Диалогтік оқыту арқылы студенттерге жаңа инновациялық технологияларды түсіндіру жолдар

 

Тұрғаналиева Г.Г.

магистр-аға оқытушы,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ,

Орал қаласы

 

Диалогтік оқыту – мұғалімнің жан-жақты жұмысын талап етеді. Білім беру барысында диалогтік оқытуды дамыту үшін мұғалімнің тәжірибесінде не қажет? Әрине, оқытудың әдіс-тәсілдерінің аудитория жағдайында дұрыс таңдалуы нәтижеге жетудің бастамасы болып табылады. Бұл мұғалімнен біліктілік пен шеберлікті қажет етеді. Диалогтік оқыту модулі бір жағынан қызықты болса, екінші жағынан барлық мән-жайын түсінуді қажет ететін модульдердің бірі. Оқу үрдісіне студенттердің барлығы белсенді жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін белсенді оқыту әдістерін кеңінен қолдану керек. Мысалы: рөлдік ойындар, үш қадамды сұхбат, постер, сұрақ қою, т.б. Бұл әдістер аудиториядағы барлық студентерді әрекетке тартып, ұжымда жұмыс жасауға үйретіп, тілдік қарым-қатынас орнатуға септігін тигізеді. Осы тұста тізбектелген сабақ жоспарларымды тәжірибеде жүзеге асыру барысында сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті.

7 модульді меңгерген оқытушы ретінде менің табыстылығымның белгісі – аудиториядағы студенттердің сапалы білім алғандығы болып табылады, демек мен үшін өткізген сабақтарымның табысты да сапалы болуы  өте маңызды. Тізбектелген сабақтардың алғашқы күнінен бастап мен студенттердің диалогтік қарым-қатынасқа түсулеріне мән бере бастадым.

 Диалогтік оқыту стратегияларын (әдістерін, тапсырмаларын) өз сабағымда қолдану барысында көптеген  әдістерді пайдаландым. Жекелей айтар болсақ, олар: «Сұрақ қою әдісі», «Постер құрып, оны қорғау», «Ашық және жабық сұрақтар», т.б.  «Сұрақ қою» әдісінің негізгі мақсаты – бір-бірімен ой бөлісу арқылы өз білімдерін жетілдіру жұмысымен айналысу. Жаттығу барысында оқушылар кез келген сұрақ қоя отырып, менде осы тақырып бойынша қандай ойлар мен ұстанымдар бар? Бұл жұмыс мен және менің құрбыларым үшін қаншалықты маңызды? т.б.  сұрақтарға жауап бере отыра қандай мәселелерді игергенін, игеру жолында қандай қиындықтар туындады, оларды қалай мен шешу керекпін? деген сұрақтар төңірегінде берілген уақыт ішінде жекелей ой қозғап өзара ой бөлісу арқылы тілдік қарым-қатынас орнатады. Сондай-ақ осы жұмыс арқылы оқушыларды өздігінен, жұппен және ұжыммен жұмыс атқаруға үлкен септігін тигізіп, жұмысқа белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Ал «Постер құрып, оны қорғау»  арқылы диалогке қатысушылардың  мысалы, сөйлеуші әрбір сөзін түсінікті етіп, мәнерімен сөйлеу,  дұрыс сұрақ қоя білу, ал тыңдаушы – айтуға мүмкіндік беру, жақсы тыңдаушы бола білу керектігі мен шыдамдылықпен таныту керектігін жайында түсініп, ой қозғауға жетелейді. Диалогтік оқыту барысында   әңгімелесудің оқу-танымдық, тілдік-дамытушылық, әлеуметтік-бағдарлаушы  міндеттері қамтылуы маңызды болып табылады.

Оқушылардың тақырыпты түсінуіне қол жеткізу үшін мұғалімдер қолданылатын сұрақтардың екі түрі: «ашық» және «жабық» сұрақтар кең қолданылады деген пікір бар. Ашық сұрақтар қойылғанда, оқушылар ақпаратты белгілі бір жолдармен қолдануға, қайта құруға, кеңейтуге, өзіндік көзқарастарын білдіріп, бағалауға және талдауға тиіс болады. Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады. Себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда  ғана танымдық сұрақ сабақ берудің тиімді құралына айналады және де оқушылардың ізденуіне  қолдау көрсетіп, ізденушілік, зерттеушілік қабілеттерін  жақсартады және білім, ақпарат алу көкжиектерін кеңейте түседі. Сондықтан да өткізілген сабақтар барысында қойылған сұрақтар баланың  санасына қойылатын талаптар тұрғысынан ойластырылса нұр үстіне нұр болады. Ашық сұрақтар балалардан ақпаратты белгілі дәрежеде қолдануды, қайта ұйымдастыруды, дамытуды, бағалауды, талдауды, яғни, ойлау операцияларына дайын болуды талап ететін сұрақтар. Ашық сұрақтарды көбірек пайдалану оқушыларға әлдеқайда жоғарырақ деңгейде ойлануға көмектеседі.

Жоғарыда көрсетілген әдістерді студенттер өте тез меңгеріп алды, сонымен қатар осы әдістермен жұмыс жасау сабағымның сапасын арттырды. Тағы бірер мысал келтірер болсам, «Жаңа технологиялар туралы түсінік» деген тақырыптағы дәрісімді түсіндірмес бұрын мен студенттерге «Улыбка Моно Лизы» фильмін көріп келуге тапсырғанмын, студенттер дәріске келген кезде мен оларды топтастырып, фильмді талқылауға бердім, олар талқылап болған соң осы фильм төңірегінде сұрақтар дайындады. Содан соң әр топ өз сұрақтарын ортаға тастады да әр топ осы сұрақтарға жауаптарын ортаға тастады. Олардың жауаптарын, ой-пікірлерін ескере отырып, мен оларға «инновация», «технология» терминдерінің ережесін түсіндірдім, содан соң олар инновация және технология терминдерін әрі қарай ашу мақсатында постер құрып, оны қорғады.  Сабақты бекіту мақсатында студенттерге ашық және жабық сұрақтар қойылды. Олар бүгінгі дәрістің мәтінін оқып шығып, жабық сұрақтарға жауап берді, ал ашық сұрақтарға өз ойларын айтып, пікіралмасты. Сабақ соңында  студенттер өз-өздерін бағалап, яғни стикерге бүгінгі сабақта белсенді болған, ең жақсы ой айтқан, немқұрайлы отырған, еңбекқор  студенттердің аттарын жазып тапсырды. Осы бағалау арқылы мен белсенді және белсенді емес студенттерді, ойы ұшқыр, еңбекқор, ұмтылған, мақсатқа жете білген, көшбасшылық танытқан студенттерді айыра білдім.

Диалогтік оқытудың стратегияларын пайдалана отырып, студенттер осы сабақтың нәтижесінде үйренді: терең ойлану, жеке рефлексиялық қабілеттерді дамыту; өз әрекеттері мен идеяларын талдау және оларға баға беру; ақпаратты өздігінен түсініп, оны сараптап, дұрыс таңдай білу; пікірталасқа қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеу; шешім қабілдау және қиын мәселелерді шешу; басқалармен тиімді қарым-қатынас құрып, өзара бірлесе жұмыс атқару.

Әрине, сабақ толықтай сәтті болуы мүмкін емес, себебі біз дайын рецепті қолданып, әдемі, дәмді торт пісіргендей сабақты да дәл солай әдістерді қолдана отырып үлкен нәтижеге жете алмаймыз. Белгілі бір сәтсіздіктерге ұшырап отыруымыз орынды. Мен өз сабағымда мынадай сәтсіздіктерді кездестірдім: тест жүйесіне үйреніп қалған, дәстүрлі стильді әбден меңгерген студенттердің шығармашылығын дамыту шамалы қиындықтар тудырды; бағалау кезінде дәстүрлі суммативті бағалаудан формативті бағалауым кейбір студенттерге ұнамады.

Сабақ соңында мен оларға осы дәріс барысында қандай әдістерді қолдандым деп сұрағанда, олар стратегиялардың атауын білмесе де, бірақ әдіс түрлерін ажырата алды. Яғни, бұл сабақтың өзі әдістемелік сабақ болғандықтан оларға сабақ берумен қатар әдісімді түсіндіріп отырдым.

Сонымен қатар студенттер түсінді: әдіс атауларын; әдістердің тиімділігін; әдістерді пайдалануды.

Қазіргі білім беру жүйесі бойынша университеттерді студенттердің оқытушының жетекшілігімен өзіндік жұмыстары жүргізіледі. СОжӨЖ барысында студенттерді топтастырып, оларға өткен диалогтік оқыту стратегияларын  қолдана отырып сабақ жоспарын дайындауға берілді. Сабақ жоспарын дайындау барысында мен студенттердің диалогтік оқыту стратегияларын жетік түсінгендігін аңғардым.

Әр оқытушы үшін оның түсіндірген сабағын студенттер өз тәжірибесінде қолдана білгені қажет, сонда ғана ол өзінің сабағының нәтижесін, жемісін көре алады, жетістікке жете алады. Осы орайда кейбір мәселелерді ескерген жөн. Мысалы, диалогтік оқытудың стратегияларын студенттер болашақта өз  практикаларында тиімді де дұрыс пайдалана ала ма? Осы мақсаттта біздер нені ескеруіміз керек? Міне, осы сұрақтар міндетті түрде барлық оқытушыны  мазалайды. Тізбектелген сабақтарды өткізу кезінде өз зерттеуім бойынша студенттер стратегияларды дұрыс әрі тиімді қолдана білу үшін мынадай нәрселерді ескеру керек деп есептеймін: мұғалім балалар ерекшеліктерін – мінез, темперамент, ұжымшылдық, тәртіп, ерік т.б. жағдайларын ескеріп ұйымдастыруы қажет және сабақтың мақсаты, міндеттері, мазмұны мен жүрісін анықтау керек. Мұғалім сабақты ұйымдастырушы, сабақтың мазмұны жөніндегі ақыл-кеңесшісі, балалардың даулы нәрселерін шешіп беретін әділ төрешісі, сонымен бірге оқу барысында олардың жолдасы болуы қажет.