Психология

Педагог-психолог

Станбекова  Майра  Лиясовна

№57  жалпы  білім  беретін  мектебі

Алматы  қаласы, Қазақстан 

 

Мектептің  педагог-психологының  қызметтік  міндеттері

 

          Білім мен тәрбие - егіз ұғым. Бұл екеуі әрдайым бірге жүргенде ғана адамның рухани байлығы кең болмақ. Ел болу үшін де ең алдымен тәртіп керек. Қазақ халқында «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп тегін айтылмаса керек. Әлемдегі екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, рухани білім керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Демек, тәрбиесіз берілген білім апат әкеледі.

          Тегінде, тәрбие – үлкен жауапкершілікті, жүйелі көңіл бөлуді талап ететін өзгеше бір әлем. Ғылымда осы өзгеше тәрбие мәселесімен айналысатын педагогика-психология саласы – халық педагогикасын зерделеуге, бала психологиясын, оның эстетикалық талғамын, ұлттың дәстүрлі мәдениетін, әскери мекемелер мен әскерилер психологиясын, өмірдегі жаман-жақсы адамдар психологиясын зерттеуге арналған бірден-бір ғылым.

          Осы ғылымның терең тамырлы, жан-жақты халықтық тәрбие, еңбек тәрбиесі, әскери тәрбие, патриоттық тәрбие, экономикалық тәрбие салалары бар. Барлық салалардың көздеген мақсаты - біреу ғана, ол – адам тәрбиелеу, яғни бүгінгі ұлттың менталитетіне лайық икемді, жан-жақты жетілген, нарықтық экономикаға бейім, парасатты ұлт азаматын тәрбиелеу.

          Сонымен қатар адам бойындағы ешқандай аспаппен өлшеп болмайтын асыл қасиет – адамгершілік нәрін адам бойына сіңіру. Содан кейін ғана еліміздің болашағы – жастарға білім беру жолындағы тәрбие. Әр жастың санасын білім нәрімен сусындатып, оны ары қарай тереңдете жалғастырып, қазіргі заманның талабына сай етіп даярлау, т.б. Бұлардың бәрі – педагог-психологтың қызметі. Міне, осындай түзу жолдан шығып кетпес үшін арнайы педагог-психологтардың кеңесіне сүйенеміз, үйренеміз және өзгеге үйретеміз. 

        Қазіргі педагог-психологтың алдына: болашақ өркениетті, дәстүрлі демократиялық мемлекетті құратын жас ұрпақтың ең әуелі адамгершілік қасиеттерін қалыптасиырып, содан кейін оның жан сапасын, тән сапасын арттырып, техникалық прогреске сәйкес жан-жақты қолданбалы білім беру міндеттері қойылады. Ол үшін мектептер қаражатпен, техникалық құралдармен, мәдени қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілуі тиіс.

        Нағыз педагог-психологтар қоғамдағы саяси-экономикалық жағдайларда кездесетін келеңсіз үрдістермен күрес жүргізе алатын – күрескер болуы керек. Өйткені, ол халықтың қамын, шәкірттің  болашағын ойлайтын және сол үшін еңбек тететін тұлға.              

Мақсаты:

-         бейімділік;

-         ойлау;

-         зейін тұрақтандыру;

-         тілдік таңбаларды дұрыс қолдану;

-         сөздік қорын байыту;

Тәрбиелік:

-         адамгершілік;

-         еңбексүйгіш;

-         эстетикалық;

-         ұйымшылдық;

-         патриоттық;

Дамытушылық:

-         қабілетін;

-         тіл байлығын;

-         өз бетінше жұмыс істеуін;

-         ізденімпаздық;

-         қорытынды жасауға үйрету.

      Білім беру жүйесіндегі психологиялық қызмет: ғылыми, қолданбалы және практикалық сияқты үш тұрғыда қарастырылады.

        Ғылыми жағы білім берудегі психологиялық қызмет мәселелерінің зерттелуін, теориялық және әдіснамалық негіздемесін, психодиагностика жасау, қазіргі мектептегі білім берудің нақты жағдайына сай психологиялық білімді қолдану түрлері мен әдістерін дамыту және психологиялық түзетулерді қамтиды.

        Қолданбалы  жағы  оқыту мен тәрбиенің, оқулықтың дидактикалық және әдістемелік материалдардың, оқу бағдарламаларының психологиялық негіздерін жасау және оны талдауды қоса алғандағы барлық үрдістерін психологиялық жағынан қамтамасыз ету.

        Тәжірибелік жағы психологтардың білім беру мекемелеріндегі  немесе білім беру жүйесіндегі педагогикалық-психологиялық қызмет орталықтарындағы жұмыстарына тікелей қатысты.

       Мектеп педагог-психологының қызметтік міндеттері:

-         жалпы білім беретін орта мектептердегі оқытудың барлық

кезеңдерінде балаларға қажетті жағдайларды жеке көмек беру үшін педагогикалық-психологиялық зерттеуді жүзеге асыру;

-         писхологиялық ғылымның жетістіктерін негізге ала отырып, мектеп оқушыларының әркелкі жас кезеңінде жан-жақты, тұлғалық, интеллектілі дамуын қамтуға ықпал етеді;

-         мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің сұраныстары бойынша

оқушылармен, мұғалімдермен, ата-аналармен психологиялық сақтандыру, диагностикалық, түзеу және кеңес беру жұмыстарын жүргізеді, мектеп оқушыларының интеллектуаоды, тұлғалық, эмоциялық және ерік-жігер ерекшеліктерін, олардың қызығушылықтары мен қабілеттерін зерттейді;    оқуға психологиялық дайындық жеткіліксіздігін ерте анықтауды мақсат ете отырып, бірінші сыныпқа бала қабылдауға қатысады;

-         педагогикалық кеңестің әдістемелік бірлестіктердің, сыныптардағы, сондай-ақ мектептегі ата-аналар жиналыстарына қатысады, оқушыларға ықпал етіп, жеке көмек көрсетуге байланысты негізгі проблемаларды шешуге арналған педагогикалық консилиумдар мен педагогикалық кеңестерге қажетті ақпараттар дайындайды;

-         мектептегі психология бөлмесін құруды және қажетті құжаттарды

сақтауды, оларды  дұрыс пайдалануды қамтамасыз етуді жауапкершілігіне алады;

-         мектептегі писхологиялық қызметтің писхологиялық-педагогикалық жұмыстарының нәтижесі мен есебінің ғылыми-әдістемелік орталықтар тағайындаған талаптарына сай болуын қатаң түрде жүзеге асырады.

      Мектеп  психологы: жалпы, орта және кәсіптік  білім беретін мектептердің жұмыстарын  көрсететін құжаттар мен материалдарды, педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясы жайында арнайы әдебиеттерді, қазіргі психодиагностиканың және психологиялық түзетудің әдістерін пайдаланып, зерттеу материалдарын талдауды, педагогиканың, дидактиканың сабақ беру әдістемесінің, дефектологияның  негіздерін  білуге, мектептің психологиялық қызметі құжаттарының толтырылу тәртібін, мектеп құжаттары мен нормативті құжаттарды білуге тиісті.

      Психологтың негізгі мақсаты – психологиялық саулықтың негізі – баланың рухани өсуіне, оның жанының жайлы болуына психологиялық жағдай жасау, оқушылар мен мұғалімдердің шығармашылық қабілетін ашу болып табылады.

      Педагогикалық үрдіс кезінде туындайтын қиындықтар мен олардың психологиялық себептерін анықтау, оңтайлы қарым-қатынас ұстанымдарын қалыптастыру, ата-ана, мұғалім, басқа да қызметкерлерге психологиялық қызмет көрсету, оқушылардың мамандыққа қабілеттілігін анықтау, т.б. – мектеп  психологының  тікелей міндеттері.

       Педагог-психолог қоғамдағы тұлғаның биологиялық және әлеуметтік дамуына көңіл бөледі. Биологиялық тұрғыдан морфологиялық, физиологиялық, биохимиялық жетілуі болса, әлеуметтік дамуына психикалық, рухани, интеллектуалдық жағдайлары жатады.  Демек, педагог-психолог маманын адам баласы өмірге келгеннен оң мен солды, ақ пен қараны ажырата алғаннан бастап, келешек толыққанды азамат және тұлға болып, оның әрі қарай жетілуіне әсерін тигізеді. Педагог-психолог – отбасында ана, мектепте мұғалім, балабақшада тәрбиеші, жоғары оқу орнында оқытушы, жұмыста қызметкер, өз ісіне жауапты маман.

     Ұстаздық жолды ұстанған тұлға үшін педагогикалық шеберлікті жетілдіру негізгі мақсат болып саналады. Өйткені мұғалімнің шеберлігі шәкіртті қалай, қалайша оқыту үшін оның психологиясын білу - екінші жағынан, оқытып тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін, жолдарын терең білу және оларды қолдана білу. Психология адамдардың өзін-өзі тәрбиелеуіне жл сілтейді, оның өз ерекшеліктерін ажырата білуге жәрдемдеседі.