Педагогика/Современные методы преподавания
Ф.ғ.к.,
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Ақжолова А.Т.
ОҚЫТУ
– БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ
ІС-ӘРЕКЕТІНІҢ НЕГІЗГІ ТҮРІ
Оқыту – жеке тұлғаны дамыту құралы.
Оқушының тілі, ақыл-ойы, сенсорлық және
қозғалыс аймағы, сезімі, ерік-жігері, қажеттіліктері,
мотивтері дамиды. Оқыту процесі, білімді меңгеру оқушыны
дамытады. Л.С.Выготский (1896-1934) тұжырымдаған
психологияның маңызды заңдарының бірі – баланың
дамуы оқытуға байланысты [1].
Педагогиканың маңызды – дидактика (грек тілінен алынған:
«didaktikos» - «үйретуші», «didaskalos» - «мұғалім») – білім
беру мен оқыту мәселелерін зерттейтін ғылым саласын,
оның пәні мен категорияларын қазақстандық
ғалымдар Ж.Б.Қоянбаев, Ж.Әбиев, С.Б.Бабаев,
Ж.К.Оңалбек, Қ.Б.Сейталиев өз оқу
құралдарында оқушыға тұжырымды, жүйелі,
нақты жеткізген.
Дидактика өз пәні аймағында іске қосылатын
заңдылықтарды зерттейді, оқу процесінің барысы мен
нәтижесіне негіз болар тәуелділіктерді талдайды, жоспарланған
мақсаттар мен міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуші
әдістер, ұйымдастыру формалары мен
құрал-жабдықтарын белгілейді. Осының арқасында
екі басты функцияны атқарады:
1)
Теориялық (диагностика және
болжам);
2)
Практикалық (қалыпты
іс-әрекет, құралдар дайындау).
Зерттелуші болмысты қамту шеңберіне байланысты дидактика жалпы
және жекеленген болып бөлінеді. Жалпы дидактиканың зерттейтін пәні – оқыту мен
оқып-үйренуді, оларды туындатқан жағдаяттары мен орындау
шарттары, нәтижелерді анықтау.
Жекеленген дидактика оқыту әдістемесі деп аталады. Ол әр
түрлі оқу пәндерінің желісін, мазмұнын,
оқыту формалары мен әдістерін қарастырады.
Оқу материалын игертудің әрбір кезеңінде
мұғалім өзінің алдына 4 түрлі дидактикалық
мақсат қояды. Олар:
-
оқушыны оқу материалымен
таныстыру және оны бірінші рет бекіту;
-
оқығанды еске түсірту,
іс жүзінде репродуктивтік және продуктивтік деңгейде
қолдандыру;
-
білім және іскерлікті
қолдану арқылы жүйелеу;
-
білім, іскерлікті бақылау
және есепке алу;
Оқыту мазмұны – оқыту процесінде оқушы
меңгеретін ғылыми білімдер, практикалық іскерлік,
дағды, іс-әрекет және ойлау тәсілдері, оқыту
мазмұны пән бойынша жасалған мемлекеттік оқу
жоспарында, мемлекеттік оқу бағдарламаларында,
оқулықтарда жазылған.
Оқыту процесінің бастапқы кезеңінде
мұғалім оқушыларды оқу материалдарымен және оны
қолдану әдістерімен таныстырады. Оқу материалының
жаңа бөлігін меңгеру және бекіту қатар
жүреді. Оқытудың
мақсаты – оқу материалының негізгі ойын және
практикалық маңызын оқушыға меңгерту.
Екінші кезеңде оқу материалы қайталанады және
оқушылар алған білімдерін қолданады. Бұл
кезеңнің негізгі мақсаты – алған білімді
нақтылау, кеңейту, кең түрде жаңғырту,
практикада қолдану.
Үшінші кезеңде мұғалім оқушылардың
практикалық жұмыстарын ұйымдастырады, сол арқылы
ұғымдарын жүйеге келтіреді.
Оқушы алған білімін
мұғалімнің көмегімен
де, және өз бетімен де қолданады, меңгерген білімдерін
бір-бірімен салыстырады. Бұл кезеңдегі оқыту
нәтижесінің көрсеткіші:
-
оқушылардың проблемаларды
өз бетімен шешуі;
-
білімді түрлі ситуацияларда
қолдана білуі.
Оқыту процесін кезеңдерге бөлу, талдау оның
ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді.
Бірінші ерекшелік – оқыту мен оқудың бірлігі.
Олардың біреуін өзгерту екіншісінің өзгеруіне
ықпал етеді. Оқыту барысында осы бөліктер арасында
үйлесімді дидактикалық өзара әрекет болу керек.
Іс-әрекет субъектілерінің
жақсы қарым-қатынасы, оқытудың нәтижелерін
көтерудің негізгі жолдарының бірі.
Оқыту процесінің екінші ерекшелігі – оқыту және
оқудың өзара байланысы арқылы білім мазмұны
оқушының іс-әрекетіне негіз болады.
Бір циклден екіншісіне жоспарлы түрде өту – оқытуды
басқаруға қойылатын талаптардың бірі.
Үшінші ерекшелік – оқу ақпараттарын
оқушылардың қалай қабылдағанын, оны меңгеру
нәтижесінде қандай ішкі процестер өтетінін, қандай
жағдайлардың оқытуға ықпал ететінін бірден
бағалауға болмайтындығында. Оқу процесінде жоспардан
ауытқулар болуы мүмкін, оның алдын алу үшін
мұғалім ең басты ұғымдарға назар аударады.
Педагогикалық әдебиеттер мен дидактикалық зерттеулерде
дидактикалық шарттар деген түсінікке бір жақты анықтама
жоқ.
Авторлар мұны оқыту әрекеттерінің белгілері,
факторлары, жағдайлары деп түсінеді. Философиялық
сөздікте: «Шартты – оқу іс-әрекетінің пайда болуы,
өмір сүруі, дамуының ортасы, жағдайы» - деп
түсіндіреді [2].
Белгілі бір іс-әрекеттің көздеген мақсатына жетуі
үшін оған арнайы шарт
түзілуі қажет. Олай болмаған күнде
атқарылған іс шаралар, жүзеге асырылған
іс-әрекеттер, мейлі ол оқу-тәрбие процесі болсын, мейлі ол
басқа да бір ұйымдастырылған іс-әрекет болсын
көздеген мақсатына жетпейді, не болмаса қажетті нәтиже
шықпайды.
Сол себепті кейінгі кездердегі зерттеулерде дидактикалық шарттар
туралы көп айтылып, әр түрлі бағыттағы
зерттеулерде ғылыми-дидактикалық шарттарына мән берілуде.
Мұндағы педагогикалық жағдай дегеніміз – оқу
процесінде оқушылардың арнайы іріктеп алған білім, біліктер
мен іс-қимылдардың ықпалының нәтижелі болуы
үшін түзілген шарттар.
«Шарт» термині әр түрлі мәнде қолданысқа
енген. Оның бірі – адамдар арасындағы қарым-қатынасты
реттеу үшін түзілетін, заң күшіне ие келісім; Екіншісі
- әлеуметтік мәнде болып, ол адамдардың белгілі бір
дәрежеде өмір сүруі үшін жасалатын жағдай;
Үшіншісі – белгілі бір іс-әрекеттің нәтижелі болуы
үшін түзілетін жағдай; Төртіншісі - педагогика және психологияда кең
қолданыстағы И.Павловтың шартты және шартсыз
рефлекстері, шарттар материалдық және рухани сипатқа ие деп
түсіндіреді.
Осылардың ішінен біздің зерттеу жұмысымызға
қажеттісі – бастауыш мектеп оқушыларына жаңа оқу материалдарын игертудің
дидактикалық шарттары. Осы процесті іске асырудың нәтижелі
болуын көздейтін арнайы түзілетін педагогикалық жағдай.
Демек, материалдық шарт түзілмейінше рухани шарттардың
болуы неғайбыл. Осылардың барлығын ескере келе, біз өз
зерттеуімізде бастауыш сынып оқушыларына жаңа материалдарды игерту
үшін оқу құралы, оқу-әдістемелік
құралдар, электронды технология құралдары; оқу
мазмұнын айқындайтын арнайы материалдар, т.б. болуы да педагогикалық шарттардың бірі
деп ұйғардық.
«Шарт» терминін қарастыру кезінде оның алуан түрлі мағыналарын көруге болады.
Жағдай (орта, ерекшелік, деректер) басқа
құбылыстарға, процестерге қатысты түрде шарт
болып табылады деген анықтамаға сүйенеміз, себебі,
барлық анықтамаларға ортақ болып есептеледі.
Олардың сәтті пайда болуы, дамуы, жетілдірілуі осы аталғандарға
байланысты болады.
Ғылыми әдебиеттерде дидактикалық шарттарды
әртүрлі тұрғыдан қарастырғанмен,
олардың мағыналық мазмұны бірдей деуге болады:
1)
Қажетті сыртқы
талаптардың жиынтығы, оларды қанағаттандыру
көздеген нәтижеге қол жеткізуді қамтамасыз етеді [3,
229];
2)
Табысты оқытуды қамтамасыз
ететін факторлар немесе оқыту мазмұнының, әдістерінің,
ұйымдастыру формалары мен қойылған міндеттерді табысты шешуді
қамтамасыз ететін материалдық мүмкіншіліктер жиынтығы
немесе педагогикалық шарттарды білім беру қызметін қамтамасыз
ететін педагогикалық факторлардың тиімді жиынтығы
(А.Е.Әбуов);
3)
Мақсат, мазмұн, көлем,
әдістеме, құралдың мазмұндық сипаттамалары
(Қ.Кариева).
Біз зерттеуімізде жаңа
оқу материалдарын игерту туралы анықтама беру бағытын
ұстандық. Бұл жоғарыда көрсетілген
әдебиеттерде де бар.
Жалпы жаңа материалды игерту дегеніміз оқушылардың білім
мен іскерлік дағдысының қалыптасу шарттары және оны
олардың оқу әрекеттерін көтермелеп, мадақтап
отыру.
Дидактикалық шарттардың алғашқы жайы ретінде
оқу материалдарының күрделілігін есепке алдық.
«Күрделілік» - таным міндеттерін шешудің, істі кім атқарып
отыруына қарамастан, ең қажетті іс-әрекет
құрамын анықтайтын (немесе ақпарат
мәтінінің мазмұнын меңгертетін) категория. Олай болса,
оқу материалдарының күрделілігі болып, оның
құрылысы, жалпы деңгейі, бөліктерінің
әртүрлілігі, жаңалық дәрежесі есептеледі.
Педагогикалық әдебиеттерде және практикада
«күрделілік» пен «қиындық» сөздері көбіне
мәндес сөздер ретінде қолданылады. Дегенмен екеуінің
арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Қиындық –
оқушылардың жаңа материалдарды оқып үйренуге
дайындығы мен дидактикалық талаптардың сәйкес еместігі.
Күрделіліктен қиындықтың айырмашылығы –
оның жекелік қасиетінде.
Күрделілік қиындықтың бір бөлшегі
тәрізді, мазмұн көлемі, жаңа материалды
оқушылардың қабылдауға дайындық дәрежесін
көрсетеді. Мысалы, В.С.Цетлин еңбегінде оқу
материалдарының дидактикалық талаптарының
күрделілігінің өлшемі анықталған:
1)
Оқу материалдарының
күрделілігін қиындығынан ажырата білу;
2)
Білім беру бағдарламалары мен
оқулықтарының құрылым дәрежесіне
қарай өлшемдерді саралап білу;
3)
Бағдарлама материалдарының
күрделену бірліктерінің құрылысы мен мазмұн
бағытын ажырату;
4)
Оқушыларының пәндік,
қисынды ойлау және тілдік бағыттарының
күрделілігін анықтау,
тапсырмалардың екі бөлігіне байланысты күрделілігін ажырату (оқушылардың
өнімді, өнімсіз еңбегі) [4,31].
Таным міндеттерінің күрделену көрсеткіштерін И.Я.Лернер
төмендегідей негізде көрсеткен:
1)
Мәліметтер (саны)
құрамы;
2)
Шешімін табу үшін қисынды
ойлау салалары мен аралық талдаулар;
3)
Ережелердің реттелген
түрлері [4,47].
Материалдарды сапалы қабылдауда барлық өлшемдердің
күрделіліктері өз маңыздылығы жағынан бірдей
емес.
Өйткені, күрделілігі жағынан әр түрлі
танымдық жұмыстарда қисынды ойлау салалары,
қорытындылар, аралық талқылаулар әртүрлі.
Бастауыш сынып оқушыларына жаңа оқу материалдарын
игертудің бірінші шарты – олардың жеке бас ерекшеліктерінің
(интеллектік, мотивациялық, эмоциялық, т.б. ескерілу, оқу
материалын қабылдау сипатының, темпераментінің, еске
сақтау қабілетінің) ескерілуі, танымына түрткі болуы
қажет деп есептейміз. Танымдық қызығу арқылы
олардың өзіндік іздену және іс-әрекет белсенділіктері
артады.
Бастауыш сынып оқушыларына жаңа оқу материалдарын
игертудің бұл шарты, пән мұғалімінің
оқушылармен диалогтік қарым-қатынас орната білуі;
олардың ойлау қабілеттерін дамытуына жағдай туындатады.
Сондықтан оның өлшемдері – оқу процесінде
оқушылардың өздерінің оқу белсенділігін арттыру;
өз бетімен тапсырмалар жүйесін орындау барысында танымдық іс-әрекеттеріне сай,
тиімді инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып,
білімдерін бекіту болып табылады.
Ал осылардың көрсеткіштері болып мыналар саналады:
1)
Оқушылардың өз ой-тұжырымын айтып жеткізуі;
2)
Оқу проблемасын шешуге түрлі
көзқарасты ортаға салып талқылауға белсенді
қатысуы;
3)
Оқушылардың өз бетімен
қорытынды жасауға құлшынысы;
4)
Оқу процесінде туындаған
қайшылықтарды шешу жолдарын іздеу мен табуға бейімді болуы.
Бастауыш сынып оқушыларына жаңа оқу материалдарын игеруге
қажетті жағдай туғызатын екінші шарт – оқу материалын
меңгеру кезінде жүйкеге күш түсіретін
интеллектуалдық, эмоциялық әсерлерден аулақ болу,
оқушының уақытты аз жұмсап, тиімді нәтижелер
алуына ахуал (ситуация) туғызу. Бұндай ахуал
оқушылардың ой жүргізуіне қозғау салып – талдау,
жіктеу, салыстырмалау, ұқсастыру, кемшіліктері мен жақсы
тұстарын іріктеп алу сияқты ой қызметіне жүгінуге алып
келеді.
Бұл шарт – пән сабағында шешілмеген түйінді
тұстарын таратуға мүмкіндік беретін ұстанымдар
жүзеге асқан кезде ғана проблемалы бола алады. Оның
өлшемдері – оқу процесінде жаңа материалдарды игерудің
мәнін білуі. Көрсеткіштері ретінде мыналарды анықтадық:
1)
1,2 – сыныптағы пән
сабақтарының мазмұнын дидактикалық тазалау мен
таңдауда проблемалық ұстанымның жүзеге асуы;
2)
Сабақ барысында тақырып
мазмұнының толық ашылуы кезінде проблемалық
ұстанымның жүзеге асуы;
3)
Тікелей педагогикалық процеске
араластыру.
Бастауыш сынып оқушыларына жаңа оқу материалдарын
игертудің үшінші дидактикалық шарты – сабақтың
сынып ұжымына жайлы моральдық-психологиялық климат
жағдайында өтуін қамтамасыз етіп, дөрекі
қатынастарға жол бермеу, инновациялық әдістерді іс
жүзінде пайдаланып көруіне мүмкіндік туғызу; ал
оның сипаты – педагогикалық процеске тікелей араластыру.
Өлшемдері: Оқу процесін басқаруы, жаңа материалды
игерту іс-әрекеті.
Оның көрсеткіштері:
1)
Оқу процесін басқару
қағидаларын орындауға ынтасы; оқытудың
инновациялық әдістерін меңгеруі; оны іс жүзінде
қолдануда оқу процесін басқара білуі;
2)
Оперативтік-практикалық аясы: ойын
әдістерін нақты жүйенің элементтерін талдау үшін
пайдаланады; білім беру жүйесінің әр түрлі элементтері
ретінде қолдана алады.
Бастауыш сынып оқушыларына жаңа оқу материалдарын
игертудің төртінші шарты – оқу процесінде оқушы денсаулығына
зиян келтірмейтін тәсілдерді қолданумен қатар, оларды
өзін-өзі психологиялық қорғауға
үйрету. Оның сипаты – практикалық білім алуға
арналған өзіндік жұмыстарды орындаудағы ізденістері
болумен айқындалса, өлшемдері – оқу процесінде бастауыш сынып
оқушыларына жаңа материалдарды игертуде олардың
өзін-өзі бағалауы (өзін-өзі жетілдіру,
өзін-өзі дамыту) болып табылады. Ал көрсеткіштері:
1)
Шығармашылық
бағыттағы өзіндік жұмыстар – оқу материалы
негізінде шығармашылыққа ұмтылу, соның
нәтижесінде жаңалық ашу, жаңаны игеру;
2)
Өз бетімен әдебиеттерді
оқу, жоспар құру, тезис, конспект жасау, логикалық
тапсырмалар орындау.
Бастауыш сынып оқушыларына жаңа оқу материалдарын
игертудің бесінші шарты – оқу-әдістемелік қамтамасыз
ету және басқаруды ұйымдастыру; оның сипаты -
әдістемелік жүйені жетілдіру, оқу мотивациясы мен жаңа
материалды игерту іс-әрекетін қалыптастыру. Ал өлшемдері –
оқу іс-әрекетін басқару процесін жетілдіру;
педагогикалық квалиметрияны жетілдіру. Көрсеткіштері:
1)
Оқушылардың сабақ
барысында өзін-өзі жетілдіруі үшін жағдай жасау,
әдістер жүйесін меңгеруі;
2)
Сабақтың түрлері,
құралдарын қолдана білуі; өзін-өзі дамытуға
даярлық (ішкі басқару жүйесінен сыртқы
бақылауға өтуі);
3)
Ғылыми-педагогикалық
әдебиеттерді оқу проблемасымен шұғылдануы,
өзін-өзі дамытуға дайын болуы;
4)
Үнемі оқушылардың
өзара мұғаліммен тікелей және кері байланыста болуы.
Біз дидактикалық шарттардың өзіндік мазмұндық
негізі бар және ол белгілі бір нысанға бағытталады,
тиімділігін өзі анықтай алатын әрекет деп түсінеміз.
Біздің өз зерттеуімізде
оқушыларға жаңа оқу материалдарын игертуде олардың жас
ерекшеліктері мен жеке даму ерекшеліктерін, оқу-тәрбие
жұмыстарын жүргізудің жолдарын есепке алдық. Бұл
шарттар жалпы дидактикалық сипаттамаға кіреді, өйткені
оқу-тәрбие процесінің жүйе жасаушы негіздері, атап
айтқанда, мазмұны, білім беру мен оны қабылдауға
дайындығы осыдан шығады. Жаңа оқу материалды игерту
іс-әрекетінде инновациялық әдістерді қолдану – бастауыш
мектеп оқушыларының белсенді ойлауына, практикалық
іс-әрекетінде қолдануына және жалпы оқыту
материалдарымен жұмыс істеуіне ынталандырады. Жаңа оқу
материалдарын игерту әдістеме жүйесінде пән
мұғалімінің тек қана дайын білім беруін
қарастырмайды, олардың ұғынып, ой-елегінен
өткізіп, оқушылардың білім мен біліктілігін, белсенді ойлауын
және практикалық іс-әрекетінде шығармашылығын
дамыту болып табылады. Ал мұндай жұмыс үшін арнайы
бағдарламалар мен әдістемелерді, мұғалім мен
оқушының іс-әрекеттерін жүзеге асыру қажет.
Мұғалімнің іс-әрекеті, ең алдымен, оқыту
арқылы көрінеді. Оқыту – оқыту процесінің негізгі
бөліктерінің бірі. Оқытушының іс-әрекеті
оқушымен тікелей де, жанама да байланыста жүзеге асырылады.
Оқыту процесі оқу процесінің белсенділігін талап етеді.
Бұл талапты орындау оқушылардың іс-әрекетін
мұғалімнің ұйымдастыруына, бақылауына,
өздігінен білім алуды жолға қоюына, өз мақсаты
мен оқушы мақсатын сәйкестендіруіне байланысты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Алдамуратов Ә.Ж.
Оқушылардың грамматикалық ұғымдарын меңгеру
психологиясы. Псих.ғ.канд.дис. автореф. – Алматы, 1993.-150 б.
2.
Қоянбаев Ж., Қоянбаев Р.
Педагогика. –Алматы, 2000. -378 б.
3.
Бердібаева С.Қ. Оқыту мен
ақыл-ойдың дамуының өзара байланысы. – Алматы:
«Ізденіс» журналы, 1998, №6
4.
Мұқанов М.М. Бақылау мен
ойлау. – Алматы: Қазақ университеті, 1959. -120б.
5.
Жарықбаев Қ.Б. Қазақ
психологиясының тарихы. – Алматы: Білім, 1996.-160б.
6.
Тілеуова С. Жеке
тұлғаның құндылық бағдар
жүйесінің танымдық мәні. – Алматы: «Ізденіс» журналы,
1998, №3