Педагогика/Стратегические направления реформирования системы образования

Тарих пәнінің мұғалімі Аманкулова Ш.М.
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі
Химия пәнінің мұғалімі Алипова А.К.
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі

ЖАҢА ТҰРПАТТЫ  МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

 ІС-ӘРЕКЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

         ХХІ ғасыр – инновация мен индустрияның, жаңа ақпараттық технологиялардың ғасыры. Қазіргі еліміз жаһандануға қарқынды бет алған кезеңінде технологиялық жаңалықтардың таралу жылдамдығы уақыт талабына сай жаңа ізденістер қажеттілігін тудырып отыр. Барша адамзат өз дамуының мүлдем жаңа дәуіріне қадам басқан уақытта жағдайға тез бейімделе алған, «құзырлы» ұлт қана жоғары деңгейде өмір сүре алады.    

         Елбасымыз: «Тек жоғары сауатты, дарынды, дана әрі Отансүйгіш мұғалім ғана лайықты ұрпақ тәрбиелеп шығара алады. Бүгінде, мұғалім балаларға білімдер жиынтығын беріп қана қоймай, сонымен бірге, ең бастысы- оларды өмір бойы үйренуге үйретулері керек» -  деп бүгінгі күнгі аса маңызды қажеттілікті ерекше атап көрсетеді [1 ].

Кез келген елдің болашағы білім беру жүйесінің және зиялылар қауымының деңгейіне байланысты болғандықтан, Қазақстан халқына да әлемнің дамыған елдерімен тең дәрежеде білім беру қажеттігі туындар отыр.     

Әлемдік білім кеңістігіне еркін енуді көздейтін отандық 12 жылдық білім жүйесіне көшу іске асырылмақ. ҚР-ның 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту мәселелерінің негізгі мақсаты – білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қоғамның талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары, бәсекге қабілетті тұлғаны тәрбиелейтін білім негізін қалыптастыру. Білім берудің жеке тұлғаға бағытталуы, білім мазмұнының демократиялылығы, заман талабына сай білім беру мен ұлттық тәрбие үрдісінің ізгілік сипаты ретінде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу әлемдік білім кеңістігіне еркін енуді,дамыған 30 елдің қатарына қосылуды міндеттейді [2 ].

Мына ғаламдық қарышты даму дәуірінде шәкірттерге берілер білім мен білік күн өткен сайын күрделеніп, жаңарып келеді. Өйткені, қоғам дамуына қарай ғылым салаларының жаңа түрлері пайда болатындығы тарихтан белгілі. Соған сәйкес қазіргі білім беру саласындағы рухани дүниені дамытуға бағытталған гуманистік білім беру парадигмасының дүниеге келіп, тәрбиелеу парадигмасы да түбірімен өзгеріп, жаңа ғасырдағы білім беру жүйесінің негізгі проблемасы «жан-жақтылы қолайлы жағдай тудыру арқылы бала тұлғасының даму және қалыптасу процесін басқару» деп айқындалды. Демек, бала бұрын тәрбиенің нысаны болса ендігі жерде тәрбие үдерісінің белсенді мүшесіне, субьектісіне айналады. Назар аударатын нәрсе, тәрбие ісіне жалғыз сынып жетекшісі ғана жауапты болып қалмауы тиіс. Тәрбие берудің қиындығы көп, оны бірлесіп, бір бағытта жұмыс істегенде ғана дұрыс жолға қоя аламыз. Оның үстіне, оқу сапасы да тәрбиеге байланысты екендігін, баланың тәрбиелік деңгейі жоғары болса білім көрсеткіші де жоғары болатынын ескерсек, «Тәрбие-тамыр, білім бұтақ» деген халық даналығының шындығына көз жеткізе түсеміз. Демек, білім беру жүйесінде сөз жоқ, тәрбие беру ісі бірінші кезекке қойылуы керек. Тәрбиемен көпшілік болып, бір бағытта айналысу керек. Сонда ғана елдің ертеңі-жас ұрпақты заман қажетіне сай азамат етіп қалыптастыра аламыз [3 ].

Қазақстандағы білім беру ісін реформалаудың стратегиялық міндеттерінің бірі-шығармашыл тұрғыдан ойлай білетін дара тұлғаға терең білім білім беру. Осы тұрғыдан, бүгінгі таңда алаңдайтын мәселе сол ұрпақтың сапалы білімді игеруі. Халқымыздың озық ойлы ұлдарының бірі М.Дулатұлы «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда, теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқу білімнің арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз-оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі-тұман» деп ғылым, білім, оқудың маңызын қара халыққа көрсеткендей, жас ұрпаққа, жас буынға білім беруде, ұлтымызды дәріптейтін, рухымызды биіктетіп, ұлттық сенімімізді жігерлендіретін саналы тәрбие мен сапалы білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың рөлі өте зор [4].

«Кез келген білім бағдарламасының табысты орындалуы мұғалімге байланысты. Оның кәсіби шеберлігі нысаналы бағдарламаны да, оқу жоспарын да биік деңгейде жүзеге асыруға ықпал ете алады, ал кәсіби дәрменсіздігі істі құлдаратады…» делінген ҚР орта білім беру жүйесі дамуының мемлекеттік тұжырымдамасында. Жеке тұлғаны тәрбиелейтін адам-мұғалім, мұғалімге сенім білдірмесе, оқу игі жеміс бере алмайды. Мектеп білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде қалыптасқан және кәсіби шыңдарға бағытталған білім беру [5 ].

Білім адамның сапаларының өзгеруін басқаратын үрдіс болғандықтан, біздің жағдайымызда ол педагогикалық мамандардың кәсіби біліктілік қабілеттерін дамытуға бағытталады сол себепті біз оның өмір сүру барысында өзгере алатын, оған өзінің әлеуеті жететін ашық жүйе ретінде қарастырамыз. Ал ол бір саладағы маман болғандықтан, «адамды» маман тұрғысынан қарау «біліктілік» ұғымына шығарады. Мамандарды оқу орындары дайындайтын болса, оның кәсіби дәрежесінің көтерілуі тәжірибе арқылы, тәжірибеде өзін-өзі анықтап,алға ұмтылуы арқылы жүзеге асады. Кәсіби қалыптасуы мен даму кезеңінде маман «біліктілік» деген ұғымға сәйкес айналадағы өзгерістерге орай өз әрекетін жоғары деңгейде жобалап, ұйымдастыра алу, өз санасына түзетулер енгізе алу, өзінің педагогикалық әрекетінің нәтижесінде авторлық бақылау мен бағалау жасау сияқты әрекеттермен айналысуы тиіс. Бұл оның кәсіп иесі ретіндегі өзінің сапасын арттыруға деген қажеттіліктерінен, өмірдің талаптарынан туынайды да, біліктілікті арттыру арқылы жүзеге асады. Мұндағы біліктілікті арттыру деп отырғанымыз-мұғалімнің өз қызметін нәтижелі атқару үшін және кәсібилік пен құзырлық деңгейін көтеру мақсатында арнайы білімдік бағдарламалар арқылы оқыту, кәсіби дамыту іс-шараларына қатыстыру және оның өз білімін көтеру. Қоғамның қазіргі даму сатысында адамның ақыл-ойын бағалау, оның шығармашылық әлеуетін мейлінше көтеру ерекше мәнге ие болып отыр. Қай қоғамда да «істің тетігін маман шешеді» деген қағиданың негізінде шындық бар, яғни білімді маманды дайындау, бүгінгі мектеп партасында отырған оқушының сапалы білім алуы-ұстаздарға тікелей байланысты [6].  

Мұғалім – жалпы білім беретін мектептерде жас ұрпақты оқытып оларды тәрбиелеу қызметін атқаратын маман.

Жаңа формация мұғалімі дегеніміз – кәсіби және тұлғалық мәнге ие қасиеттері бар маман. Ондай маман мұғалім шәкіртінің шығармашылық тұрғыдан өзін – өзі дамытуына жағдай жасайды.

Жаңашыл ұстаз өз бетінше ойлайтын, педагогикалық жағдайларды сараптап, мақсат қоятын, білім беру ісін жобалап жүзеге асыратын, балалар ұжымында мейірімділік орта құрайтын, еңбек нәтижиесін бағалай алатын болуы керек [3]. Сондықтан да жаңа заман мұғалімдері ғылыми техникалық прогрес заманында қоғамның қойып отырған талаптарын қанағаттандыра алуы керек.

Білім беру үдерісін бүгінгі күн талабына сай жаңаша ұйымдастыру   мұғалімдерден оның философиялық, педагогикалық-психологиялық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін терең зерттеуді,  заманауи талаптарына қарай білім беру технологиялары мен әдістерін, дүниетанымның ұстанымдарын қайта қарастыруды,  рухани-адамгершілік құндылықтарға бетбұрыс жасауды талап етеді.

Демек, жаңаша білім беру – жаңа білім мен дағдыны меңгерген, шығар-машылық қабілеті жоғары,  дербес ізденіс нәтижесінде елеулі мәселелердің шешіміне қол жеткізетін,  ойлау қабілетімен ерекшеленетін тұлғаны қалыптастыруды көздейді.

Мұғалімнің шеберлігі, әсіресе, сабақтарда үйрете білуден байқалады.
Шеберліктің тағы бір маңызды көрсеткіші - ол,  оқушылардың белсенділігін арттыра алуы, олардың қабілеттерін, өз бетімен жұмыс істеуін, білуге құмарлығын дамытуы, балаларды сабақта ойлануға мәжбүр ете білуі.
Оқыту процесінде тәрбие жұмысын тиімді жүргізе білу, оқушыда жоғары адамгершілікті, патриотизм сезімін, еңбексүйгіштік, дербестікті қалыптастыру білігі педагогтық шеберліктің тағы бір элементін құрайды.

Мұғалімге  қойылатын талап – жауапкершілік, жүктелген үлкен міндет, абыройлы істің сан қырлылығы одан жан –жақты  терең біліктілікті, аса педагогикалық шеберлікті, өте  нәзік психологиялық қабілеттілікті талап етеді.

         Бұдан нені байқауға болады?  Мұғалімнен жан-жақты терең білім-білікті, сегіз қырлы, бір сырлылықты талап етіп тұрған жоқ па?

Мұғалімнің бір ғана сыры – оның мамандығы, бұл дүниеде теңдесі жоқ мамындық тек мұғалімге ғана лайық. Сондықтан ұстаз адам – кәсіби мамандығына құштар, оны жан – тәнімен  сүйетін, барлық өмірін соған арнауы тиіс. Олай болса мұғалім  еңбегінің сан қырлылығы осыдан өрбейді.     

Мұғалім адамның өз  пәнін терең  меңгеруі оның ең алғашқы қыры, кәсіби шеберлігін үздіксіз ұштай, шыңдай  түсуі екінші  қыры болмақ.

Үшінші қыры – мұғалімнің тілді меңгеруі – тіл шеберлігі. Сөзді жетесіне  жеткізе сөйлей білудің өзі – өнер.  Себебі, тіл – тәрбие құралы.

Төртінші қыры – байқағыштық сезімі – көрегендігі.

Бесінші қыры – әр жүректі білім шұғыласымен нұрландырудың ең тиімді, ең төте жолын таба білетін, жасампаздығы.

Алтыншы қыры – жан-жақты – дарындылығы.

Жетінші қыры – үздіксіз,тынымсыз, ізденпаздығы.

Сегізінші қыры – үлгі-өнегесі, мұғалім мәдениеті немесе педагогикалық әдеп – этикасы деуге болар еді.

Жаңа   тұрпатты  мұғалім – ол кәсіптік дағды  мен педагогикалық дарыны қалыптасқан, жаңалыққа құмар, рухани дүниесі бай, ол білім берудің барлық сатысында, яғни мектепке дейінгі,  мектептен тыс, жалпы, кәсіби, орта арнаулы және жоғары деңгейде білім беретін,  біліктілікті жетілдіру, жүйесінде  жұмыс жасай алатын,  тұлға болуға тиіс.

Білім – тек оқытып қана  қоятын технологиялық сфера емес, ол сонымен бірге қоғамдық сананы,  қоғамдық дамудың мақсаты мен міндеттерін қалыптастыруға белсенді әсер етуші  фактор.Менің ойымша жаңа формациядағы ұстаздың кәсіби мәдениеті төмендегідей болу керек:

І. Кәсіби қасиеті:

* ұйымдастыру қабілеті;

* білімнің тереңдігі;

* ғылыми білімі;

* дарындылығы;

* шығармашылығы;

* интеллектуалдық қасиеттері;

ІІ. Моралдық-этикалық қасиеті:

* Адамгершілігі;

*Ақиқатқа құштарлығы;

 *Мейірімділігі;

*Қарапайымдылығы;

ІІІ. Психологиялық даярлығы:

*Сыртқы келбеті;

* Киім киісі;

* Жүріс – тұрысы;

* Сөйлеу мәдениеті;

* Әдептілігі;

         Құзырлы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырыптың мәнін  өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады 

     Біздің сабақ өткізу тәжірибемізде оқытудың ұтымды әдістерін, оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді, сын тұрғыдан ойлауғы үйретуді,  оқыту үшін бағалау және оқуды бағалауды, оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану сияқты модульдерді сабақтарда  енгізу жұмыс істеуге  құштарлық туғызып,  білім беруде, нәтижеге жеткізетіндігін байқадық.

Жаңаша көзқарас, білім берудегі  жаңаша әдіс-тәсілдер өз тәжірибемізде жаңаша сипат әкелді. Оқу сабақтарын  ұйымдастырудың жалпы түрі өзгерді, қарапайым сынып парталарының  топтық жұмысқа ыңғайланып қойылуы, оқушылардың  бірлесе,  топтаса жұмыс жасауға мүмкіндік алуы, бағалаудың түрлерін енгізуді, топтың ішінен көшбасшы сайлауы, өз-өздерін бағалауды, бір тақырыпты кең көлемде аша білуі, кері байланыс жаза алуды үйренді. Оқушылардың арасында сөйлемейтін оқушының өзі қызыға қатысуы мұғалім үшін үлкен жетістік деп білемін. Өйткені сол оқушының өзінде ашылмай жатқан талантын мектеп және жаңа форматтағы  мұғалім аша алады деп ойлаймын.

Әдіс дегеніміз – мұғалімнің белгілі бір мақсатқа жетудегі іс-әрекеті, тәсілі, ал технология дегеніміз – көптеген  әдістердің жиынтығы.

         «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясының түрлі  стратегиялары  оқушының ойын ашық айта алуға, пікір алмаса білуге үйрету, мәселені сын  тұрғысынан шешуге  дағдыландырады.Ұжымда өз ойын ашық айтып қана қоймай, оны дәлелдей   білуге, бір-біріне  сыйластықпен қарап, пікірін құрметтеуге  баулу.

Ой салу – ұстаз тарапынан, ойлану – шәкірт тарапынан, ойланту – ұстаз тарапынан, бір шешімге келу – оқушы  тарапынан  жүзеге асады. Тарих сабағында оқушылардың коммуникативтік құзіреттілігін қалыптастыруда СТО технологиясының маңызы зор, себебі оқушылар әр түрлі ақпарат көздерімен сусынып өз түйінін айта білу керек. Кез-келген тақырыпты талдау барысында өз тобымен ұйымдасып, пікірлесіп, ең ұтымды жауапты іздеуі қажет. СТО технологиясының стратегияларын пайдалана отырып, өткізген сабақтардың берер әсері мол. Оқушылардың белсенділігі артып, келесі сабақты асыға күтеді. Олардың тарихты оқуға деген  қызығушылығы мен қажеттілігі қалыптасады.  Өз пікірін айта алатын, өз көз қарасын дәлелдей алатын, ұлтын сүйетін оқушы ертеңгі өмірдің ағымына да төтеп бере алатын азамат бола алатынына мен кәміл сенемін.

Қорыта келе, ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.

 

 Әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам». //Егеменді Қазақстан. 10.07.2012.

2. «Қазақстан Республикасы 12 жылдық жалпы білім берудің жалпыға     міндетті стандарты». - Астана 2006ж.

3. Асқарова Ж. Ұстаздың кәсіби-әдістемелік шеберлігінің маңызы зор//.  «Қазақстан мектебі»  №4. 2010 ж

4. Аренова Т. Жақсы ұстаз-жаңашыл// «Қазақстан мектебі»  № 11-12.2007ж

5. Құнапина Қ. Баланы оқыту мен тәрәбиелеуде ұстаз тұлғасының рөлі//Қазақстан тарихы әдістемелік журналы, № 11.2012 ж.

6.Жазықбаева  Ұ. Тәуелсіз елге білімді маман // Қазақстан мектебі. -№9. – 2012 ж.