Қанабекова
Бағдагүл Қошпанқызы
Д.А.Қонаев
атындағы колледждің
ғылыми-әдістемелік бөлім меңгерушісі Қазақстан
Республикасы
Оқытудың
жаңашыл әдісі – сыни ойлау технологиясы
Болашақ ұрпақтың
саналы азамат болуына ықпал ететін, адамзат қоғамын
алға қарай жетелейтін күш – білім. Ғылым мен
техниканың дамуы, қоғамның өсіп-өркендеуі,
еліміздің өркениетті елдер қатарынан орын алуы оның
білім беру жүйесінің даму дәрежесімен тығыз байланысты.
Бұл орайда бүгінде білім беру саласында заманауи
бағдарламаларды, ұлттық негізде оқытудың тиімді
әдістемелік құралдарын дайындаудың қажеттілігі,
сәйкесінше бұған білікті мамандардың кәсіби
құзыреттіліктерді игеру дағдысы,
жаңашылдыққа қабілетті болу мүмкіндігі
көзделіп отырғандықтан, барлық білім беру жүйесінде
жалпы білім беретін мектептер мен колледж-университеттерді Назарбаев зияткерлік
мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу мәселелері басты
назарда болып отыр. Сонымен бірге елімізде
болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер,
күннен-күнге қарқынды дамып жатқан ақпараттар
ағымдары, білім-ғылым кеңістігіндегі
бәсекелестіктің артуы оқу орнын бітірушілеріне
қойылатын талаптарды күшейтуде. Қазіргі кездегі білім
берудің басты мақсаты – жан-жақты білімді, болашақты
жаңаша көзқараспен бағамдай білетін және қоғамдағы
өзгерістерді тануға, ондағы жаңа идеялармен жұмыс
істеуге бейімділігі бар, қабілетті жеке тұлғаны
қалыптастыру болып табылады.
Елбасы өз
Жолдауында: «Мектеп түлектері қазақ, орыс және
ағылшын тілдерін білуі тиіс. Оларды оқыту нәтижесі
оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен
ақпаратты терең талдау машығын игеруі болуға тиіс» - деп атап көрсетеді.
Демек, бұл тұжырымдар оқу-ағарту, білім беру саласы
мамандарына зор жауапкершілік жүктейтіні даусыз. Бұл міндеттерді
шешу – жаңаша ойлай білетін, үздік технологиялық
тәжірибені игерген, біліктілік деңгейі жоғары
педагогтердің ғана қолынан келетін іс екені даусыз.
Осыған байланысты білімгерлердің
шығармашылық әрекетін, білімді өздігінен ізденіс
арқылы табудың жолын, жалпы педагогикалық ұстанымдарды
басшылыққа алу біліктіліктерін көтеру мәселесі
қойылып отырғандықтан, білім беруді ұйымдастырушы оқытушы
мен білім алушы-студенттер арасындағы қарым-қатынас
дәрежесі мүлдем басқаша жаңа деңгейге
көтерілуі тиіс. Осының негізінде оқыту әдістері мен
оқу әрекеттері түрленіп, жұмыстың
құрылымы да, мазмұны да, оны ұйымдастырудың
педагогикалық-психологиялық мақсаты да кешенді түрде
өзгеріске түсуі қажет. Мұндай шаралардан кейін
көп жылдардан бері қалыптасқан сабақ беру әдістері,
оның ішінде студенттерге дайын білімді бере салу, ұсынылған
тапсырманы орындату, бір сарынды тапсырмалар жүйесі сияқты
жұмыс түрлері өз актуалдылығын жоғалтады деп
ойлаймын.
Ақпараттық технология сабақты
түрлендірудің, ерекшелендірудің, дараландырудың
тәсілі ғана емес, сонымен қатар сабақты жаңаша
ұйымдастырудың мүмкіндігі. Ақпараттық
технологияның көмегімен жүргізілетін сабақтарда білімгер өзін белсенді және
еркін, оқытушымен тең дәрежеде сындарлы әріптестік
қатынас орната алады.
Қазақ
тілі сабағында ақпараттық технологияны енгізу арқылы
сабақтың белсенділігін арттыруға, дамыта оқыту идеясын
жүзеге асыруға, сабақты шапшаң жүргізуге,
студенттің өздік жұмысының көлемін
көбейтуге болады. Сондай-ақ білім беруді жаңғырту
жағдайында пәндік тақырыптарды енгізу, оқу
үдерісінде жаңашыл интербелсенді технологияларды қолдану
тәжірибелері де басымдыққа ие болуда. Педагогикалық
технологияда жалпы компьютерлендіру үрдісінен тысқары қалмауы
тиіс.
Сондықтан
сабақта ақпараттық және коммуникативтік технологияны
кеңінен пайдалану үйреншікті, қалыпты жағдай ретінде
қарастырылғаны жөн. Бүгінгі күні кез келген
оқытушы қазақ тілі пәні болсын, басқа
пәндер болсын ақпараттық және коммуникативтік
технологияны пайдалану арқылы әртүрлі
сабақтарға әзірлемелер дайындап және оны
жоғары деңгейде өткізе білсе, сабақтың тартымды
әрі қызық болатыны анық. Мұндай
сабақтар білімгерлерді басқа әлемге, ақпараттар
әлеміне тарту арқылы сол әлемді өз көзімен
көруге, көргенін өзгелерге жеткізу барысында тіл дамыту
мүкіндігіне ие болады.
Кәсіби қазақ тілін оқыту барысында, сонымен
қоса, «Әңгіме-диалог», «Сауаттылық ашатын хаттар»
(мысалы, өз мамандығына байланысты жарнама жасау), «Түртіп
алу жүйесі», «Қабырғаға қарап оқу»
(яғни, мәтінді өз бетімен дауыстап оқыту, жол тастап
жазу, қайта өңдеу), «Топтастыру», «Кубизм» сынды т.б.
жаңа технологиялық әдістерді пайдалануға болады. «Жүз рет естігеннен, бір рет
көрген артық» деген сөздерді ескере отырып,
сабақтарымызда мүмкіншілігіне қарай мультимедиялық
проекторды орынды пайдаланып отырсақ, оқытушының ұтары
мол деп ойлаймыз. Тек оларды тиімді, жүйелі түрде қолдану,
яғни интерактивті сабақ үлгілерін дұрыс таңдау
оқытушының шеберлігіне байланысты әрқилы жүзеге
асырылуы мүмкін.
Соның
бірі «Оқу мен жазу арқылы сыни ойлауды дамыту» технологиясын
сабақты жоспарлауды қолданудың тиімді тұстарына
тоқтала кеткенді жөн көрдік. Мұнда әр білімгердің
сыни ойлау қабілетінің шыңдалып, дамуы, проблемаларды өз
көзқарасымен шешуге дағдылануы, ауызша, жазбаша тапсырма
түрлеріне сәйкес сыни тұрғыда тұжырым жасай білу
дағдысы сияқты жетістіктерге жетуге болады.
Сыни ойлау әдісінің
жобасы мынандай үш құрылымнан тұрады:
-
қызығушылықты ояту;
-
мағынаны тану;
-
ой-толғаныс.
1. «Ассоциация және болжам».
Білімгерлер топпен, жұппен
немесе жеке тапсырма алады. Мәтіннің тақырыбын естігеннен
кейін-ақ қандай да бір ассоциация пайда болады. Мәтін не туралы болады екен
деген қызығушылық туады.
2. «Сұрақ-жауап». Мәтінді
тыңдатып, бір-біріне сұрақ қояды, өздерінің
жауаптарынан мәтін құрастырады. Құрастырған мәтіндері мен аудиомәтінді
қайта тыңдап, салыстырады.
3. «Мәтінді тыңдап, аяқта».
Келесі мәтіннің басын тыңдап,
аяғын өзі құрастырып аяқтайды. 4. «Мен
диктормын».
Аудиомәтінді бірнеше рет
тыңдап, диктор рөліне еніп (мүмкіндігінше жаттап алады)
сөйлейді.
5. «Мен музыкамен көркемдеушімін». Мәтінді тыңдап, мәтін мазмұнына сай
әуен таңдайды. Бұл әуенді неге таңдағанын
түсіндіреді.
Демек,
ақпараттық-коммуникативтік технология:
- оқу материалын терең түсінуге;
- оқу уәждемесінің артуына;
- алған
білімнің ұзақ уақыт есте сақталуына; - білім беруге
жұмсалатын уақыттың азаюына – ықпал етеді.
Шығатын
нәтиже:
- білімгердің
мәтінмен жұмыс істеуге деген қызығушылығы артады;
- ойлау белсенділігі, тапқырлығы, шешім қабылдау
әрекеті қалыптасады. Сондай-ақ мұндай жұмыстар
білім алушылардың ой қорыту арқылы шығармашылық, мәтінтанымдық
қабілетін арттыру, сыни ойлау жүйесін дамыту, ақпараттармен
жұмыс жасай білу дағдыларын жетілдіруге бағытталады.
Ойымызды
түйіндей келе, барлық педагог мамандардың мақсаты – білім
беру саласында жан-жақты білімді, заманауи технологияларды кәсіби шеберлікпен
пайдалана алатын және өзіндік ой-пікірі бар,
шығармашылыққа қабілетті креативті тұлғаны қалыптастыру,
демек, көзі оттай жанған, жүрегі «Отаным» деп
соққан, салауатты өмір салтын ұстанатын
шәкірттерді даярлау болса, ол – жаңа заманауи технологияны
меңгерген жаңашыл ұстаздардардың міндеті
болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. М.Ж.Сыздықов, Т.Н.Нұрғалиева, Ж.Р.Жақанова.
Қазақ тілі. Мемлекеттік қызметшілерге арналған
оқу құралы. -Алматы, 2010 ж.
2. Ә.Әлметова. Сөйлеу әрекеті түрлеріне
оқыту. Әдістемелік құрал. -Алматы, 2012 ж.
3. Н.Х.Шадиева. Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту жүйесі.
Әдістемелік оқу құралы. -Астана, 2010 ж.
4. М.Ноқрабеков, Г.Аманова.
Тараз оқу-әдістемелік құралдар жинағы. -Астана,
2010 ж.