Педагогические науки/ 5.Современные методы преподавания

п.ғ.к., доцент Абилкасимова Г.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Жұман С., Боранбай А.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің

«Кәсіптік оқыту» мамандығынын студенттері

 

Технология сабағында оқушылардың

кесте тігу өнерін дамыту

 

Кесте - қазақ халқының қолөнерінің ерекше түрінің бірі. Қолмен кестелеп тігу бұл өте көне заманнан келе жатқан қолданбалы өнер түрі. Қолданбалы өнер - көптеген елдердің шеберлерінің, суретшілерінің шығармашылық жемісі. Ол киімдерді, интерьерді әшекейлеу нәтижесінде адамның көңіл-күйін көтереді. Қол кестесі бұйымдарына тұтынушылар сұранысының өсу бұйымдардың түрлерін көбейтуге, оның сәндігін түрлендіруге және кестелеудің әдістерін көбейтуге көмектеседі.

Ертеде халқымыз тұтынатын бұйымдарының бәрін кестемен әшекейлеп безендірген. Сол сияқты қазақ халқының қолөнерінің өмірге келуі халықтың көшпелі өміріне байланысты. Атадан баласына, анасынан қызына мирас болып келе жатқан - сәндік өнерінің өзі ұлттық мәдениеттің дамуына ықпал етеді [1]. Аталарымыз қызымыз бен ұлымыз сегіз қырлы, бір сырлы болуын қадағалаған. Әсіресе қыз балаға ине сабақтап, түйме қадау, кесте тігуді, ас пісіруді үйретсе, ұл балаларымызға таспа тілу, өрім тоқу, мал сою және мүшелеуді үйреткен. Бүгінгі күннің талабына сай қолөнер түрлері де сан алуан. Кестелеу, көркемдеп тігу, ою-өрнектерін әшекейлеу. Кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды дегендей, кесте тігудің алуан әдісі бар: «біз кесте», «гобелен» кесте, «моншақпен кестелеу» деп атайды. Кестелеу өнері дүние жүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр халықтың тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзінің ерекшеліктерімен ерекшеленеді.

Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Қазақ халқының дәстүрінде киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары, қалыңдық пен күйеудің, батырлар мен сал-серілердің бас киімі, белбеуі, киімнің жең-жағалары мен балақтары әр түрлі жамылғыштар мен басқа да осы сияқты жол-жорық, үй-іші мүліктері кесте өрнегімен жиі безендірілетін.

Қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық өнер жиынтығын айтады. Шын мәнінде қолөнер түрлерінің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар [2]

Қазақ халқы өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өңдіруді өзінің тұрмыстық кәсіб етіп, оларды күндегі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанатта құра білді. Бұдан халық шығармашылығының қандай түрі болса да, халық өмірімен, сол халықтың қоғамдық тарихымен, күн көрісімен, кәсібімен тығыз байланысты екенің білеміз.

Сондықтан қолөнер «еркектерге тән іс», «әйелдерге тән іс» деп екіге бөлініп келеді. Мысалы, тастан, балшықтан, сүйек пен мүйізден, металл мен ағаштан бұйымдар жасап, оны әсемдеу сияқты ауыр жұмысты еркектер ат жаратады. Кесте тігу, жиек жүргізу, өрмек тоқу, ши орау, сырмақ сыру, оюлау, шілтер шалу, тері киім тігу сияқты нәзік жүмысты әйелдер атқарды. Тері илеу, киіз басу, ши тарту, шом, жазы жасау жұмыстарын еркектер мен әйелдер бірлесіп істеді. Бірақ еркектер киім пішу, үлгі жасау, киім тігу, жүн сабау, арқан тарту, тері ыстау жұмыстарынан да шет қалған емес [3].

Халықтың мәдени дәрежесін өскен сайын тұтыну бұйымдары мен жабдықтары сапасына қатты талап қойып, олардың әрі ұнамды, әрі сәнді болуын қалады. Еңбек үстіндегі шығармашылық ізденудің нәтижесінде тұрмысқа керекті заттардың жаңа алуан түрлері жасалып отырды.

Мал өрісінің жаздық, күздік жайылымы жағдайына қарай қоныс қуалап, көшпелі өмір сүрген қазақ ауылы өнеркәсіп орталығынан қашық жатты. Сондықтан матадан, теріден, өрмек өнімінен жасалатын киім-кешектерді, саба, торсық, үйге жабатын киіз сияқты заттардың барлығын да қол инемен тікті.

Қолмен тігуде негізінен тебен ине, жуан ине, бәсең ине, жіңішке ине қолданылады. Тебен инемен түйенің жабуы, қалың сырмақ, былғары тоқым сияқты заттарды сыриды. Жуан инемен сырмақтың жиегін, үйдің киіздерін, тері киімдерін, қап, шекпен, күпі, тымақ сияқты заттарды және киіз байпақтарды тігеді. Бәсең инемен түйме, ілгек, қадайды, матадан жасалған жұқа киімдерді тігеді.

Халық өнері ғасырлар бойы әртүрлі болып өзгеріп, адам өмірімен, олардың тұрмысымен әлі күнге дейін байланысты болып келеді. Кестенің әдемі әшекейлері адамдардың тұрған жерлеріне, мәдениетіне, саудасына, көршілес елдермен қарым-қатынасына байланысты болған [4]. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасудың барысында әр елдің шеберлері, өздеріне тән ерекшеліктерімен тігудің сан түрлі әдістерін киімге, тұрмыстық бұйымдарға, әшекей заттарға қоса білді. Ал біздің жыл санауымыздан екі мың жыл бұрын сәулет өнері, мүсіндеу және бейнелеу өнері жоғары дамыған.

Халықтық мұрадағы ұлттық қолданбалы өнер - адамның қалыптасуына, дамуына, тәрбиесіне ықпалын тигізетін ең күшті құралдардың бірі. Болашақ ұрпақты көзі ашық, көкірегі ояу, білім сапасы жоғары, халқымыздың асыл мұрасын, салт-дәстүрін сүйетін, ұлтын, жерін, елін қадірлейтін, адамгершілігі мол етіп тәрбиелеудің негізі мектептен басталатыны белгілі [5].

Инемен тігілетін кестені керіп, инеге сабақталған жіппен алуан түрлі мәнерлеп тігіп кестелейді. Ол үшін кесте салынатын матаға әуелі өрнек түсіріп алады да, сол өрнек ізімен тігеді. Кесте тігетін инелер молтақ, көздері кең болғаны жөн.

Айқас (крестеп) тігу де инемен тігілетін кестенің де көп тараған түрі. Мұнда өрнек ізімен біркелкі төрт бұрышты етіп, бір жіптің үстінен екінші жіпті крест түрінде айқастыра бастырып отырады. Қазір бұл кесте тігудің ең қолайлы түрі деп танылып жүр.

Жалпы кесте өнері бұл ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өзінің ерекше сұлулығын заман талабына сай жаңартып, дүние жүзі халықтарының сәндік-қолданбалы өнерінде кең етек жайып, жоғарғы дәрежелі орынды алып отыр.

Сондықтан оқушылар сәндік-қолданбалы өнері негізінде қазақ халқының тұрмыста қолданылатын бұйымдар мен олардың қалай жасалатынын біліп, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпты түсініп, өз ұлтының қол өнеріне деген сүйіспеншілігін арттырып мәдениетін құрметтеуге үйренеді.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.    Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері /Ғылыми зерттеу еңбек. Алматы: Өнер, 1987. - 231б.

2.    Кендір О. Ұлттық қолөнер - ұрпақ төрбиесінде. Бастауыш мектеп, №1. 2002.

3.  Қалиев С. Қазақтың халықтық тәлім-тәрбиесінің ғылыми-педагоғикалык негіздері. - Алматы, 1996. - 126 б.

4.    Әмірғазин Қ. Қазақ қолөнері. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2004. – 162 б.

5.    Абилкасимова Г., Аширбекова А.О. Сәндік-қолданбалы өнер арқылы оқушылардың белсенділігін арттыру. Современное профессиональное образование: инновации, технологии, доступность: Сб. науч. тр. – Караганда: Изд-во КарГУ, 2013. – С. 44 - 48.