Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Қазақстан, Астана

 

АЛЛОФРОНИЯДАҒЫ СИМВОЛ МӘНІ:

ТҮСТІ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫРЫ

 

Жалпы адамның түр-түсті қабылдауы процесі психологиялық эксперимент жүргізу арқылы белгілі бір тұжырым жасауға мүмкіншілік беретіні белгілі. Осы бағытта Н.Николенко мен В.Радионов эксперименттік зерттеу нәтижесі негізінде әртүрлі тілдік топ бірдей қабылданады және «басты түс қандай да болмасын түс түрі, кодталыну ортақ негізін құрайды. Бұл адамзатқа ортақ түсті перцентивті аймақтың болатындығын білдіргендей» деп пайымдайды [1]. Бұл тұста бір түстің биологиялық жағынан бірдей болып табылатын адамның (ұлт ерекшелігіне қарамастан) түр-түсті бірдей қабылдағанымен әртүрлі түс концептісін құрайтыны туралы сауал туындайтыны сөзсіз.

А.Вежбицкая: «түр-түстің қабылдануы барлық адамға бірдей. Бірақ тілдік концептуалдану әр мәдениетте әртүрлі, әйтсе де, бұнда да таңқаларлық сәйкестікті байқауға болады. Тіл мидағы емес, санадағыны бейнелейді. Ал біздің санамыз бізді қоршаған мәдениет ықпалы негізінде қалыптасады. Түр-түс туралы мидағы таным-түсінікпен тілдік түсінік арасындағы байланыс жалпы сипатта ғана бола алады» [2;238с.].

Семантикалық бірлікті анықтау тәсілін әзірлеу, арасындағы айырмашылықты анықтау, өзарасіңісуін айқындау қажет.

Мына бинарлық оппозициялық концепт-символда дүниенің екіге - оң және солға бөлінуі көрініс тапқан. Оң мен сол концептінің тереңдегі құрылымы мифопоэтикалық діни дүниетанымнан бастау алып, көбіне ритуалда көрініс тапқан. Түркі тілінің барлығына оң ауыспалы мағынасы «игілік, береке, бақыт» (ДТС) тән [3].

Бата бата-тілек түркі мәдениеті, ең бір басты рухани элементінің бірі. Қазақ санасында бата-тілек сәттілік пен бақытты тілеу ғана емес, сонымен қатар жақсы сөз болар істің нәтижелі де оңды бітуіне өз септігін тигізеді деген сөз культіне ұласар дүниетанымдық түсінік жатыр: «Оң батасын берді». Дегенмен белгілі бір ишаратпен берілер теріс батаның да (оң сөзінің тікелей антонимі солмен берілмей оның синонимі «теріс» лексемасымен беріледі) кездесетінін айта кеткен жөн.

«Оң» барлық түркі тілінде жағымды ассоциациямен байланысты [4]. Бұл төмендегідей тіркесте көрініс тапқан: «оң көзі», «оң қолы» — «ең жақын адамы; сенімді адамы; адал қызметші». «Ұзын сақалды, иір бойлы, қазақшаға жүйрік урядник — әрқашан базарды аралап, қылмысты, жазалы болуға айналып, қылдан тайған адамды торып жүретін — оң көзі». (М.Ә.)

Туыс емес тілдің мұндай тілдік белгісінен де ортақ семантикалық белгіні байқауға болады: орыс.: «правая рука», «правый глаз» «бірінші көмекшісі»; «ең сенімді кісісі»; «адал қызметші» [5;395с.]; ағылш.: «one s right hand» (біреудің оң қолы) «сенімді, жақын көмекшісі».

Жоғарыда айтып өткендей, оң концептісінің мәдени коннотациясы ритуал жүйесінде мейлінше айқын көрінеді. Соның бірі - киіз үй, оның ішкі құрылымы, соған байланысты қазақ (кең көлемде түркі) мәдениетінің кейбір фрагментін талдалық. Жалпы, (киіз) үй «адам игерген дүниенің квинтэссенциясы және дүние суретінің барлық басты категориясы көрініс тапқан мәдениеттің негізгі символының бірі болады» [6;61с.]. Жақсы ниетпен келген қонақ алыстан атынан түсіп, үйдің оң жағымен келіп, табалдырықты оң аяғымен аттай кіреді екен. Төрдің оң жағында қыз төсегі орналасқан және киіз үйдің бұл бөлігі «қонақ жақ» деп аталған. Қыз баланың қоғамдағы әлеуметтік орнына ерекше мән беріліп, айрықша көңіл бөлінген. Оны қонағындай құрметтеп, сыйлаған: «қыз қонақ». Қазақ тілінде жасы келген қыз бала тұрмыс құрмаған жағдайда, тіке «кәрі қыз» деп атамай, «оң жақта отырып қалған» тіркесін қолданады:

«...Керімбала бұл күнде...Тобықты қызының ішіндегі оң жақта көп отырғаны» (М.Ә.).

 (Салыстыр.: шығыс славяндарда да үй іші оң және сол жаққа бөлінеді. Пеш әйелдің образын білдіріп, белгілі бір мәдени танымдық символдық қызмет атқарады. Өмір бойы тұрмысқа шықпай қыз күйінде қалу орыс тілінде «сидеть на загнетке» деп берілген:

«Я на печи сижу,//заплатки плачу//Еще посижу//Еще поплачу...// [7; 166 с.].

Қазақ ғұрпында қайтыс болған адамды «о дүниеге» аттандыру рәсімінде үлкен құрметпен үйдің оң жағына қоятыны белгілі.

Қазақ тіліндегі сол сөзінің мағынасы теріс сөзімен беріледі. «Абай жолы» романында М.Әуезов қаралы көшті бейнелеп, қазақ дүниетанымының әдет-ғұрыпта көрініс тапқан таным түсінігін өте дәл көрсете білген: «...Бастарына еркектің бас киімін артын алдына келтіріп, теріс киіпті. Ердің қасына қамшысын шаншып, соған да теріс қаратып Бөжейдің қысқы терекі тымағын кигізіпті» (М.Ә.)

(салыстыр.: хакастарда жесір әйел көйлегін теріс киіп, бас киімінің бүрмелерін жоғары көтермей, төмен қаратып коятын болған) [8].

Қасым ханның хандық құрған тұсында ата-анасына қол көтерген баланы қара өгізге (кей деректерде есекке) теріс міңгізіп ауылды үш қайтара айналдырып жазалап, бүкіл ру болып оның қылығын сөккен екен. Сонымен бірге қалындық «ұятты» болған жағдайда оны бұқаға теріс міңгізіп, қолына тесік қазан ұстатып еліне қайтаратын болған.

Оң мен сол концептісінің жақсы-жаман мағынасындағы таным түсінік үндіеуропалық дәстүрде сонау ежелгі хет мәдениетінен де байқалады. Ежелгі хеттерде ол бал ашудың жайсыз нәтижесі, өтірік айтумен ассоциация түзген. Мұндай түсінікті балтық славяндары дүниетанымынан да кездестіруге болады: егер жылқы оң аяғымен кейін шегінсе, бұл бақыттың, сол аяғымен болса - бақытсыздық белгісі болып танылған [9]. Ежелгі грек дәстүрінде оң мен солды ер мен әйелдің бастауымен байланыста қарастыру үрдісі кейін пифогорлықтардың философиялық категорияларында өз көрінісін тапты [10].

Орыс ертегілеріне жол айрығында оң және сол жақтағы жолды таңдау мотиві тән: «...приезжают они на распутье,//Кто вправо поедет, тот царем будет,//Кто влево поедет, тот убит будет».

Туыс емес тілдің тілдік белгісін қарастырсақ, концептінің негатив, яғни жағымсыз мағынасы анық көрінеді: фр.: «еtrе sur le pied gauche» өте қиын жағдайда болу; ағылш.: «left-hand marriage» - күйеу жігіт қалындыққа оң қолының орнына сол қолын ұсынған; «көңілсіз болу»; «жолы болмау» мағынасында: орыс.: «вставать с левой ноги» (сөзбе сөз.: сол аяғымен тұру); ағылш:. «get our of bed with the left led» фр.: «se lever du pied gauche».

Жалпы, оң мен сол көптеген бинарлық оппозициялық концептісі көптеген мәдениетте дүниенің екі қайщылықтан тұратын діни философиялық: оң жақтаақ періште мен сол жақтаәбілет болады деген түсініктен бастау алады деп тұжырымдаймыз.

Кең көлемде түркі халқының ұлттық тіл мен ұлттық мәдениет иелерінің қазіргі заман өкілдері де әлі күнге оң және сол концептісінің мәдени коннотациясына аса зор мән береді. Үйге кірерде оң аяқпен аттау, біреуге сый бергенде оң қолмен ұсынубәрі осының айғағы іспеттес. Жоғарыда көрсетілген «тілдегі қарапайым сөз мәдениет тілінде айрықша символдық мән, мәдени мағына қабылдайды...» [11;164с.].

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ:

Кукушкина Е.И., Познание, язык, культура. –М.: МГУ. 1984. -263с.

Копыленко М.М., Основы этнолингвистики. Алматы 1998.

Кондаков Н., Логический словарь-справочник. 2-е изд.М., 1975: 314.

Ислам А., Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. ДДА., Алматы: 2004.

Кәукербаева Б., Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық, Алматы: 2006

Абитиярова А., Сөз саптау үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.

Жүсіпов А.Е., «Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы» (оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж.;

Жалмаханов Ш., Көп мағыналы зат есімдердің семантикалық құрылымы. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. 2002. №1. -32-38б.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қарама-қайшылықтың лексикалық және грамматикалық жүйедегі орны» «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж. (монография);

Болғанбаев Ә., Көп мағыналы сөздер және олардың жасалу жолдары. Алматы: «Мектеп», 1963

Жүсіпов А.Е., Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы (лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.