1.                БИОЛОГИЧЕСКИЕ НАУКИ. Ресурсоведение и интродукция растений.

Муканова Ф.Т.

Ғылыми жетекшісі: Кабдрахманова А.К.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті,К азахстан

 

ТАБИҒИ ПОЛИМЕРМЕН ҚАПТАЛҒАН «КАЗСИБ-14» ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ ӨНІМІНІҢ ҚАНТТЫЛЫҒЫНЫҢ ДИНАМИКАСЫ

Қазақстандағы ауыл шаруашылығының, соның ішінде Алматы облысының негізгі айналысатын дақылы қант қызылшасы. Соңғы жылдары мемлекетіміздің барлық шаруашылықтарында қант қызылшасының өнім беру деңгейі күрт төмендеп кетті. Сондықтан, бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің бірі – өңірімізде қант қызылшасын көп мөлшерде өсіру болып отыр.Минералды тыңайтқыштарды, өсімдіктің аурулары мен зиянкестерімен күресетін нақты химиялық заттарын, өсу стимуляторларын қолдану тиімсіз жолға қойылған. Яғни, қант қызылшасының өсіп-дамуын жасанды жолмен басқару қант қызылшасынан мол өнім алатын тиімді әдіс болып табылады.  

Қант қызылшасының қанттылығын арттыруда ауыспалы егістің маңызы зор және ол тұқым себу мерзіміне, дәл уақытында, қысқа мерзімде жинауға да байланысты.Тамыржемістерінің механикалық бүлінуге ұшырауы немесе оларды сақтау тәртібінің бұзылуы салдарынан болатын фитопатологиялық шығындар едәуір дәрежеде болады. Сонымен қатар қызылшаның өнімділігі оның жапырағының бетінің тегістілігі мен түсіне де (ашық жасылдан қою жасылға дейін),жапырағының жиектері ирек болғанына және жапырақ пластинасының қалыңдығына байланысты болады. Жапырақ беті көлемі масса бірлігінің вегетация басталу кезеңінде үлкен болуы жинау науқаны бастағанға дейінгі уақытта тамыржемістің үлкен болуына әсерін тигізетіні анықталған. Сондай-ақ, егер вегетация процесінің соңғы кезңінде жапырақ беті көлем бірлігінің массасы жоғары болса, онда тамыржемістің қанттылығыда артады.

Тек бұлар ғана емес өсімдіктің қалыпты өсіп-дамуының негізі тұқымның сапалылығында. Экономикалық тиімді болып табылатын қант қызылшасы тұқымын капсулалау ауылшаруашылық дақылдарының зиянкестер тудыратын ауруға шалдығу динамикасын төмендетеді, осыған орай, капсулалау технологиясын қолдану арқылы қант қызылшасы тамыржемісінің өнім беру динамикасы, қанттылығының артуы, капсулаланған тұқымды сақтау мерзімінің де артуы бүгінгі таңда өзекті болып табылады. 

Негізгі нәтижелері мен оларды қолдану аясы зерттеу нәтижесінде қант қызылшасының өнімділігін арттыратын қант қызылшасы тұқымын егу алдында пайдаланылатын қолайлы полимерлі композиттер дайындалып, тұқымды өңдеу, егу мерзімі мен нормалық әдістері бойынша нақты ұсыныс беріледі. Сонымен қатар, тұқымды капсулалаудың жаңа технологиясын қазіргі таңда қант қызылшасымен айналысатын Қазақстан Республикасының Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс аймақтарындағы ауылшаруашылығына, Талдықорған қаласы «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС филиалы қант қызылшасы бөліміне капсулалау технологиясын енгізу өзекті болып отыр. Қызылшаның сортына, өсіру жағдайына байланысты сахарозаның мөлшері 12-24% құрайды, ал орташа шамасы  20%-ға жуық болады. Сондықтан,тамақ өнеркәсібі үшін қант өндірудің негізгі басты көзіне Craminae туысына жататын қант қызылша мен тропикалық елдерде өсетін қант қамысын (Sacharum L.) жатқызуға болады. Кубада XX ғасырдың 60 жылдарында қамыс қантының экспортты әлемдік өндірістің 20% құрады.

Қант қамысының сабағында сахароза (18%) мен қант қызылшасының тамыржемісіндегі сахарозаның химиялық құрамы бірдей болып келеді ( ). Сахароза суда жеңіл ериді. Балқу температурасы – 160-186°С. Ол өзара гликозидтік байланыстармен қосылған α,β (1→2) глюкоза және фруктоза молекулаларынан тұрады. Сахароза ашытқылардың сахароза ферменттерінің әсерінен жеңіл ашиды. Сахарозаны ферменттік гидролиздеуде глюкоза мен фруктазаның қоспасы түзіледі, оны инвертті қант деп атайды.

Сахароза көптеген өсімдіктердің жапырақтарында, бұтақтарында, жемістерінде, түбірлерінде, түйнектерінде, сондай-ақ ара балының құрамында болады. Қазақстан үшін қант қызылшасы өндіріс деңгейінде қант алатын, жалғыз ғана экономикалық маңызды техникалық дақыл болып табылады. Сахароза, этанол сияқты әбден тазаланған, яғни таза препарат күйінде көп мөлшерде алуға болатын және тағам өндірісінде қолданылатын өнім болып саналады. Қант қызылшасының тамыр жемісінде қант біркелкі таралмайды. Қанттың ең көп мөлшері оның ортаңғы бөлігінде жиналады.

Зерттеу жұмысының мақсаты ­ қант қызылшасының қанттылығын арттыру мақсатында тұқымын егу алдындағы өңдеудің тиімді әдістерін әзірлеу.

Осыған орай, қант қызылшасының қанттылығын арттыру мақсатында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу жұмысы 2014 жылынан тұқымды капсулалайтын полимерлік композиттер іріктеліп алынды. Капсулаланған тұқымдарды зертханалық  және далалық жағдайда егіліп, фенологиялық бақылау жүргізілді. 2015 жылдық егіс алқабынан алынған көрсеткіштер арқылы қант қызылшасының қанттылығының динамикалық көрсеткішін алдық.  

Дала жағдайында себілген қант қызылшасының тәжірибелік алаңы (қайталануы 3-рет), тәжірибелік аудан – 0,25га., жер телімінің жалпы ауданы – 72м 2 , жер телімінің ұзындығы – 14м., жер телімінің ені – 4,8м., жер телімінің есепке алынған ауданы – 67,2 м 2  .       «Каз-Сиб-14» гибридті қант қызылшасының қанттылығын арттыру мақсатында жұмыс міндеті бойынша қолданылған полимерлер мен фунгицидтер:

1.Стандарт (капсулаланбаған тұқымдар);

2. КМЦ, Геллан, Максим, Престиж құрамды полимерлермен капсулаланған тұқымдар алынды.

Қанттылығын анықтаудың әдістемесі:

1.Орташа мөлшердегі қант қызылшасының тамыржемісін темір үккіден өткіземіз.

2.Үгілген қант қызылшасын технохимиялық таразыда 26 граммнан шыны табақшада немесе фарфор табақшаға салып, өлшеп аламыз.

3.Өлшенген өнімді Штифт колбасына салады (немесе түтікше арқылы 200 мг өлшегіш колбаға салады). Түтікше мен табақшаны дистилденген сумен өнім салынған колбаның өзіне шаяды.

4.Ақуызды тұндыру үшін 7 мл қорғасын сіркесін қосады. Үстіне  4/5 мөлшерде су құйып, араластырады.

5.Колбаны су моншасына (80°С) қойып араластыра отырып 40 минут қайнатып болған соң оны суытады (колбада көбік пайда болған жағдайда оған бірнеше тамшы эфир қосады).

6.Колбаның белгісіне дейін дистильденген су құяды, толыққанды араластырады.

7.Суығаннан кейін құрғақ стақанға фильтр қағазын орналастырып үстіне осы сұйықтықты құямыз. Алғашқы тұнық емес фильтратты төгіп тастаймыз.

8.Ұзындығы 200 мм болатын сахариметрдің поляризацияланған түтігін дистилденген сумен шаямыз, бір жағынан таза шыны әйнекпен жауып, екінші жағынан алынған фильтратты құямыз (фильтрат түтікше бойымен өтуі тиіс).

9. Түтікшенің екінші жақ шетін жабын әйнегімен ауа қалмайтындай етіп сырғытып жабамыз (ауа қалған жағдайда дистильденген сумен қайта жуып, фильтр қағазымен құрғатып, қайталап жабу керек).

10.Шынының бетін резеңкелі сақинамен бекітіп, гайкасымен бұраймыз (гайкамен қатты бұралмауы тиіс себебі, ол оптикалық активті және поляризация жазықтығының қосымша айналуына алып келуі мүмкін).

11.Түтікшені ноль белгісінде тұрған поляриметрдің ішіне орналастырып,  кремальерлі жеткізу арқылы көру шегінің екінші жартысындағы біртектілікті шығарады және жоғары көргіш трубадан санақ жүргізеді. Алдымен негізгі нөл мен нониус нөлі шкаласы бөліндінің бүтін санын, содан оныншы бөлігін, нониустың бөліндісіне сәйкес, кез-келген негізгі бөліндісіне ұқсас жазады. Мысалы суретте көрсетілгендей, +11,8 санағына сәйкес шкала орны, нониус нөлі 11 толық бөліндіге нөл шкаласының оң жағында орналасқан. Нониустың оң жағында шкаланың бір бөліндісінде нониустың сегізінші бөліндісі сәйкес келеді.

Санақ 2 мәрте жүргізіледі, көрсеткіштердің айырмашылығы 0,1-0,2%-дан аспау керек. Екі санақ көрсеткішінің орташа мәнін табады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сахариметрдің анықтау шкаласы қанттың 1%-на сәйкес келеді, егер 26г мезга алып, сыйымдылығы 100 мл өлшегіш колбаға орналастырады және ұзындығы 200мм поляризациялық трубкада сүзбені зерттейді. Жоғарыдағы әдіспен өлшендіні сыйымдылығы 200 мл колбаға орналастырған. Бұдан қант ерітіндісі 2 есе төмен болып шықты, шкаладағы санақты пайыздық көрсеткішпен нәтиже алу үшін екіге көбейту керек.

Кесте – 1. Қант қызылшасының қанттылық дәрежесінің көрсеткіштері

 

 

Нұсқалары

Жер телімінің есепке алынған ауданы, м2

Жер телімінен алынған өнім, кг

1га-ға шаққандағы өнімділігі ц/га

Қанттылығы, %

Қант мөлшері

1 га-дағы,

ц/га

1

Стандарт

67,2м2

315,2

470,9

12,2

64,14

2

КМЦ Геллан 1:1

67,2м2

 

319,3

475,2

13,75

65,34

3

КМЦ  Геллан  Максим  1:1

67,2м2

 

339,4

505,1

15,75

79,55

4

КМЦ Геллан Престиж   1:1

67,2м2

 

396,5

590,1

15,9

93,82

Тәжірибе нәтижесін талқылау:

Бұл тәжірибеден полимермен капсулаланған қант қызылшасының қанттылығы капсулаланбаған қант қызылшасы тамыржемісінің қанттылығынан жоғары екендігі дәлелденді.Стандарт нұсқасындағы қант қызылшасының қанттылығы 12,2%; ал КМЦ - Геллан - Максим (1:1) нұсқасындағы қант қызылшасының қанттылығы 15,75% көрсетті. Ал ең жоғары қанттылық КМЦ – Геллан - Престиж   (1:1) – 15,9 % көрсетті.

Қорытынды:

1. Қант қызылшасы тұқымын капсулалау үшін КМЦ  - геллан, престиж (1:1) концентрациялы табиғи полимерлер тәжірибе жүзінде анықталып, қант қызылшасы тұқымы үшін оптималды деп танылды.

Полимерлік композиттердің химиялық құрамында калий,  көміртегі, оттегі және басқа да элементтер кездесті. КМЦ-ның молекулалық массасы гелланның молекулалық массасымен салыстырғанда  екі есе жоғары екендігін көрсетті. Массасы жоғары болған сайын қою ерітінді түзу дәрежесі жоғары болады яғни, тұтқырлығы жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Тұтқырлығы жоғары болған сайын тұқымды капсулалауға қолайлы.

Салыстырмалы түрде-стандарт - қанттылығы-14,2, қант мөлшері 1 га-дағы ц/га -69,14;

КМЦ Геллан Престиж 1:1 полимерімен капсулаланып өсірілген қант қызылшасының қанттылық дәрежесінің 1,7 %-ға артуына байланысты қолданылған биологиялық полимер қант қызылшасының өсімталдығына жағымды әсер етіп, зиянкестер мен қоздырғыш саңырауқұлақтармен зақымдалу шегі азаятындығы дәлелденді. Қант қызылшасы тұқымын биологиялық полимермен қаптау арқылы оның қанттылығына әсер ететіндігі анықталды. 

3. Практикалық маңыздылығы: қолайсыз жағдайға төзімділігі жоғары және мол өнім алуға бағытталған тұқымды фунгицидті құрамды суда еритін биологиялық полимерлермен капсулалауды қолдану мүмкіншілігіне негізделген.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.                Дәнді, жарма және техникалық дақылдар биохимиясы. ­Алматы, 2015.

2.                Тілменбаев Ә., Жармұхамедова Г. Энтомология.­Алматы, 1994.

3.                Ізтаев Ә., Жиенбаева С., Байысбаева М. Өңдеу өндірістерінің технологиясы. 2012.

4.                «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. //Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. –2012, 14 желтоқсан.

5.                2010 жылғы 19 наурызда №958 Қазақстан Республикасы Президенті жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2010 -2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

6.                2013 жылғы 18 ақпанда №151 жарлығына сәйкес ҚР Үкіметі Бекіткен Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған "Агробизнес-2020" бағдарламасы.