөйлеудің шындығына айналады. Осылайша логикалық форма сөйлеу
психологиясы саласына ауысады;
·
мақал-мәтелдер басқа тілдік бірліктерге
қарағанда этностың
тілдік суретін, тарихы мен
ұлттық-мәдени
құндылықтарын толық бейнелейді және бекітеді,
– деген тұжырымға келеді.
Қазақ
паремиологиясының антрополингвистикалық бағыттағы
дербес пән ретінде қалыптасуының теориялық
тұжырымдамасын негіздеу Ә.Қайдар есімімен тікелей байланысты.
Ғалым өзінің «Халық даналығы» атты
еңбегінде тілдің адамның ойлауы мен қабылдауы,
танымы мен пайымдауы сияқты әрекеттерімен тығыз байланысына
жүгіне отырып, тілде пайда болу, қалыптасу, даму үрдістерін
анықтайды, атқаратын функциональды қызметіне, қолданылу,
жұмсалу жағдаяттарына тоқталады, мақал-мәтелдерді
топтастырудың ғылыми принциптерін айқындап, этномәдени
және этнофилософиялық астарын, адам табиғатын тануға
бағытталған ішкі мазмұнын ашудың жолдарын,
амал-тәсілдерін ұсынады. Ә.Т.Қайдардың бұл
еңбегі қазақ
паремиологиясының фразеологиядан бөлініп шығып, антрополингвистикалық
бағыттағы дербес ғылым саласы болып қалыптасуына
қажет алғы-шарттарды нақтылап, паремиологиялық
зерттеудің ғылыми принциптерін, мақсат-мүддесін,
көтерілер проблемаларын, зерттелер қырларын айқындап
бергендігімен құнды.
Құрылым
тұрғысынан әрі зерттеу, әрі
мақал-мәтелдердің түсіндірме сөздігі
түрінде жазылған «Халық даналығының» көздеген мүддесін «зердемізді
ашып, ұлттық санамызды саралау, ментальдық қасиетіміз
бен ғасырлық салт-дәстүр,
әдет-ғұрыптарымызды терең біліп, дүниетанымымызды
кеңейте түсу», – деп көрсеткен Ә.Т.Қайдар мақал-мәтелдерді «халық
даналығының қоры» деп
бағалап, ол қорды көненің көзіндей «ескі
дүниелер» мен «замана талабына сай жаңғыратын, жаңа
ұғым-түсініктермен толығып, толысып отыратын» екі
жақты тілдік процестердің «ұйтқысы» ретінде
айқындайды. Ол ғасырлық өмірлік тәжірибе мен
қордаланған білім жиынтығының нәтижесі –
халық даналығының қоры тіл өкіліне «... өз халқыныің
басынан кешірген барша өмірін, салт-сана, қалыптасқан
дәстүр, дүниетанымын елестете алуға», «... есте
жоқ ескі замандардың сарынын аңғартып, тарихи
дәуірлердің дүбірін сезінуге», «... болмыстағы
құндылықтарды танып-біліп, заңдылықтарын ашып,
олар туралы ой мен түсінігін тұжырымдап айтуға», «... адамзат
қауымына тән ортақ көзқарас пен
құндылықты бағалауға» көмектесетініне шек
келтірмейді. Мақал-мәтелдердің даму барысын «тіл арқылы
адамзат қауымының асыл арманын, ақыл-парасатын, өмірлік
тәжірибесін, дүниетанымын ұрпағына ғибрат етіп
ұсыну әрекеті» деп түсіндірген Ә.Т.Қайдар
«өмірлік тәжірибе», «тағылым-тәрбие», «салт-сана»,
«ұрпақ зердесі», «халық жады», «ұлттық
дүниетаным» т.б. ұғымдардың табиғатын
тілтанымдық зерттеулердің құрамдас бөлшектері
тұрғысынан саралау қажеттігін басып айтады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Копыленко
М.М., Попова З.Д. Очерки по общей фразеологии. // Воронеж, 1989. – С.67.
2. Карлинский А.Е. Место паремиологии
в науке о языке. // Избранные
труды по теории языка и лингводидактике. Алматы, 2007. – 308 с.
3. Қайдар Ә.Т.
Халық даналығы. Алматы: Толағай. 2004. – 565 б.