Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Қазақстан, Астана

 

АЛЛОФРОНИЯДАҒЫ СИМВОЛ МӘНІ:

ТҮСТІҢ СИМВОЛДЫҚ РЕҢКІ

 

Бинарлық корреляция, олардың лексикалық семантикалық және мифологиялық мәндеріне арналған көптеген зерттеу пайда бола бастады. А.Золотарев пен В.Топоров бинарлық оппозицияны хронологиялық және территориалдық сипаттамасына қарай бөліп, тұтастығы мен ежелгі славян жүйесіндегі орнын анықтайды (барлығы он алты түрлі мәдениет қамтылған) [1]. Ал бүгінгі таңда қазақ, кең көлемде, түркі мәдениетіндегі бинарлық оппозиция ұлттық дүниетаным ерекшелігі, бағыты мен ұстанымын айқындап, зерделеу мақсатында лингвомәдениеттану қағидалары негізінде өзінің зерттеуін күтер мәселе.

В.Радлов сөздігінде: (1) ақ (түс); (2) қарт әйел адам; (3) Шыңғыс ханның ұрпағы; (4) ақ сақал «қарт адам»; (5) адал; шыншыл деп берілген [2], Э.Севортян этимологиялық сөздігінде ақ сөзінің түркі тіліндегі барлық фонетикалық варианының: (1) ақ (түс — барлық дереккөздегі негізгі лексикалық мағынасы); (2) таза, адал; (қаз.; қырғ.); (3) керемет, тамаша, керемет (хакасс.) [3;116с.]; Л.Рүстемов сөздігінде: ақ сөзін кірме, араб тілінің ”һәкк сөзі: (1) құқық; (2) әділдік; шындық; (3) міндет; парыз, міндет; (4) құда деп анықталады [20].

Белгілі түрколог А.Кононов түркі тіліндегі, соның ішінде қазақ тіліндегі түр-түсті білдіретін сөз семантикасын аша келе құрамында қара сөзі кездесетін этноним, топоним және кейбір тұрақты сөз тіркесін айқындайды [4]. Қазақ тіл білімінде түр-түс атауы, соның ішінде құрамында ақ/қара сөзі бар тұрақты сөз тіркесті зерттеуге арналған ұжымдық жұмыс болғанымен, еңбектің алдына қойған мақсатына орай, олардың лингвомәдени астары үзік түрде қарастырылған [5].

Түзулік кеңістік бағытқа көшкенге дейінгі уақыт аралығында адам әртүрлі мәдениетте әлемнің төртбұрышын белгілеуде геосимволикалық жүйені қолданған. Көшпенділерде ақ – батысты, қара – солтүстікті білдірген [5]. Мысал ретінде автор Ақ теңіз батыс теңізі қазіргі заманғы Каспий теңізі; Ақ патша батыс патшалары (түркі халқы мен монғолиядағы орыс патшалары) келтіреді. Осы ойдың дұрыстығына дәлел ретінде «Қыз Жібектен» мына бір жолдарды келтіруге болады: «Жағалбайлы мекені//Ақ теңіз деген көлі бар...»

Қазіргі Ақжайық гидронимінің бірінші компоненті жоғарыда көрсетілген геосимволика негізінде пайда болуы керек. «Жайық» өзені батыста орналасқан (салыс.: Белорусь > Белая Русь батыстағы орыс елі; буддалық, үнділік геосимволикалық жүйеде: батыс – қызыл түс).

Жоғарыда көрсетілген еңбекте қазақ тіліндегі ақ лексемасының ауыспалы мағынасы мейлінше толық көрсетілген. Зерттеуде бинарлық қайшылықтағы түс атауының («ақ» және «қара») тілдік дүние суретіндегі бейнеленуі мен дүниетанымдық мәнін ашуды мақсат тұтамыз. «Ақтың» ауыспалы мағынасының ішінде «таза, шыншыл» мағынасы белгілі бір концепт кұрайды:

«(Қартбай) ...Арызымыз тыңдалмай, ақ-қарамыз тексерілмей өле беретін болған соң, бізде бір, белгілі мұттайым кісі де бір болғаны ғой». (М.Ә.)

Өлімді тағдырдың бұйрығы ретінде қабылдайтын таным түсінікке оралсақ, бұндай өлімді «ақ өлім», «ақ; бұйрықты өлім» деп мойынсұнып қабылдаған.

Ақ тазалық, күнәсіздік белгісі, символы ретінде қабылдануы түрлі мәдени формада көрініс табады: ертеде Абылай заманында (кейбір деректе Абылайдың өзі ойлап тапқан деген де пікір бар) оқ тиген жауынгердің оғын хан тұқымының пәк қызы үш рет аттап, оқты денеден өздігімен шығаратын дәстүр болған.

Әрине, әр халық дүниетанымында, символдық жүйесінде ақ тазалық пен пәктікті білдіреді. Француз тілінің фразеологиялық қорын қарастырсақ, «bal blanch» (сөзбе-сөз.: ақ кеш) тұрмыс құрмаған қыздың жігітпен билеуі не үйленбеген жігіттің қызбен билейтін кеші мағынасындағы «fils de la poule blanche» бақытты «oie blanche» «пәк жас қыз»; пәк арына нұқсан келмеген сөз тіркесінен ақ символының мағынасын ашар тілдік белгіні көре аламыз [6;129с.].

Ағылшын тілінің фразеологиялық қорынан да ұқсастықты байқауға болады: ауыспалы мағынасы бақытты залалсыз дегенді білдіреді: «white day (сөзбе-сөз.: ақ күн; «white lie» (сөзбе-сөз.: ақ өтірік).

Орыс зерттеушісі Н. Бахилина, ежелгі орыс тілінде ХІ-ХІІ ғасырдың жазба ескерткішінде көбінесе екі «бълый» және «черный» түсін бейнелеу үшін қазіргі заман орыс тіліндегі мағынасына сәйкес лексема қолданылған екен [7]. Славяндар ежелгі дүниетанымында «бақыт» пен «бақытсыздық» «Белобог» (ақ құдай) және «Чернобог» (қарақұдай) образымен байланысты [8].

«Ақты» қастерлеу қазақ дүниетанымында ежелден-ақ орын алады: «седобородый старец, белый верблюд, белый иней, белоснежная суровая зима - все это представляют в виде девицы - пери. И белая лебедь, считавшаяся царицей водных птиц, и белый сокол — царь когтистых птиц, и белобородые старцы-духи, являющиеся во сне в белой чалме — все это связано с почитанием белого и светлого цветов» [9;179с.]. Жалпы ақ концептісі қара (қара > моңғол.: «хар») концептісіне қайшы бірлікте қарастырылады. Бұл қайшылық тереңде жатқан бүкіл адамзатқа ортақ дүниетанымдық кұрылымды көрсетеді: бұ дүние - о дүние, өмір мен өлім, ізгілік пен зұлымдық т.с.с. Әрине, бұндай бинарлық бөліну әртүрлі мәдениетте ортақ әмбебап концепті құрап, тілде көрініс табады. Діни дүниетанымның тілдегі көрінісі: қаз.: «қара ниет», орыс: «черные помыслы», фр.: «рарріlons nоіrs»; қаз.: «қаралау», орыс.: «очернить»; фр.: «render noirs»; табиғат құбылыстары: қаз.: «қара дауыл», ағылш.: «blаск frost» (сөзбе-сөз.: қара аяз), «күшті аяз»; «қара басу» — «қара» күшпен және соған қатысы бар іске ұқсатудан туындаған қаз.: «қара басу», «қара жұт», «қара жүрек», «қара дауыл», «қара ниет»; ағылш.: «blаск as sin» (сөзбе-сөз.; күнәдәй қара); франц.: «lе nоіr sejour» тамұқ; «le noir ravage» («өлім әлемі»); «раріlons nоіг» (сөзбе-сөз.: қара ой) [10]. Әлеуметтік шығу тегіне қарай қара халық — қоғамдағы төменгі сатыны және ақ сүйек - жоғары, аристократияны құрайтын генеологиялық жағынан бөліну де осы символға негізделгені белгілі.

Әйтсе де ортақ ұқсастықпен қатар, қара концептісіне байланысты ұлттық дүниетанымымызда ерекшелік де байқалады: қара «қасиетті», «туған» деген мағынаға да ие. «Қара шаңырақ», «қара хан» сөз тіркесі зерттеуші арасында пікірталас тудыруда. Соңғысына байланысты кей зерттеуші «қарадан шыққан хан» деген түсінік береді. Біздің ойымызша, өте күрделі сұрыптау, яғни генеологиялық тазалыққа сүйенетін және өте жоғары талап қоятын хан сайлау жүйесінің бұған жол беруі мүмкін емес.

Оған қоса тарихи деректе бұндай жағдайдың болмағаны белгілі. Қазақтар басқа түркі халқы тәрізді сонау ғұн дәуіріне ұласар қатаң заңдылықтағы хан сайлау үрдісіне сүйенген: тақ ағадан ініге, содан соң ағаның баласына, ал содан соң інінің баласына берілген [11]. Бұл жөнінде «Күлтегінде (VII ғ.) мынадай жолдар бар: «...Одан соң інілері қаған болды,//Ұлдары да қаған болды,//Бірақ інілері ағасындай бола алмады,//Ұлдары әкесіндей бола алмады...».

Келесі «қара шаңырақ» тіркесін талдайтын болсақ, жалпы шаңырақ атадан әкеге, әкеден балаға, соның ішінде от басындағы кенже ұлға мирас болар, үлкен үй мағынасында қолданылатын түркі әлемінде — мәдениеті мен дүниетанымында өте бір маңызды да, мәнді концепті құрамына енеді. Оның дөңгелек формасының өзі символикалық белгі жүйесінде шексіздік — ұрпақ жалғастығын білдіретінін де айта кеткен жөн. Әйтсе де бір айта кететін жайт қара сөзінің тура мағынасына негізделген ұлттық мәдениетімізді бұрмалай жеткізетін пікір де бар: «...Ошақ түтінінен ол (шаңырақ — А.Ж.) қараяды, сондықтан оны қара шаңырақ» — дейді [12;10б.] (салыстыр.: орыс. черная изба). Дегенмен ұлттық тіл мен мәдениет иелері ретінде қазақ бұл концептінің ішкі мәдени коннотациясын дұрыс түсінеді. (Салыстыр.: қалмық, бурят пен хакаста «хараача» тұлғасында келеді. «Харчаг» вариантын С. Вайнштейн түркілік «қарақ» сөзімен салыстырып, сөздің этимологиясы соңғысына келеді, яғни «көз» мағынасын береді. Тува фольклорында түтін шығар тесік «қарақ көз» түрінде кездеседі деп пайымдайды [13]).

Ақ - «адал, таза, күнәсіз, пәк» мағынасынан → қуаныш (бейқамдық, енжарлық) → белсенділік → агрессия → ашу → өшпенділік → бұзылу (өлім).

Жоғарыдағы мысал түстің қадамдап ақтан қараға өту жолын көрсетіп отыр. Ақ сөзінің қараға өту жолын шартты түрде мына мысалмен көрсетуге болады (мүмкіндіктің бір қыры ретінде):

«Ақ»-түс«адал, таза, күнәсіз, пәк»«әділ, әділетті, арамдығы жоқ, істің дұрысы»«ізгі тілек, жақсылық, бақыт»«асыл, таза, қоспасыз»«тозу, жұтау, күйзелу»«1918-1922 жж. азамат соғысындағы жауынгер»«жаман» (жау ретінде)«жаман»«зұлым»«ұсқынсыз»«қара»→ «Қара»=«ақ».

Е.Лебедева чуваш тіліндегі вариантын мифопоэтикалық контексінде қарастырып, «хура» (қара) әлемді көлденең бөлген кезде солтүстікпен, ал тік бөлгенде - ортаңғы әлеммен сәйкес келеді. Сондықтан оның басты мағынасының бірі өзімдікі, жақсы микросоциумдық әлемге жақын деген мағынаны білдіреді» деген пікірді ұстанады:...Атте пурче - хура, пурт.

Әкемнің үйі - қара үй//Хура пумен, ашшипур.// Қара        болса да, онда жылу бар... [14;116с.].

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ:

Кукушкина Е.И., Познание, язык, культура. –М.: МГУ. 1984. -263с.

Копыленко М.М., Основы этнолингвистики. Алматы 1998.

Кондаков Н., Логический словарь-справочник. 2-е изд.М., 1975: 314.

Ислам А., Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. ДДА., Алматы: 2004.

Кәукербаева Б., Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық, Алматы: 2006

Абитиярова А., Сөз саптау үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.

Жүсіпов А.Е., «Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы» (оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж.;

Жалмаханов Ш., Көп мағыналы зат есімдердің семантикалық құрылымы. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. 2002. №1. -32-38б.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қарама-қайшылықтың лексикалық және грамматикалық жүйедегі орны» «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж. (монография);

Болғанбаев Ә., Көп мағыналы сөздер және олардың жасалу жолдары. Алматы: «Мектеп», 1963

Жүсіпов А.Е., Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы (лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.