Педагогика/Современные методы преподавания
Дефектология ғыл.магистрі, оқытушы Жаканбаева Б.Б.
Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы қ.
Бастауыш сынып мұғалімі Баймұсаева М.
Нұра ауылдық мектебі, Алматы облысы, Қазақстан
Республикасы
ОҚЫТУ-ТӘРБИЕ
ҮРДІСІНДЕ ИНТЕРАКТИВТІ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ТИІМДІ ҚОЛДАНУДЫҢ ОҚУШЫЛАРДЫҢ
ПСИХИКАЛЫҚ ДАМУЫНА ӘСЕРІ
Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің
баспалдағы. Бастауыш саты - бұл оқушы
тұлғасы мен санасының қарқынды дамитын құнды, қайталанбайтын
кезеңі. Сондықтан бастауыш мектеп - оқушыны тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы
баспалдағы.
Елбасы
Қазақстан халқына жолдауында
бүкіл дүниежүзі елдері
арасындағы алдыңғы 50 мемлекеттің бірі
болу мақсатында: бәрі де мектептен басталады. Егемен еліміздің
тірегі – білімді
ұрпақ. Білім бастауы
– бастауыш мектептен берілетіні айқын. Осыдан да
бастауыш мектепте әр
түрлі пәндер тоғысып, оқушы білімін
дамытып, келбетін
сомдауға үлес қосатынын ескерген.
Мұғалімнің негізгі
ұстанған мақсаты - білімнің жаңа үлгісін жасап, белгілі бір көлемдегі білім мен білік дағдыларын меңгерту, оқу мен
тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі
жаңа әдіс-тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды сабаққа тиімді
пайдалана білуі, бір сөзбен айтқанда - оқу үрдісін дамыту.
Жаңа технологияны жүзеге асыру, тиімділігіне қарай пайдалану
үшін, әр мұғалім өзінің алдында
отырған оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогикалық мақсат - мүддесіне байланысты, өзінің шеберлігіне
байланысты таңдап алады.
Жаңа технологияны жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі,
шығармашылық ізденісі, өз мамандығына
деген сүйіспеншілігі, алдындағы
шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады. Бүгінгі
таңда жас ұрпаққа пәнді
тиімді ұғындырудың бірі - жаңа технология негіздері
болып табылады.
Білім беру –
қоғам дамуының негізі. Ал егер бастауыш сынып
оқушыларына сапалы білім
берсек, онда нұр
үстіне нұр болады. Себебі
болашақ адам капиталы –
елдің тірегі, дарынды,
білімді, жан-жақты кішкентай
бүлдіршіндерден құралады. Сондықтан
да жас талды түзу ексең, ағаш қисық болмайды
демекші, қазіргі педагогтардың бастауыш сынып оқушыларына,
оларды оқыту-тәрбиелеу үрдісіне инновациялық,
яғни ұтымды технологияны енгізгені жөн.
Кез келген білім ордасының білім сапасын арттырудағы туындайтын
кейбір проблемалардан шығу үшін: нәтижеге
бағытталған жалпы орта білім беруде мұғалімнің
кәсіби құзыреттілігін дамытуды талап етеді. Әрбір
мұғалімнің кәсіби дайындық сапасына
қойылатын талап немесе кәсіби теориялық білімі мен
практикалық біліктілігі – құзыреттілік пен кәсіби
шеберлігінің сапасы ретінде қаралады.
Педагогтар тек
қана шәкірттеріне рухани-адамгершілік құндылықтарды
үйретіп қана қоймай, сонымен қатар қазіргі
технологиялардың көмегімен шәкірттеріне заман талабына сай
білім беруі керек. Осы орайда, педагогтардың екінші маңызды міндеті
туындайды. Ол – жаңа технологияларды пайдалану арқылы
оқушылардың білім алу іс-әрекетін қызықты да бала
психикасына жағымды әсер ететіндей, олардың
тұлғалық және танымдық аумақтарына тиімді
әсер ететіндей етіп өткізу.
Сыныптағы ұстаз бен оқушының негізгі
қарым-қатынас формасы
– сабақ. Ал сабақтағы мұғалім мен
оқушының жеке тұлғаға
бағытталған өзара қарым-қатынасы
педагогикалық, оқыту-тәрбие үрдісінің аса маңызды құрауыштарының бірі болып табылады.
Оқушыларды имандылыққа тәрбиелеудегі оның бойында адамгершілік
қасиеттерді қалыптастырудағы білімге
деген қызығушылығын оятудағы,
өзара түсіністік пайда болудағы
ұстаз бен оқушының арасындағы
қарым-қатынастың рөлі ерекше. Бәріне белгілі
жағдай, ол бастауыш сынып оқушысының ересек
оқушыларға қарағанда айырмашылығы мәліметті
қабылдау ерекшелігінде. Бұл жерде психиканың, жас
айырмашылығының рөлі де айтарлықтай. Бірақ
ең басты проблема, сол
мәліметті қабылдау ерекшелігінде.
Психолог
ғалымдардың пікірінше, бастауыш сынып оқушыларында
көбінесе көрнекі-бейнелік ойлау басым болып келгендіктен, олар суреттер
арқылы берілген мәліметтерді тез
қабылдайды. Ал теледидардан, яғни экраннан көрген мәліметтерді жас бүлдіршіндер одан да
жақсы қабылдайды. Бұл жерде бір айта кететіні,
экраннан көріп қабылдаған
мәліметтерді жас бүлдіршіндер
қабылдауға жалықпайды, қайта оларда
не бір талпыныс,
қызығушылық пайда болады. Сондықтан да оқыту-тәрбиелеу
үрдісіндегі аса қажетті, ұлағатты ұстаз бен зейінді оқушының
арасындағы қарым-қатынасты,
өзара түсіністікті, сыйластықты, тіпті
тәртіпті де жетілдіруге, нығайтуға,
дамытуға, орнатуға және бастауыш
сыныптың оқушыларының сабақты меңгерудегі
мәнін жақсартуда интерактивті
технологияның орны ерекше
болмақ.
Интерактивті оқыту
– көпқырлы психологиялық-педагогикалық
әдіс және үрдіс. Білім алушы белгілі бір
математикалық есепті шешуде
өзінің білетінін есіне
түсіреді, білімін басқалардың білгенімен толықтырады, жаңа тәсілдерді
меңгереді, өзінің қабілетін анықтайды. Бастауыш сынып
оқушыларының арасындағы бірдей белсенділік жағдайында өтетін мұндай білім алу процесі
бір мезгілде бірнеше міндетті шеше алады: танымдық, коммуникативтік, дамытушылық, интеллектуалдық, сонымен бірге ең бастысы білімді
әлеуметтендіру, демократиялау, гумандандыру. Бұл қазір
құзырлылық деп аталып
жүрген жаңа басымдылықтар. Екінші
жағынан егер біз интерактивті технологияны
қолдансақ, мұғалімнің де жұмысы
жеңілдейді. Мысалы, дербес
компьютер мен интерактивті тақтаның
мүмкіндіктері – мұғалімге көмекші, оқыту,
әрі көрнекі құрал ретінде
сабақта жұмыс нәтижелерін кесте немесе сызба түрінде
дисплей экранына, қағазға
шығарып беруге мүмкіндік туғызады.
Сондықтан да интерактивті технология,
яғни оқыту-тәрбиелеу үрдісіндегі
қолданылатын интерактивті амалдар
жиынтығы (интерактивті тақта, электронды оқулық және т.б.) оқу процесін жеңілдетіп және сапасы
мен жылдамдылығын арттырады. Сонымен қатар жас бүлдіршіндерді
сыйластыққа, өзара түсіністікке тәрбиелеп
қана қоймай, жоғары сыныптарға көшкенде
қажет болатын информатика пәні туралы да хабардар етеді.
Мен қазіргі ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін және олардың
жоғарыда айтылып өткендей ұтымды жолдарын ескере отырып, интерактивті технологияны оқыту-тәрбиелеу
үрдісіндегі тиімді қолдану жолдарын ұсынамын. Олар
төменгідей болмақ:
1) Оқытудың интерактивті әдістері жеке,
топтық, ұжымдық жұмыстар жүргізудің тиімділігін арттырады. Мысалы интерактивті тақта
көмегімен дүниетану пәнінен барлық
оқушылардың қатысуымен ұжымдық жұмыс
жүргізіп, мысалы, әлемдегі ағаш,
жәндіктер, балықтар, аңдар және т.б. түрлерін
қарап, сол тақырыпты оқушылармен
қызыға талқыласақ, онда ешбір оқушы шетте
қалмайды. Себебі аңды немесе
тірі жәндікті қызықтамайтын, болмаса жақсы көрмейтін оқушы болмайды. Қайта бұл интерактивті
әдіс оқушылардың өзара білім алмасуына, көпті білуге
талпынысқа жетелейді.
2) Бұл
интерактивті әдісте мұғалімнің
рөлі: әр оқушының білімін
байқау, қарым-қатынас
жасау, оқушылардың білмеген
жеріне көмектесу, тәртіпті сақтау
болмақ. Интерактивті
құралдың, яғни тақтаның рөлі:
үлкен масштабта көрнекілік көрсету,
оқушылардың қызығушылығын арттыру.
Қазіргі ғылым мен техниканың
кең қанат жайған кезеңінде ғылыми-таным әдіснамасы өте зор маңызға ие.
Оқытудың басты сауалы:
“Нені оқыту, қалай оқыту”
мәселесі күн сайын күрделеніп келеді. Оның бірден-бір себебі білім ауқымы кеңейіп, технология дамып, ақпаратты таңдай білу
мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Олай болса,
“Мұғалімге жаңа технологияны
ғылыми негізде меңгерту және
терең білімді, ұлтжанды ұрпақ
тәрбиелеу” міндеті жүктеледі. “Нені оқыту керек?” деген сауалға мемлекеттік білім стандарты жауап берсе,
“Қалай оқыту керек?” сауалына
тек мұғалімнің кәсіби құзыыреттілік деңгейінен, ізденімпаздығынан, шығармашылықпен жұмыс істеу
дағдыларынан, жаңа технологияларды пайдалана отырып,
өзінің нақты мақсатын қалыптастыра білу шеберлігінен іздеу керек. Жалпы
білім беретін
мектептердің педагогикалық үрдісін жақсарту бірінші мәселе болса, жасыратыны жоқ, бұрын оқыту ісіне біржақты қарап, оқытуды тек
сабақты жақсы беру деп санап келдік. Соның салдарынан барлық ауыртпалық
мұғалімдерге түсті: сұрайды, түсіндіреді,
қосымшамен толықтырады. Бұрынғы дәстүрлі
оқыту жүйесінің тозығын да, озығын да қайта
қарап, оқытудың жаңа технологиясы
енгізілді.
Сабақта интерактивті
әдістерді пайдалануда мынадай
шарттар орын алулары тиіс: мақсатты
нақты белгілеу; мұғалім
оқушылардың топпен жасалатын
жұмыстарының мәнін, ережесін
түсініп, топпен жұмыс жасауға дайын екендіктеріне толық сенімді болу керек. Қазіргі
білім беру саласында
оқытудың озық технологияларын
меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес.
Жаңа технологияны меңгеру
мұғалімнің интеллектуалды, адамгершілік, рухани
азаматтық және де басқа көптеген адами
келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді,
өзін-өзі дамытады,
оқу-тәрбие үлгісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
Мұғалім интерактивті әдістерді қолдануда мына ережелерді есте ұстағаны жөн: жұмысқа
оқыту әдістерін түгел қатыстыру. Өйткені
бұл әдістің негізгі мәні де
оқушыларды танымға жұмылдырады , оқушыларды осы
әдіспен жұмыс жасауын психологиялық
жағынан дайындайды. Қатысушылар
өзін еркін сезіну
үшін түрлі жаттығулар жасатып ,
сабақтағы қандай да болсын жетістіктерін жиі мадақтап отыру дұрыс, оқушылардың саны көп
болмағаны жөн. Өйткені әрбір қатысушыға
өз пікірін, көзқарасын білдіруге, дәлелдеп беруге
мүмкіндік жасалу қажет, жұмыс жасайтын орнының талапқа сай
болуы керек. Яғни,
оқушылар жұп құру үшін орындарын
ауыстырғанда еркін жүріп-тұруға
жағдай жасалуы қарастырылады.
Қатысушы бірін-бірі тыңдау, тақта,
компьютер, көрнекілікпен жұмыс жасау
үшін еркін, ыңғайлы
қозғала алатын жағдайды алдын ала қарастыру, оқушыларды проблема шешу барысында топқа
бөлуге мұқият қарау да маңызды.
Жаңа
оқыту технологияларын өзі атқарушылардың шеберлігіне
байланысты әр қилы жүзеге асырылуы мүмкін. Белгілі
психолог Л.С. Выготский: “Дұрыс ұйымдастырылған оқыту
процесі ғана баланың тұлғалық дамуын ілестіре
алады”, - дейді [2].
Педагогикалық
технологиялардың негізіне мыналар
жатады:
- әрбір оқушының жекедара ерекшеліктерін
ескеру;
- оқушылардың
қабілеттері мен шығармашылықтарын арттыру;
- оқушылардың
өз бетінше жұмыс істеу,
іздену дағдыларын қалыптастыру.
Жаңа педагогикалық
технологияларға ынтымақтастық педагогикасы,
білім берудің ізгілендіру
технологиясы, түсіндіре басқарып озат оқыту технологиясы,
деңгейлік саралап оқыту технологиясы, міндетті
нәтижелерге негізделген саралап
оқыту технологиясы, модульдік
оқыту технологиясы және жобалап оқыту технологиясы кіреді.
Ынтымақтастық
педагогикасының негізгі мақсаты – талап ету педагогикасынан
қарым-қатынас педагогикасына
көшу.
Балаға ізгілік
тұрғысынан қарау, оқыту мен тәрбиенің ажырамас бірлігі.
Ынтымақтастық
педагогикасының ерекшеліктері мынадай:
- мұғалім –
оқушы, оқушы – мұғалім, оқушы – оқушы,
оқушы да – субъект, мұғалім де – субъект.
- оқушының тұлғасын сыйлау, ізгілік қарым-қатынас.
- оқушы
мен мұғалім арасындағы өзара түсінушілік,
ынтымақтастық қарым-қатынас,
- оқушы
мен мұғалім арасындағы бірлескен
диалогтық-танымдық іс-әрекет (С.М. Жақыпов теориясы
бойынша).
Білім
берудің ізгілендіру технологиясының негізін қалаған Ш.Амонашвили.
Бұл технологияның мақсаты – оқушыны азамат
етіп тәрбиелеу, олардың танымдық
күшін қалыптастыру және дамыту,
баланың жаны мен, жүрегіне жылылық
ұялату [3].
Жаңа педагогикалық
технологиялардың оқу-тәрбие
үрдісінде алатын орны
ерекше. Қазіргі кезде
педагогикалық технология ұғымы біздің
педагогикалық лексиконымызға еніп келеді. Дегенмен, оның
мән-мағынасы туралы
пікірлер алуан түрлі.
Түсіндірме сөздікте “Технология – бұл қандай да істегі, шеберліктегі,
өнердегі амалдардың жиынтығы” делінсе,
Б.Лихачев педагогикалық технологияны оқу
үрдісіне белгілі бір
мақсат көздей отырып әсер ететін педагогикалық үрдісті нақты
педагогикалық нәтижеге жетелейтін
бірліктердің белгілі бір
жүйесі ретінде көрсетеді, оның
үнемі өзгеріп отыратындығын айтады.
[4]
М.Кларин: “Педагогикалық
технология – бұл педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық
қисынды ілім амалдары
мен әдіснамалық құралдарының жүйелі
жиынтығы және жұмыс істеу реті”, - деп жазды
[5].
Қазіргі білім
беру саласындағы оқытудың озық технологияларын
меңгермейінше, сауатты әрі жан-жақты маман
болу мүмкін емес.
Жаңа технологияны
меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық,
кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және
басқа көптеген адами келбетінің
қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие
үрдісін тиімді ұйымдастыруына
көмектеседі.
Қорытындылай келе, бастауыш мектептегі оқыту-тәрбие үрдісінде интерактивті технологияны
тиімді қолдану білімді де жан-жақты дамыған ұрпақты оықытып-тәрбиелеудің
бірден-бір алғышарты деп тұжырымдауымызға болады.
Әдебиеттер:
1. «Қазақстан-2050»
даму стратегиясы
2. Валиева
М. Жаңа педагогикалық технологиялар. Əдістемелік нұсқау. – Алматы, 2002
3. Ізденіс
және даму перспективалары. Әдістемелік
оқу құралы. - Алматы,
2016 жыл.
4.
«Ұстаз»
журналы.№3 2012 жыл.
5. Бастауыш мектеп № 9 , 2012