Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к.
«С.Сейфуллин
атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ
Қазақстан,
Астана
АЛЛОФРОНИЯДАҒЫ СИМВОЛ МӘНІ:
АҚ ЖӘНЕ ҚАРА ТҮСТІЕРДІҢ
ДҮНИЕТАНЫМДЫҚ ӘРІ МӘДЕНИ ОРНЫ
Қазақ дүниетанымы мен
мәдениетінде қара
қазанның да алар орны бар. Бұл материалдық
дүние бола тұра, оның концепті қатарына жатар
символикалық мәні де зор. Құрамындағы
«қара» сөзі оған қасиетті мағынасын беріп,
мәнін тілдік тұрғыда айғақтап
тұрғандай. Жалпы қазан ғұн заманынан келе жатқан артефакт,
қазақ (түркілік) қазан формасы жағынан сәл
өзгеріске ұшыраған. Ғұн қазаны
коникалық түпке орналасқан әдемі формалы,
жоғарғы жағында екі құлағы болған.
Жалпы темір «жын-пері және қауіпті зиянды күшті
қорқытар сиқырлы құрал ретінде» қасиет
тұтылғаны да белгілі [1]. Қара
қазанның қасиеттілігі оның береке мен байлық,
бейбіт өмірдің символдық белгісі екендігімен
түсіндіріледі. Толы қазанды ұрықтанған жатырмен
де ұқсастыра түсіндіретін пікір де бар [2]. Қазан киіз
үйдің дәл ортасына, отты — өмірдің бастауы деп
түсініп ошаққа қойылады.
Отқа табыну
түркі халқында, оның ішінде қазақта осындай таным
түсінік тудырғанға ұқсайды. Жалпы от — адам, аң-кұс,
өсімдік өміріне қауіп төндірер материалды және
рухани тұрғыдағы зиянды элементті жоятын өте
қуатты жойғыш күш, яғни тазартқыш күш [1;712с.].
Ертеде бір елді шапқан кезде жеңістің белгісі ретінде
шаңырағын жерге түсіріп, қазанын екіге бөлетін
болған. Н.Уәлиұлы көрсеткендей, жау екі ел бітімге
келгенде бір-бірімен шаңырақ пен бүтін қазан алмасатын
болған [2].
Сөнген ошақ отбасының өшкенін білдіретіні белгілі,
сондықтан да «ошағың сөнбесін» деген бата тілек
үлкен мәнге ие. Қазақ арасындағы от культі
тамырының терендігімен сипатталады. Шыңғыс хан дәуірінде де
үйдегі от, ошақты сөндіруге тыйым салынған, тіпті ондай іс
тумасын өлтіргенмен пара-пар саналған [3]. Оттың сакралдық
(қасиетті) мәні басқа да мәдениетке тән
болған. Мысалы, Римде Веста әйел образымен бейнеленетін от
құдайына табынған. От дөңгелек формадағы
үй не тұрған жер, қала ортасында ошақта
жағылатын болған. Кавказ халқында қанды кек
ошақты бұзумен пара-пар есептелінген, яғни кұн есебінде
жүрген [4].
Ежелгі славянда «печь»/пеш, яғни ошақ тұрғын үй
микрожүйесінде басты да маңызды элементтің бірі болып
саналған: славян халқы тіліндегі
тілдік белгі: «дымница»/«дымничать»
өмір сүру, шаруашылық жүргізу дегенді білдірген.
Оттың бар функциясы ішінде ас дайындау ең бір маңызды
қызметі ретінде қарастырылған. Отқа түкіруге
болмайды не оттың жанында сөзге келуге болмайды т.б. деген тыйым да
бар
[5].
Ошақ та, қазан да дөңгелек формада, яғни
тұтастықтың символдық белгісі.
Бұл форманың жоғарыда айтып өткен символикалық
мәніне қарай, оларды бұзу жалпы ұрпақ, өмір
жалғастығын бұзумен пара-пар деп түсінген дұрыс.
Этимологиялық
ізденіс тұрғысынан Р.Сыздықованың «қара орман/ орын» сөз тіркесін талдауы
көңілге қонымды. Автор негізінен бұл тіркестің
екінші компонентін, яғни орман/орын
сөздерін қарастырады. Ғалым «қара» сөзін арнайы талдамағанмен, тілдік
материал оның «орман/орын»
сөзімен тіркесе келгендегі ішкі мәдени формасын айқындай
түсетіндігін көруімізге болады: «Қаратаудың басынан
көш келеді,//Көшкен сайын бір тайлақ бос
келеді//Қарындас пен қара орман қалғаннан
соң,//Мөлдіреп екі көзге жас келеді» деген жолдардағы орман сөзін
М.Қашғари сөздігі негізінде «қасиетті жер» - «ата-баба
жерленген бір рулы елдің қорымы» мағынасын ашып береді. Ал
ата-баба сүйегі жатқан жерді тастау қазақ үшін
өте бір рухани жоғалту - тамырын жоғалтумен бірдей.
Біздің ойымызша, «орман/орын» сөзі «қарамен» тіркесуі
негізінде терең мәдени коннотацияға ие. Бұл жерде, жалпы
ата-баба сүйегі жатқан жер мен Отан, туған жер
ұғымдарының біртұтас мағынада тусінілетіні
тұрақты таптауырын түсініктің бір көрінісі екенін
айта кеткен жөн.
Туыс
емес тілдің материалдары да қара концептісінің
символикалық мәнінің ақ
концептісіне қайшы мәнге ие екенін айқын көрсетеді.
Соның
бірі қара
концептісінің «кінәлі»
ауыспалы мағынасы: «қара бет» «кінәлі», «масқара болу»,
«ұятсыз» мағынасында. Қазақта ең ауыр жазалау
түрі қара найзаның астына отырғызу: «қара
найзаның астында отыру» «масқаралау, келемеж ету» саналған
[6].
Көбінесе
қара өлім, қайғымен
байланысты. Қазақта, кең көлемде, түркі
халқында, қаралы жағдай белгісі болғанымен,
қаралы жалаудың түсі
дүниеден озған
адамның жас шамасына байланысты: жас адамға қызыл, орта
жастағыға — бір жағынан ақ, екінші жағынан
қызыл, ал үлкен жастағыға — ақ түсті жалау
қара жамылудың белгісі болғаны белгілі. Осыған
байланысты қазақта қара,
қызыл, ақ түсті
шүберекті үй үстіне жайдырмаған. Жалау түсіне
қарамастан, жалпы «қаралы ту» деп аталған.
Қырғыздың «Манас» эпосындағы мына бір жолдарды
қарастырсақ: «Қызыл қыршын қыз
балдар//Қызылдан қара киіпті...».
Бұл
жерде хроматизм ғылымында қызыл түстің қарамен
туыстас түс ретінде қарастырлатынын айта кеткен жөн.
Жоғарыда
айтылғаннан мынандай қорытынды жасауға болады: бинарлық
оппозициядағы түске негізделген символдық ақ пен қара концептілері дүниені танып-білудегі
танымдық іс әрекет нәтижесі, оның мифопоэтикалық
символдық үлгісі деп түсінеміз: жарық дүние -
қараңғы дүние, өмір мен өлім т.с.с. бар
халық дүниетанымына ортақ әмбебап концепт болады.
Бинарлық символикалық түс негізіндегі мифопоэтикалық
дүниетанымның шамандық сипаттағы мысалы ретінде жер
асты Ерлік ханның әлемін мысалға келтіруге болады: қара
құм, қара көл, теңіз, мұхит және
қара саздан соғылған Ерліктің сарайы [7].
Дегенмен
қазақ тілінің, жалпы түркі тілінің материалы
көрсеткеңдей қазақ дүниетанымының
ұлттық бір ерекшелік сипатын көрсетер қара концептісінің «ұлы», «қасиетті»
мағынасы да бар.
Сөйлеушінің
сөйлеп тұрған сөзіне қатысты ымдар механикалық,
эмоцияльқ, сілтеу, бейнелеу, символдық, еліктеу ымы болып
бөлінеді. Осылардың ішінде символ, белгі арқылы берілетін
бейвербал тәсілдің де орны ерекше. Мәселен, көше
бойында тұрған бағдаршам сияқты әр алуан белгі
адамға белгілі бір хабар беру мақсатын көздейді. Адам
оларға өзінше жауап қатқандай іс-әрекет жасайды.
Мысалы, үлкен жылдамдықпен келе жатқан көлік
жүргізушінің «аялдама» не «жүргінші өтпе жолы» деген
белгісіне назар аудармауы, сондай-ақ оларды дұрыс түсінбеуі,
білмеуі семиотикалық, лингвистикалық қайшылыққа
ұрындырып қана қоймай, адам өміріне қауіп
төндіретін қатеге әкеліп соғуы мүмкін. Сонымен
қатар түр-түске байланысты белгі әр халықта
әртүрлі мағынаға ие болып жатады. Мәселен, грузин
мәдениетінде ақ түс - мейірімділік, махаббат символы болса,
қырғыздар үшін бұл - нәзіктік пен пәктіктің белгісі,
ал шығыс халықтары үшін ақ түс өлімді
білдіреді (алайда көп халықта қара түс - өлім,
қайғы-қасірет белгісі) [8;75с.].
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ:
Кукушкина Е.И., Познание,
язык, культура. –М.: МГУ. 1984. -263с.
Копыленко М.М., Основы
этнолингвистики. Алматы 1998.
Кондаков
Н., Логический
словарь-справочник. 2-е изд.М., 1975: 314.
Ислам А., Ұлттық
мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. ДДА., Алматы:
2004.
Кәукербаева Б.,
Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық,
Алматы: 2006
Абитиярова А., Сөз саптау
үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.
Жүсіпов А.Е.,
«Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы»
(оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.
Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ
тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы»
(оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы
2010 ж.;
Жалмаханов Ш., Көп
мағыналы зат есімдердің семантикалық құрылымы.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным»
журналы. 2002. №1. -32-38б.
Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ
тіліндегі қарама-қайшылықтың лексикалық
және грамматикалық жүйедегі орны» «ӘЛЕМ SS». Баспасы.
Астана қаласы 2010 ж. (монография);
Болғанбаев Ә., Көп
мағыналы сөздер және олардың жасалу жолдары. Алматы:
«Мектеп», 1963
Жүсіпов А.Е.,
Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы
(лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.